Қабул О. Қ.

аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Діни сауаттылық жастардың дүниетанымын кеңейтеді. Дін – әлеуметтік институт ретінде адамзат қоғамымен бірге жасасып жатқан рухани құбылыс.

Батыс мәдениетінде «Дін» ұғым түсінігінің мәні екі мағынада түсіндіріледі. Оның бірінші мағынасы латын тіліндегі «religare» деген ұғым-түсінік. Бұл ұғым-түсінікпен жер мен көк/аспан/арасында рухани байланыс бар екендігі түсіндіріледі. Ал, екінші, осы латын тіліндегі «religio» ұғым-түсінігі – қасиетті, табыну заты, құдайға құлшылық ету мағынасында танылып, қолданылады. Екінші ұғым-түсінік біріншісіне қарағанда діннің мәнін нақтылы бейнелейді. Батысқа қарағанда исламдық өркениетте  «дін» терминінің мәні басқашалау түсіндіріледі. Мұның себебі  «Дін» ұғымының кең аумағында сан қырлы мән-мағынасы исламға дейінгі араб елі тұрғындарының тіліндегі «Дін» сөзінің мән-мағынасының әртүрлі түсіндірілуіне байланысты.

Құранда «Дін» термині әртүрлі 100-ден аса мағынада қолданылады. Ол «сот», «тиісінше бағалау», «Ақырет күні» деген сөз айшығы, «сенімін», «дінін» және діни қауым өмірінің негізі болып табылатын салт-жораның жүйесі  ретінде діннің мағынасын білдіруі мүмкін. «Дін» терминінің негізгі мәні Аллаға құлшылық етудің міндеттілігі мен оның билігінің шексіздігі туралы айтылған аса маңызды Құран идеасына байланысты. Құранда туыстық қатынасқа тән сипаттан бір-біріне тәуелді таптық қоғамға тән сипаттан өтудің көрінісі  айқын көрінеді.        

Шындығында  дін ізгілікке шақырады. Құран-құдай сөзі. Ол әрбір мұсылман үшін қасиетті. Кімде-кім құран сөзін бұзса немесе өзгертсе ол Алланы алдаған кәпір, оған еш кешірім жоқ. Оның орны тозақ. Құранда былай деген «Ей, адамдар, сендерді бір еркек  бір әйелден (Адам ата, Хауа ана. Христиан Адам және Ева) жараттық. Бір-біріңмен аралас-құралас болсын дедік. Сондықтан да сендерді түрлі халықтар мен ұлттар  еттік. Ей, Мұхаммед Пайғамбар, христиандарға  Құдай ортақ екенін  айт, олармен жақсы қарым-қатынаста бол» (29, 46, 42, 15-сүрелер).

Өркениет – аса ірі әлеуметтік-мәдени жүйе. Оның негізін  әлемдік діндер құрады. ХХ-ғасырға дейін сан алуан өзгерістерді басынан кешірсе де, өздерінің өміршеңдігін жоймай  төрт өркениет бар деуге болады. Олар: ислам, христиан, буддистік және конфуциялық өркениеттер. Ал, бұл алып жүйелердің ішінде әр түрлі жергілікті мәдениеттер болуы  мүмкін, ол зиянды. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ көшпелі мәдениеті ислам өркениетінің бір бөлігі екендігі айқын.

Жалпы, дін нәсілге, ұлтқа бөлінбейді. Діни-рухани фактор этникалық немесе нәсілдік фактордан анағұрлым күшті болатынын тарихи тәжірибе дәлелдеп отыр. Қазіргі кезде дін орындарының қызметкерлері жастармен кездесіп адамгершілік тақырыбына, діннің тарихына, мәдениетіне  тоқталып, әңгіме өткізіп, сұхбат беріп жүр. Білім және ғылым министрлігінің  мектептерге дінтану пәнін енгізу туралы шешімі діннің қоғамдағы орнының маңызды екендігін сезінгендігі  деп түсінуіміз керек.  Ол үшін осы шешімді шығаруға мұрындық болған, діннің қоғамдағы орнының ауқымды екендігін  тиісті орынға  жеткізе білген азаматтарға  алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алайда бұл мәселенің басы ғана екендігін ескеруіміз керек. Ең бастысы, енді мектептерде дінді шәкірттерге қалай танытамыз, діни танымын қалай қалыптастырамыз, шәкірттерге білімді кім береді  деген сұрақ көлемінде ойлануға тиіспіз.  Өйткені дінтану пәнін  кез келген мұғалімнің сабақ беруіне, оқытуына болмайды деген пікірге келуге мәжбүрміз. Өйткені сол сабақ беруші  мұғалімнің өзі кім? Маман ба, әлде белгілі бір діни ағымның соңына ерген жан ба? Діннен қаншалықты хабары бар? Дінді өз деңгейінде шәкірттерге жеткізуге қабілеті жете ме? Дінтану пәнінде шәкірттерді «Мына дін мына жылы пайда болды. Негізін қалаған мына тұлға» дегеннен, жалпы, дін тарихымен хабардар еткеннен қоғамға келер пайда шамалы. Мұндай мамандар оқытқан шәкіртте ешқандай діни таным қалыптаспайды. Керісінше, қоғамға көзқарасы, діни танымы әртүрлі шәкірттерді тәрбиелеп шығуымыз ықтимал. Оның ертеңгі күні қоғам үшін шешуі қиын проблемаға айналу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Себебі дін танушы мамандардың арасында да діни танымы әртүрлі қалыптасқан жандар аз емес. Кейбір мамандардың ой пікірі, діни көз қарасы қазақы діни танымға, қазақ халқының рухани, мәдени болмысына мүлде қайшы келеді. Ондай жандардың ертеңгі күні мектеп табалдырығын аттап, шәкірттерге өз танымын тақпасына кім кепіл? Сондықтан дінтану пәнін мектептерге енгізу туралы шешім қабылданған екен, енді ол пәннің дұрыс жүруіне жағдай жасалуы тиіс. Ол үшін пәннің кешенді бағдарламасы мен бағыт-бағдары айқындалуы керек. Тәуелсіздік алған жылдан бастап елімізге шет елдерден әртүрлі сылтаумен келген діни ағымдар мен секталар халқымызға, соның ішінде студенттерге де солақай әсерін тигізе бастады. Сондықтан да,  «ештен кеш жақсы деп», бұл бастаманы халқымыз  жылы қабылдап отыр. Шешімнің басты мақсаты – елімізде діни түсінік  қағидаларын  қалыптастыру, жас жеткіншекті қауіпті діни бірлестіктердің ықпалынан қорғау, олардың экстремистік және террористік іс-әрекеттеріне қосылып кетуінен сақтандыру. Түпкі мақсат – елімізде қалыптасқан рухани тыныштық пен ынтымақты сақтап, одан әрі дамыту. Жоғары оқу  орындарында да яғни А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да «Дінтану» пәні өтілуде. Мақсат дін  арқылы  адамгершілік, тарих, мәдениет, өнермен таныстыру, жастарды  қауіпті діни бірлестіктердің ықпалынан қорғау.

Әдебиеттер

1. Энциклопедия «Ислам» / Бас редакторы Р.Нұрғалиев. -Алматы: «Қазақ                                                   энциклопедиясы». -1995. 39-б.

2. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы /Бас ред. Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы». -2001. 321-б.

3. Токарев С.А. Религия в истории народов мира. –Москва: 1964.

4. Көбеев О. Дінтану негіздері. Алматы, 1998.