ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ РӨЛІ

 

Ақболат Д.Е. с.ғ.к., Төлен Ж.М. PhD докторант.  

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, саясаттану кафедрасы

Алматы, Қазақстан

 

Мемлекеттің стратегиялық дамуы мен қауіпсіздігінің сақталуында саяси тұрақтылық мәселесі үлкен маңызға ие. Өйткені кез келген мемлекет тәуелсіздігінің сақталуы мен әрі қарай сапалы дамуы қоғамның тұрақтылығына байланысты орын алады. Осыған орай қазіргі кезде барлық елдер толығымен әлеуметтік, саяси тұрақтылыққа жету проблемасын шешуге тырысып бағуда. Ал тұрақты және толыққанды даму үшін қоғамның барлық салаларында тұрақтылық қажет екені белгілі. Оның ішінде мемлекет дамуының басты шарты – саяси тұрақтылық. «Тұрақтылық» термині (лат. stabilis – тұрақты, орнықты) тұрақты қалыптасқан жағдайға алып келуді не сол жағдайды сақтап тұруды білдіреді. Қандай да болмасын жүйені құрылым ретінде қарауға болады сол сияқты тұрақтылық қасиеттерінің компонентін де. Т. Парсонс айтқандай егер жүйенің құрылымы мен процестердiң арасында қатынас болса, жүйе тұрақты не болмаса салыстырмалы теңдікте болады [1].

Саяси жүйеге қатысты «тұрақтылық» сөзі оның өзінің құрылымын сақтай отырып, сыртқы және iшкi өзгерiстердiң шарттарында тиiмдi қызмет ету мен дамуға мүмкiндiк беретiн қалыпты жағдайы. Тұрақты саяси құрылым теориясына сәйкес қоғамның көпшілік бөлігі мен қоғамды басқарудың институттарына және биліктегі барлығына қатынастағы «қолдаудың» жоғары деңгейін көрсетедi.

Қазақстанның мемлекеттегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі  бүгінгі күнгі ұстанып отырған басты саясаты тек келісімге, диалогқа келу яғни «жақсы араздықтан жаман татулық жақсы» дейтін қағидаға негізделіп отыр. Мемлекетте 130 жуық этностар мен ұлттар өмір сүргендіктен, сол этностар мен ұлттардың құқықтық, саяси теңдігін сақтай отырып, бір идеологияға, бір мақсат мүддеге қоғамды топтастыру. Президент Н.Ә.Назарбаев айтқандай ұлттық біртұтастық, әлеуметтік әділеттілік тән әрі күллі халқының экономикалық әл-ауқаты артқан тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстанды сомдау [2].

Қазақстанда өмір сүріп отырған бірнеше ұлттар мен этностарды ортақ мақсат пен мүддеге біріктіру және мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен біртұтастығын қамтамасыз етудің негізгі факторы – мемлекеттік тіл.

Мемлекеттік тіл ұлттардың шынайы мемлекеттілігін алу үдерісі барысында мақсатқа жетудің құралы ретінде алдыңғы қатарлы қызмет атқаратындығын ерекшелеп айтқан жөн, себебі, мемлекеттік тіл – біртұтас ұлтты қалыптастырумен қатар, тәуелсіздікті сипаттаушы фактор. Ал оның дамуы Қазақстан азаматтарын біріктіріп, ел ішінде әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосады.

Тіл қарым қатынас, коммуникация құралы ол қазақстан халқын біріктірудің өте күшті құралы болып табылады дейді Президент Н.Назарбаев. Оның пікірі бойынша қазақ тілі жоғалудың сәл ғана алдында болды тәуелсіздік алған сәттен бастап бірге оянып қайта дами бастады [3].

Қазіргі Қазақстан қоғамында мемлекеттік тілдің қалыптасқан жағдайын объективті тұрғыдан ашу мақсатымен біз эксперттердің көзқарастарына жүгінуді жөн көрдік. Эксперттер қатарына мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардағы лауазымды тұлғалар қатысты. Эксперттік сауалнама 1.05.-30.07.2009 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасымен өткізілді (қорытынды сұрақтын бірнеше нұсқасын тандау нәтижесі бойынша жүйелендірілген).

Нәтижесінде қазіргі Қазақстанның мемлекеттік тілінің шынайы саяси бейнесі мүшкіл жағдайда екендігі эксперттермен айқындалды. Мысалы, «Сіздің пікіріңізше, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясаты сәтті жүзеге асырылуда ма?» деген мемлекеттік тіл саясатының қанағаттанарлықсыз жағдайда екенін көрсетіп (55%-дан астамы), оны төмендегідей сипаттармен көрсетті:

-       мемлекеттік тілді дамытуда көпшіліктің қызығушылықтары жоқ;

-       жүзеге асырудағы арнайы әдіснаманың толыққанды қалыптастырылмауы;

-       дамытуда мемлекеттік қолдау жоқ және мұны ең біріншіден мемлекет ойлауы тиіс;

-       мемлекеттік тілді жарнамалайтын шынайы насихаттың жоқтығы.

Эксперттердің 3% ғана мемлекеттік тіл саласындағы саясаттың сәтті жүзеге асырылуын айтты. Олардың айтуы бойынша, Қазақстан Республикасында қалыптасқан тіл жағдайы арнайы кезеңдермен жүзеге асырылуда.

Алайда, С.И. Кузнецовтың басшылығымен шыққан «ХХ-ХХІ ғғ. Орта Азия елдері» атты кітабында, жаһанды және аймақтық мәселелерді зерттеу бойынша ғылыми-ақпараттық орталықтың талдау нәтижелері көрсеткіштерімен Қазақстан Республикасы тіл саясатына өзінше саясаттанулық талдау жүргізіп, келесідей нәтижелерге келген, яғни Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілін меңгеруді міндеттеу есебінен Қазақстанда орыстар мен өзгеде қазақ емес ұлт өкілдері үкіметтің жүргізіп жатқан мемлекеттік тіл саясатынан дискриминацияланудың көрінісі баяндалған [4].

Әрине жоғарыдағы айтылған пайымдау субъективті сипатқа ие не қате ақпараттармен негізделген. Себебі қазіргі мемлекетпен жүргізіп жатқан мемлекеттік тіл саясаты ең баста өзге ұлт өкілдерінің мүдделерін ескеріп, демократиялық қағиданы ұстанып, лоялды жүзеге асырылуда. Оны біз тілдер тұжырымдамасы, «Тілдер туралы» заңнамасы мен 2001-2010 жж. тілдерді дамытуға бағытталған бағдарламамен дәйектей аламыз, сол сияқты елде өзге этностардың мәдениеті мен тілін дамыту және сақтауға негізделген кешенді іс шаралармен қамтамасыз етілгенін де көреміз, мысалы 2010/11 оқу жылында Республика мектептерінде білім беру бағдарламасы шеңберінде, сонымен қоса факультативті және дербес пән ретінде ұлт тілдерін оқыту ұйымдастырылды, олар: дұнған (4158 оқушы), түрік (2648), поляк (734), ағылшын (741), күрд (341), ұйғыр (4169), корей (148), әзірбайжан (157), татар (135) және басқа ұлттық тілдер. Оқу жылында күндізгі жалпы білім беретін мектептерде балаларды оқыту 9 тілде жүргізіледі: қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік, түрік, шешен, неміс, және ағылшын. Мемлекет тарапынан төрт ұлттық газет қаржыландырылады, олар: «Дойче альгемайне цайтунг», «Кореильбо», «Украински новини», «Уйгур авази» [5] және де мұндағы мемлекеттік тілді меңгеруді талап ету кез келген алдыңғы қатарлы дамыған елдерде міндетті құбылыс. Осы жерде мемлекеттік тілдің Қазақстан Республикасындағы ахуалының төмендегідей өзекті мәселелерін сипаттап, дәйек көздеріне сүйене отырып, айқындауға болады:

Кез келген елде мемлекеттік тіл саясатының тиімділігі мен нәтижелігін арттыруда міндетті қарулардың негізі бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады. Мұнда эксперттердің айқындаған көрсеткіштерін есепке ала отырып, мемлекеттік тілдің қазіргі ел ішіндегі саяси-әлеуметтік өмірінде толыққанды жүзеге асырылмауына ақпарат құралдары белгілі бір тежеуіш факторлардын бірі екендігін анықтаймыз. Мысалы, «БАҚ-та мемлекеттік тіл қаншалықты кең қолданысқа ие деп ойлайсыз?» деген сауалға эксперттердің пікірін жүйелендірдіріп, келесі статистикалық мәлімет көздерімен дәйектейміз. Қазақстандағы қазіргі күні Қазақстанда 2970 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Олардың 200-ден астамы электрондық. Мерзімдік басылымдардың 453-і қазақ тілінде, 2303-і орыс тілінде шығады. 5248 газет-журналды Ресейден келеді. Жалпы Қазақстан төңірегінде таралатын баспасөз құралдарының 7551-і орыс тілінде де, тек 453-і ғана қазақ тілінде [6].

Демек, Қазақстан Республикасында орыс тілі бұқаралық ақпараттар құралдарының негізгі тілі болып табылады. Орыс тіліндегі хабарландыру мен түрлі бағдарламаларды көрсету тиімдірек. Қазақстанда орыс тілділер көп болғандықтан, олар көрермендердін санын көбейтеді. Орыс тілінің көпэтносты Қазақстан мемлекетінде ықпалы ерекше, ол халықаралық қатынас тілі болып, халықтың басым көпшілік бөлігін орталықтандыруда.

Қазақ тілінің өсіп өркендеуіне зор ықпал ететін білім ордалары мен ғылыми еңбектер, мәлiметтер бойынша республикадағы қазақ мектептерi олардың жалпы санының 48%-н құрады, мектеп жасындағы ұлты қазақ балалардың 80%-дан астамы қазақ мектептерiнде оқиды. Алайда, қазақ мектептерiнiң дамуындағы кейбiр жағымды үдерiстердi айта отырып, олардың 80%-ы ауылдық жерлерде орналасқандығын, 50%-дан астамы шағын жинақтан екенін көреміз [7].

Қазіргі таңда ғылым мен техниканың болашағы, біз қазақ тілін өркендетіп, қоғамдық қызметті қамтуға бағытталған тіл ретінде қалыптастыру үшін оны модернизациялауымыз қажет. Ал кез келген тілдің модернизациялануы инновациялық үдеріспен байланысты. Қазіргі таңда кез келген терминдерді аударуға ұмтылыс жасалуда. Олардың сәттісі де, сәтсізі де болады, оның салдарынан қазақ тілін қабылдау үдерісін жеңілдетудің орнына күрделендіруде. Мысалы, «процесс» деген сөзді «үрдіс» деп аудардық, соған дағдылана бастағанда, «үдеріс» деп өзгерттік. Тағы біреулері мұнымен келіспей өзге нұсқасын бермейтіндігі екіталай. Тағы сол сияқты мысалдар көптеген, біз оның алдын алып, бүкіл әлемдегі танымал сөздерді өзгертпей сақтап қалуымыз жөн.

Тағы сол сияқты экперттердің пайымдауынша, мемлекеттік тілдің толыққанды қалыптасуына (56%) басты себептерінің бірі – элитаның саяси еркіндігінде, 35% білім жүйесінің әдіснамасымен байланыстырса, 1/3 бөлігі Қазақстандықтардың азаматтық пен тілдік байланыс тұтастығының әлсіздігінде, бәсекелестіктің төмендегінде және тіл мәселесі саясат шеңберінде деп мәлімдеді.

Демек, толыққанды мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қалыптасу себептерінің негізі көптеген басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер анық бір қалыптасып қалған дағдыдан арылмауында.

Егер де «Стратегия» СӘЗО-ның зерттеуіне сүйенетін болсақ, мемлекеттік шенеуніктердің – 7%-ы өз қызметтерінде мемлекеттік тілді қолданады [8].

Қоғам өз бетінше мемлекеттік тілді қолданыс аясына енгізе алмайды. Тарихтан белгілі, тілге, тілдік ортаға ең бірінші әсер ететіндер сол кездегі әскери адамдар болып саналады. Бір елді жаулап, отарлағанда, отарланушы жұрт сол басқыншы әскерлердің тілін қалайда меңгеруге ұмтылғаны анық. Бұл белгілі бір деңгейде тілдік ортаға әсер етті.

Әрине үкіметпен тілді дамытуға бағытталған іс-шараларды жоққа шығаруымыз қате. Мысалы, қазақ тілінің қарым-қатынас кеңістігін кеңейту мақсатымен 2008 жылдың қыркүйек айында «Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры» құрылды. Президенттік қордың негізгі ерекшелігі қазақ тілінің мәселесін орыс тілінде насихаттауында. Себебі, Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесі көбінесе қазақ тілді БАҚ-та ғана кеңінен талқыланып, тек қазақ тілділер ортасындағы пікірталастан ары аспайды. 2010 жылдың кыркүйек айында тілдердің дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған үшінші Мемлекеттік бағдарлама қабылданды, бағдарламаның басты мақсаты мемлекеттік тілді барынша дамыту. Ресми тұлғалардың айтуы бойынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында қазақ тілін меңгерушілер саны 95%-ға жетеді.

Алайда, мемлекеттік тілді дамыту саласындағы саясаттың толыққанды қызметін қамтамасыз етуде міндетті түрде мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауды қажет етуде, яғни тек қана мемлекеттік тілдің мүддесін қорғайтын нормативтік-құқықтық құжат, сол сияқты заңды қабылдап қана қоймай, оны қадағалайтын арнайы орган қажет. Бұл кез келген алдыңғы қатарлы дамыған елдерде міндетті құбылыс. Себебі, мемлекеттік тіл туралы нормативті және заңнамалық актілер тұрғындардың қоғамдық саяси санасына және әлеуметтік экономикалық, мәдени өмірлеріне терең әсер етеді.

Ел Президенті атап өткендей біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек.

Тұрақтылық пен дамудың кепілі ол қазақстандықтардың тілдік бірегейлігі яғни қазақ тілі мен орыс тілінің сыйластығы мен түсіністік символы болып табылады [9].

Жоғарыда айтып өткендей, мемлекетке ортақ тіл оның орналасқан халқының бірлігі мен ынтымақтастығын нығайту үшін қажет. Егер бір мемлекеттің тұрғындарымен тілдік ерекшелікке байланысты қарым – қатынасқа түсу нашар болса, рухани қауымдастық шынжырын құру қиындықтарға тап болады. Ортақ тілдің болуы мемлекеттік бірлікті құру мен қоғам тұрақтылығын сақтаудың аса маңызды бөлігі болып саналады.

 

Әдебиеттер:

 

1.   Американская социологическая мысль: тексты. М., 1994. С. 464

2.   Назарбаев Н.Ә. Қазақстан - 2030. Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. – Алматы: Білім, 1998 ж. – 256 б.

3.   Выступление Н.Назарбаева на торжественном собрании в честь празднования 20-летия независимости страны // http://www.newskaz.ru/ society/20111215/2292534.html

4.   Отв. редактор Кузнецов С.И. / Страны Центральной Азии на рубеже ХХ-ХХІ вв.: Становление национальных государств. - Москва, 2006. – С. 201

5.    Қазақстанда мектептер саны азайған // http://www.kt.kz/?lang= kaz&uin=1133436281&chapter=1153531335

6.   Қазақ баспасөзі // http://abai.kz/node/2836

7.   Айтбайұлы Ө. Тіл үшін күрес – тәуелсіздік үшін күрес // Егемен Қазақстан. – 2009. - 22 қыркүйек.

8.   Қазақстан: қоғам мен мемлекеттің дамуы туралы жылдық есеп 2010 жыл // Алматы, 2010. – 38 б.

9.   Абдыгалиев Б. Казахская миссия // Казахстанская правда, 25 Июля 2007 г.