Дипломатиялық терминдердің лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалуы

Термин жасауда әдеби тiлiмiздегі, ауызекi сөйлеу тiлiндегі сөздер үлкен рөл атқарады. Сөз жаңа сипат ала отырып, мағынасы кеңейедi, тарылады, терминдiк мәнге ие болады, жаңа қолданысқа түседi. Мысалы, “бейтараптық” (neutrality) сөзi – көпмағыналыққа ие болып, дипломатия саласында да, басқа ғылым салаларында да термин түрiнде тұрақтанған ұғым. Ал әдеби тiлде бейтараптық – “селқостық, енжарлық, қалыс болушылық, ешкiмге қосылмаушылық”, ал дипломатия саласында “мемлекеттiң айрықша халықаралық-құқылық мәртебесi” деген мағыналарда жұмсалады. Мысалы, Түркіменстанның бейтараптық мәртебесі оның ешбір әскери-саяси блокқа қатысуын болғызбайды, сөз шетел әскерлерін орналастыру туралы емес, тек қана ақпараттық және гуманитарлық ынтымақтастық туралы болуы мүмкін (Дипломатия жаршысы). Ал мен бейқамдық, бейтараптықты пасықтық деп бағалаймын (С. Еркебаев), яғни “бейтараптық” көп мағыналық сипат алып, қоғамның түрлi салаларында әртүрлi ұғымдарды беретiн терминге айналып отыр [47, 2 т., 230 б.]. Бұл сөздің семантикалық құрылымы төмендегідей:

АС – тән қасиет;

ДС – қалыс болушылық, ешкiмге қосылмаушылық. 

Қазiргi кезде жиi қолданылып жүрген “жеңілдіктер” (privilege) сөзiнен де семантикалық құбылысты байқау қиын емес. Оның бұрынғы мағынасы - “салмағы аздық және оңайлық”. Қазiргi терминдiк кеңейген мағынасы:  бір нәрседен жартылай босатушылық, льгота” [47, 4 т., 87 б.]. Мысалы, Кейін жоғарыда көрсетілген жеңілдіктерге қоса қазақ диаспорасы мемлекет қамқорлығына алынды (М.М. Атанов).

АС – жеңілдік (льгота);

ДС1 – ерекше құқықтылық.

Басшылық, үстемдік, қожалық мағынасындағы “билік” (authority) терминінің семалары:

АС – басқару;

ДС1 – билік құру;

ДС2 – үкім шығару.

“Билік” терминімен жасалған терминдік тіркестер: билік айту, билік беру (to give authority), билік жүргізу (to have authority), дипломатиялық өкілеттік (diplomatic authority), консулдық өкілеттік  (consular authority), сот билігі (judicial authorities)  т.б. Мысалы, Қуатты атқарушы биліктің тік сатысына сүйенбейінше, мұны іске асыру мүмкін емес. Біз жаңа Конституция қабылдадық, онда билік құрудың жаңа қағидаттарын бекітіп, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға алдық (Н.Ә. Назарбаев).

“Буын, сала, тарау” мағынасында қолданылып келген “жүйе” (system) сөзiнiң де бүгiнде мағынасы кеңейіп, терминдiк мәнге ие болған. Терминдiк кеңейген мағынасы: “жөн, рет, тәртіп” [47, 4 т., 254 б.].

Бұл сөздің семантикалық құрылымы төмендегіше:

АС – бағдарлама (программа), жоба;

ДС1 – реттеу, тәртіпке салу.

“Жүйе” сөзiнiң терминденуi нәтижесiнде, мысалы, тоталитарлық жүйе сарқыншақтары, визалық жүйе енгізу, ұжымдық қауіпсіздіктің ортаазиялық жүйесі, әлемдік сауда жүйесі т.б. терминдік тiркестер қолданыла бастады. Мысалы, Қазіргі кездегі мемлекеттік шекараға бақылау орнату мен аймақ елдеріне визалық жүйе енгізу мәселелері де ерекше назар аударуды талап етеді (Дипломатия жаршысы).

Дипломатия саласында қолданысқа түсiп жүрген “құжат” (official document) атауының терминдік мағынасы: “белгілі бір жайды я фактіні сипаттап куәландыратын іс қағазы; документ” [47, 7 т., 436 б.]. Құжат сөзінің семантикалық құрылымы:

АС –  маңызды қағаз;

ДС1 – куәландыру;

ДС2 – факт (дерек).

“Құжат” сөзi тiлiмiздiң сөздiк қорынан мықтап орын алып, көптеген сөздердiң, сөз тiркестерiнiң пайда болуына негiз болды.

“Құжат” терминімен жасалған тіркестер: қорытынды құжат, мұрағат құжаттары, құжат тігілетін папка, құжат тексеру, құжат көрсету, ақтау құжаты т.б. Мысалы, Бұл біздің тұжырымдамалық, стратегиялық және тактикалық сипаты бар басымдықтарымыз, оларға жетудің жолдары мен әдістері айқын бейнеленген құжат (Н.Ә. Назарбаев).

Белгілі бір жүктелген істі орындауда правосы болу мағынасында қолданылып келген “өкілеттік” (authority) сөзiнiң де мағынасы кеңейіп, дипломатиялық термин ретiнде орнықты. “Өкілеттік” сөзiнiң семантикалық құрылымы:

АС – құқық;

ДС – құқықтылығын пайдалану.

Осы термин арқылы жасалынған терминдiк тiркеске, өкілеттікті пайдалану, өкілеттікке ие болу т.б. жатады. Мысалы, Президент өкілеттігін пайдаланып, мен конституциялар аралық кезеңде 1995 жылы Заң күші бар жүз қырықтан астам жарлықтар шығардым, соның нәтижесінде бүгінгі күні өзіміз мақтан тұтатын реформаларымызды жеделдетуге мүмкіндік берген батыл әрі тоқтамды өзгерістерді жүзеге асыруға жағдай жасалды           (Н.Ә. Назарбаев).

Жоғарыда мысалға келтірілген сөздердiң бастапқы және терминдiк мағыналары ұқсас болғандықтан, оларда қызмет бiрдейлiгі де байқалады,  терминдік мағыналары бастапқы мағына негiзiнде өрбіген.

Термин құрылысындағы компоненттер маңыздылығы жағынан біркелкі емес. Сема иерархиясында түр семасы (родовая сема) – доминант (басым), ары қарай қатаң тәртіппен айырылатын семалар орналасады. Мысалы, халықаралық қатынаста мемлекеттер арасындағы келісімді тұжырымдайтын құжаттар әртүрлі терминдермен беріледі.

“Аgreement” (келісім) дипломатиялық термині құрылымынан семалардың мынадай иерархиялық орналасу тәртібін көруге болады: “Аgreement” – “Treaty”, “Convention”, “Protocol”, “Act”, “Declaration”, “Statute”, “Regulations”, “Provisions”, “Pact”, “Covenant”, “Compromis”, “Accord”, “Arrangements”, “Modus Vivendi”, “Exchange of Notes” and “ “Concordat”. Бұл құжаттардың бірінің ресмилігі өте жоғары, ал енді бірінікі төмен болып келеді.

Жалпы интегралды белгілер негізінде бір топқа біріктірілген терминдер құрылымында түрлік  семалар болады. Алайда топқа кірген әр терминнің мағына құрылымындағы түр семасы белгілі бір орынды иеленеді.

Дифференциалды сема терминнің лексикалық мағынасы мен семантикалық топқа арақатысын анықтайды. Топ құрылымы топқа кірген терминдердің семантикалық компоненттерінің иерархиясына тәуелді болып келеді.

Компонентті талдау терминнің семантикалық құрылымындағы бірлікті анықтауда негізгі әдіс екендігі белгілі. Алайда терминдерді жан-жақты зерттеу үшін топтастыру интегральды семантикалық негізде де, функциональды белгілер негізінде де жүзеге аса береді.

Семасиологиялық негізде дамыған көпмағыналы “authority” (билік) сөзінің [80, 69 б.] кең ауқымды мағыналары терминдік жүйе шеңберінде терминнің семантикалық даму мүмкіндігінің зор екендігін көрсетеді. Бұл терминнің сөздіктердегі лексика-семантикалық варианттары оның терминологиялық (семантикалық) топтардағы терминдермен ғана емес, басқа терминологиялық өрістердегі терминдермен де синонимдік қатынаста болатындығын нақтылай түседі.

“Аuthority”  (билік) терминінің лексика-семантикалық варианттары мен синонимдері:

 

1) administration prestige

2) authoritative source

3) board

4) delegate one”s powers

5) have authority with sb

 

6) military authorities

 

7) plenary powers

8) power 

1)administration  prestige

2) authoritative origin

3) board

4) hand over powers

5) have prestige among sb.

 

6) military authorities

 

7) plenary power 

8) power                                                        

1) әкімшілік авторитет

2) авторитет көзі   

3) басқару

4) өкілеттігін тапсыру

5) топ арасында беделге

    ие

6) әскери өкімет

 

7) өкілеттік

8) өкімет                                      

    

Топтың әр элементі өз кезегінде интегралды белгі ұстанымы бойынша жеке лексикалық және семантикалық қатар құруға негіз бола алады. Лексикалық және семантикалық топ элементтері басқа лексика-семантикалық топтармен, терминологиялық өрістермен осылайша көптеген байланыстарға түсе алады. Полисемантикалық термин тобының толығырақ болуы оның басқа топ элементтерімен байланысқа түсуіне зор мүмкіндік туғызады. Семантикалық белгінің жалпылығы осы жүйе шеңберіндегі байланыстардың көптігін аңғартады.