Филологические науки/7. Язык, речь,  

речевая коммуникация

Магистрант Акшолакова Р. К.

Казахский национальный университет им. Ал-Фараби

Бизнес-лингвистика

Жаһандық маңызды өзгерістер мен тіл біліміндегі жаңалықтар бизнес-коммуникация ұғымына жаңа көзқараспен қарауды талап етеді және бизнес-дискурсты зерттеу үшін әдіснама бірлігі мен пәндерді тоғыстырған жаңа кешенді ыңғайды талап етеді. Осындай ыңғай ретінде Ю. В. Данюшина тілдің қызметі және бизнес-мәнмәтіндерінде тілдік ресурстарды қолдануды, яғни бизнес-дискурсты зерттейтін интегративті лингвистика және пәнаралық  субдисциплина деп анықтаған бизнес-лингвистика ұсынылады.

Дегенмен, бизнес-лингвистика өзіндік пәні мен нысаны анық, жеке пән деп айтуға да болмайды. Өйткені, ол пәнаралық тоғысудан пайда болғандықтан, өз негіздерінен айтарлықтай алыстай қоймады. Ол түсінікті. Себебі адамның кең тынысты тұрмысына бизнестің етене араласқанына көп болмады, ал бизнес-лингвистиканың пайда болғандығы енді ғана. Қазіргі кезде, қазақ тілінде бизнес мәтіндері кемде-кем, яғни қазақ тілі тарапынан бизнес-лингвистиканы зерттеуге негіз жоқ деп те есептейтін ғалымдар бар. Бірақ, қазіргі экономика мен менеджменттің, шағын және орта бизнестің дамуының қарқынына қарап, керісінше, бизнес мәтіндерін ресми іскери стильдің кең алуан мәтіндерінен ажыратып алу керек. Бұл біріншіден, тілдегі өзгерістер мен олардың себептерін зерделеген ғалымдар үшін керек болса, екіншіден, бизнеспен айналысатын кез келген адамға нұсқаулық болмақ. Бизнес-лингвистика аясында бизнесте көп қолданылатын тілдік бірліктер мен тіркесімдерді, әдістер мен тәсілдерді зерттеу бүгінгі күн тұрғысынан келгенде тіл біліміндегі маңызды әрі қызықты зерттеу болатыны анық.

Бизнес-лингвистика қазақ тіл білімінде мүлде қарастырылмағанымен, орыс тіл білімінде бизнес-дискурсты когнитивтік тұрғыдан З.И. Гурьева, ағылшын тіліндегі іскери қарым-қатынас негізінде Е. Н. Малюга, Т. Б. Назарова, ағылшын және орыс тілдеріндегі web-беттерді салыстыру арқылы А.А. Атабекова және бизнес-дискурсты көпдеңгейлі талдап, интернеттегі іскери қарым-қатынас негізінде Ю.В. Данюшина, К.В. Томашевская, И.А. Преснухина, И.Н. Пучкова, Т.В. Толстова т.б. зерттеп жүр.

Бизнес-дискурсқа қатысты ғылыми еңбектердің көбі ағылшын тілінің негізінде немесе ағылшын тілімен салыстыру негізінде жазылған. Мәселен, орыс тілі мен ағылшын тілін салыстыру. Бұл заңды үдеріс. Өйткені ағылшын тілі халықаралық тіл бола тұрып, бірден-бір «лингвафранкаға» айналып отыр. Орыс тіл білімінде бизнес мәтіндерін зерделеуге арналған аталған және басқа ғалымдардың қызықты еңбектері бар. Әр ғалым бизнес мәтіндерін әр аспектіден зерттеуге тырысқан. Осы ғалымдар еңбектеріне сүйене келе, әрі бизнес-лингвистикасының зерттеу аясын зерделеп, бизнес-лингвистикасының аясында мына мәселелер қарастырылады деп айтуға болады:

бизнес-дискурс;

ұйымдастырушылық-ұжымдық, аналитикалық және басқару коммуникациясы;

ауызша, жазбаша және техникалық жанамаланған іскери қатынас (вербалды, паравербалды, бейвербалды), оның типологиясы және жанрлық классификациясы;

бизнес салаларының (банк ісі, биржа, бухгалтерлік, әкімшілік, өндірістік қызметтер және тағы басқа) кәсіби «тілі»;

бизнестің, экономика және менеджменттің, бизнес-медиа және PR-дың, жарнама және маркетингтің (нейролингвистикалық бағдарлаудың сату әдістемесінің арнайы тілдік техникасын және психовербалдық манипуляцияны қоса алғанда);

оқу құралдарында, академиялық және ғылыми-танымал жаряиланымдарда, іскерлік тақырыптардағы дәрістер мен тренингтерде, тілдік консалтинг және коучингте қолданылатын бизнестің, экономиканың, менеджменттің оқу-академиялық тілі;

бизнес-медиа (бизнес мәселесіндегі баспа және электронды БАҚ) тілі;

бизнес-мәнмәтініндегі (презентацияларды, кеңестер, келіссөздерді өткізудің дәлелдік-пресупозициялық және суггестивтік техникасы, коммуникативтік стратегиялар және мотивацияда, қызметкерлерді таңдау мен бағалауда және өзге де басқару міндеттерін орындау барысында тілдік ресурстарды қолдану) лингвопрагматика,

бизнес риторика,

бизнес-лексикография (іскери терминологияның лексикографикалануы, іскери қатынас лексикасының тезаурустарын құрастыру),

құжат жүргізу (құжаттық лингвистика),

мәдениетаралық бизнес-коммуникация (соның ішінде шет тілдерінде).

Бизнес-лингвистика жаңа пәнаралық бағыт ретінде әлеуметтік лингвистикадан, психолингвистикадан, мәтін лингвистикасынан және функционалды стилистикадан, лингвопрагматикадан, дискурсологиядан, когнитивистикадан, коммунологиядан (коммуникация теориясынан), ұйымдастыру теориясынан, ұйымдастыру психологиясынан, менеджмент теориясынан т.б. бастау алады.

Осыған қоса, бизнес-лингвистика басқа да шектес салалармен тоғысады: медиалингвистикамен (бизнес-медиа тілін зерттеуде), юрислингвистика (ұжымдық, келісімшарттық және мүліктік құқық аясында), саяси лингвистикамен ( әлеуметтік экономикалық қатынаста).

Бизнес-лингвистиканың пәні бизнес саласындағы тілдің қызметін зерттеу және іскери қатынастың лингвистикалық құрамы.

Бизнестегі тілдің қызметін зерттеу, Ю. В. Данюшинаның айтуы бойынша, дискурсивті ыңғайда болуы керек.

Бизнес-лингвистиканың зерттеу обьектісі бизнес тақырып бойынша тоғысқан мәтіндердің ашық жиынтығы және іскери қатынастың вербалдануы деп анықтаған бизнес-дискурс болып табылады.

Осылайша, бизнес-лингвистика ауқымды мәтіндер тобын қамтиды. Олар – кең форматты мәтіндер. Мәселен, басшы мен бағынушылардың қатынасы, ұйымдастырушылық ахуал, ұжымдық мәдениет, билік пен қақтығыс, ұйымдасқан бұқаралық коммуникация; ұйымдастыру дискурсы, коммуникативті тиімділік, топтар мен ұжымдар, желілер, дауыс пен үнсіздік, жетекшілік, менеджерлік метафоралар, мәдениетаралық коммуникация, консенсус және келіспеу, коммуникациялық тосқауыл (барьер), нарратив, келіссөздер, баяндамалар, бейвербалды коммуникация, әсер ету мен сендіру, ұжым жинақтау, презентациялар өткізу, идеяларды сату, теле-коммуникация, web-байланыс, дәстүрлі жазу дағдылары, көмек пен жауап, үміткерлерді таңдау, қызметшілерді бағалау және т.б.

 

Пайдаланылған әдебиет:

1.    Данюшина Ю. В. Бизнес-дискурс/ монография, М.: ГУУ, 2009