Филологические науки

1.Методика  преподавания языка и литературы

Магистрант  Джумаева А. М.

Казахский национальный университет им. Аль-Фараби

Қазіргі қазақ поэзиясындағы замана бейнесі.

 

Қазақ поэзиясы дамудың түрлі сатыларынан өтіп, әр дәуірде өзіндік үнімен ерекшеленді. Әр дәуір поэзиясын тудырушылар қазақ әдебиетіндегі дәстүр ұғымынан аттамай дәстүрлі және жаңашыл шығармалар тудырып отырды. Бүгінгі, яғни тәуелсіздік дәуіріндегі поэзия да бұл қағиданы естен шығармады. Тәуелсіздік дәуірі поэзиясы да өз үнімен келді. Ақындар замана келбетін, дәуір шындығын, тұрмыс-тіршілігін, адамзат махаббатын өзінше жырлап, өзінше түйіп, жаңа тақырыптық-идеялық мазмұнмен қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейте түсті.  

«Өмір – өлең өзегі» дейтін болсақ, әлбетте заманның келбеті өлеңнің өне бойынан көрінері айдан анық. Жалпы өмірдің ағын да, қарасын да ақындар сөз етеді. Олар үшін өздерін қоршаған әлемнің жақсысы мен жаманы деген таңдау болмайды. Оларда бұл параллельдер көңіл мен шабыт қалауының шалқуына орай өлеңге өзек болады. Содан келіп бүгінгі лирикадағы замана келбеті де айшықты жырлармен ашыла түседі. Бұл заманның саясатынан бастап махаббатына дейін сөз болып, өлеңнен өзгеше өрнек өріледі. Мәселен, Алмас Темірбайдың «Жаңа қазақ. Тозған ауыл. Хроника. 2000 жыл» дейтін өлеңі де қазіргі ауыл мәселесі астарлы сатирамен көтеріледі:

Ол да ауылда өсіп-өнген ұл еді,

Туған жері түсіне көп кіреді.

Он жыл бойы болмаса да ол жақта,

Түсінде ылғи келіп-кетіп жүреді...

Кенет, нәпсі-көңілдегі күй тынып,

Әлдеқайдан қоя берді ит ұлып.

Тоз-тоз ауыл көз алдына келгенде,

«Тойотасы» тоқтай қалды итініп.

Ақынның ауылға деген аянышты қалыптағы назды үні сынау сарынымен әдемі көрінген. Расында, бүгінде бұл мәселенің бары рас.

Ал Темірғали Көпбаевтың «Жетім бұрыш». Қасірет» өлеңінде:

Жәркеш жанар. «Жетім бұрыш». Жасамыс та, жас та бар,

Алматыда баспана дау сол бұрыштан басталар.

Мейлі нөсер төпелесін,, мейлі тоңсын, жаурасын,

Олар солай қыздырады тіршіліктің саудасын, -

деп қазіргі замандағы жанкешті тағдыр иелерін бір өлең бойына жинақтап береді.

Ерлан Жүністің «Гүланда» кітәп дүкенінде» өлеңінде ақынның замана туралы өз ойларымен сырласқан монологы көрініс береді:

Алматы.

Қыркүйек.

Кеш.

Кітап дүкені.

«Қожайын, сағатқа қарама!»

Түсінем, оны үйі күтеді...

Ал менің шыққым жоқ далаға.

Қалада көңілдің боп жатыр қай тойы,

Гүлдердің иісі жоқ қалалық!...

Ол жақта даурыққан білгіштер айқайы,

Бұл жерде момақан даналық.

Ақын қай заманда да сарқылмас қазына кітәптың құдіретін дүкеншімен іштей сырласу арқылы ұғындырғысы келеді. Өлең өрнегі де өзгеше. Ерекше бір тоника, музыкалық леп еседі.

Жанына жылы, тарпаң мінезді, жайлы жырларымен жағатын Жарас Сәрсектің өлеңдерінде замана сыры былайша ашыла түседі:

Сәби ел-ай –бір өзінің еркесі,

Құдай жаққа қадам баспай қойдық біз.

Бір дананы дәріптесек, ертесі,

Бір көсемнің басын жұлып тастаймыз.

Иә, расында, бұл мадақтау мен даттау қай заманда да қатар жүреді. Қазақтың бір қызық мінезі – осы. Қадыр ағамыз да «бір жақсысы мен бір жаманын» жырға қосқанда осыны ескерсе керек.

Жаңа ғасыр поэзиясындағы соны құбылыстың, тақырыптың бірі ретінде ақындарымыздың тәуелсіз елді жырлауын айтуға болады. Тәуелсіздік қазақ поэзиясында ең көп жырланған тақырып десек те, оны еркін де тәуелсіз жырлау осы кезеңнің жемісі болып отыр. Өйткені қазақ елі соғыстан, бодандықтан құтылған бейбіт ел ретінде өмір сүріп отырғаны енді ғана. Жетпіс жыл бодандықтың қамытын киген тұстағы поэзияда, әрине, бұл тақырып жырланған еді, алайда тәуелсізбін деп айқайлайтындай қауқарлы емес едік. Тек қазақтың даласын, қазақты жырладық. Ал нағыз тәуелсіздік поэзияның пәрменді тақырыбына енді айналды. Бүгінде ақындарымыз ешкімге жалтақтамайды. Өйткені бұрынғыдай сұсты семсерлі цензура жоқ.

Сонымен тәуелсіздік туралы тұғырлы жырларын ақындар былайша өрбітеді. Қалқаман Саринның қарымды қаламы мен шалқар шабытынан:

Еркіндігім.

Қасиеттім.

Қастерлім.

Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!

Кеше сенің келбетіңді арман ғып,

Боданына бұғауландық басқа елдің.

Бабалардың басын тігіп бәйгеге,

Аналардың жанарына жас бердің!

Уа, Еркіндік,

қош келдің! – 

деген жыр жолдары туып, ақын бойындағы шексіз қуанышты көрсетеді, ал Әлібек Шегебайдың «Қабірден хат» өлеңінде тәуелсіздік рухына тағзым:

Тәуелсіздік – Қазақ үшін ғажап құт,

Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.

Бөрі мінез Бабалардың арманы –

Айналайын, алтын қанат – Азаттық! –

деп Тәуелсіздікке жету жолындағы күресте қаза болған Қайрат Рысқұлбековтың монологы түрінде берілген. 

Аппақ сезімінің сырын ақырын, үнсіз, Тәңірімен тілдесу арқылы шертетін Ақберен Елгезек те тәуелсіздіктің құнын «Қанды түнек» өлеңінде құрбандарға деген асыл құрметін білдіру арқылы ұғынған, ұғындырған:

Қан төгілді, қызыл жалау құлады,

Қатып қалды жас өркеннің бұлағы.

Құрбандығың қабыл болды, қазағым,

Жалп-жалп еткен сөнбесінші шырағың!

Қай дәуірді алмайық, ақындар өздерін қоршаған ортадан бөлектеніп кете алмайды. Олардың болмысы бөлек болғанмен, олардың жан дүниесі мына әлеммен астасып жатады. Жырына арқау, жанына жылу болар қажеттісін бәрібір біз бен сіз өмір сүріп отырған әлемнен іздейді. Сондықтан замана бейнесін, сіз бен біздің бейнемізді «өмір-өлең» өрнектейді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.    Темірбай А. Мың бір мұң. Өлеңдер. Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2008. – 64 б.

2.    Көпбаев Т. Жаңғырық. Жырлар. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2007. – 208 бет.

3.    http://kalkamansarin.kz/

4.    http://abai.kz/