ӘОЖ: 37.035.461

 

СТУДЕНТ ЖАСТАРДЫ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЛЕУ

 

Ижанов Ж.

М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент, Қазақстан

 

Резюме

                В этой статье рассматривается привитие к здорового образа жизни у стуентов и взаимопонимания окружающих.

 

                                                                                      Summary

                This article considers healthy life style of students. The issues of inculcation of healthy  life – stile in students and  mutual understanding of people around are considered in this article.

 

Әрбір мемлекеттің болашағы, оның азаматтары. Ал әрбір азаматтың денінің саулығы, бұл мемлекеттің де саулығы болып табылады. Бұрын соңды денсаулықты күту әр адамның жеке шаруасы деп қарастырылса, қазіргі таңда бұл мемлекеттік деңгейге дейін көтерілген проблема болып отыр. Себебі соңғы жылдары экономикалық және экологиялық себептерге байланысты Қазақстан азаматтарының денсаулығы нашарлап кеткені мәлім. Бұл орайда елімізде азаматтардың денсаулығын түзеуде үлкен жұмыстар атқарылуда. Емханалар салынып, спорттық кешендер мен мектептер ашылуда. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен қаржы құйылып, көптеген жұмыстар атқарылуда. Теледидарлар арқылы спирттік ішімдіктердің, нашақорлық пен темекінің зияны мен әкелетін қасіреті жөнінде жарнамалар мен роликтер көптеп көрсетілуде. Бұның бәрі халықтың санасын, өз денсаулығына деген көзқарасын өзгертуге үлкен ықпал етуде. Сондықтан да атқарылып жатқан шаралар мен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мемлекетіміздің саулығының кепілі деуге болады. Бұл орайда Президенттің Қазақстан-2030 Стратегиясында көрсетілген «Салауатты өмір салтын қалыптастыр» бастамасы атқарылып жатырған жұмыстардың қайнар көзі деуге де болады. Сонымен қатар Президентіміздің алдағы жылдардың ішінде 100 аурухана салуға берген тапсырмасы, Президенттің өзі спорттың көптеген түрлерімен шұғылданып, халыққа үлгі көрсетуі, тағы бар. Қайткен күнде де, азаматтардың денсаулығы ең бірінші өздеріне байланысты. Зиянды әдеттерге әуестенбей, өз денсаулықтарын күтіп, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанса ғана дені сау және ұзақ өмір сүре алады. Жылдан-жылға спортпен шұғылданатын жастар да, үлкендер де көбеюде. Елімізде өткізіліп жатырған спорттық жарыстар мен турнирлердің де саны артуда. Бұл жасөспірімдерді спортқа баулуға бірден-бір себеп. Ал болашақ чемпиондар мен спорт жеңімпаздары осындай жасөспірімдерден шығады. Спорттық ойындарда мықтылығын дәлелдей білген мемлекет, қай-қай жағынан да мықты екені анық байқалады. Мейлі ол экономика немесе саясат болсын, әйтеуір мықты екенін көрсетеді. Ал жоғарыда атап өткен жұмыстар, ең бірінші мемлекеттік қауіпсіздігіміз үшін керек. Себебі азаматтары сау болса, мемлекет те сау, әрі мықты. Ал мықты мемлекеттен бәрі тайсалатын болады.

Еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев: «Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі» деп тағы да айрықша айқындап атап өтті. Сонымен қатар келешек атқарылатын істердің басты стратегиялық бағыттарын да көрсетті.

Бірінші: балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына айрықша көңіл бөлу.

Екінші: халықты қол жетерлік және саналы медициналық көмекпен қамтамасыз ету.

Үшінші: отандық медицина ғылымын дамыту.

Осы бағыттама аясында ел басқарған ағалармен біріге отырып, түрлі індеттердің алдын алу керек. Салауатты өмір салтын ұсынбаған мемлекеттің экономикасы құлдырайтыны сөзсіз. Ауру адам қандай іс бітірмек!

Жастар – болашағымыздың алтын тірегі. Жастар арасындағы нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу үшін мен мынадай деректер мен цифрларды ұсынғым келіп тұр. Жасыратыны жоқ бүгіндері елімізде осынау қауіпті нашақорлықпен айналысатындар саны өсіп барады. Есірткінің медициналық-әлеуметтік проблемалары республика орталығының мәліметіне қарағанда, бұл кеселге тәуелді болғандардың саны 250 мыңнан асады екен. Ал 1,5 млн-дай адам нашақорлыққа бейімділік сәтінде отпен ойнағандай әрі-сәрі күй кешуде. Әсіресе кәмелетке толмағандардың әлгіндей қатерлі дертке әуестене түсуі қатты ойландыруы тиіс. Міне, сондықтан да қоғамымызда ертеңгі болашағы үшін мұндай тағылымды шаралардың өткізіліп тұруы ғанибетті іс болмақ. Жылына БҰҰ-ның сараптауы бойынша есірткінің негізгі массасы 65% Орта Азия арқылы өтеді, ал Қазақстан арқылы жылына 150 тонна өтеді. Қазақстан Республикасы бойынша 47 мың адам есірткіні қолданатындар тізімінде. Қазақстан жерінде жеңіл есірткіден гөрі өте улы түріне көбірек сұраныс болып жатыр. Республикадағы есірткіні көп пайдаланатын нашақорлар саны қарқынды өсіп келе жатқан қара дақтар. Мысалы: Теміртау қаласында 9 ай ішінде 633 нашақор бар екені анықталып, 111 заңды бұзғандықтан істері сотта қаралған. Өз облысымызда 20 мың 732 нашақор, 637 СПИД ауруына шалдыққандар тіркелген. Осылардың 48%-ы қылмыскерлер.

Тағы да айтарым, өкінішке орай көптеген азаматтарымыз өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға жауапты емес, немқұрайды қарайды. Тіпті денсаулығы өзіне емес, тек дәрігерлерге қажет сияқты медицинаға тұтынушылық немесе масылдық пиғылы бар. Дәрігерлер қанша ескертсе де жаман әдеттерден арылғысы келмейді. Темекі тартады, насыбай атады, салынып арақ ішеді. Мысалы: К-деген гипертониямен кісі жағдайы бақуат бола тұра өз (денсаулығына) кеселіне бір тиын жұмсағысы келмейді, тек үкіметтің қаражатына иек артқысы келеді. Кейбір аналарымыз қонақ келгенде көл-көсір дастархан жасап, ал өз денсаулығына аса қажет анемияға қарсы бір дәріні де сатып алып ішкісі де келмейді. Жалпы, халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана қағидасын әрдайым, әрқайсысымыз жадымыздан шықпайтын биік ұстаным болуға тиіс. Себебі бұл қаражат халықтікі, әрбір салық төлеушінің үлесі екенін ұмытпағанымыз жөн.
Жас кезінен аурушаң болған Поль Брегг «Өзіңді өзің жасай біл» деген қағиданы нық ұстанған. Ол ынта-жігерінің салауатты өмір сүруге деген құштарлығының арқасында барлық ауруларды жеңіп, денсаулығы мықты болып өмір сүрген. Ия, кісінің болса да денсаулығы өз қолында.

Салауатты өмір сүремін десеңіз ешкім оған қарсы тұра алмайды.
Салауатты өмір салтына денешынықтыру, спорт, дене тәрбиесі, туризм, халықаралық туризм, табиғатқа серуен, таза ауада жүру жатады. Кешкі тамақтан соң, таза ауада бір-екі сағат серуен құрып,  ұйықтаудың пайдасы зор. Ұйқы 7-8 сағаттан кем болмауы тиіс. Әр адам жыл сайын бір рет еңбек демалысын тиімді пайдаланғаны жөн. Барлық кезде тамақты жаңадан дайындап ішкен дұрыс. Алланың табиғатты адам үшін жаратқанын және парыз еткенін, тіршілігінде қажетіне дұрыс пайдалануды, денсаулығына зиян келмейтіндей жағдайда болуын қадағалауды салауатты өмір салты деп ұғамыз.

Адам денсаулығына зиянын тигізетін жат әдеттерден аулақ болғаны жөн. Енді оларға не жататынына тоқтала кетейік: Олар – темекі тарту, спирттік ішімдіктерге, есірткілік заттарға салыну. Арақтың орнына қымыз бен қымыран іш, темекі тартудың орнына таза ауада көбірек жүр. Жастарға есірткіні пайдаланба, көңіл көтеретін мәдени көпшілік орындарына баруды әдетке айналдыр дер едім. Еңбек адамды тәрбиелейді. Сондықтан жұмыс істеуден қашпаған жөн. Жалқаулыққа салынудың соңы жақсылыққа апармайды. Имандылық жолына түсіп, жылына бір келетін оразаны тұтып, оның тәртібін сақтағаныңыз дұрыс. Дүниеде бұған тең келетін ештеңе жоқ.
Біз табиғаттың, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуіміз керек. Өзіңізді қандай көрсеңіз, өзгелерді де солай көріңіз. Адамдар бір-бірімен дос, бауырлас, сыйлас, рақымды, мейірімді болса, нұр үстіне нұр жауады. Әрқашан жаман ойдан аулақ болыңыз. Адам өзін өзгеден кем сезінуі, денсаулығының нашар екендігін ойлап қамығуы, көз алдына өлім қорқынышын елестетуі ойды бұзады.

Біздің айтарымыз, халық денсаулығы тек медицина қызметкерлерінің кәсіби тірлігі ғана емес, бүкіл қоғамның тұтас денсаулық сақтауға және нығайтуға арналған үйлескен іс-қимыл әрекеттерінің жемісі екенін баршамыз да ұғынуға тиіспіз. Сонда ғана қоршаған ортаны сақтай отырып, таза су ішіп, дұрыс тамақтанып, иманды және салауатты өмір салттарын тұрақты қалыптастырсақ болашақтың жарқын кепілі болмақ.

Әрбір өркениетті мемлекеттің алдын қойған басты мақсаты - өз халқының денсаулығын жақсартуды қамтамасыз ету болып табылады.

Еліміздің даму бағытын бекіткен "Қазақстан - 2030" стратегиялық бағдарламасында салауатты өмір салтын қалптастыру, дене тәрбиесімен, спортпен шұғылдану мәселесі қаралған.

"Салауаттылыққа тәрбиелеу" дегенді - қазақ халқының салт-дәстүрін, көнеден келе жатқан мәдениетін,өнерін жас ұрпаққа  ұғындыру деп түсінемін.

Қазақстанның әрбір азаматтың бала жастан дене тәрбиесімен айналысуға тартудың үлкен маңызы бар.

Білім ошақтары - жас ұрпақты біліммен  бірге дені сау, мықты, жан жақты дамыған салауатты азамат етіп тәрбиелеуде басты рөл атқарады.

Бұл ретте дене шынықтыру мен спортты дамытуға мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі - студенттердің салауатты өмір салтына ден қоюына жағдай жасау. Менің айтайын дегенім студент балаларға  беретін дене тәрбиесінің мәні туралы. Балаларды дене тәрбиесіне баулу қалыптасқан біріңғай бағдарламаларға сай жүргізіледі. Әрине, бұның қай курста болмасын аздық  жасайтыны бар. Студенттерге  шынығу, шеберлік, шыңдау, бой сергіту тәрізді мүмкіндіктер молынан берілуі қажет. Ол үшін сабақтан тыс кездердегі бос уақыттарды орнымен пайдаланған жөн. Қайратыңды тасытып, жігеріңе - жігер қосатын алып күшті шынығу, шыңдалу арқылы бойына сіңіретін, кейіннен өзінің кәсібіне жол ашатын дүние - ол спорт. Сондықтан да кімде - кім спортпен айналысып, адам өз бағытын табам десе, әлбетте тынымсыз жаттығу қажет.

Елбасының бұл жолғы Жолдауының жөні бөлек. Өйткені бұл дағдырыс уақытында халықты жұмылдыратын, басын біріктіретін, қиындықтан шығудың жолдарын нақты көрсететін Жолдау  болды. Аға буын зейнеткерлер мен елдің болашағы - жастарға, студенттерге қамқорлық осындай күрделі кезеңнің өзінде де біздің эканомиканың  күшін көрсетеді. Өткен жылдардағы Ұлттық қорға қаражат жинауды мен үлкен көрегендік іс дер едім. Елбасы айтқандай, дәл қазіргі кезең әрбір қазақстандықтан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қол қусырып қарап отырсаң аспаннан шұға жаумайды. Әркім өз орнында мемлекет тарапынан жасалынған қолдауға сүйеніп, нақты істер атқаруы тиіс. Тас түйін болып жинақталып, өзінің іскерлігін, білімін жұмсап, қолынан не келеді соның барлығын ірікпей жасайтын уақыт. Мемлекет басшысының бүгінгі сөзі көңілге сенім ұялатады. Біздің қоғам, Халқымыз Елбасына сеніп келеді, әлі де сол сенімін нығайтып, жай ғана бір сөзбен емес, іспен дәйектеп, қимылдап, өз күшінің қандай дәрежеде екенін көрсетуі керек.

 "Дені сау ұлт" үшін инфрақұрлымын дамытудың маңызы жоғары. Балалық шақтан бастап дене шынықтыру мен спорттық даярлыққа және де оған ең қолайлы мүмкіндіктер туғызуға ерекше ден қойылуы керек. Әкімдер жаңа стадиондар мен спорт кешендерін, балаларға арналған және  басқа спорт алаңдарын салуы мен ескілерін жаңарту арқылы барлық  жастағы  адамдардың спортпен шұғылдануына, өздерінің бойларын сергек ұстауына, сөйтіп, өмір жастарын ұзартуына  жағдай жасап, өз үлестерін қосу үстінде.

Министірліктер мен әкімдер салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыруда. Бұл мемлекеттік маңызды мәселе, сондықтан да үкімет оған барынша ауқымды дәрежеде көңіл бөлуге тиіс деп баса айтқандай болатын.

Халықтың дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдануы үшін материалдық - техникалық  базаны және облыстың балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен құрама командаларында сапалы оқу жаттығу процесін қамтамасыз ету үшін спорттық базаларды нығайту мен дамыту, сапалы құрал - жабдықтармен  жасақтау, Азия мен Олимпиядалық ойындарды қоса алғанда республикалық, халықаралық  жарыстарда облыс спортшыларының дайындығы мен қатысуы, дене шынықтыру кадрларын даярлау мен көтеру, республикалық және жергілікті бюджет есебінен спорт нышандарын салу мен оқу - әдістемелік  және медициналық оқу - жаттығу процесін жетілдіру бойынша іс - шаралар қарастырған жөн.

Университет  спортының  өзіне тән жүйесі және түрлері бар. Спорттың түрлері бойынша жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Олар бойынша университеттерде секциялар жұмыс істеуде. Студенттердің көпшілігі волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика секцияларына қатысады.

Адам организімінің қалыптасуы мен жетілуіне көптеген алғы шарттар  қажет. Мысалы, гимнастикамен, шаңғымен, спорт ойындарымен үнемі және жүйелі түрде айналысқан балалардың дене жаттығуларымен айналыспаған құрдастарына қарағанда денсаулығы мықты болатынын, сондай - ақ әр түрлі мәліметтермен жаңалықтарды сергек қабылдап, ой елегінен өткізуге қабілеттірек болатындығын ғылымда тәжірибе жүзінде дәлелдеп келеді. Яғни, дене шынықтырумен айналысатын баланың сабақ үлгерімі де жақсара түсіп, дені сау, мейірімді, ынтымақты жан - жақты білімді адам болып өседі.

Спорттың өзара көмек және ұжымдық сезімді қалыптастырып, жоғары адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейтіндігі жақсы мәлім. Сабақтарда ойындарды дұрыс пайдалана білу - студенттердің бойында жағымды мінез - құлық қалыптастырады. Жылдамдық, күш, икемділік, шыдамдылық секілді әрбір адамның тұрмыс - тіршілігіне қажет болатын дене қасиеттерін дамытуда да, қозғалыс ойындары ерекше рол атқарады.

Қимыл - қозғалыс ойындары көбірек табиғат аясында өткізген дұрыс. Себебі табиғат аясында жүргізілген ойын адам баласының сол табиғаттың бір бөлшегі екенін есіне түсіреді. Жан - жануарларды қорғап, аялап оларға зиянкестік жасамауға үйренеді. Дене шынықтыру сабағында студенттердің  пәнге деген қызығушылығын арттыруда ойын элементтерін пайдалануды дұрыс көремін. Әрбір ойын түрінің өзіне байланысты әдістемелік нұсқауы, педагогикалық маңызы бар.

Спорт - жалпы салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен рол атқарады. Оның адам денсаулығына ауырмай сырқамай жүруіне тигізер пайдасы ұшан теңіз. Осыны ескеріп, ең алдыменен сабақ жоспарын, онда қаралатын тақырып ауқымын саралап алу керек. Олимпиядалық ойындардың тарихына көз жүгіртсек, Қазақстандық олимпиядашыларды, олардың жеткен жетістігін таразылап, жалпы Қазақстан спортының бүгіні мен ертеңіне шолу жасасақ, осыларды негізге ала отырып, студенттерді болашақтың тірегі болатын дені сау, жан - жақты азамат етіп тәрбиелеу. Жеткіншек ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу оларға біліммен бірге дене тәрбиесін беру - аға ұрпақтың маңызды міндеті.

 

 

Әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы.- Алматы, 1998ж.

2. //Ұлт тағылымы, ғылыми-педагогикалық басылым. №1 (2) / 2007 ж.

3. З.С.Конофеева, Г.С. Қазыбаева «Студент жастарды салауатты өмірге ынталандыру» //Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, №1(11), 2006ж.