Уразгалиева С.Б

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

   ЖЫРАУ МЕН АҚЫН ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АСТАРЛАУ МЕН КЕЙІПТЕУ

    XV-XVIII ғасырлардағы ақын, жыраулар мұрасында құбылысты, яки бір нәрсені басқа бір ұқсас нәрсеге, яки құбылысқа астарлай теліп, тұспалмен түсіндіру (символ) сирек кездеседі [1,43]. Троптың (құбылтудың) бір түрі-астарлау, яки символ (грекше symbolon-шартты белгі)-бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге, не кұбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру. Символ сөз өнерінде көркем кестеленіп отырған шындыққа әсем ажар, байсалды философиялық астар береді, шығармаға бір түрлі сыршыл сипат бітіреді. Пушкиннің «Анчары» мен Лермонтовтың «Желкені», Тютчевтің «Фонтаны» мен Блоктың «Әдемі әйел жайлы жыры» - сұлу сыр мен сезімге толы астарлы өлеңдер. Мысалы://Қосағың қоса ағармас қосақ екен, /Құдайым осылай да қосады екен./Тоты құс жарқанатқа пенде бопты,/Бұқарым, айтар мінің осы-ақ екен//(Үмбетей) [2,74]. //Шоң, Шорманым сен бе едің мақтай жүрген,/Бар өнерің осы ма сақтай жүрген?/Оралдың екі ақиығы араз болса,/Жапалақ жем қылмай ма сақтай жүрген?!// (Көтеш) [2,109]. //Айтып-айтпай немене,/Мезгіліміз өткен соң./Жайнап тұрған қызыл шоқ,/Су құйылып өшкен соң,/Жайнап тұрған заманым,/Басымнан бүйтіп көшкен соң//(Бұқар) [2,85]. Сөз жоқ, бұл мысалдарда суреттеліп отырған шындыққа бедерлі, бейнелі, әдемі рең беретін ашық айтпаса да ой мен образды ажарлай түсетін «тоты құс жарқанатқа пенде бопты», «оралдың екі ақиығы араз болса, жапалақ жем қылмай ма сақтай жүрген?!», «жайнап тұрған қызыл шоқ» сияқты айшықты астарлаулар бар. Бірақ, бұл астарлаулар тұтастай тұспалдау, бірыңғай бейнелеу күйінде емес, өзге құбылыстармен қаз-қатар салыстырыла беріледі. Сондықтан өзге сөз тіркестеріне қарап тоты құс пен жарқанаттың да, оралдың екі ақиығының да, жапалақ құстың да немесе жайнап тұрған қызыл шоқтың да мағынасын оңай ұғамыз. Демек, бұл үзінділердегі біз атаған астарлаулар тұспалмен түсіндірулерге жақындағанмен таза символ емес,психологиялық параллелизмге келіңкірейді. Қ. Жұмалиев Абайға дейінгі әдебиетте көркемдеу тәсілінің астарлау (символы) сияқты түрі жөнінде:«Символ - бейнелеп сөйлеу ауыз әдебиетінде, әсіресе билер сөзінде көбірек кездеседі. Олар айтайын дегендерінің ұшығын ғана көрсетіп, жұмбақтап сөйлеуді негізгі әдісі етті» дейді [3,244]. Құбылтудың (троптың) тағы бір түрі - кейіптеу (грекше prosopopeia, орысша олицетворение). Абайдың Лермонтовтан аударған «Теректің сыйы» деген өлеңіндегі бейнелеу тәсілі - түп-түгел кейіптеу: асау теректің долдануы, буыркануы, бұйра толқынның айдаһардай бүктелуі, Кавказдан азан-қазан, у-шу арқырап шыға бере қалың қайратын бойына жасырып, беті күле момынси қалуы-бәрі де өзен емес, адам мінезіне ұқсайды. Терек Каспийге келіп:// Аптығып асау інің келді, ақсақал!/Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал./Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,/Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал//,-деп, айна-қатесіз адамша саудырап сөйлеп тұрса, қартаң Каспий, қалғыған қалпы, анау әкелген «бұғы мен маралға, адамнан тартып алған көп малға, ер-тоқымы, атымен, қаруымен тұтқындап әкелген ер шеркеске»...-біріне риза болмай ма, кім білсін, көзін де ашпайды, тіл де қатпайды. Амалы құрыған Терек ақырында://Азырқандың, білемін, ақсақал шал,/Тентегіңнің сөзіне кұлағынды сал./Қазақ-орыс қатыны бір сұлуды/Әкеліп ем, қайтейін, оны-дағы ал!//-деп, бағанадан бері қимай тұрған аяулы асылын ұсынғанда ғана://Кәрі Каспий ұара көк көзін ашты,/Жылы жүзбен Терекке амандасты...//деп, Каспийдің, Абайша айтқанда, «жыбыр кағып, қозғалып, сылқ-сылқ күлген» шайтан шалдың одан арғы қылығы мен қимылы да - аумаған адамның мінезі мен әрекеті-керемет кейіптеу. Ақын, жыраулар сирегірек қолданған көркемдік тәсілдердің бірі – кейіптеу [2,45].  Әрине, кейіптеу тәсілінің үлгілері халық ауыз әдебиетінде ерте кезден бар еді. Зерттеушілер айтқандай, ауыз әдебиетіндегі эпостар мен әдет-салт жырларында кездесетін кейіптеулер халық санасының сәбилік дәуірінде, өзін қоршаған табиғат құбылыстарын, жан-жануарларды киелі, құдіретті санап соларға жалбарынудан, оларды ұлылап, қастерлеуден туғандығы белгілі. Мұндай кейіптеулер көбінесе, жарапазан, бұлт шақыру т.б. әдет-салт жырларында, эпостарда кездеседі. Көркемдік тәсіл ретінде кейіптеу көріністері некен-саяқ Көтеш пен Шал ақын мұраларында кездеседі. Көтештен гөрі кейіптеу Шал ақында молырақ: //Ысқырып келе ме деп биылғы қыс,/Мырзадан сұрап едім тымақтан тыс//(Көтеш) [2,109]. //Кедейлік, жабыстың ғой бала жаста,/Мені ұятты қылдың ғой қарындасқа./Аш белімнен құшақтап айрылмайсың,/Көз танысың жоқ па еді менен басқа?!//(Шал ақын) [2,112]. //Жетпіс келді төтелеп,/Кәрілікті жетелеп./Сексен келді бүйірден,/Қалдырып кетті үйірден//(Шал ақын) [2,112]. //Кәрілік асыңды іш те тұр демейді,/Лағып бетіңменен жүр демейді,/Кәріліктің тағы да бір мінезі,/Жастардың мәжілісіне кір демейді//  (Шал ақын) [2,113]. Бұл төрт мысалдың алғашқысында жыл мезгілі-қыс, екіншісінде әлеуметтік хал-кедейлік, соңғы екеуінде адамның өмір кезеңі - жетпіс, сексен жас және кәрілік бәрі де жанды кейіптегі әрекет иелері. Қыс ысқырады, кедейлік жабысып аш беліңнен құшақтап айрылмайды, жетпіс кәрілікті жетелеп, сексен бүйірден келіп бұрынғы күйден айырады. Кәрілік те әрқилы мінез көрсетіп қалжыратып кетеді. Ақын, жыраулар мұрасындағы бұл тәсіл өзіндік бірқатар міндет атқарып тұр. Кейіптеу Көтеште мырзадан тымақ тыс сұрауының себебін білдіреді, сайып келгенде мырзаның сараңдығын әшкерелейді. Ал, Шал ақын өзі өмірде көп сынаған кедейлік пен кәрілік хақында ащы шындықты айқын да ажарлы айта біледі. Демек, табиғат пен өмір құбылыстарын жандандырып кейіптеу Көтеш, Шал шығармаларының жыраулар  мұрасына қарағанда жазба әдебиетке бір табан жақындай түскендігін аңғартады.

Әдебиеттер тізімі:

1.Сыдықов Қ. Көркемдік өрнектер. -Ал. 1992. -178 б.

2.Бес ғасыр жырлайды. М. Мағауин, М. Байділдаев. 1 т. -Ал. 1989.-383 б.

53. Сыздық Р. Абай шығармаларының тілі.-Ал. 1968. - 336 б.