История /1.Отечественная история

 

тарих магистрі Найманбаева Л.А.

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Қазақстан                            

Оңтүстік Қазақстан халқының ұлттық құрамы мен әлеуметтік дамуы (ХХғ. соңы мен ХХІғ. басы)

 

        Көп ғасырлық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан аймағының демографиялық, мәдени және этносаяси өмірінде қала және ауыл

тұрғындарының ұлттық құрамы мен әлеуметтік дамуының алатын орны ерекше. Қазақстанның бұл аймағы еліміздің көне заман дәуірі, ортағасыр және қазіргі заман тарихымен өте тығыз сабақтасып жатыр. Қазақ және түркі өркениетінің бесігі болып табылатын бұл аймақ ежелгі және ортағасырлық түркі мемлекеттерінің құрылуына ғана әсер етіп қойған жоқ, сонымен қатар Қазақ хандығы мен қазақ халқының қалыптасуына да негіз болды. Бұл аймақта талай ғасырлар бойы Ұлы жібек жолындағы аса ірі сауда мен керуен жолдарының және саяси-экономикалық қатынастарының орталықтары болған қала мен  қоныстар өркендеді.

       Оңтүстік Қазақстан облысы – Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі әкімшілік - аумақтық бөлік. Облыс 1932 жылы 10 наурызда құрылған. 1962 – 92 жылы Шымкент облысы деп аталды. Облыс аумағының жер көлемі 117,3 мың км², Тұрғыны 2,18 млн. адам (2004). Орталығы - Шымкент қаласы. Солтүстігінде Қарағанды, шығысында Жамбыл, батысында Қызылорда облыстарымен, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Облыс құрамында 11 әкімшілік аудан, 4 қалалық әкімдік, 7 қала (Шымкенттен басқа), 13 кент, 171 ауылдық округ,  932 ауыл бар. Оңтүстік Қазақстан облысында республика халқының 14,5%-ы тұрады (2004). Тұрғындарының орташа тығыздығы 1км²- ге 18,6 адамнан келеді. Республика бойынша бала туу жөніндегі ең жоғарғы көрсеткішке (1000 адамға 22,6 сәбиден келеді) және халық санының табиғи өсуінің ең жоғары шамасына (32,5 мың адамнан астам) жетті. Облыс халқының басым бөлігін қазақтар (69%) құрайды, одан басқа өзбек (17,1%), орыс (7,2%), татар (1,2%), әзербайжан, тәжік, түрік, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Мақтаарал, Шардара, Сайрам, Сарыағаш аудандарында тұрғындар жиі қоныстанған. Облыс тұрғындарының 47%-ы қалада, 53%-ы [1] ауылда тұрады.

       Жоғарыда көрсетілгендей, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқының саны мен ұлттық құрамы жағынан республика бойынша ең тығыз қоныстанған және алуан түрлілігімен сипатталады.

       Бұл аймақтың қазіргі демографиялық жағдайы Республикамыздың басқа да облыстарындағыдай күрделі дәрежеде,  әрі бірқалыпты емес. Оны біз Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи өсімі мен өмір сүрулерінің  ұзақтығы мен  қысқаруларынан, ажырасулар мен некеге тұрудың азаюынан, сондай-ақ тұрғындардың көшіп-қонуындағы өзгерістерден аңғаруымызға болады. Мұндай жағдай көбінесе аймақтық әлеуметтік-экономикалық даму кезеңіндегі ерекшеліктерге орай орын алып отырады.

       Оңтүстік Қазақстан облысының демографиялық және этномәдени дамуы аймақтың тарихи даму үрдісінде қалыптасты, бұл әсіресе қазақ тұрғындарының дәстүрлі ауылдық мекен-жайда шоғырлануымен ерекшеленеді. Жалпы Қазақстанда 1970-1980 ж.ж аралығында тұрғындар саны 13009 мың адамнан 14858 мың адамға көбейген. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының жалпы сандық көрсеткіші де өскен: 1970 жылы 1288 мың адамнан 1980 жылы 1592 мың адамға. Облыс саны жағынан республикадағы Алматы облысынан кейінгі тұрғындары анағұрлым көп әрі тығыз орналасқан [2] аймақ болып табылады.

      Оңтүстік Қазақстан облысы аграрлы бола отырып, туу деңгейі жағынан бірінші орынды иемденуде. Облыста 1980 жылы  285,6 мың отбасы болған, оның ішінде 74,4 мың отбасыда 7 және [3] одан көп адамнан болған.   

      Сондай-ақ, 1970-1980жж. Кезеңіндегі Қазақстандағы тұрғындар саны шамалы ғана өссе, Оңтүстік Қазақстан облысындағы адам саны бұл кезенде шамамен 700 мыңға дейін өскеніне де назар аудару керек. Бұл аймақтың қала тұрғындары өзінің салмақ үлесі бойынша Қазақстандағы анағұрлым аз урбанизацияланған территория болып табылады. Ауыл тұрғындарының үлесі қала тұрғындарынан саны жағынан 1,7 есе көп, бұл дегеніміз  сол жердің аймақтық даму ерекшеліктерімен түсіндіріледі: қалыптасқан экономикалық салалық құрылымы, табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени факторлар облыстың дамуына өз ықпалын тигізеді. 1970-1990 жж. Қазақстандағы тұрғындар санының өзгеруін ескерсек, аталмыш облыстағы табиғи өсім республикадағы тұрғындардың туу көрсеткішінің басты қайнар көзі болып табылады. 1970-1989 жж. Қазақ ССР тұрғындарының туу, өлім мен табиғи өсімінің  деңгейін сипаттайтын статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1960ж. екінші жартысындағы қала тұрғындарының жалпы туу көрсеткіштері азайған кезде туылған адамдар саны 119.600 тұрғынды құраған (яғни 1950ж. деңгейіне дейін түсіп кеткен), 1970ж. басынан бастап, 1988 жылға дейін қайта көтерілу [4] тенденциясы байқалады.

            1990-жылдардың бірінші жартысында алыс шетелдерге қоныс аударғандар саны 30%,  ал одан көшіп келгендер – 10% болды. Бұл процесс, әсіресе неміс ұлтына [5] байланысты болды.

        Келтірілген деректерге сүйенсек, әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда қала және ауыл тұрғындарының этникалық және демографиялық құрамы облыстың әлеуметтік дамуындағы өте маңызды фактор болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда кез-келген аймақ халқының демографиялық өсуіне халықтың табиғи өсімі мен экономикалық және әлеуметтік өзгерістері де әсерін тигізері сөзсіз.  

        Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың аяғында Қазақстанның тәуелсіздік және егемендік алуымен бірге Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының демографиялық жағдайы мен мәдени өмірінде болып жатқан өзгерістер мен этникалық үдерістер, мәдениет, тұрмыс саласындағы дәстүрлі және жаңа үрдістерді этнографиялық тұрғыдан зерттеу мен талдау Қазақстан териториясында болып жатқан этникалық және этномәдени өзгерістердің бағыт-бағдарын анықтауға мүмкіндік береді. Отүстік Қазақстан облысында саны жағынан ең көп тараған ұлттар: қазақтар, өзбектер, орыстар, әзербайжандар, тәжіктер, татарлар, түріктер, украиндар, кәрістер, күрдтер, немістер және басқа да ұлт өкілдері болды. Сондай-ақ, Оңтүстің Қазақстан облысының аграрлық дамуы басым бола отырып, ауыл тұрғындары қалалықтардан едәуір көптігімен ерекшеленеді. Қазақстан республикасы халқының демографиялық өсуіне ұлтаралық қарым-қатынас тұрақтылығының күшейуі мен этника аралық ынтымақтастықтың үйлесімді дамуы да өз әсерін тигізбей қоймайды.

 

Әдебиеттер:

1.     Қазақстан Ұлттық энциклопедия. Алматы, 2005. 7том. 144-147б.

2.     Миграция и новые диаспоры в постсоветских государстах. М., 1999. С.208-210 

3.     Қ.Б.Баудиярова. Оңтүстік Қазақстандағы ұлтаралас неке., ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, №1.Алматы, 2007

4.     Cост. По народное хозяйство Казахстана за 60 лет. Ст.сб. Алма – Ата: Казахстан, 1980, 272 с., С.19. 

5.     Асылбеков М.Х., Козина В.В. Казахи (демографические тенденции 80-90г.)  Алматы, 2000.-с.79.