Ергешқызы Гүльназ

Ph.D. докторант факультета международных отношений

 Казахского национального университета им. аль-Фараби

 

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес қызметі шеңберінде есірткі заттары мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымымен күрестің кейбір қырлары

 

Есірткіні заңсыз өндіру және айналымға шығару мәселесі Орталық Азия мемлекеттері және олардың көршілері үшін ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығының алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бірі болып келеді. Бұл ең алдымен лаңкестік, экстремизм және сепаратизм сынды «үш қауіпті күшпен» тығыз байланыста болып, бейбітшілік және тұрақтылықты сақтауда, адамзаттың дамуына кері әсер етуші бірден бір фактор санатына қосылғаны айқын.

Есірткі саудасы және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жазылмас дертті емдеумен пара-пар. Ол адамдардың әлеуметтік болмысын, дінін, жынысын және нәсілін талғамайды, оның шекарасы да, бұл дерттен айығу жолдары жақын арада табыла қоймайтыны таңға таңба басқандай.

Қазіргі таңда есірткі бизнесі -  халықаралық лаңкестікпен тікелей байланысты, өйткені есірткіден түскен қаражат көздері кең ауқымды сипаттағы лаңкестік актілерді өткізу үшін, алуан-түрлі қару-жарақты сатып алуға жұмсалады. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, дүниежүзінде 8 миллион адам героин,  13,3 миллионы –кокаин,  141,2 миллионы – марихуана, 280 миллион адам синтеттикалық есірткіні қолданады. Бір жағынан, бұл,  пайдасы жағынан асып түспесе, кем түспейтін   қаражат көзі. Мәселен, есірткі саудасының  жыл сайынғы айналымы 400 миллиард  АҚШ долл., ал бұл өз кезегінде бүкіл әлемнің сауда айналымының 8 пайызына тең көрсеткіш[1]. Мәселен,  Қазақстан Республикасында 2011 жылдың ішінде жалпы салмағы 276 кг 68 гр, соның ішінде героин – 48 кг 930 гр, гашиша – 8 кг 16, опиум – 2 кг 242 гр және марихуананың – 213 кг 676 гр есірткі заттарының заңсыз айналымы тәркіленген болатын[2].

Көптеген сарапшылардың пікірінше, есірткі саудасы мен лаңкестікті бөліп-жарып қарастырауға болмайды. Бұл пікірді Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (ары қарай - АӨСШК) 2004 ж. 4 маусымда қабылданған Лаңкестікті жою және өркениеттер арасындағы сұхбатқа  қолдау көрсету декларациясындағы мынау мәлімдеме: «Терроризмнiң ұлттараралық сипатын, сондай-ақ оның ұйымдасқан қылмыс, есiрткi айналымы және адамдар саудасы, сондай-ақ қару-жарақтың заңсыз айналысы сияқты қауiпсiздiкке төнетiн басқа да қауiп және қатерлермен тығыз байланысты екенiн ескере келiп...» растайды[3]. Яки, халықаралық лаңкестік және есірткі бизнесі бір - біріне өзара тәуелді, мақсаттары тек пайда табу, жағымсыз салдарлары бірнеше ұрпаққа жететін ең ірі мәселелердің бірі. Әрине, бұл мәселені шешу мақсатында алуан-қилы қадамдар жасалғанмен де, оларды тек тежеуші фактор ретінде қалып отыр.

Айта кететін бір жайт, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саяси мәселе болып отыр. Сондықтан да, көп жылдар бойы халықаралық қауымдастық есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте, оны түбегейлі тоқтату мақсатында көптеген іс-шаралар атқарып келеді. Әрине, соның ішінде, біршама халықаралық құжаттарға қол қойылды және де көптеген конференциялар, семинарлар (Бірікке Ұлттар Ұйымы (ары қарай - БҰҰ), ,Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ары қарай - ШЫҰ), Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымы (ары қарай - ҰҚШҰ), АӨСШК шеңберінде) өткізілуде және де маңызды қадамдар жасалуда. Мәселен, есірткінің заңсыз саудасымен күрес шеңберінде жасалған ең бірінші халықаралық құжат 1912 ж. Гаага конвенциясы[4] есірткіні сату және қолдану заңнама шеңберінде қадағаланады және тек медицина мақсатында ғана  өндіріледі деген. Содан кейінгі жылдарда есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөнінде тағы тоғызға жуық халықаралық-құқықтық актілер қабылданды. Оның ішіндегі ең маңыздыларының бірі 1936 ж. Есірткі заттарын заңсыз саудалауға тиым салу жөніндегі конвенциясы маңызды актілердің бірі болып табылады[5].   

Бүгінгі әлем қауымдастығының назарында аса маңызды болып отырған бұл қауіп-қатер халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінің күн тәртібінде тұр. Бұл қауіп-қатерді болдырмауда мемлекетер мен халықаралық және аймақтық ұйымдардың ықпалдастығы жайында сөз қозғай отырып, тарихының түп тамыры алысқа кетпеген, құрылғанына биыл 20 жыл болатын жас ұйым - Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті  атап өтуіміз абзал.

Кеңесті құру жайында бастаманы 1992 ж. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының XVII сессиясында көтерген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев еді[6]. Дегенмен, АӨСШК құру бастамасын көтермес бұрын көптеген талқылаулар мен дискуссиялар жүргізілді. Ол орынды да, өйткені мүше елдер арасындағы түсініспеушілік сонымен қатар қару жарақты таратпау мен оны залалсыздандыру, ішкі істерге араласпау, лаңкестік, сеператизм, экстремизм және есірткі тасымалы сияқты мәселелер алдыңғы орында еді. Әрине бұл мәселелерді шешу оңайға соқпайтынын, ортақ көпжақты тетіктерді дамыту қажет етті. Осыған қарамастан мүше елдер бұл  мәселелердің шешімдері АӨСШК тетіктері арқылы жүзеге асырылады деп сенген еді. Дей келе, алғашқы күндерден-ақ бұл бастама азияттық мемлекеттердің, сонымен қатар халықаралық институттар, ең алдымен БҰҰ-ның қолдауына ие болды[7].

Жалпы АӨСШК дамуы үрдісі бірнеше кезеңдерден тұрды: бірінші кезең, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін өткізу және ұйымдастыру шаралары. Ол шамамен 1992-1994 жж. аралығын қамтуы тиіс еді; екінші кезең - АӨСШК мүшелері санының артуы, қызметінің жандануы, яғни Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік Кеңесі (ары қарай - ЕҚЫК) іспеттес жалпыазияттық қауіпсіздік құрылымдарын құру. Бұл  кезең 1994-1998 жж. аралығын, ал үшінші кезең  ЕҚЫК-нің құрылымымен ықпалдастық орнату және дамыту. Ол кезең 1998-2000 жж. аралығы ішінде жүзеге асырылады деп болжамданды. Төртінші кезең - Еуразияда ортақ Қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша  трансконтинентальды  Кеңес құру,  болашақта дүниежүзілік қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша ортақ ұжымдық  жүйе құру жоспарланды[8]. Алайда, көптеген сарапшылардың пікірі бойынша, АӨСШК тарихында өшпес із қалдырған басты кезең 1999 жылы 14 қыркүйекте Алматыда өткен Азия кеңесіне мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуінде және оның барысында мүше-мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін принциптер Декларациясына қол қойылуы. Әрине бұл құжат Азияда қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың көп жақты тетігін құру жөніндегі Президент Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысынан бергі уақыттағы қазақстандық дипломатияның ірі жетістігі болып табылады. Осылай, алғаш рет аймақтағы бірқалыптылықты қамтамасыз ететін нақты қимылдар мен іс-шараларға негізделген азиялық қауіпсіздік жүйесінің заңдық негізі қаланды.

Дегенмен, есірткіні таратпау мәселесін басқа да ірі қауіптер санатына жатқызған Қазақстан Республикасының Президенты Н.Ә. Назарбаев 2002 ж. 4 маусымда Алматыда өткен АӨСШК-тің бірінші саммитін ашу кезінде: «Ауғанстан аса ірі әлемдік базасы болып отырған есірткінің таралу проблемасы өзінің шешімін тапқан жок. Осы елдегі белгілі оқиғалардан кейін есірткі трафикінің көлемі қысқарған жоқ, қайта керісінше, ұлғая түсті. Бұл бүкіл Азия құрлығындағы қауіпсіздікке төнген елеулі сынақ» деген еді[9]. Басқосу барысында «Алматы Актісіне», «Лаңкестікті жою және өркениеттер арасындағы сұхбатқа  қолдау көрсету» туралы АӨСШК декларациясына мүше-мемлекеттер қол қойды[10].

Алматы Актісінің II Пункті жиырмасыншы тармағында «Есірткінің заңсыз айналымы мемлекеттеріміздің және тұтас біздің құрлығымыздың ішкі және халықаралық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ біздің халықтарымыздың игілігіне елеулі қатер төндіреді» дей келе, онымен күресуде мемлекетаралық арнайы органдар құру, әзірлік және оқыту курстарын ұйымдастыруда, медеткерлік жасауда, техникалық және қаржылық көмек көрсетуде неғұрлым белсенді ат салысуға шақырды[11].

2004 жылы 22 қазанда Алматыда Азия кеңесіне мүше мемлекеттердің II-ші Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Бұл кездесу қарсаңында Таиланд Корольдігінің Азия кеңесіне он жетінші мүше-мемлекеті болып қабылдануы айтарлықтай оқиға болды. Бұл бас қосуға барлық мүше –мемлекеттер қатысып, «Сенім шаралары тізімдемесі», «Рәсімдер ережесі» және «Азия кеңесі Министрлік кездесуінің декларациясы» қабылданды. Әрине бұл құжаттар Министрлер кездесуінің басты нәтижесі болды[12].  Қатысушылардың пікірінше, қабылданған Азия кеңесі Сенім шаралары тізімдемесінің маңыздылығына баға беру оңай емес. Қауіпсіздік пен бірқалыптылық мәселелері бойынша көпжақты қарым-қатынасты көздейтін құжаттың қабылдануы Азия құрлығының тарихында бірінші рет болып отыр[13].  

«АӨСШК Сенім шаралары тізімдемесі»: экономикалық, экологиялық, гуманитарлық, әскери-саяси және жаңа қауіп –қатерлермен күрес секілді бес өлшемді айқындаған болатын[14]. Делегация басшылары шешілмеген мәселелерді және сенім шараларын іске асыру жөніндегі бағыттарды айқындау туралы тізімдемеде бекітілген ортақ әдістерді пайдаланудың маңыздылығын арнайы атап өтті. Алайда, «АӨСШК Сенім шаралары тізімдемесі» 2004 ж. қабылданғанына қарамастан, кейінгі үш жылдың ішінде сенім шараларын жүзеге асыруда нақты іс-шаралар атқарылған жоқ. Өйткені Тізімдеме, бұл шараларды жүзеге асыру үдерісін қарастырмады. Бұл «ақау» Қазақстан Республикасының аумағынан  алғаш тыс, Бангкок қаласында 2007 жылы 12-14 наурыз аралығында өткен Аға лауазымды тұлғалар комитеті (ары қарай-АЛТК) отырысында «Сенім шараларын іске асыруға арналған Бірлескен ұстаным» атты құжатта қабылданды[15].  Бұл құжат  қатарында қауіпсіз және тиімді көліктік дәліздерді дамыту, адам өлшемі, туризмді, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауылшаруашылық саласы, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру, ақпараттық технологиялар және де есірткі  мен прекурсорларды заңсыз өндіру және айналымға шығаруға қарсы күрес  салалары қамтылды.

«Сенім шараларын іске асыруға арналған Бірлескен ұстанымның» негізгі бағыттарын жүзеге асыруда үйлестіруші және тең үйлестіруші мемлекеттер тағайындалды[16]. Есірткі мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күресте  Иран сенім шараларын үйлестіруші мемлекет болып тағайындалған болатын. Үйлестіруші мемлекет ретінде Арнайы жұмыс тобы (ары қарай - АЖТ) 2007 ж. 15-17 қазанындағы кездесуінде Концепция жобасын талқылап, құжат жобасын мақұлдау үшін 2007 жылы 22-23 желтоқсанда Тегеран қаласында есірткіні заңсыз тасымалдауға қарсы күрес аясында сенім шаралар жөніндегі Бірінші Мамандырылған сарапшылардың кездесулері (ары қарай -МСК) өткізілген болатын.  МСК мақұлданған жоба бірнеше кездесулер кезінде: 2008 жылы 6-7 мамырда Алматы қаласында АӨСШК-ның АЖТ кезекті отырысында және 2008 ж. 11 маусымда Сеул қаласында Қазақстан Республикасының Корей Республикасындағы Елшісі Д. Бақышевтің төрағалығымен АЛТК-ның кезекті отырысында талқыға салынған болатын[17]. Нәтижесінде  2008 жылғы  23 тамызда Алматы қаласында есірткіні заңсыз тасымалдау мен айналымға шығарумен күрес жүргізуде АӨСШК мүше –мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Концепциясы АЛТК кездесінде мақұлданды[18]. Жалпы Концепция алты тараудан тұрғанменен де, АӨСШК мүше-мемлекеттерінің осы қауіппен күресуде маңызды шараларды қамтылды, мәселен, Концепция есірткіні заңсыз тасымалдауда күресте өзара заңдық көмек, есірткіге деген сұранысты азайту, тасымалдау көздерін жою, есірткіні дайындау,тасымалдаудың әртүрлі салалары бойынша және т.б. күресте ақпараттармен алмасу және қоғамның хабардар болуы сынды 12 салада ынтымақтастық жүргізеді деп шешті. Хатшылық Иранның есірткіні заңсыз тасымалдаудағы Сенім шараларын үйлестіруші мемлекет   Арнаулы жұмыс топтары  және сарапшылар кездесуіне Іс-әрекет жоспарын дайындауына ұсыныс білдірді.

Есірткі тасымалына және саудасына қарсы күрес және де экология өлшеміндегі ынтымақтастығы бойынша сенім шараларын іске асыру мәселесін талқылау үдерісі 2010 ж. 23-24 сәуірде Алматы қаласында АӨСШК АЛТК-ның келесі отырыстарында қарастырылған болатын. Үйлестіруші мемлекет ретінде Иран есірткінің заңсыз саудасы және тасымалына қарсы күресте мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық бойынша тұжырымдамалар және  іс-қимыл жоспарларын әзірлеу бойынша ұсыныстар жасаған болатын[19].

2010 ж. 8-ші маусымда Стамбұл қаласында АӨСШК мүше-елдерінің мемлекет пен үкімет басшыларының  3-ші Саммитінде Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ төрағалығы, қауіпсіздік және жаһандану дәуіріндегі жаңа қауіп-қатерлер мәселелері, соның ішінде, есірткі мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрес мәселесі күн тәртібінде тұрды. Осы кездесудің барысында төрағалық  Кеңестің тарихында бірінші рет Қазақстаннан Түркия Республикасына табыс етілді[20]. Саммит барысында Таяу Шығыс мәселесі, соның ішінде Иранның ядролық бағдарламасы, Израиль және Түркия арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы сынды сұрақтар қарастырылды. Сонымен қатар, Сенім шаралар тізімдемесі шеңберінде қауіптілігі кем түспесе, арта түскен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес іс-әрекет Жоспары талқыланды. Көріп отырғанымыздай, АӨСШК шеңберінде халықаралық қауымдастықты алаңдататын жаһандық дерттер лаңкестік, экстремизм, сепаратизм, заңсыз миграция және де есрткі тасымалына қатысты көптеген іс-шаралар жасалып, біршама құжаттар қабылданды. Алайда бұл қауіпті күштерге тойтарыс беруде бұл шаралар жеткіліксіз. Сондықтан да ең алдымен:

1. Кеңеске мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, яғни мемлекеттер арасында арнайы қызмет және құқық қорғау органдары арасында тығыз ынтмақтастық орнату арқылы ортақ Бағдарлама қабылдау және институционалды тетіктер құру қажет;

2. Қабылданған құжаттар тек декларативті түрде қалып қоймай, нақты істерге бағытталуы негізінде императивты түрге көшуі тиіс. Қол қойылған мәселелер бойынша жүзеге асыру тек ұсыныс ретінде емес, міндетті сипатқа ие болу қажет. Бұл тұста айта кететін жайт, тек қатаң жазаны қолдану, бұл өз кезегінде мәселелерді шешуге жол ашылады;

3. БҰҰ, НАТО, ШЫҰ, және ҰҚШҰ секілді жаһандық және аймақтық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Өйкені бұл ұйымдар шеңберінде лаңкестікпен, есірткіна заңсыз айналымына және оларды қаржыландыруға қарсы күреске жауап беретін арнайы құрылымдары бар.

Қорытындылай келе, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев мәлімдегендей: «Ұжымдық дипломатияның барлық мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, біз халықаралық лаңкестік, діни экстремизим, ұйымдасқан қылмыс, есірткі тасымалы және заңсыз миграцияға қарсы  бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз қажет»[21]. Сондықтан АӨСШК қызметінің курсын нақты таңдау, механизмдерін жетілдіру негізінде ғана бұл форумның  жемісті де нәтижелі жұмыс атқаратына сенімдіміз.    

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Садуллаев Ф. Вопросы борьбы с наркотической угрозой на пространстве ШОС // Мат-лы междунар. науч.-практ. конф. «10 лет по пути безопасности и сотрудничества: успешный опыт противодействия современным вызовам и угрозам на пространстве ШОС». - Казахстан  в глобальных процессах. Научное издание. № 1 (27), 2011.  – 121-127 бб.      

2. В Казахстане за 2011 год из оборота изъято порядка 300 кг. наркотиков // [Электронды ресурс] URL: http://www.bnews.kz/ru/news/post/66109/

3. Декларация СВМДА об устранении терроризма и содействии диалогу между цивилизациями от 4 июня 2002 года // Сборник нормативных правовых актов по вопросам борьбы с международным терроризмом и экстремизмом / Сост. Е.Б. Ахметов. - Алматы: Раритет, 2007. – 330 с. – 226 б.

4. Гаагская конвенция по опиуму от 23 января 1912 года // [Электронды ресурс]URL:http://online.zakon.kz/?m=f&page=2&sort=0&cl=%272590%27%3b%272597%27%3b

5. Гафаров З.М. Преступления международного характера в глобализирующемся мире. – М.: ОЛМА-ПРЕСС, 2006. – 544 с. – 195 б.

6. Выступление на 47-й сессии Генеральной Ассамблеи ООН. Нью-Йорк, 5 октября 1992 г. // Внешнеполитические инициативы Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева. Историко-документальное исследование / Нурымбетова Г., Кудайбергенов Р. Вступительные статьи: Селиверстов С.В. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2010. – 384с + 8 вкл. – 128 б.

         7. Абусеитов К.Х. СВМДА: видение Казахстана // Дипломатический курьер. Издание МИД РК. - № 1-2. – Январь-май. - 2001. - 109-112 бб.

8. Макашева К.Н. Роль СВМДА в обеспечении региональной безопасности // Вестник КазНУ им. аль-Фараби. Серия международные отношения и международное право. - № 5-6 (49-50). - 2010. - 56-59 бб.

9. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың          АӨСШК-тің бірінші саммитін ашу кезіндегі сөзі // Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты // [Электронды ресурс] URL: http://www.akorda.k / kz/kazakhstan/conference_on_interaction_and_confidencebuilding_measures_in_asia/speech_by_president_nursultan_nazarbaev_at_the_first

10. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі // Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты. [Электронды ресурс]URL:http://portal.mfa.kz/portal/page/portal/mfa/kz/content/policy/security/conference.

11. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Алматы актісі // Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты // [Электронды ресурс] URL: http://www.akorda.kz/kz/ kazakhstan/conference_ on_ interaction_and_confidence_building_measures_in_asia/almaty_act

12. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығы // АӨСШК хатшылығының ресми сайты [Электронды ресурс] URL: http://www.s-cica.kz/page.php?page_id=65&lang=2

13. Шабарбаева А.Б. СВМДА как инструмент многостороннего взаимодействия в сфере обеспечения безопасности в Азии // Analytic. Информационно-аналитический журнал. - № 4 (50), 2009. – 52-57 бб.

14. Кришталев Е. Стамбул в ожидании саммита СВМДА // [Электронды ресурс] URL: http://www.vestikavkaza.ru/analytics/politika/20654.html

15. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі // Қазақстан Республикасының сыртқы істер Министрлігінің ресми сайты. [Электронды ресурс]URL:http://portal.mfa.kz/portal/page/portal/mfa/kz/content/policy/security/conference.

16. Шабарбаева А.Б. Көрсетілген еңбек. – 54 б.

17. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығы // АӨСШК хатшылығының ресми сайты. [Электронды ресурс] URL: http: www.S-cica.com/

18. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі // Қазақстан Республикасының сыртқы істер Министрлігінің ресми сайты. [Электронды ресурс]URL:http://portal.mfa.kz/portal/page/portal/mfa/kz/content/policy/security/conference.

19. Шабарбаева А.Б. Көрсетілген еңбек. – 56 б.

20. Звонарев А. «Азиатская двадцатка». Казахстан предложил сделать СВМДА основой для новой архитектуры евразийской безопасности // [Электронды ресурс] URL: http://news.gazeta.kz/art.asp?aid=355241

21. Платформа безопасности континентального масштаба. Президент Н.А. Назарбаев выступил на открытии III Саммита СВМДА и предложил создать «азиатскую двадцатку» // [Электронды ресурс] URL: http://www.zakon.kz/17476

1-prezident-n.-nazarbaev-vystupil-na.html