Уразгалиева С.Б

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТЕОРИЯСЫ

  Ақын-жазушы өзінің шығармасын оқырманға түсінікті, қонымды, әсерлі жеткізу үшін көркемдік тәсілдерді қолдану арқылы көркем туынды жасайды. Көркем шығарманың жай баяндаудан айырмашылығы осында. Қазақтың ұлы ғалымы Ахмет  Байтұрсынұлы-дарабоз  дарын  иесі,  бір  басында  көсемдік,  қайраткерлік,  ғұламалық,  ағартушылық,  ұстаздық,  ақындық,  жазушылық,  баспагерлік,  журналистік,  сазгерлік,  тілшілік,  аудармашылық,  әдебиетшілік  қасиеттер  тоғысқан ұлы тұлға.  «Қайтсем халқыма  пайдамды тигіземін...»  деген түпкі ойымен толассыз толғанып,  үздіксіз  ізденген Ұлт ұстазы. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиеті теориясының әліп-биі болып табылатын «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуінде  әдебиет теориясына байланысты құнды-құнды пікірлер жазылған. Осы құнды пікірлердің ішінде көркемдік тәсілдерге қазақша балама беріп, анықтамасын жазып, мысалдар арқылы дәлелдеулер жасаған. Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі,  әдістемелік   арналары, басты-басты  терминдері   мен   категориялары түп-түгел   қарастырылған. Осы еңбегінің кіріспесін «Аңдату» деп алып, өнер  туралы жалпылай  мәлімдеп, көркем  сөз   өнерінің   тарауларын жеке-жеке ерекшелеп көрсетіп сөз өнері, шығарма сөздің  ақылға, қиялға, көңілге  беретін  әсерін   анықтап  алып, ұғыну, тану, ойлау, ұқсату, бейнелеу, суреттеу, түю, талғаудың  айырмасын   анықтап, тақырып, жоспар, түр дегендерді  түсіндіріп, мазмұн   алуандығын  әуездеу, әліптеу, пайымдау деп бөліп, бұларды түсіндіру үшін А.Құнанбаев, М.Жұмабаев өлеңдері, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы, «Жәнібек батыр»  аңыз  әңгімесі тағы басқа ақын-жазушылар туындыларынан мысал  келтірген. Ғалым тіл  көрнектілігі бөлімінде «Сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады: Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде, сөзі толық түсінікті болу үшін, дерексіз заттарды деректі затша, пернесіз заттарды пернелі затша қалыптайды. Жансыз затты жанды заттай ғамалдайды. Ақ көңіл, шолақ ақын, арам ой деу, яки күн бүркіп тұр, найзағай ойнайды, су қайтты деу, иә болмаса қазанның құлағы, ошақтың бұты, үйдің төбесі деу дерексіз заттарды деректі затша, жансыз заттарды жанды затша, пернесіз заттарды пернелі затша қалыптау, ғамалдау, пернелеуден шығып, әдетті сөзге айналып кеткен. Мұндай сөздер жалғыз әдетті түрінде емес, әдейі де айтылады. Сол сияқты өң берілген сөздер көрнекі тіл делінеді. Тіл көрнекі болу үшін дерексіз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңлауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі сөз ондай дәрежеге жету үшін түрлі әдістер істеледі. Ол әдістер негізгі түріне қарай үш топқа бөлінеді:1)көріктеу, 2)меңзеу, 3)әсерлеу (лептеу)» деп тұжырымдайды. Бірінші көріктеу әдісінде «Бір нәрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтқымыз келгенде, ол нәрсенің атына айқын көрсеткендей сөз қосып айтамыз... деп, айқындау-көркейту үшін айтылғандығын сөз ете отырып, ақындар шығармаларынан мысал келтірген. Көріктеудің өзін теңеу (әншейін теңеу,әдейі теңеу) деп, ауыстыруды бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, әсірелеу деп бөлген. Екінші әдісті меңзеу, ал үшінші әдісті әсерлеу (лептеу) деп алып, оның өзін іштей арнау(сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау), қайталақтау(еспелеп қайталақтау), шендестіру, дамыту, түйдектеу, бүкпелеу, кекесіндеу деп бөліп әрқайсысын анықтайтын мысалдар келтірген. Осы берілген көріктеу тәсілдері кейінгі ғалымдар зерттеулерінде, жазушылар еңбектерінде кеңінен қолданылып келеді. Әр тәсілді А.Байтұрсынұлы қарапайым түсінікті тілмен  түсіндірген. Солардың ішінен түйдектеу және бүкпелеу деп алған тәсілдеріне тоқталайық: «Түйдектеу.  Аз сөзге көп  ой сыйғыза сөйлеу түйдектеу деп аталады. Түйдектеп сөйлегенде, сөздің әсері күштірек болады. Себебі сейлем ішінде сөз аз болса, әр сөзге көбірек назар түсіп, ілтипат көбірек  айтылады.  Көп  нәрсеге адам назар салғанда, ілтипаты ыдырап, сирей түседі. Мәселен, топ адамды көргенде, назар топ адамға түсіп, бас-басына аз түседі.  Сондықтан әрқайсысының түрін-түсін, киген киімін, мінген атын байқамай қаласың. Аз адамды көргенде, назар әрқайсысына көбірек түсіп, түр-түсін де, киген киім, мінген аттарын да байқап қаласың. Сөйлем ішіндегі сөзде сол сияқты түйдектеп сөйлеудің мысалы мынау: 1.«Бақ ерікте; ерік ерлік пен бірлікте; ерік ұранымыз болсын, ерлік-бірлік құранымыз болсын».  2.//Адамына- ок,!/Қаласына- от!/ Мұнан басқа  бітім жоқ.// 3. «Соғыс. Бұ не әурешілік? Қырылған жан, төгілген қан - шулаған ел, шұбырған босқын, жылаған қатын-бала» деп үлкен ойды бір ауыз сөзбен қайырып толық түсінік беруге болатындығын көрсетеді. «Бүкпелеу. Сөзді ашып айтпай, ұшығын ғана көрсетіп айту -бүкпелеу деп аталады. Мысалдары: 1. //Отыр ем бала ғой деп жүзің жарқын,/Сөз - кілт, кеуде - сандық, ақыл - алтын./Ақылың көп болғанменен, шашың ұзын,/Жібердің келістірмей сөздің артын.//(Жарылғасын ақын)2.//Ақсұлу, айтар сөзді аңдамадың,/ Аузыңа келген сөзді сандаладың./ Әкесін шешесімен нандырады,/ Қыз бала елдің жайын қайдан білсін,/Білмесе кыз бен жайын бозбаланың»//,-деп айтар ойдың бүкпелеп астарлап жеткізілгенін айтады. Берілген екі тәсілдің анықтамасы және анықтаманы дәлелдейтін мысалдардың өзінен ғалымның тілдің құдыреттілігін танытуда, көріктеу тәсілдерінің көркем шығармадағы рөлінің орнын көрсетуде шеберлігі байқалады. Сонымен, баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын  сөз дұрыстығы,  тіл тазалығы,  тіл анықтығы,  дәлдігі, көрнектілігіне қатысты ұғымдарды  тұңғыш  рет термин  дәрежесіне көтерген, дәл анықтап берген А.Байтұрсынұлы. Жоғарыда «Әдебиет танытқыш» еңбегінің бір бөлімінен қысқаша мәлімет берілді. Осының өзінен ғалым-теоретик А. Байтұрсынұлының қазақ әдебиеті теориясында сіңірген еңбегінің ұшан-теңіз екенін білеміз. Ғалымның бұл зерттеу пікірлері кейінгі зерттеушілер еңбектеріне негіз болып келуде.

Әдебиеттер тізімі:

1.Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш.-Алматы,1991ж.

2.Қабдолов З. Сөз өнері. -Алматы, 1983ж.