Түменбаев С.Ә.

әл-Фараби атындағы Казақ ұлттық университеті

халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы

 

Азаматтық құқықтық жауаптылықтың кейбір мәселелері

 

Азаматтық құқықтық жауаптылықтың, оның ішінде азаматтық құқықтық жауаптылық негіздерінің көптеген ережелері қылмыстық жауаптылықтың ережелерімен сәйкес келіп жататындығы қазірде құпия емес. Құқықтың теориясын қалыптастырушылар азаматтық құқықтық жауаптылықтың негізгі ережелерін қылмыстық жауаптылық ережелеріне сүйене отырып жасауы да беймәлім емес. Азаматтық кодекстің 917 бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс. Азаматтық құқықта зиян келтіргені үшін жауаптылыққа тартудың негізі ретінде азаматтық құқықбұзушылықтың құрамы түседі, яғни оның құрамын теорияда қалыптасқан құқыққа қайшы әрекет (әрекетсіздік), зиян, құқыққа қайшы әрекет (әрекетсіздік) пен келген зиянның арасындағы себепті байланыс және құқық бұзушының кінәсі құрайды. Азаматтық құқық ғылымындағы беделді ғалымдармен қалыптастырылған және өз қолдауын тауып отырған бұл концепция толығымен қылмыстық құқықтан «қарызға алынғанымен» келіспеу қиынға соғар. Әрине, жауаптылыққа тарту кезінде оның төрт негізі де қажет болатын жағдайлар бар, бірақ тәжірибеде аталынған негіздердің бірдей қатар жүретін кездері көп кездеспейді. Соның ішінде зиян келтіргені үшін жауаптылыққа тарту кезіндегі себепті байланыстың маңызына тоқталып өтейік.

Жалпы, зиян келтірушінің субъективтік жай-күйіне назар аудару қажеттігі немесе қажет емес екендігі азаматтық құқық теориясында әртүрлі шешімін табады. Бұл көзқарастар легі негізгі екі концепцияға арқа сүйейді: зиян келтіру қағидасы және кінә қағидасы. Бірінші көзқарасты жақтаушылар азаматтық құқықтық жауаптылықтың негізі ретінде тек бір ғана жағдайдың болуын – зиянның келуін мойындайды, олар бұл келген зиянның субъективтік себептеріне назар аудармайды. Зиян келтірушіге жауаптылықты жүктеу кезінде олар тек құқыққа қайшы әрекет пен зиянның арасында себепті байланысты анықтауды ғана қажет етеді. Екінші қағиданы ұстанушылар жауаптылыққа тартудың негізі ретінде кінәні қарастырады, яғни бұл кез-келген зиян емес, тек зиян келтірушінің кінәсінің нәтижесінде келген зиянның өтелуі міндетті екендігін білдіреді. Қалай дегенмен де екі қағиданы ұстанушыларды біріктіретін жайт ол жауаптылыққа тарту кезінде негіз болатын құқыққа қайшы әрекет пен себепті байланыс.

Тәжірибеде жауапкердің кінәсін анықтау келесі мән-жайларды анықтауды қажет ететіні сөзсіз: 1) әрекеттің (әрекетсіздіктің) құқыққа қайшылық жағдайы; 2) зиянды нәтижелердің келу жағдайы; 3) осы әрекет пен оның салдары арасындағы себепті байланыс. Соңғысының болуы жауаптылықтың белгісінің қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Егер де әрекеттің құқыққа қайшылығы және оның салдары (зиян) нақты мән-жайларға жататын болса, себепті байланыс өз сипатына қарай объективті болғанымен, бірақ дауды шешуші әрбір соттың ішкі наным-сеніміне қарай дәлелдемелерге баға беру арқылы анықталады. Сондықтан болар заң әдебиеттерінде себепті байланыстың ұғымын беру мәселесі өршіп отыр.

Азаматтық құқықтық жауапкершілікте зиянды өтеу кезінде себепті байланысты анықтау маңызды роль атқарады. Зиянды өтеу негізі, тіпті тарихи тұрғыдан алып қарастырсақ та, келген зиянның оны келтірген субъектінің құқыққа қайшы әрекетіне оның нәтижесі ретінде тиесілі болатындығымен сипатталады. Зиянды өтеу, яғни, әрекет пен оған сәйкес зиянды (нәтижені) бір-бірімен салыстыруға негізделген. Ал бұл өз кезегінде себепті байланысты анықтау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Себепті байланыс қана құқықбұзушылық пен келген зиянның объективті байланыстылығын, яғни зиянның оған сәйкес әрекетке тиістілігін анықтайды. О. Иоффенің сөзімен айтқанда «... уже из самого понятия причинной связи следует, что она включает в себя как наступивший результат, так и вызвавшие его причины, а также причинно-следственную зависимость между ними». Екі құбылыстың арасындағы объективті байланысты анықтау арқылы себепті байланыс құқықбұзушылық жүзеге асырылған жағдайды таңдаудың дұрыстығын айқындайды. Ал бұл өз кезегінде зиянды өтеу осы жағдайдың шегінде ғана жүзеге асырылады дегенді білдіреді. Тиісінше, осы құқықбұзушылық жағдайы шеңберінде орын алған құқықбұзушылықпен байланысты зиян ғана өтелуге жатады. Бұл тұрғыда Т.В. Церетелидің себепті байланыстың ұғымын анықтаудағы ойын келтіруге болады: «Причинная связь, между действием человека и наступившим общественно опасным последствием существует тогда, когда без данного поведения преступное последствие не имело бы места, если при этом в момент совершения поступка лицо имело реальную возможность своим вмешательством оказать воздействие на этот ход событий». Әрине, тарихи қалыптасқан және көптеген ғалымдардың қолдауын тауып отырған бұл анықтамаға сын айту қиынға соғар. Бірақ, сонда да болса себепті байланысқа авторлармен анықтама берілген кезде «зиян келтіру дәрежесі» сынды ұғымды қолдану қажет сияқты. Себебі, заңда және сот тәжірибесінде жауаптылыққа тарту, сондай-ақ оның көлемін анықтау туралы мәселені шешу кезінде зиян келтіру дәрежесі есепке алынатыны сөзсіз. Басқаша айтқанда, себепті байланыстың дәрежесін анықтау арқылы сот жәбірленушінің де кінә дәрежесінің бар екенін, сондай-ақ, тиісінше, жауапкердің жауаптылық деңгейін анықтай алады (мәселен, жоғарғы қауіптілік көзімен, лауазымды тұлғалардың, ұйымдардың іс-әрекетінен келген зиянды өтеу туралы істер бойынша).

Тәжірибеде кейде қай тараптың әрекеті нәтижесінде зиянның келгенін және зиянның келуіне ықпал ету дәрежесін анықтау қиынға соғады. Басқаша айтқанда, себепті байланыс жауапкердің құқықбұзушылығы мен оның нәтижесіндегі зиянның арасындағы байланысты нақты анықтайтын «құрал» болғанымен, талапкердің іс-әрекеті мен зиянның арасындағы байланысты анықтауға нақты бағытталмаған. Нақты бағытталмауы талапкердің іс-әрекетінің құқықбұзушылық іс-әрекетпен бір қатарда тұрғандығымен түсіндіріледі, зиянның келуіне себепші болған құқықбұзушылық іс-әрекет талапкердің іс-әрекетін «жауып» қалады. Сәйкесінше, себепті байланыс арқылы талапкердің іс-әрекетінің келген зиянға әсер ету дәрежесін анықтау мүмкін болмай қалады. Бірақ та, зиянның келуіне талапкердің де іс-әрекеті әсер еткендіктен оның маңыздылығы жоғары. Мұндай жағдайларда талапкердің іс-әрекетінің әсер ету дәрежесін анықтауда судьяның тәжірибесі, оның ішкі наным-сенімі де өз ықпалын тигізері сөзсіз.

Мәселен, Атырау қалалық сотында азамат Ж.-ның ЖШС «ЖЖ1»-ге қойған жол көлік апаты нәтижесінде жоғарғы қауіптілік көзімен келген зиянды өтеуге байланысты талабы бойынша азаматтық іс қаралған. Бұл оқиғада себепті байланысты анықтау кезінде жол көлік апаты жауапкер жақтан жүргізуші Б.-ның кінәсінен жол жүру Ережесінің 20.3 тармағын, яғни иiлгiш тiркемемен сүйреткен кезде сүйретушi және сүйрелетiн көлiк құралдарының арасындағы рұқсат етілген қашықтықты (4-6 м) сақтамау (іс бойынша бұл қашықтық 15 метр болған) салдарынан орын алғаны туралы сотпен қорытынды жасалған. Жүргізуші жауапкер Б.-ның талапкердің 80 км/с жылдамдықпен жүре отырып рұқсат етілген жылдамдықтан асырғаны туралы көрсетілімін сот жол жүру Ережесінің 10.3 тармағына сәйкес (елдi мекендерден тыс жерлерде жеңiл автомобильдерге автоарналарда - 110 км/сағ. артық емес, қалған жолдарда - 90 км/сағ. артық емес жылдамдықпен) Атырау-Доссор жолында қозғалыс жылдамдығы 90 км/с екенін басшылыққа ала отырып негізсіз деп қарастырмаған. Жоғарыдағыларды ескере отырып сот жауапкердің құқықбұзушылық іс-әрекеті мен жол көлік апаты арасындағы тікелей себепті байланысты анықтаған. Бірақ, соттың мұндай қорытындысы меніңше даулы болып табылады, себебі, жол жүру Ережесінің 10.1. тармағына сәйкес жүргiзушi көлiк құралын белгiленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда қозғалыс үдемелiлiгiн, көлiк құралы мен жүктiң ерекшелiгiн және жай-күйiн, қозғалыс бағытындағы көрiнуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргiзуi керек. Бұл жағдайда сот барлық дәлелдемелерге баға бере отырып жол көлік апатының тікелей себепшісі ретінде жауапкер-жүргізушінің сүйреу кезіндегі тиісті ара қашықтықты сақтамауы деп қорытынды жасаған. Бірақ та жол көлік апатының болуына талапкердің жол жиегінде тұрған және сүйреуге алып жатқан жауапкердің көлігіне жақындауы кезінде өз жылдамдығын төмендетпеуі де себепкер болуы мүмкіндігін қарастыруы қажет. Тәжірибеде құқықбұзушылықтың орын алуына тек құқық бұзушының ғана емес, сондай-ақ жәбірленушінің де тікелей кінәсі болған кезде жауаптылық мәселесі әртүрлі шешіледі. Мүұндай жағдайларда себепті байланыстың өзін екі тұрғыдан қарастыруға болады: 1) жәбірленушінің кінәсі зиян келтірушіні жауаптылықтан босатуына әкеп соғатын себепті байланыс; 2) жәбірленушінің кінәсі зиян келтірушіні жауаптылықтан босатпайтын себепті байланыс. Азаматтық құқықта жәбірленушінің қасақаналық кінәсінің болуы зиян келтірген тұлғаны әрдайым жауаптылықтан босатуына әкеп соғады. Мәселен, тұлғаның өз өмірімен қоштасуы мақсатында көліктің астына түсуі. Ал, жәбірленушінің өрескел абайсыздықтағы кінәсі анықталған жағдайда зиян келтірген тұлғаны жауаптылықтан босатпайды, бірақ өтелетін зиянның мөлшеріне әсер етеді. Сонымен, азаматтық құқықбұзушылық құрамында орын алған себепті байланыс құқықбұзушылық құрамының басқа түрлеріне қарағанда азаматтық құқықтық жауаптылық негіздерінің ерекше маңызы бар бір түрі болып табылады. Ескере кететін жағдай, жалпы ереже бойынша жауаптылыққа тарту кезінде негіз болатын мән-жайлар ретінде құқықбұзушылықтың толық құрамы қарастырылғанымен де, бірақ заңда көзделген кей жағдайларда толық болуы міндетті емес. Мәселен, жауаптылыққа тарту кезінде кінәнің азаматтық құқықтың мәнінің болмауы. Ал, құқыққа қайшы әрекет пен зиянның арасындағы себепті байланыс жауаптылықтың туындауының міндетті шарты бола отырып келесіден көрініс табады: 1) әрекет уақытқа сәйкес зиянның алдында болады; 2) әрекет зиянды туғызады. Жоғарыдағылардың нәтижесінде шығатын қорытынды, себепті байланыс азаматтық құқықтық жауаптылықтың міндетті, маңызды негізі болып табылады, және де бұл бір құбылыс (себеп) пен екінші құбылыстың (нәтиже) арасындағы объективті байланыс.