Экологические науки/5.Проблемы экологического воспитания молодежи.

 

Спанқұлова Г.Ә.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университеті, Қазақстан

Қоғамда экологиялық мәдениет  қалыптастырудың негiзi – экологиялық бiлiм мен тәрбие  беру 

       Білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени, ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшінде, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның негізгі қызметі – адамның менталитетін, адамгершілігін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру, дамыту. Осыған орай  егеменді еліміз өзінің дамуының ең басты алғы шарты – білім беру жүйесінің басты міндеті мен мазмұнын айқындап берді.

Ел  Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» даму стратегиясында халыққа экологиялық білім беру мәселесіне айрықша көңіл аударғаны баршамызға белгілі.

  Қоршаған табиғи ортаны қорғау барысында, білім беру мәселесінің өзектілігі күннен күнге артып келеді.  Экологиялық тәрбиенің қалыптасуы жалпы қоғам дамуына, ондағы әлеуметтік топтардың, жеке тұлғаның санасында айрықша орын алуы азаматтық қоғам қалыптастыруға ерекше үлес қосады.

Егеменді еліміздің 1997 жылы қабылданған «Қоршаған ортаны қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңында» халыққа білім беру жүйесінде экологиялық білім мен тәрбие беру және экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне басты назар аударылып, мектептен бастап жоғары оқу орындарында экологиялық сауаттандыру мәселесін жүзеге асыру қажеттілігі атап көрсетілген.

Қазіргі заман талабына сай, ғылым мен техниканың дамуы, қоғамның өсуінің қажетілігіне сәйкес өңдірістің қарқындап дамуы бізді қоршаған ортада көптеген өзгерістер тудыруда. Сол өндіріс қалдықтарынан туындайтын адам организміне зиянды заттарды танып білу, медицина, азық-түлік сапасы т.с.с түрлі саладағы әр адамның сауатылығының бір шеті тікелей химия пәнінен алған білімінің сапасына байланысты болып келеді. Адамның іс-әрекетінен қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіріп, соның салдарынан адамзаттың өзінің өмір сүруіне үлкен қауіп туып тұр /1/.

Қазіргі таңда табиғи байлықтарды пайдалану тонаушылықпен жүргізілуде. Қоршаған ортаны қорғау туралы, ерекше қорғалатын аймақтар туралы заңдар, қажетті нормативтіқ-құқылық базалар, экономикалық механизмдер болғанымен іс жүзінде ол заңдар, ережелер өз дәрежесінде жұмыс істемей жатыр. Мұның бір себебі, азаматтардың экологиялық мәдениеті деңгейінің төмендігі. Адамның табиғатқа қатысы оның қоғамдық өмiр сүру тәсiлiне негiзделедi. Осыдан келiп адамның бiлiм мен мәдениет дәрежесiн анықтауға болады.

Экологиялық мәдениет - бұл азаматтардың экологиялық сауаттылығы, ақпараттармен хабардар болуы, табиғатты тиімді пайдаланудың нормаларын күнделікті орындау белсенділігі мен сенімділігі.

Қазіргі кезде экологиялық білім беру және тәрбие мәселелері жалпы тәрбие беру мен білім жүйелері дамуының өзекті бағыттарының бірі. Экологиялық білімсіз қоғамдық экологиялық сана құру мүмкін емес. Қоғамдық экологиялық сана қоғамның экологиялық проблемаларымен күресуде мықты фактор болып табылады. Қазақстанда экологиялық жағдайдың қалыптасуы халықтың денсаулығына әсер етпей қоймайды, экономикалық мағынаға әкеледі, сондықтан экологиялық қауіпсіздік – мемлекет аймақтарының стратегиялық міндеттерінің бірі, ерекше атап көрсетсек, экологиялық қауіпсіздік – бұл халықтың тұрмыс жағдайының тұрақтылығы мен қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ету. Экологиялық жағдайдың нашарлау себептерінің бірі халықтың экологиялық білім деңгейінің төмендігі немесе жеткіліксіздігі. Сондықтан осыған орай,  экологиялық білім беру қажеттігі туады. Оқу процессін теориялық және методологиялық экологияландыру негізін қалыптастыруда академик В.И. Вернадскийдің биосфералық - ноосфералық концепциясы жатады, оның негізі бастапқы ұстанымы – қоршаған ортаны ластаумен күресу, ауылшаруашылығы мен медицина мәселелерін шешуге пайдалы қазбаларды іздеу және болжамдар жасау /2/. 

       Қоғам өміріндегі ең басты міндеттердің бірі – табиғатты қорғау мәселелерімен жастарды ғылым негізінде теориялық және практикалық біліммен қаруландыру. Жоғары оқу орындарында экологияландырылған курстар енгізіліп, көптеген пәндер экологиямен байланыстырылып оқытылуда. Жоғары оқу орындарында экологиялық курстарды ашу болашақ маманға ортаның адам денсаулығына және т.б. әсерін алдын ала анықтауға мұмкіндік береді. Жоғары білімді маман тек өз саласын зерттеп қана қоймай, ол экологиялық сауатты болуы қажет.

         Қазіргі заман қоғамының сұранысы және еліміздің жаңарған идеологиясы жас ұрпақтың табиғатты қорғауға әзірлігін дамыту қабілетін мектептен бастап жаңа сапаға көтерілуіне міндет қойып отыр. Қазақстан Республикасының Конституциясында қоршаған ортаны қорғау әрбір қазақстандықтың абыройлы мақсат-міндеті болып саналатыны атап көрсетілген. Онда «мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етіп қояды», - делінген /3/.  Ата заңымыздың басты талаптарының бірі – табиғат қорғауды күшейтіп, табиғи қорларды тиімді пайдалануды жолға қою болып табылады. Осыны негізге алған республикамыздың экологиялық білім жүйесі мен табиғат қорғау қоғамдары, мекемелері өндірісті ұйымдастыру ісінде экологиялық талаптарын орындауды, білім жүйесінде ел болашағы жастарды, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеуге баса назар аударады. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, асқақ руханият пен азаматтықты өркендету, шынайы мәдени-этникалық мұраны жандандыру мен болашаққа аманаттау, ұлттық тектілікті сақтау, ең алдымен мектептер мен жоғары оқу орындарымен  байланысты. Шәкіртті мектепке алғаш қадам басқаннан бастап, өзінің ата - анасын, ұстаздарын құрметтеп сыйлауға, айнала қоршаған табиғатты, туған өлкесін сақтап-қорғауға, сол арқылы адамгершілік мінез-қасиетті орнықтыруға баулу – ұстаздың қоғам алдындағы атқаратын қызметі. Бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі – жас ұрпаққа экологиялық білім беріп, қоршаған табиғи ортаны қорғауға, аялауға тәрбиелеу. Экологиялық білім беру педагогика ғылымындағы жас ұрпаққа үздіксіз білім берудің құрамдас бөлігі болып саналатын  жаңа бағыт.  Қазіргі кезде жастардың бастауыш сыныптан бастап, өз іс-әрекетінің саналы болуына, экологиялық білімінің білім мазмұны арқылы экологиялық танымның оңтайлы болуына қолайлы жағдай туғызылуы көзделеді. Мұнымен бірге ол табиғатты қорғауға көмек берерлік халықтың тарихындағы игі дәстүрлерді жаңғыртуға, оны күнделікті өмірде тәжірибеге қолдана алуға дағдыландыру мәселелеріне  назар аударған жөн.

       Экологиялық білім берудің мақсаты мен маңызы экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруда жатыр. Қазіргі жағдайда, экологиялық білім беруді басқаратын ұйымдастырушының қажеттілігі анық сезіліп отыр. Осындай ұйымдастырушылық бағытты үздіксіз білім беру бағдарламасы атқара алады. Бағдарлама білім беру процесіне қатысатын барлық субъектілердің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және олардың әрқайсысы, кезеңіне сай қандай қызмет атқаратынын анықтап жәрдемдеседі. 

       Қоғамның экологиялық мәдениетiн қалыптастырудың негiзi ретiнде экологиялық бiлiм берудi дамыту үшiн:

-         бiлiм берудiң барлық деңгейiндегi оқу бағдарламаларына экология және тұрақты даму мәселелерiн енгiзу жолымен үздiксiз экологиялық бiлiм берудiң жүйесiн қалыптастыру;

-         мiндеттi және қосымша бiлiм беру жүйесiнiң барлық деңгейi үшiн экология саласындағы кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру;

-         экологиялық бiлiм берудi мемлекеттiк қолдау қажет;

-         қоршаған ортаны қорғау саласындағы жинақталған бiлiмдi жүйелеу және ғылыми зерттеулердi үйлестiру /4/.

Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бастап табиғатты қорғау жолындағы жасандылықтан қорғаудан табиғилық, ұлттық мәртебеден туған экологиялық парасатты іс-әрекетке көшуге мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалып келеді, бірақ бұл мәселе экологиялық білім беру үдерісінде уақыт талабына сай жетілдірілуі тиіс.

Экологиялық білім берудің негізгі мақсаты - адамзат қауымының, қоғамның, табиғаттың және қоршаған ортаның үйлестігін және тиімді пайдаланудың жолдарын халыққа түсіндіру мен  табиғатқа деген жауапкершілік қатынасты қамтамасыз ету. Адам мен табиғат арасындағы үйлесiмдi пiкiр-сайыс ұлттық, экологиялық мәдениет шеңберiнде ғана  iске асады.

Қоғамда экологиялық білім беруді жүйелі негізде жүргізе отырып, экологиялық мәдениетке ие болып, табиғатқа туған анасындай аяулы сезіммен қарау - бүгінгі таңда әрбір адамзаттың абыройлы борышы.

 

Әдебиеттер:

1.     Фелленберг Г. Загрязнение природной среды. – М., 1983. 105-120 с.

2.     Вернадский В.И. Химическое строение биосферы Земли и её окружение. – М.: Наука, 1965.

3.     Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз
(2007.21.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) 31-бап.

4.     Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы, 2003.