Филологические науки/2. Родной язык и литература

Ф.ғ.к., доцент Мәуленова Б.М.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Сатиралық шығармалардағы грамматикалық ерекшеліктер

 

Көркем мәтіндегі сөз  ешқашанда өзін қоршаған тілдік ортадан тыс тұра алмайды, ол қайтсе де бір-бірімен өзара байланысты сезімдер мен ойларды жеткізу құралы болып есептеледі, сондықтанда сөз өзінің бейтараптығын жоғалтып, қосымша реңкке ие болуы мүмкін немесе көп мағыналы сөздің бірнеше мағынасы қоса актуалдануы мүмкін.

Көркем шығарма тілін талдап, оның эстетикалық  әсер-қуатын таныту қазіргі кездегі аса маңызды міндеттердің бірі, себебі тіл қазынасынан қаламгердің айтар ойына қажетті сөздерді таңдап, іріктеп қолдануы арқылы әдеби шығарманың семантикасы мен прагматикасы  түзіледі.

Көркем шығарманың мазмұндық-деректі ақпаратын құрайтын лексика-грамматикалық құралдар арасында қолданысы ерекше назар аудартатын сөз табының бірі – етістік. Етістік тек процессуалды ұғым атауы ғана емес, қимылдың, іс-әрекеттің сынын да бейнелей алады. Сондықтан етістік көркем әдебиеттің қай жанрында болсын, атқаратын стильдік қызметі жөнінен айрықша қарастыруды қажет етеді. Етістіктің стильдік қызметі стилистика оқулықтарынан бастап, түрлі деңгейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарында арнайы сөз болып жүргені белгілі. Қазақ лингвостилистикасында «Көркем проза тіліндегіетістіктің стилистикасы» деген тақырыпта  қорғалған диссертацияда бар [1].

Көркем мәтіндегі авторлық баяндауда, суреттеуде, ойталқыда етістіктің жақ, шақ, болымдылық, болымсыздық формаларын, рай категориясын, көсемше мен есімше формаларын кеңінен қолдану арқылы қаламгер етістіктің прагматикалық қызметіне ерекше екпін түсіріп, ойын мейлінше әсерлі, мейлінше анық, мейлінше дәлелді жеткізеді және шығарма семантикасын, модальділігін түзуге пайдаланады.

Мұндай мысалдарды «Молдалар «соғысы»» әңгімесінен де келтіруге болады:

      1) молдалар «астапыралланы» күңірене айтысып, бірі қақырынып, бірі түкірініп, ауыздарын сүртісіп, көздері ұясынан шығып кетті.

      2) ілінісіп, шалысып, шариғатталастырып, қайтадан бітір-зекет, намаз, жаназа мәселесін сөз еткенде, имам жағы жеңіле берді.

Келтірілген сөйлемдердегі көсемше тұлғалы экспрессоидтардың жағымсыз бояуы айқын, тіпті мағыналас сөздердің реңктері ұлғайтыла, топтастырыл ақолданылғаны байқалады. Бұл көсемшелерді қолданудың өзі автор позициясын  анық көрсетеді, яғни өзісуреттеп отырған жағдаятты мысқылдап отырғаны көрінеді. Ал төмендегі сөйлемде –ғана тұлғалы есімшені пайдалану арқылы қаламгер шындыққа жанаспайтын іс-әрекетті суреттей отырып, кейіпкерінің даңғой, мақтаншақ екенінен хабар беріп, оқырманның мысқылынан егіз болады.

Сондай-ақ, әңгімеден алынған төмендегі мысалдағы лексикалық қайталамаларда назар аударарлық:

Демалып келіп қайта «соғысып», ұйықтап тұрып қайта «соғысып», намаз оқып қайта «соғысып», жарықтық молдалар бұл «соғысты» үш күнге созды, ақырында жұма намаз үстіндегі «соғысқа» лейтенант Жұмашев бастаған  милиция «елшілері» келіп, майданбасшылары «жауынгер» молдалар мен уақытша «бітім шартын» жасасты. Осы  мысалдағы  соғысып етістігі мен соғыс зат есімі бірнеше қайталанып, естір құлаққа, көрер көзге ерсі іс-әрекетті ұлғайта суреттеу үшін қолданылған. Айта кетерлік бір жайт, автор өзі баяндап отырған оқиғаны сынап, сықақтап отырғанын эмоционалды-экспрессивті бояуы айқын соғысып етістігі мен соғыс зат есімін бірнеше рет қайталау, тырнақшаға алу арқылы көрсетеді, яғни лексикалық қайталама мен оны сызбалық (графикалық) тұрғыда ерекшелеу қаламгер позициясын танытады. Мұндағы қоғамдық-саяси, әскери лексикаға жататын сөздер күнделікті күйкі тіршілікті суреттеген жалпыхалықтық қолданыстағы лексика мен стильдік контраста тұрып, оқырманның да мысқылын тудырады.

Бір ғана контексте осы шақ пен өткен шақты қатар қолдану оқырманға ерекше әсер етеді, өйткені бұл оқиғаның нақтылығын, шынайылығын айрықша нанымды, айрықш асенімді елестетеді: Сыбан молда Жамбыл мешітінен «шоқынған татардың» шатағын шешіп қайтты. Жаман қара марқұмның жаназасын қайта шығару керек. Ол үшін бір ескі киім, бір кір көйлек, кір дамбал, бет орамал қайта жуылады. Содан соң марқұмның қасқыр ішігіне бес метр ақ жібек, он метр ши барқыт, жаңа кебіс мәсі, бір құрым етік оралады.Бұл заттарды үлкен кілем үстіне салады; Қазір жарықтық молда екемдердің бірі жағын таңып, бірі көзін байлап, бірі белін ұстап, бірі ішін басып, үш күнге созылған ұрыстан соң демалысқа шықты. Бірақ қырғи-қабақ «соғыс өрті» тұтанып, жарықтық молдалар арабша, қазақша, орысша, латынша, әркім өз білгенінше иректеп, тұс-тұсқа арыздар жолдап жатыр. Бір жақсысы, молдалар «соғысында» Адам шығыны болмай, жаназа шығарылмай аман қалды, әйтеуір. Жұрт мұндай масқара оқиға қалада болып көрген емес, оны «қасиетті» молда екеңдер ғана істеп отыр деп күледі.

С.Адамбеков шығармаларында етістік семантикасының аталған ерекшеліктеріне қоса жақ транспозициясы құбылысында кездестіруге болады.«Транспозиция–біртілдік форманы басқа форманың қызметінде–оның қарсы мүшесін парадигматикалы қатарда қолдану. Кең мағынадағы транспозиция–кез келген тілдік форманы көшіру, мысалы, уақыт (осы шақты өткен немесе келер шақта қолдану), рай (императивті индикатив немесе шартты рай мағынасында пайдалану), коммуникативті түрдегі сөйлемдердің (сұраулы сөйлемдерді жай сөйлем етіп пайдалану) транспозициясы. Тіларалық транспозицияның тілдік бірліктер қызметінің әмбебап ерекшілігі ретіндегі жалпы белгілері бар. Олар транспозициялық процестердің барлық түрлерінде–сөз таптарының транспозициясында, грамматикалы тұлғалар транспозициясында, морфологиялық формалар транспозициясында көрініс табады» [2, 156-б.].

О.Иманәлиев Балпан, Жотан, Ақтылы, Сыпсыңкүл сияқты кейіпкерлердің бейнесін аша түсетін түрлі авторлық ремаркаларында эмоционалды-экспрессивті етістіктерді ұтымды пайдаланып, өмірде жиі кездесетін типтік бейнелердіжарқыратып көрсетеді:

       ... Балпан ойының аңғарын танытты.

       ... Ақтылы атырылып кетті.

       ... Сыпсыңкүл ернін бір сылп еткізіп қойды.

       ... Сыпсыңкүл құлағындағы сырғасын алып, құлағына қайта салды.

       ... Ақтылы бұдан бұрын естігенін ақтара салды.

       ... Балпан килікті.

       ... Шәтен елең ете қалып.

       ... Ақтылы Жотанның бетін тырнап ала жаздады.

       ... Балпан оған бажырая қарады.

       ... Жотан  Балпанға қарап жұдырығын түйді.

Келтірілген мысалдардың қай-қайсысында болмасын, оқырман сезіміне бірден әсер ететін бейнелі де әсерлі етістіктер жалпы жағдаяттық контекске сайтаңдап алынған. Етістіктер семантикасындағы күмән, асығыстық, жақтырмаушылық, сөзге жақындықты білдіретін семалардың бәрі бір-біріне үстемеленіп, аса жағымсыз мысқыл тудырады.

Етістіктерді осылай жағдаят контексіне орай топтап қолдану О.Иманәлиевтің басқа да әңгімелерінде жиі кездесіп, дыбыстық ұқсастық, ұйқасқа құрылған етістіктер тобы әңгіменің комикалық әсерін күшейте түседі. Мысалы:

      -Ойбай, – ау, әнеу күні қона жатып сызып, қызып кеткені қайда?.

... әне-міне дегенше он томардың тозаңын шығарды.

      Бірақ Күләйлә қоразбен бірге ұшып, бірге қонды.

      ... Басымды төмен салбыратып, үлкен креслоға кеп отыра кеттім де, айта бердім, айта бердім... Үнім қалтырап шығады. Кәдімгідей буыным босап, ақыры жылап тындым.

     Гүлхан дейтін қызға көз салдым, онан кейін сөз салдым.

     Ендеше түйе бергенді  бие бергеннің орнына қоймай, мені жын қағып па?

     -Әйел деп біздің Шекерді айт, шіркін, шекесінен шертсең де, шөкімдей ашу шақырса, шөңге кіріп өлейін! –деген Тортай.

     Авторлық баяндаудағы жақтырмауды динамикалық етістіктер, адам сөзін перифразбен беру күшейтіп тұр: «Ел салғыласып көп айтысты. Дауысқа салып қол көтеріскенде, он бес саусақ үш білек «қабылдансын» деген жағына артық шыға келіп, Өткелбаев сол түнде-ақ «Көктерек» колхозының председателі бола қалды.

      Қаламгердің баяндауында бейнелі етістіктердің қызметі ерекше. Әсіресе статистикалық күйді бейнелеуде есімше эпитеттер аса әсерлі: «Таң атқанша даурығып, Омаровты әңгіме еткен Әукеевтің жанашырлары бірі папиросын тістеген, бірі шөлмегін құшақтаған күйі, бірі отырған орнында қисайған бойы қирап қалған кезінде, пысылдап, қорылдың арасынан сытылып шығып, Әукеев Алматыға тартып отырды да, үш күннен соң оралып, Омаровты кабинетіне шақырып алды».

      Сонымен көркем шығармадағы етістік семантикасының көпқырлылығы, эмоционалдық-бағалауыштық қызметі дау тудырмайды, ол көбіне ерсі іс-әрекетті ұлғайта, асыра көрсету үшін қолданылады.

      Сатиралық шығармалардың ерекшеліктері  синтаксис  саласын да қамтиды. Осы құбылыстың  біріинверсия (сөйлем  мүшелерінің  орны ауысуы).

      Сатириктер инверсияны сатира жасаудың құралы ретінде шығарма атауындаМен кеттім су түбіне»)  және микромәтінде де орынды қолдана білген.

      «Сөйлем  мүшелерінің түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне тән классикалық тәртібі: бастауыштың баяндауыштан бұрын тұруы, тұрлаусыз  мүшелердің өздері қатысты сөздерден (мүшелерден) бұрын орналасуы, құрмалас сөйлемдегі бағыныңқы компонентінің  басыңқыдан  бұрын келуі - өлең синтаксисінде  жиі және оңай бұзылып, инверсия жасайды...» [3, 14-б.]. 

      1978 жылы жарық көрген С.Әлжіковтің «Мен кеттім су түбіне» сатиралық повесінде         Мұны қалт айтпайтын халық айтады  деген сөйлемде эпитет боп тұрған тіркес негізгі жалпы халықтық үлгіде предикат ретінде белгілі. Бұл жердегі инверсия халық сөзінің семантикасын одан әрі ұлғайту, әсерлеу мақсатын көздеген.

      С.Әлжіковтің осы повесінде дерексіз зат есімдерді жұптап, бірыңғай мүше етіп беру арқылы эмоционалдылық туғызылған. Әдетте дерексіз зат есімдердің өзі де эмоционалдылық-экспрессивтілік туғызатыны зерттеу әдебиеттерінен белгілі. Мына бір  сөзқолданысқа назар аударып көрелік:

      а) «күншілдік пен бақастық, дәрежеқұмарлық пен озбырлық дарынсыз жанның кеселі». Осы микроконтекстегі дерексіз зат есімдердің барлығының да жағымсыз коннотациясы ашық, оны ерекше ұлғайтып тұрғаноларды жұптап қолдану және оларды жалпылап тұрған кеселі сөзі.

      б) кәнігі шебер ұстаның қолымен қалаған  кірпішіндей жазғандарынан жік білінбейді, түйдек түйінді ой, берекелі болжам, ғылыми жаңалық қат-қабат түсіп жатыр. Екінші сөйлемдегі дерексіз зат есімдері айқындап  тұрған элементтердің жағымды мәнін контекст жоққа шығарып тұр.

      в) біз жай қолпаш, жалған қошаметті жақсы көретін жанбыз ғой ...

      Екінші,үшінші сөйлемдердегі бірыңғай мүшелердің алдындағы сыңарлары -   эпитет.

      Бірыңғай бастауыштарға жүктелген мұндай көркемдік мақсат жөнінде М.Қ.Шаяхметова: «Жазушылар бірыңғай бастауыштарды жалаң ғана қолдана салмай, олардың  әрқайсысының  мағынасына сәйкестеп,  олардың  мәніне  лайықтап, олардың  әрқайсысының  алдынан  анықтауыштар, яғни  эпитеттер қолданып отырады. Мұндағы мақсат  бірыңғай бастауыштарды неғұрлым көркем, тартымды етіп беру және сонымен бірге, оқырман сезіміне дәл, нақты әсер ету » - дейді [4, 23-б.] .

      Соңғы сөйлемнің көп нүктемен аяқталуында да мән бар: бірыңғай қолданылған синонимдес зат есімдер эпитеттерінің жағымсыз бояуы мысқыл тудырады.

       «Синонимдер көркем шығарма тілінде орынсыз  қайталаулар мен мезі  шұбалаңқылықтардан аулақ болу үшін  ғана емес, ол,  біріншіден, және ең бастысы, стильдік қызмет атқарады, мағыналық жүк көтереді. Шығарма тіліндегі  экспрессивтік пен баяндау дәлдігі синонимдер арқылы жүзеге асады. Өмірлік көріністерді толыққанды етіп суреттеу, кейіпкерлерінің ой-сезімдерін жеріне жеткізе дәл беру синонимдердің  нәзік мағыналық айырмашылықтарын тап басып, сөз теңізінен керектісін ғана таңдап ала білетін жазушының  қолынан келеді» [5, 82-б.].

      Автор кейіпкерлеріне баға беруде  мысқыл тудыру үшін  синонимдерді  орынды қолдана білген.

      Ал мына сөйлемдегі көсемше тұлғалы бірыңғай пысықтауыштар да баяндаудың эмоционалдылығын арттырып, экспрессиясына қызмет етеді: «Сол молжақтықтың кесірі ме, әлде тұрмыс биледі ме, әйтеуір есейе келе ауыл шаруашылығы техникумынан ары асып, оқи алмағанымды, оны да шала шабылып, итшілеп жүріп сырттай әзер бітіргенімді сона бір жолы кезекті демалысқа келгеніңде қойымды сойып, қолымды қусырып отырып, өзіңе айтқаным есіңде болар».

      Қорыта айтқанда, экспрессивтілігі, бағалауыштық мәні айқын күрделі, динамикалық, дыбыстық ұқсастық, ұйқасқа құрылған етістіктер, эмоционалдылық-экспрессивтілік туғызатын дерексіз зат есімдер сатиралық мағына  және  кейіпкерлерінің ой-сезімдерін жеріне жеткізе дәл береді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Әзімжанова Г. Көркем проза тіліндегі етістіктің стилистикасы. Филол.ғыл.канд.авторефераты.–Алматы.-1998.

2.Колшанский Г.В. Контекстная  семантика.–Москва.-1980.

3.Тіл білімі сөздігі.–Алматы.-1998.

4.Шаяхметова М.Қ. Бірыңғай мүшелердің стильдік қызметі.–Алматы.-1985.

5.Шалабай Б. Көркем проза тілі.–Алматы.-1994.