Булеева С., халықаралық құқық мамандығы бойынша

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

 

ДСҰ шеңберінде зияткерлік меншік құқығын қорғаудың халықаралық-құқықтық қырлары

 

        Ғылым мен техниканың дамуы, тауарлар мен қызметтерде көрініс табатын ғылыми прогрестің жетістіктерімен халықаралық деңгейде алмасудың тез таралуы зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелерінің тууына әсер етті.  Соңғы он жылда әлемдік экономикада зияткерлік меншіктің рөлі айтарлықтай өсті. Мамандардың есебі бойынша зияткерлік құқық дүниежүзілік тауар айналымының құрамдас бөлігі ретінде шамамен 1% құрайды. Дүниежүзілік Сауда Ұйымы шеңберінде зияткерлік меншік құқығын қорғаудың құқықтық негізі зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері бойынша келісімде (ТРИПС) өз көрінісін табады. ТРИПС ДСҰ-на мүше болуда міндетті келісім болып табылатындықтан, оның ережелерімен сәйкес ұлттық заңнаманы жасау қажет. Бұл келісімнің мазмұны, пәні авторлық және сабақтас құқықтар, өндірістік өнертабыстар, патенттер, тауар белгілері, географиялық атаулар, интегралды сызбалар мен топографиялар болып табылатын басқа да халықаралық конвенцияларымен үйлеседі. ТРИПС халықаралық саудада маңызды салаларының бірі ретінде зияткерлік меншік құқығын қорғаудың қатал нормаларын жасап, оны жүзеге асыруда Келісімнің қатысушыларынан, яғни ДСҰ мүшелерінен айтарлықтай шығындарды талап етеді. Барлық елдер өздерінің сот және әкімшілік базасын айтарлықтай кеңейтуге,  тауар белгілері мен маркаларын тіркеу жүйесін жақсартуға, компьютерлік ақпарат жүйелерін құруға, бақылау механизмін жасауға, осы Келісімді іске асыру механизмінің кәсіби маманын дайындауға  міндетті. Алайда Келісімді жүзеге асырудың жағымды жағы ғылыми өнеркәсіпке және жоғары интеллектуалды деңгейімен тауар өнеркәсібіне инвестицияларды бөлуге недәуір стимулдардың пайда болуы болып табылады. Сонымен, қазіргі таңда халықаралық құқықтық аспектілерде зияткерлік меншік мәселелерімен негізінен ТРИПС келісімі шеңберінде екі халықаралық ұйымдар: ВОИС және ДСҰ айналысады. ВОИС XIX ғасырда құрылды, ал 1974 жылы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін БҰҰ-на мамандандырылған мекемеге айналды.  

         Зияткерлік меншік аясында халықаралық ынтымақтастықтың басқа да бағдарламалары бар, соның ішінде ЮНЕСКО шеңберіндегі бағдарламалар, алайда бұл мақалада ТРИПС-ке қатысты мәселелер мен ДСҰ мен ВОИС арасындағы өзара қатынасқа тоқталып кетсем деймін. Алдымен, ТРИПС келісімі бойынша қысқаша талдау жасап кеткен жөн: ТРИПС келісімі кіріспе сөзбасынан (преамбула) және  VII бөлімнен тұрады [1].        I – Жалпы ережелер мен негізгі принциптер. (1 – 8 баптар).       Осы жерде үш негізгі жайттар айтылады.         Алдымен, зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелеріне қатысты «ұлттық режим» және «ең қолайлы ұлт режимі» бекітіледі. Екінші және неғұрлым қызықты жәйт, бұл ұлттық режимді қамтамасыз ету мәселелері бойынша Париж, Берн, Рим және Вашингтон келісімдеріне сілтеудің бар болуы.   Соның ішінде, 5 бапта ВОИС келісімінің қатысушылары осы келісімдерде қарастырылған ұлттық режимді қамтамасыз ету принциптерін басшылыққа алады [2]. Соның ішінде Париж Конвенциясының 2 бабында патенттерге қатысты ұлттық режим қарастырылды [3]. Келісімнің мақсаттары мен принциптері қысқаша халықаралық сауданы жүзеге асыруда тосқауылдарды жою деп айтуға болады. Бұл тосқауылдар экономикада салдарлары болатын зияткерлік меншіктің бұзылуы болып табылады.         Келісімнің II бөлімі (9-40 баптар) зияткерлік меншіктің нақты объектілерімен байланысты мәселелерді реттеуге қатысты нормалар мен үлгілерін қамтиды. ТРИПС келісімі, ағылшын аббревиатурасында «Trade Related» сөзі «сауда аспектілері» емес, «саудаға қатысы бар» деп аударылады, әр бөлімге қатысты келесі объектілерді көрсетеді:  Авторлық құқық (9-14 баптар);Тауар маркалары (15-21 баптар); Географиялық сілтемелер (22-24 баптар);Өнеркәсіптік үлгілер (25-26 баптар); Патенттер (27-34 баптар); Интегралды микросхемалар (35-38 баптар); Сауда құпиялары (39 бап).

Келісімнің III  бөлімі келесі тараулардан тұрады. Тиімді құқық пайдалануды қарастыратын «Жалпы ережелер»; «Азаматтық құқықтық және әкімшілік-құқықтық процедуралар мен тәсілдер». Осында азаматтық-құқықтық қорғау тәсілдерінің үлкен спектрі, нарыққа жалған өнімдерді шығаруды және олардың бағаларының төмендеуіне жол бермейтін зияткерлік меншік құқығын бұзушылардың қызметін тоқтату бойынша сот құзіреті, барабар өлшемдерде залалдарды өтеу мәселелері қарастырылады.  Зияткерлік меншікке қатысты заңсыз қызметті тоқтату бойынша сот юрисдикциясына қатысы бар «уақытша шаралар». Шетелге жалған тауарларды өткізу бойынша «шекара бойындағы шаралар». «Қарақшылық» («Пиратство») үшін жазаларды қарастыратын қылмыстық нормаларға қатысты «қылмыстық шаралар» (61бап). IV бөлім зияткерлік меншік құқығын иеленуге арналған. Осында II бөлімде айтылған объектілер бойынша келісімнің мақсаттарымен сәйкес келетін тіркеу процедураларының қол жетімділігі мен оңайлығы туралы айтылады.  V бөлім «Дауларды алдын алу және реттеу». VI бөлім «Өтпелі шаралар». Барлық елдер 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап Келісімге сәйкес өз заңнамасын жасауға 1 жыл көлемінде уақыт алды. Дамушы елдер үшін бұл уақыт 11 жылды құрады. VII бөлім – «Қорытынды ережелер».

Сонымен, зияткерлік меншік аясында халықаралық ынтымақтастық негізінен ТРИПС және ВОИС келісімдерімен реттеледі.  ТРИПС келісімі зияткерлік меншікті реттеу принциптерін негізге ала отырып, қолданыстағы құжаттарды жалпылайды. БҰҰ-на мамандандырылған мекеме ретінде құрылған ВОИС екі қарама-қарсы саяси жүйелер жағдайында зияткерлік меншік мәселелерін реттеуге бағытталған. Халықаралық экономикалық интеграция жағдайында зияткерлік меншік мәселелерінде белгілі бір кепілдіктер қажет. ВОИС жасайтын құжаттарға қарағанда ТРИПС келісімі қатысушыларына келісімдегі стандарттарға сәйкес құқық қолдануды қамтамасыз етуді белгілейді.        ДСҰ ВОИС-қа қарағанда басқа принциптерге негізделеді және осы екі халықаралық ұйымдар юрисдикциясында белгілі бір бәсекелестік орын алады. 1995 жылы  қабылданған ВОИС және ДСҰ арасындағы ынтымақтастық туралы келісім осы мәселені шешуде маңызды рөл атқарады [4].       Келісімнің қысқаша жоспары келесі. Кіріспе сөзбасы: «Өзара игі ниетті қатынасты орнату және өзара ынтымақтастықтың шараларын қабылдау мақсатымен екі жақ келесі аталғандармен келіседі».      Келісім 5 баптан тұрады: «терминдер мен қысқартулар» (жалпы түсінік) «нормативтік актілер мен нұсқаулар». ВОИС халықаралық бюросы ВОИС мүшелері мен оның құзырындағы адамдарына секілді бірдей жағдайда, бірдей уақытта ДСҰ хатшылығына, ТРИПС бойынша кеңеске, ДСҰ-н құру туралы келісім қатысушыларына нормативтік актілер, нұсқаулар, аудармалар, компьютерлік дерекқорлар көшірмесін ұсынуға кепілдік ету керек. ДСҰ мен ТРИПС бойынша кеңес өз кезегінде ұқсас қызмет көрсету тиіс.  ДСҰ мүше мемлекеттер ішіндегі зияткерлік меншік құқығын қорғаумен байланысты сот шешімдері, нұсқаулар мен шаралар туралы ТРИПС бойынша Кеңеске, егер бұл шешімдер ВОИС халықаралық бюросының тіркеліміне берілген болса, хабарламауға құқығы бар.  Егер ДСҰ мүшесі ВОИС тіркеліміндегі жаңа құжат жайында ТРИПС бойынша Кеңеске хабарласа, Хатшылық ВОИС халықаралық бюросына құжаттар көшірмесін сұрауға құқығы бар. «Заңды-техникалық көмек және ынтымақтастық» ДСҰ хатшылығы мен ВОИС халықаралық бюросы арасында өзара ақпарат алмасу, өзара көмек пен кеңесті қарастырады.  Қорытынды ережелер. Келісім 1996 жылы 1 қаңтарда өз күшіне енді. Оған қоса, 2001 жылы ВОИС пен ДСҰ-ның дамушы елдерде зияткерлік меншік мәселелері бойынша бірлескен бағдарламасы іске қосылды [5].       Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесі қазіргі таңда көкейтесті мәселеге айналып отыр. Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жолы еліміздің әлемдік саудаға қатысу шарттарын әзірлеудің ұзақ әрі оңай емес процесімен байланысты. Алдымен, ДСҰ жүйесі ондаған жылдар бойы құрылғанын атап өту қажет. Бүгінгі күні бұл орасан зор әрі кеңінен тарау алған құрылым, оған жекелеген елдер бірізділікпен бірте-бірте бейімделіп келген. Қазақстанның алдында экономикамызға зиян келтірместен, ДСҰ жүйесінің барлық жиынтығын өте қысқа мерзімде енгізу міндеті тұр.
Ұлттық заңнаманы ДСҰ-дың ТРИПС атаулы зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге сәйкестендіру және зияткерлік меншік құқықтарын барабар қорғауды қамтамасыз ету мемлекетіміздің ДСҰ-ға кіруі үшін қойылатын негізгі талаптардың бірі екені баршамызға мәлім.
Осыған байланысты, зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру және Қазақстан аумағында осы саладағы құқықтарды тиімді қорғауды қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шаралар қолданды.
Зияткерлік меншік құқықтарын бұзған үшін ұлттық заңнама бойынша қылмыстық, әкімшілік және азаматтық жауапкершілік көзделетіні белгілі. Бірақ бұл заңдар өте «жұмсақ» болғандықтан, зияткерлік меншік құқығын жеткілікті қорғауды қамтамасыз етпеген.

         Сондықтан 11 заңнамалық актілерге, атап айтқанда, қылмыстық және әкімшілік заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, қылмыстық және әкімшілік заңнамада зияткерлік меншік объектілерін заңсыз пайдалануға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік шаралары қатаңдатылды, сондай-ақ жауапкершілік туындайтын басқа да жағдайлар бөлініп нақтыланған. Одан басқа контрафактілі өнімді ғана емес, құқық бұзушылық жасау құралы болған заттар да тәркіленеді. Осылайша, Қазақстанның қолданылып жүрген заңнамалық базасы зияткерлік меншік объектілерін тиісті түрде қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және тұтасымен ТРИПС-тің негізгі талаптарына сәйкес келтірілді.
Алайда, қолданылып жүрген заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында 2005 жылғы наурызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталған Заңмен өнертабыстарды патенттеу рәсіміне түпкілікті өзгерістер енгізілді, қорғау құжаттарын беру мерзімдері қысқартылды және өнеркәсіптік объектілерге сараптама жасау тәртібі жетілдірілді.

         Одан басқа, қазіргі кезде кеден органдарына контрафактілік белгілері бар зияткерлік меншік объектілерін қамтитын тауарлардың сыртқа шығуын тоқтата тұру және дербес, құқық иеленушінің өтінішін күтпестен (ТРИПС Келісімінің 58-бабы – ех оfficio әрекеті), қылмыстық істі тергеу бойынша қосымша өкілеттіктер беру жөнінде мәселе қойылып отыр.

         Мемлекеттік органдар мен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар арасында зияткерлік меншік құқығын қорғау жөнінде өзара іс-қимыл жасау туралы меморандумдарға қол қойылды. Олардың ішінде BSA (Бүкіләлемдік бағдарламалық қамтамасыз ету жасаушылар ассоциациясы), IFPI (Дүниежүзілік фонограмма жасаушылар федерациясы) бар. Одан басқа, Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар мен зияткерлік меншік құықтарын қорғау саласында бірлесіп іс шара жүргізу туралы бірлескен бұйрықтар жасаған. Осы бұйрықтарға сәйкес жыл сайын «Интеллект», «Контрафакт» акциялары өткізіледі. Зияткерлік меншік саласында жүргізген тиімді жұмыстар әлемдік қауымдастық тарапынан байқаусыз қалмағанын айта кеткен жөн
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы аталған оң жетістіктер Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіру процесіндегі маңызды қадамы. Осы ұйымға кіру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі тарапынан барлық қажетті шаралар алдын ала жасалды деуге болады. Жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады: зияткерлік меншікті құқықтық реттеудің тәжірибесі, ВОИС қызметінің көп жылғы ақпарат қоры екі ұйымның өзара жұмыс істеуін қажет етеді. ВОИС болашақта гуманитарлық-ағартушылық және кеңестік ұйым рөлін атқаруы мүмкін, қазіргі таңда оның қызметі бұрынғыдай өте маңызды. ТРИПС бойынша келісімі халықаралық құқықты да, зияткерлік меншік құқығын да дамытады, бұл зияткерлік меншік мәселелері бойынша халықаралық реттеу аясын экономикалық және гуманитарлық аяларына заңды бөлуді қажет етеді. Ал Қазақстанның осы мәселеге қатысты қазіргі таңда ТРИПС талаптарына сәйкес зияткерлік меншік аясында ұлттық заңнаманы жасау жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстанда зияткерлік меншік объектілерін қорғау бойынша бірнеше заң актілері әрекет ететінін айтып кеткен жөн. ТРИПС талаптарының көпшілігі Қазақстан Республикасының «тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылатын орындар атауы», Патенттік заң, «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы», «Авторлық және сабақтас құқытар туралы», Азаматтық кодекс секілді заңдарда өз көрінісін атпты. Сонымен қатар, Қазақстан  зияткерлік меншік саласы бойынша көптеген халықаралық конвенциялар мен халықаралық келісімдер мүшесі болып табылады.

 

Пайдалынған әдебиеттер:

 

1.  www.wto.org  Дүниежүзілік сауда ұйымының ресми сайты

2. www.wipo.org ВОИС ресми сайты

3. 1967ж. Париж келісімі

4. www.wipo.ru ДСҰ мен ВОИС арасындағы ынтымақтастық туралы келісім  

5. Рим конвенциясының мемлекетаралық комитетінің он жетінші кезекті сессиясында сөйлеген М. Вальтердің баяндамасы.