Әбілқасым Е.Ә.  халықаралық құқық мамандығы бойынша

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

 

ШЫҰ ШЕҢБЕРІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ, КӨПЖАҚТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ НОРМАТИВТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ БАЗАСЫНЫҢ ДАМУЫ

 

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне байланысты бастапқы құжаттарына «ШЫҰ мүше-мемлекеттердің Үкіметтерінің арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен мақсаттары туралы және сауда мен инвестиция саласындағы қолайлы жағдайлар жасауға байланысты процесті іске қосу туралы Меморандумды» жатқызуға болады. Аталған құжатқа алты мемлекеттің үкімет басшалары ШЫҰ Алматыдағы 2001 жылдың 14 қыркүйектегі мұндай форматта алғаш орын алған кездесуінде қол қойды. Сонымен қатар, Үкімет басшыларының Кеңесі (ҮБК) 2003 жылы қабылдаған «ШЫҰ мүше-мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығының бағдарламасы» (КСЭЫ бағдарламасы). Бағдарлама ШЫҰ шеңберіндегі өзара экономикалық ынтымақтастықтың 2020 жылға дейінгі дамуының негізгі этаптары мен бағдарларын, әрекеттердің ретін, сондай-ақ оларды жүзеге асыру механизмдерін анықтайды. Меморандумда бекітілгендей, «сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдайлар жасау» «теңдік, өзара құрметтеу және өзара тиімділік, кемісітпеу, сатылылық, ашықтық қағидаларына» негізделуі тиіс. КСЭЫ бағдарламасында ШЫҰ мүше-мемлекеттердің экономика саласындағы өзара әрекеттерінің негіздері нақтыланған. Ол жерде көрсетілгендей, мұндай өзара әрекеттестік «теңдік, нарықтық қатынастар, өзара құрметтеу және өзара тиімділік, кемісітпеу және ашықтық, сатылылық қағидаларына негізделе отырып, пайда болған мәселелерді әр мемлекеттің мүддесін ескере отырып өзара кеңесу арқылы дамитынын көрсетеді. Бұл жерде «нарықтық қатынастарды» ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастыққа негіз болатын, халықаралық экономикалық тәртіптің негізгі қағидаларының бірі ретінде тану қажеттілігін атап өткен жөн [1]. Басқа маңызды элемент, бұл ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық процесінде мүше-мемлекеттер әр елдің даму деңгейін ескеруі туралы ереже болмақ. Аталған құжаттарда көрсетілген экономикалық ынтымақтастықтың даму негізі халықаралық құқықтың негізгі қағидаларына, сондай-ақ қазіргі халықаралық экономикалық құқықтың (ХЭҚ) арнайы қағидаларына да сүйенеді. Соның ішінде, өзара тиімділік және кемісітпеу қағидалары [2]. Меморандум мен Бағдарлама халықаралық шарттың көпжақты мемлекетаралық актісі формасындағы бір түрі болып табылады. Черниченко С.В. айтуынша, халықаралық құқық шарттың міндетті формасын бекітпейді. Осыған байланысты, Вельяминов Г.М. «шарттың құқықтық күші және әрекеті оның атауы мен формасына заңды түрде тәуелді емес» деп атап көрсетеді [3]. Халықаралық құқықтық мағынада халықаралық шарттың орындалғаны немесе орындалмағаны үшін жауапкершілік кімге жүктелетіні маңызды.

ШЫҰ мүше-мемлекеттерінің ХЭҚ қағидаларын конвенциялық түрде бекітуі маңызды, өйткені ХЭҚ арнайы қағидалары әмбебап халықаралық-құқықтық танылмаған және оларды халықаралық құқықтың императивті қағидаларына жатқызуға болмайды.   Айта кететін жайт, бұл жағдайда ШЫҰ ұстанымы мысалы, ЕҚЫҰ салыстырғанда прогрессивті, өйткені кемісітпеу қағидасы да, өзара тиімділік қағидасы да ЕҚЫҰ 1975 жылғы Қағидалар Декларациясы Хелсинк Қорытынды актісіне енгізілмеген. ШЫҰ экономикалық саладағы алғашқы мақсаты – «тауарлар, капиталдар, қызметтер мен технологиялардың еркін қозғалысын біртіндеп қамтамасыз етуге жағдай жасау». Бұл формуланың анализі көрсеткендей, ШЫҰ шеңберінде минималды бағдар ретінде біртіндеп еркін сауда режимін енгізу болатын. 

Толық зерттелген, соның ішінде, Вельяминов Г.М. зерттеген интеграциялық процестің сатыларының сыныпталуына сәйкес, еркін сауда зонасы (режимі) интегрцияның бірінші сатысы және оған жылжудың қарапайым формасы болып табылады. Ол мүше-мемлекеттер арасында өзара тауар саудасында кедендік және басқа да шектеулерді алып тастауды білдіреді. Шындығында, КСЭЫ Бағдарламасы «Тараптардың халықаралық міндеттемелері шеңберінде өзара саудада тарифтік емес, тарифтік кедергілерді біртіндеп жоюға» бағытталған [4]. Сонымен қатар, ШЫҰ алғашқы экономикалық мақсаты айтарлықтай еркін сауда аймағы түсінгі шеңберінен шығады, өйткені тек қана тауарлардың емес, сонымен қатар «капиталдар, қызметтер мен технологиялардың» еркін қозғалысы да мәлімделген болатын. ХЭҚ ғылымында қолданылатын интеграциялық формалардың сыныпталуы бойынша, бұл мақсаттар ортақ нарық құру формасындағы интеграцияның әлдеқайда жоғарғы сатысының мазмұнына тән.  «Ортақ нарық» түсінігі мағынасы бойынша, оны құру үшін төрт «еркіндікті» жүзеге асыруды білдіреді – тауарлар, қызметтер саудасы еркіндігі, капиталдар қозғалысы және жұмыс күшінің миграциясы еркіндігі [5].  ШЫҰ формуласында Қытай мен ШЫҰ басқа елдерінің адам ресурстарының  сәкес келмеуі себепті, жұмыс күшінің қозғалысы еркіндігі мәселелері жоқ. Сонымен, ШЫҰ бастапқы құжаттарының ережелері  ШЫҰ шеңберінде, жоғарыда аталған еркін еңбек ресурстары нарығы саласын «ортақ нарықтың» классикалық түсінігінен алып тастай отырып, ықшамдалған ортақ нарық құру мақсатын көздейді десе болады. Сонымен қатар, Меморандумда одан да терең экономикалық қатынастар формасы мен бағыттары қарастырылған. Мысалы, мынадай мақсаттар қойылған, «бірлескен кәсіпорындарды дамытуға ықпалдасу», «ШЫҰ мүше-мемлекеттердің әкімшілік-аумақтық құрылымдары арасындағы әр түрлі формада жүзеге асатын тікелей байланыстарды қолдау және ынталандыру», «аумақтық экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асыру механизмдерін құру және жүзеге асыру» [6].   КСЭЫ Бағдарламасы экономикалық ынтымақтастықтың аталған мақсатын «ұзақ мерзімді перспективаға (2020 жылға дейін)» жатқызды. Ол, жақын болашақта ШЫҰ шеңберінде бірлесе отырып, сауда және инвестиция саласында қолайлы жағдайлар құру мақсатында тұрақты, болжамды және транспарентті ережелер мен процедуралар жасау мақсатын нақтылады. Жоғарыда аталғандай, интеграциялық сипаттағы элементтер де көрініс тапты. Соның ішінде, Бағдарламаға келесі мәселелер туралы ережелер енді, мүше-мемлекеттермен «бірлескен бағдарламалар мен жобалар жасалады», сондай-ақ, «ШЫҰ транзиттік транспорт потенциалын бірлесіп пайдалану», «инновациялық ынтымақтастықты дамыту механизмдері мен нормативті-құқықтық базасын құру». Сауда және инвестициялық саясат саласындағы заңнаманы үйлестіру бойынша шаралар қарастырылды. Басқа жағынан қарасақ, экономикалық одақ құру - біртұтас экономикалық кеңістік құру немесе үйлестіру, кейіннен бірыңғай (ортақ) бюджеттік, салық және сауда саясатын жүргізу дегенді білдіреді, бірақ ШЫҰ құжаттарының ондай мақсаты болмады. Мемлекеттердің шынайы интеграцияланған экономикалық бірігу сатысына өту үшін қажетті шарт болып табылатын бірыңғай кедендік кеңістік құру мәселесі бойынша, кедендік одақ құру мақсатының орнына КСЭЫ Бағдарламасында «кедендік рәсімдерді жетілдіру» туралы ғана пункт бар. ШЫҰ экономикалық ынтымақтастық қағидалары Бішкек шартында 2007 жылы шарттық нормалар түрінде халықаралық-құқықтық көрініс тапты. ХЭҚ аталған нормаларына қосымша, мүше-мемлекеттер өздеріне келесідей міндеттемелер алды: «заңды шаруашылық қызметін атқаратын, басқа Келісуші Тараптың жеке және заңды тұлғаларының қызметі үшін өз аумағында құқықтық жағдайлар жасау, сонымен қатар, өз аумағында мұндай жеке және заңды тұлғалардың мүддедерін қорғау» (13 бап). Ең алдымен, шарттың баптарында ортақ нарық (тауарлар, қызметтер және капиталдардың еркін қозғалысы) құру туралы тікелей көрсетілмеген. Оның орнына тараптар «ШЫҰ шеңберінде сауданың дамуы үшін, инвестицияларды ынталандыру және технологиялар алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасайды» деген тұжырымдама бар. Сонымен қатар, шартта аумақтық жобаларды жүзеге асыруды әр түрлі формада ынталандыру міндеттемесі бар. Бішкек шартын жасау ШЫҰ мүшелеріне, іс жүзінде еркін тауар, капитал, қызмет және технология қозғалысы режимін құру арқылы экономикалық жақындасу халықаралық-құқықтық моделінен бас тарта отырып, экономикалық әрекеттестік саласындағы алғашқы ұстанымдарды түзетуге мүмкіндік берді. Бішкек шартының ережелерін ШЫҰ мүшелері 2003-2007 жылдар аралығындағы бірлескен қызмет тәжірибесіне сүйене отырып, декларативті, бірақ бекітілмеген ортақ нарық құру сияқты экономикалық мақсаттардан назарын, өнеркәсіптік кооперацияларды дұрыс жолға қоюға қажетті алғышарттарды жасау бойынша практикалық жұмысқа және ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық қызметті халықаралық-құқықтық реттеу механизмдері мен шынымен қол жеткізуге болатын формаларды ең алдымен жекелеген көпжақты жобаларды жүзеге асыру арқылы ауыстырды деп қарастыруға болады.       2004 жылы «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы Бағдарламасын орындауға байланысты шаралар Жоспары» қабылданды (ШЫҰ ҮБК шешімі 23.09.2004ж).   Аталған құжат Бағдарлама ережелерін нақтылай түседі, ол жерде мүше-мемлекеттермен келісілген бірлескен қызметтерді ұйымдастыру бойынша ең басты шаралар тізімі бар: стандарттар мен ұлттық заңнамаларды ШЫҰ бастамасымен болған нақты инвестициялық жобаларға дейін үйлестіру (барлығы 127 пункт).        ШЫҰ кеңістігінде экономикалық қатынастарды реттейтін ортақ бірлескен нормалар мен ережелерді құрудың алғашқы нәтижелерінің бірі, 2005 жылы қабылданған «ШЫҰ мүше-мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы Бағдарламасын орындауға байланысты шаралар Жоспарын жүзеге асыру Механизмі болды (ШЫҰ ҮБК 2005 жылы 26 қазанда қабылдаған). Бұл құжатта ШЫҰ шеңберінде жүзеге асыруға ұсынылған инвестициялық жобаларды қарастыруға ұсыну және келісілу тәртібін реттейтін талаптар мен ережелер унификацияланған. Құжат шаралар Жоспарын жүзеге асыру бойынша ұсыныстар жоғарғы лауазымда тұлғалар Комиссиясының үйлестіруі арқылы Арнайы жұмыс топтары шеңберінде мүше-мемлекеттердің сарапшыларымен дайындалатынын қарастырады. Жобалар ШЫҰ бірлескен жобаларды мақұлдау туралы органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылатын болады. Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша негізгі жұмыс топтары болып, сыртқыэкономикалық және сыртқы сауда қызметтеріне жауап беретін ШЫҰ мүше-мемлекеттердің министрлер Жиналысы жанындағы негізгі ынтымақтастық бағыттары бойынша Арнайы жұмыс топтары (АЖТ), сондай-ақ министрлер Жиналысы жанындағы жоғары лауазымды тұлғалар Комиссиясы анықталды. Сондай-ақ халықаралық автокөлік тасымалы үшін қолайлы жағдайлар туғызу туралы үкіметаралық Келісім жасалуда, сәйкестікті бағалайтын техникалық регламенттерді, стандарттарды және рәсімдерді қолдану саласында ынтымақтастық бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда 2004 жылы қабылданған шаралар ШЫҰ Хатшылығының сарапшыларына мынаны түсінуге негіз болды: «осы уақытқа дейін ШЫҰ шеңберінде экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін ұйымдастырушылық механизмдер және құқықтық фундамент негіздері қалыптасты».    

              

Қолданылған әдебиеттер:

1 Лукашук И.И. Международное право Особенная часть. М.2005. 208-209 бет.

2 Вельяминов Г.М. Международное экономическое право и прогресс. М.2004. 103-177 бет.

3 Ильин Ю.Д. Международное публичное право. Лекции. М.2002. 181-182 б.   

4 ШЫҰ мүше-мемлекеттердің КСЭЫ Бағдарламасы. 1 бөлім.

5 Вельяминов Г.М. Международное право и процесс. М.2004. 67 бет.

6 ШЫҰ мүше-мемлекеттердің Үкіметтерінің арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен мақсаттары туралы және сауда мен инвестиция саласындағы қолайлы жағдайлар жасауға байланысты процесті іске қосу туралы Меморандумды. 14.09.2001 ж. 1 бап.