Абубакирова Г.Н.

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКАСЫН ОҚЫТУ ЖОЛДАРЫ

 

Сабақтың тақырыбы:  Ғажайып сөз әлеміне саяхат

Сабақтың мақсаты: Білімділік: а) Лексикология тілдегі барлық сөздердің жиынтығы, сөз  байлығын зерттейтіндігіне түсінік беру. в) Сөзге нәр беріп тұратын мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестеріне тоқталу. Көнерген сөздерге, омоним, синоним, антонимдерге түсінік беру.

Дамытушылық: Көркем сөздің астарын, мәнін түсініп сөйлеуге үйрету, ауызекі сөйлеу тілдерін дамыту. Ұшқыр да ұтымды, жүйелі де нақты сөйлеуге дағдыландыру.

Тәрбиелік: Қазақ халқының сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, өз бетінше ізденуге талпындыру. Шешен сөйлеуге баулу.

Сабақ түрі: Бекіту сабағы.

Сабақтың көрнекілігі: Үлестірмелі материалдар, плакаттар, сызбалар, аудиомагнитофон.

Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер: Сұрақ-жауап, баяндау, түсіндіру, салыстыру, талдау, жинақтау, венн диаграммасы, кластер әдісі.

Сабақтың барысы:    

I Ұйымдастыру кезеңі: Сәлемдесу, сабақтың мақсатымен, шартымен (топ басшысын сайлау,  топтың ұранын тағайындау, сөз және мақал-мәтел, шешендік сөз сайысы) таныстыру.

ІІ Өткен материалды қайталау (үй тапсырмасы)

- Лексикология нені зерттейді?

- Лексикология қай тілден енген сөз?

- Лексикологияның салаларын көрсетіп, оларға түсінік беріңіз.

 

    Веен диаграммасы                                                   Кластер әдісі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


ІІІ Ойын шартымен жұмыс І топ Ұлан      ІІ топ Тіл ашар

1. Топ басшысын сайлау.

2. Топ ұранын дайындау.

3. Мақал-мәтел сайысы.

Тапсырма: Бұл сайыс үшін мақал-мәтелдер бес тақырып көлемінде таңдап алынды.  1. Тәлім-тәрбие туралы. 2. Жақсылық, жамандық, достық, қастық туралы. 3. Еңбек туралы. 4. Өнер-білім туралы. 5. Тіл өнері туралы.

Енді осы тақырыптар бойынша берілген мақал-мәтелді жалғастырыңыздар   (1, 3, 5, 7, 9 - Ұлан тобы үшін,  2, 4, 6, 8, 10 - Тіл ашар үшін).

//Ұқыптының тоны тозбас/, /Ұқыпсыздың ісі оңбас//. //Ашу – дұшпан, ақыл дос/, /Ақылыңа ақыл қос//. //Жақсының аты өлмейді/, /Ақынның хаты өлмейді//. //Досы көпті жау алмайды/, /Ақылы көпті дау алмайды//. //Жан қиналмай, жұмыс бітпес/, /Талап қылмай, мұратқа жетпес//. //Еңбек ерлікке жеткізеді/, /Ерлік елдікке жеткізеді//. //Ақыл көпке жеткізеді/, /Өнер көкке жеткізеді//. //Өнер – ағып жатқан бұлақ/, /Ілім – жанып тұрған шырақ//. //Сөз сүйектен өтеді/, /Таяқ еттен өтеді//. //Шебердің қолы – ортақ/, /Шешеннің тілі ортақ//.

4. Көнерген сөздер. Көнерген сөз дегеніміз қандай сөздер?

Тапсырма:  Берілген көнерген сөздердің мағынасын айтыңыз.

Ұлан тобы үшін: Торсық – сусын құю үшін, ысталған теріден жасалған шағын ыдыс; Иінағаш – су әкелут үшін әдейі жасалған құрал: әпкіш, күйенте, мойынағаш; Мақпал – Тығыз тоқылған түкті әрі тұмсық, қалың мата; Жертөле – уақытша мекендеу үшін жерден қазылып төбесі жабылған баспана; Балахана – үйдің екінші қабаты, жоғарғы үй;

Тіл ашар тобы үшін: Мес – сұйық тамақ құю үшін, бітеу сойылған ешкі терісінен жасалған ыдыс; Күбі – май түсіруге арналған піспегі бар ыдыс; Зембіл – ауыр заттарды тасу үшін жасалған екі кісілік тасымал құралы; Бастырма – төбесі жабық, жан-жағын ашық етіп жасалған жай, лапас; Ұра – астық сақтайтын жерден қазылып жасырын, жабық бөлме;

5. Тұрақты сөз тіркестері. Тұрақты сөз тіркестері дегеніміз не?

Тапсырма: Шашыраңқы түрде жазылған тұрақты сөз тіркесінің мағынасын бір сөзбен жеткізіп, осы сөзге қатысты тағы да басқа бірнеше тұрақты сөз тіркесін айтыңыз. (1, 2 Ұлан тобы үшін,  3, 4 Тіл ашар үшін).

Қорқу – төбесіне суық су құйып жібергендей болу;     жаны зәр түбіне кетті;  жаны мұртының ұшына келді;  жүрегі су етті; төбе шашы тік тұрды;     қос үрей болды;    су жүрек; қоян жүрек;   қос үрей болды;  суқаны қашты. Сұлу –   жаяу жатып,  атты түсіп қарағандай; ақша маңдай;  ақша бет; бір қасық сумен жұтып жіберерлік;  жаңа туған ай секілді. Қуану -  төбесі көкке жетті;    мәре-сәре болды;    мұраты таулап отырды; бетіне нұр жүгірді;  езуі екі құлағына жетті. Лезде -  көзді ашып жұмғанша; иек астында жүріп кетті; әп-пүш дегенше кірпік қаққанша лып берді; көз ілестірмеу; демнің арасында.

6. Омоним. Синоним. Антоним. Сіздерге қойатын мынадай сұрақтарым тағы бар: Омоним дегеніміз не? Синоним дегеніміз не? Антоним дегеніміз не? Өте жақсы, рахмет. Ендігі жерде сіздер үнтаспадан өлең жолдарын тыңдап, сол өлең жолдарынан омоним, синоним, антоним табыңыздар. (1, 3, 5 - Ұлан тобы үшін, 2, 4, 6 - Тіл ашар үшін).

//Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да/, /Алдамаған кім қалды тірі жанда/? /Алыс- жақын қазақтың бәрін көрдім/, /Жалғыз-жарым болмаса анда-санда//. (А.Құнанбаев).

//Орынды іске жүріп, ой таппаған/. /Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған/, /Қасиетті болмайды ондай жігіт/, /Әншейін құр бекерге бұлғақтаған//. (А.Құнанбаев).

//Жедел көмек – автобус/ /Оқыста о да тұр күтіп/: /Тұрсын ол әрбір шақта бос/ /Қайтеміз оны зырғытып//? (Х.Ерғалиев).

//Туған тілім – тірлігімнің айғағы/, /Тілім барда айтылар сөз ойдағы/.  /Өссе тілім, мен де бірге өсемін/, /Өшсе тілім, мен де бірге өсемін//. (Ә.Тәжібаев).

//Ескі дүние есігін теуіп ашып/, /Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып/. /Босағада тұрмады, төрге ұмтылды/. /Бұзып, жарып, еңсеріп, еркін басып//. (Қ.Аманжолов).

//Жаз да маған жақсырақ/, /Сабырлықты мін деме/: /Ол жұлқынып, бақ сұрап/. /Жорта берсін, үндеме//? (Қ.Бекхожин).

7. Шешендік сөз (көрініс). Тапсырма: Берілген шешендік сөзбен танысып, рөлге бөліп көрініс етіп көрсетіңіздер (1 - Ұлан тобы үшін,  2 - Тіл ашар үшін).

IV Үй тапсырмасы: Ұлан тобы үшін: Синонимдер сөздігінен күнделікті   өмірде аз  қолданылатын 10 сөз жазып келу. Тіл ашар тобы үшін: Омонимдер   сөздігінен     күнделікті   өмірде  аз қолданылатын 10 сөз жазып келу.

V Қорытындылау: Лексикологияның тілдегі барлық сөздердің        жиынтығын,   сөз   байлығын  зерттейтін  ғылым екендігін айта келіп, сабақты қорытындылау.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. -Алматы, 1997. -95б.

2. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика.- Алматы, 1975.          -293б.

3. Белбаева М.   Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы.- Алматы, 1976. -127б.

4. Айғабылұлы А. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. - Алматы,2004. -320б.