БІЛІМ БЕРУДЕ ҚОЛДАНЫЛАТЫН

ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ҰҒЫМЫНЫҢ МӘНІ

 

П.К.ИСКАКОВА - педагогика ғылымдарының кандидаты,

Г.ХУДАЙБЕРГЕНОВА - аға оқытушы

 

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан қаласы

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңында»: «Білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп көрсетілген [1]. Бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында білім ордаларында жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың негізгі мақсатын айқындап алуда, яғни «берілген үлгі бойынша өнім алу», оқытудың тиімділігін, сапасын көтеру.

Оқыту технологиясы білім берудің тиімді жолдарын зерттейтін ғылым ретінде оқыту үрдісінде қолданылатын тәсілдер, принциптер мен айқындаушы жүйе, нақты оқыту процесі ретінде сипатталады. Осыған орай, бүгінгі күні білім беру мекемелері мен педагогика ғылымы алдында білім берудің философиялық негіздеріне, білім жүйесінің стратегиялық бағыттарына, мақсаты мен мазмұнына, оны орындаудың әдіс-тәсілдеріне деген жаңа көзқарастар қалыптасуда.

Біз, қазір ақпараттық технологиялар кезеңінде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан заманымызға қарай әр бір адамның қоғам, болмыс, табиғат және ғылым және т.б. салаларында жеткен жетістіктерінің сансыздығына байланысты оқу үдерісінің мазмұны да жаңарып, оқытудың әдіс-тәсілдері де жаңартуды қажет етеді. Сондай әдіс-тәсілдердің бірі ретінде қазіргі уақытта білім беру жүйесінде болып жатқан түбегейлі өзгерістер оқыту үрдісін озық технологиялармен қамтып жетілдіруді талап етеді. Осы тұрғыда оқытудың жаңа технологияларын жете меңгеріп, оқушылардың психологиялық жас ерекшеліктеріне қарай орынды қолданудың мәні ерекше.   

Қазір Республика оқу орындары мен педагогикалық ұжымдары ұсынылып отырған көпнұсқалыққа байланысты өздерінің қалауына сәйкес кез келген үлгі бойынша қызмет етуіне мүмкіндік алды. Бұл бағытта білім берудің әр түрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар мен жаңа технологиялар бар [2].

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде «технология» ұғымы жайлы бір-бірінен едәуір ерекшеленетін бірнеше көзқарастарды кездестіруге болады. Бұл көзқарастарды жүйелеу оқыту технологиясының анықтамасын үш түрлі тәсілмен шығаруға мүмкіндік береді. 

Бірінші тәсілде көбіне жеке мақсатқа жетуге бағытталған жеке әдістеме технология деп түсініледі (мысалы, ауызша есептеу дағдысын өңдеу технологиясы, топтық іс-әрекетті ұйымдастыру технологиясы және тағы басқалар). Осы тәсілдің авторлары технологияны жеке әдістемеге теңестіре отырып, технологияның ең маңызды сипаттамаларының бірінен саналатын кез келген нақты мақсатқа жету тәсіліне сүйенеді. «Технология» ұғымын пайдалану бұл мағынада педагогикаға қандай да бір жаңалық әкелмейді және оқыту үдерісін нақтыламайды. Бұл тек бір ұғымды басқасымен жай ғана алмастыру болады. Егер бұрындары «В.В.Давыдов – Д.Б.Эльконин» әдістемесі деп айтылған болса, қазір бұл жүйеге «В.В.Давыдов – Д.Б.Эльконин» технологиясы деп сілтеме жасалады. Яғни, сөздерді алмастырудан олардың мәні (В.В.Давыдов – Д.Б.Эльконин оқыту жүйелері) өзгерген жоқ.

Екінші тәсілді жақтаушылар тұтас педагогикалық жүйені технология деп түсінеді. Мұндай тәсілді толығымен қолдану күрделі, себебі В.П.Беспальконың пайымдауынша, педагогикалық жүйенің ең маңызды элементтері оқушылар мен оқытушылар болып табылады. Ал технология болса, педагогикалық жүйенің негізін құрайтын және ашық түрде оқушылар мен оқытушыларды қамтымайтын оқыту тәсілінің сипаттамасын білдіреді. Технология тек ғана оқушылар дайындығының сипаттамасы мен деңгейін және оқытушылардың кәсіби құзыреттілік деңгейі мен қызметтік міндеттерін қамтуы мүмкін. «Технология» және «педагогикалық жүйе» ұғымдарының сәйкес еместігіне қарамастан, технологияның бұл анықтамасы оның бастапқы мағынасына көбірек жақындау келеді, себебі технология тек қана әдістемені (берілген нәтижеге жетуге бағытталған іс-әрекет ережелері мен тәсілдерінің және оқыту үдерісін ұйымдастыру түрлерінің белгілі жинағын) емес, сонымен қатар оқыту құралдарының жүйесі сияқты педагогикалық жүйенің ең маңызды элементін, мақсаттарын және оқушылар дайындығының бастапқы деңгейін, оқытушылардың әрекет ету алгоритмі мен хабардарлығын да қамтиды.

Үшінші тәсілде технологияға жай әдістеме немесе педагогикалық жүйе ретінде ғана мән беріліп қана қоймай, берілген мақсатқа жетуде қолданылатын оңтайлы әдістеме не жүйе ретінде де, алгоритм ретінде де назар аударылады. «Технология» ұғымының бастапқы анықтамасына бұл көзқарас барынша жақындау келеді деп айтуға болмайды. Өйткені технология – бұл белгілі бір тәсіл. Ал, тәсілдер шапшаң және баяу, жаңа және ескі секілді әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан, қоғам дамуының осы деңгейінде нәтижеге қол жеткізудің ең тиімді әрі шапшаң тәсілдерін жобалап түсіндіретін «қазіргі заман технологиясы» атауы кездейсоқ пайда болған жоқ. Көптеген оқу орындардың жетістігі ескірген тиімсіз технологиядан бас тартып, ең соңғы ғылыми зерттеулерге сүйенетін жаңа технологияларды пайдалануға негізделеді. Технология – бұл процестің технологиялылығының оңтайлы немесе едәуір тиімді тәсілі емес, оның талаптарына жауап беретін оқытудың кез келген тәсілі [3, 4].

Педагогикалық әдебиеттерде барынша айқын белгіленіп қойылған жоғарыда айтылған үш тәсілден басқа, әлі толық қалыптаспаған бірнеше тәсілдер де кездеседі. Олардың ішінен оқыту технологиясын модульдер жинағынан алынатын жеке курстардың оқу бағдарламасын қалыптастыру тәсілі ретінде қарастыратын көзқарасты айрықша атап өтуге болады. Мұндай модульдердің әрқайсысы оқу пәнінің қандай да бір бөлімінің мазмұны мен әдістемелік әзірлемесін көрсетеді. Осындай дайын модульдерді түрлендіре және олардың орындарын ауыстыра отырып, оқытушының ең жақсы нәтижеге қол жеткізуі мүмкін деп саналады. Яғни, әртүрлі модульдердің орындарын алмастыру мүмкіндігі оқыту технологиясының негізін құрайды. Алайда, мұндай орын ауыстыруларды оқушыларды оқытудың технологиясы деп атауға мүлдем болмайды. Шын мәнінде, бұл  оқытушының оқу материалын іріктеу және пән мазмұнын құрастыру тәсілі болып табылады. Әрине, белгілі мазмұнды үйрену үшін белгілі әдістер мен тәсілдерді пайдалануға қажеттілік туындайтындықтан, материалды баяндау жүйелілігі мен оның сапалы құрамының әдістерге және тәсілдерге қатынасы бар екені айдан анық. Десек те, модульдер қаншалықты орындарымен ауысса да, оларды оқыту әдетте педагогтың немесе білім беру мекемесінің өз тәжірибесінде қолданатын бірыңғай әдістемесі аясында жүргізіледі.   

Байқағанымыздай, 1990-шы жылдардың педагогикалық әдебиетінде ең жиі кездесетін «технология» ұғымының анықтамалары да оның әдістемеден қалай ерекшелетіні туралы сұраққа толық жауап бермейді. Бұл ерекшелікті табу үшін тарихқа көз жүгірте отырып, технология ұғымына басқа көзқарас тұрғысынан қарау керек. 

Бірнеше ғасыр бұрын «технология» ұғымы алғаш рет өнеркәсіптің пайда болу кезеңінде жарыққа шықты. Қоғам дамуының бұл кезеңі машина өндірісінің өсуімен және едәуір жоғары еңбек өнімділігі жағдайында фабрикалардағы өнім көлемінің ұлғаюымен сипатталады. «Технология» ұғымы грек тілінен енген екі сөзден тұрады: «техне» - өнер, шеберлік және «логос» - білім, оқу, ғылым деген мағыналарды білдіреді. Сондықтан, «технология» терминін қазақ тіліне «өнер туралы ғылым» немесе «шеберлік туралы ғылым» деп аударуға болады. Бұған пәндік саланы сипаттайтын терминді қосамыз да кез-келген нақты технологияның мәнін айқындаймыз.

Басқаша айтқанда, бұл – қолөнершіліктен машина өндірісіне өту кезеңі. Өнімділік тұрғысынан қолөнершінің мүмкіндіктерінен асып түсетін қуатты өндіріс құралдарының пайда болуы нәтижесінде ғана «технология» ұғымы қалыптасты деуге болады. Өндірістің даму тарихын қарастыру адам іс-әрекетінің кез келген саласының дамуы мына тізбек бойынша өтетінін болжауға мүмкіндік береді:

Кездейсоқ тәжірибе → Қолөнер  → Технология

Адам бірінші кезеңде (яғни, кездейсоқ тәжірибемен) қандай да бір құбылыспен соқтығыса отырып, оны игереді және онымен жұмыс істеуге икемделеді. Бұл кезеңде ол әлі бұл құбылысты өзінің тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін пайдаланбайды.

Екінші кезеңде, яғни қолөнердің даму кезеңінде адам бұл құбылысты жай игеріп қана қоймай, оған күш жұмсай отырып, белгілі бір кәсіп түрі ретінде қалыптастырады да оны өзінің тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін бейімдейді. Нақ осы кезеңде ағаш шебері, қышшы, балықшы секілді мамандық түрлері пайда болады.

Ал, үшінші кезеңде қоғам қандай да бір өнімді өндіру үшін қажетті механизмдер мен техникалық құралдарды жасайтын даму деңгейіне қол жеткізеді. Енді өнім өндіру бойынша негізгі жұмысты нақ солар орындайды. Міне, бұл – технология кезеңінің бастамасы.

Алғашқы мағынасына сүйенсек, технология өнімді станоктармен, техникалық құралдармен өндіру үдерісін білдіреді. Технологияның әрқайсысы нақты өндіріс құралдарының көмегімен белгілі бір өнім өндірісін жүргізу дегенге саяды. Өндіріс құралдары жинағындағы кез келген өзгеріс (мысалы, станоктарды алмастыру) технологиялық тізбектің өндіріс өлшемдері мен сипаттамаларының өзгеруіне және технологияның өзінің де өзгеруіне әкеп соқтырады. 

Өндірістің қолөнерлік тәсілінен өнеркәсіптік тәсіліне өту өндірістің едәуір күрделенгендігін білдірді, себебі өндіріске адамды жарым-жартылай немесе толық алмастыратын машиналар қатыса бастады. Технологиялар көбіне өнеркәсіпте қолданылатын техникалық құралдардың техникалық сипаттамаларына тәуелді болатындықтан, машиналық өндірісте әрбір әрекетті күрделендіруге және нақтылауға мұқтаждық туындады. Қолөнерші қолданатын әрекеттердің тізбесін жай ғана суреттей салу енді жеткіліксіз болды. Оның үстіне, өндіріс үдерісін сипаттауда техникалық өндіріс құралдарының әрбір түрінің дәл сипаттамаларын енгізуге тура келді, себебі өндірістің бүкіл үдерісі нақ осы сипаттамаларға негізделді.

Егер «технология» ұғымының осы мағынасын педагогикаға қолданатын болсақ, онда «оқыту қызметін атқарудағы негізгі жүк адам басшылығындағы оқыту құралдарына жүктелетін оқыту тәсілі - оқыту технологиясы деп аталады» деген анықтама шығады. Мұнда, адам оқыту үдерісіне емес, оқыту құралына басшылық жасап, оқыту құралдарының жұмыс қабілеттігін реттеп отырады. Басқаша айтқанда, оқыту технологиясында оқыту құралына жетекші рөл берілуге тиіс. Технологияда оқытушы оқушыларды оқытпайды, ол оқыту құралдарын басқару, оқушылардың іс-әрекеттерін үйлестіру және оқуына жағдай жасау секілді маңызды міндеттермен айналысады [5].

Демек, өндірісте және құрылыс салаларындағы технология мен қолөнершілік арасындағы айырмашылық қандай болса, білім беру саласындағы технология мен әдістеме арасында да айырмашылық сондай болады. Ендеше, оқыту технологиясында ең маңызды және жетекші рөлді оқыту құралы атқарады.

Сонымен қатар, мамандар мен педагогтарда оқытуды технологияландыру идеясы бүгінде бір мәнді емес реакциялар туғызуда. Көпшілігі оқытушының еңбегі – бұл механикаландырылмаған «қол» еңбегі, тек тірі адам ғана оқыта алады және оны оқыту өзінің табиғатынан автоматтандыруға жатпайды. Бұдан әдіскерлердің құрған дайын әдістемелік жұмыстарын, сабақ жоспарларын оқытушы ризашылықпен пайдалана береді[6].

Оқыту технологиясының дамуы мұндай оқыту жүйелерін құрып (пән бойынша оқытудың технологиялық процесі), кез-келген оқытушы оны пайдалану арқылы көрсетілген сапаның нәтижесін алуға болатынын көрсетті. Сөйтіп, оқыту технологиясы – оңтайланған жүйелерді жасау мен оның принциптерін ашу жөніндегі ғылыми зерттеу саласы, алдын-ала сипаттамасы берілген дидактикалық шығарылатын процестерді құру жөніндегі дидактиканың бағыты ретінде түсіндіріледі.  

 

Пайдланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы.  2007 ж.

2. Еркебаева Г.Ғ.Қазақстан Республикасының ұлттық білім беру жүйесінің міндеттеру, бағыттары мен мазмұны. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Шымкент, 2011. – Б.6-9.

3. Смирнова С.А. Педагогика: теории, системы, технологии. –М., 2006.

4. Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. – М., 1989.

5. Боголюбов В.М. Введение в педагогическую технологию. – Пятигорск, 1996.

6. Халықова К.З., Абдулкәрімова Г.А. Педагогикалық информатика /білім беруді ақпараттандыру. –Алматы, 2007.