Уразгалиева С.Б

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

   

ЖЫРАУ МЕН АҚЫН ПОЭЗИЯСЫНДА ҚҰБЫЛТУДЫҢ (МЕТОНИМИЯ, СИНЕГДОХА) ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ

 

      Ақын, жырауларда құбылтудың ауыстырудан өзге кездесетін түрлерінің бірі - алмастыру: Троптың бір түрі -алмастыру, яки метонимия (грекше metоnymia - қайтадан атау) -зат пен құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану. Мұның да әдеби тілде атқарар қызметі әжептәуір: кейде ой ықшамдығы үшін, кейде образ нұсқалылығы үшін қажет. Чехов былай депті: «Сұраншы әйелдің жоқ-жітігін аңғарту үшін көп сөз жұмсап, оның бейшара мүшкіл қалпын қазбалаудың кажеті жоқ, иығындағы өрім-өрім жирен жамылғысын әншейін атап өтсең жетіп жатыр». Осынау жирен жамылғы секілді әр нәрсенің бар болмысын бір-ақ танытар шағын деталь - метонимия. Мысалы://Сөгетін Гомер, Феокритті, /Оқышы бір-ақ Адам Смитті... /Өзі сұлу, өзі ақын, /Пікірлері Кантқа жақын// (Пушкин) [1,225]. //Жаманға беліңді шешіп иланба,/Илантып тұрып өлтірер// (Шәлгез) [3,36]. //Кәрі құс не болады уа дариға,/Қолынан асырайтын жасы кетсе?!// (Шал ақын) [3,115]. //Тұлпарға топтан озған жету қайда,/Бәйгеге қосқанменен байтал сүйреп// (Шал ақын) [3,115]. //Кейінгі қалған кепекке, /Қалай да белін шешті екен?//(Доспамбет) [3,32]. //Күдеріден бау тағып,/Кіреуке киер күн қайда?/Күмбір-күмбір кісінетіп,/Күреңді мінер күн қайда?// (Доспамбет) [3,33]. //Малдыбайдан алғаным маңқа жирен//(Көтеш) [3,109]. //Күлдір-күлдір кісінетіп, /Күреңді мінген жиырма бес. /Күрек тісін қасқайтып, /Сұлуды құшқан жиырма бес// (Бұқар) [3,88]. //Жасымда көрген қорлығым, /Сарысу болды жүрекке// (Ақтамберді) [3,59]. //Түлкідей түнде жортып жүргеніңде, /Алмасын аяғыңнан темір қақпан//(Шал ақын) [3,115].

      Алғашқы төрт мысалдың төртеуінде де мәселе - адам хақында. Бірақ, сол адам тура аталмай оның орнына қадір, қасиеті («жаманға») алмастыру тәсілімен алынып отыр. Немесе, екінші мысалдағы Шал ақынның кәрі құс деп отырғаны қартайған адам, ал тұлпары - ер, байталы - әйел. Доспамбеттің кепек дегені батырмен салыстырғанда бағасы төмен тоғышар жандар. Доспамбет, Көтеш, Бұқар жырларынан алынған үзінділердегі кіреуке - киім, күрең, жирен - сайгүлік, тұлпарлар, ереуіл аттары, сұлу - ару, қыз. Ал, Шал ақынның Темір қақпаны - ажал, Ақтамбердінің - сары суы - қайғы, мұң, кек. Адамдармен құбылыстардың қасиет, сапасын, түр-түсін, осылайша алмастырып суреттеуі жыр жолдарына үстеме мағына дарытып, көрік береді. Сондықтан да ақын, жыраулардың жаман, кәрі құс, тұлпар, байтал, кепек, жирен, күрең, сұлу, темір қақпан, сары су -деп отырғандарын бірден түсінесіз.//Ақылды белден алдырдың, /Көңілді жаман қалдырдың...// (Асан қайғы) [3,23]. //Белуардан саз кешсең,/Тобығыңнан келтірмес,/Қамалаған қалың туған ортасы(Шәлгез) [3, 36]. //Қарап жатқан жыланның, /Құйрығын неге басасың//  (Үмбетей) [3,74].

      Ақын, жыраулар шығармаларындағы алмастырулар кейде осылайша күрделірек дамыған күйде кездеседі. Алғашқы мысалдарда шектес заттар мен себептес құбылыстарды, олардың түрі, түсі, қасиеті, сапасы арқылы ғана ұғатын болсақ, дамыған алмастыруларда ұғым да ұлғая, күрделілене түседі  («Ақылды белден алдырдың», «Белуардан саз кешсең», «қарап жатқан жылан-ның құйрығын неге басасың»). Мұндай ұлғайған алмастырулар ақын, жыраулардың суреттеу, қиялдау қабілеттерінің ұшқырлығын аңғартады. Себебі  мұнда құбылыстар қат-қабат қимылға, әрекетке ие болады. Сол әрекет нәтижесінде құбылыстың өзі алмаса келе айқын ұғымға әкеледі. Ақылды белден алдыру - жаңылысу, ойлаған жерден орта түсу, белуардан саз кешу- адам өмірінде кездесер азапты алмағайып қиыи істер, қарап жатқан жыланның құйрығын басу - дау, пәлені қозғау екенін сөз түсінетін екі қазақтың бірі түсінсе керек. Бірақ, соларды шығарма табиғатына шынайы кіріктіріп, оның идеясы мен мазмұнын ажарлап көркемдік тәсілмен танымды тереңдету шын шеберлік кепілі екені даусыз. Ақын, жыраулар суреттеген құбылыстарға ерекше рең, анық ажар беріп, айтпақ ойларын аша түсуге мейлінше елеулі ықпал еткен көркемдік тәсілдердің бірі - мегзеу (синекдоха) [2,42]. //Мамасы, босат, еркімен өссін талшыбық!/Ауа мен күнге, ай менен нұрға малшынып./Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы,/Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық// (М. Мақатаев). Ақынның талшыбыгы да, кішкентай жүрегі де - өзінің сәби бөбегі; ұғым метономия тәсілімен шартты түрде әдейі өзгертілген. Кішкене жүрек, бір жағынан, мегзеу, яки синекдоха (грекше synekdoche - арақатысын ашу) тәсіліне де көшіп тұр. Мегзеу - алмастырудың бір түрі - бүтіннің орнына бөлшекті немесе керісінше, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше қолдану [1,226]. /Ашалай шалың ақталап,/Шемшірлігін ноқталап,/Шал сақалын жылаттың//(Шәлгез) [3,36]. //Жығылғанды тұрғызсаң,/Жылағанды уатсаң,/ Қисайғанды түзетсең,/Тәңірінің үйі кебені,/Сұлтан ием қарсы алдыңнан жасапты!//(Шәлгез) [3,37]. //Сен бермесең етіңнен мен де бермен,/Зор болсаң, тартып жерсің мысық мұрттан//(Көтеш)[3,109].//Білімдіге бағынсаң,/Халық жүдеп іш азбас// (Ақтамберді) [3,59]. Шәлгезден келтірілген алғашқы үзіндідегі жылаған сақал емес шалдың өзі, ал екінші үзіндідегі жығылғанда, жылаған да, қисайған да адамдар, сондай-ақ Көтеш ақынның мысық мұрты да - адам, тек ғана ақын, жыраулар сол өздері суреттемек адамдардың сезімдері мен әрекетін, қадір-қасиетін айқын да дәл бейнелеу үшін бір ғана сақал мен мұртты, өмірде жәбір көріп, жапа шеккен мыңдаған кембағал жандарды айтудың орнына жекелеген жығылған, жылаған, қисайғандарды мегзейді. Ал, Ақтамберді адамның бір ғана мүшесі ішті мегзеу арқылы білімдіге бағынған елдің бірлік, берекесі нығайып, ортасы олқы түспес «іші азбас» деген ойлы пікір толғайды.

  Сонымен ақын-жыраулар шығармашылығында алмастырулар көптеп кездеседі.

Әдебиеттер тізімі:

1. Қабдолов З. Сөз өнері. -Ал, 1983. - 454 б.

2.Сыдықов Қ. Көркемдік өрнектер. -Ал, 1992. -178 б.

3.Бес ғасыр жырлайды. М.Мағауин, М.Байділдаев. 1 т. -Ал, 1989.-383 б.