Жумабекова А., халықаралық құқық мамандығы бойынша

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

 

Ядролық қаруды таратпау туралы шарты: кемшіліктері мен олқылықтарын табу аспектіндегі жалпы жүйелік талдау

 

Ядролық қаруды таратпау туралы шарты - (ЯҚТШ)-ның мазмұнын талдай отырып, оның Х бабында КХДР-ның шарттан оңай ғана шыға отырып, ядролық сынақтарды жүргізуіне орай берілген баптың маңызын басқалай бағалау қажеттігі туындады. Басты себебі ретінде, баптың ЯҚТШ-ның кез-келген мүшесі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік мәселесіне қауіп төнген жағдайда шарттан шығуға мүмкіндігі бар екендігін айту қажет. Мұндай мемлекет шарттан шығуы туралы мемлекет-депозитарийлерге және БҰҰ-на алдын-ала ескерту жіберуі қажет. Осылайша алты айдан соң мемлекет шарттан барлық міндеттемелерінен босатылады.

КХДР тарапынан болған келеңсіз жағдай мемлекеттердің ЯҚТШ шеңберіде қала отырып, ядролық технологияларын дамыта алатындығын, ал қажетті жағдайда Шарттан шығып, ешбір жауапкершілікке де тартылмауына да мүмкіндігі бар екендігін көрсетеді. Бірте-бірте мұндай жағдайға жол берілмеу қажеттігі туындады. Осындай мәселелерге қатысты, ядродан азат мемлекеттер тарапынан біршама ұсыныстар жасалды. Біріншіден, ЯҚТШ-нан шығуға тыйым салу. Бұл тұрғыдағы ұсыныс мемлекеттердің егемендігіне және қалыптасқан жалпы халықаралық-құқықтық тәжірибеге қарама-қайшы деп танылды. Екінші ұсыныс ЯҚТШ-нан шығуға бел буған мемлекеттерге шартқа қатысу барысында иеленген барлық артықшыларынан бас тартумен ұштастырылды. Шарттан шығу барысында мемлекеттерге жеткізушілерге ядролық құрал-саймандарды, материалдарды, технологияларды қайтаруға мәжбүр ету және оған қоса, мұндай жеткізілімдерге тыйым салу қарастырылды. Шартқа тікелей өзгертулер енгізу қажеттігін талап ететін мұндай ұсыныстар дамушы елдер тарапынан наразылық тудырып, сол күйі ұсыныс күйінде ғана қалып қойды. Тәжірибеге сүйенетін болсақ, алынған материалдарды бейбіт жолмен қайтарып алу мемлекетке қарсы қолданылатын әскери күшке жүгінусіз іске аспайтындығы да мәлім.

ЯҚТШ-ның қағидаларының мақмұнын қарастыра және талдай отырып, Шарттағы жетіспеушіліктер мен олқыылқтарға назар аудармауға болмас. Мұнда басты назарға алу керек жайт, ол Шартта ядролық қарудан азат мемлекет территориясына ядролық қаруды орналастыруға тыйым салу мәселесінің қарастырылмауы. Сонымен бірге ядролық державалардың ядролық қаруды тек өз аумағында ғана негізделуі талабының болмауы.

«Ядролық ғасыр» тәжірибесіне көз жүгіртсек, ядролық алпауыттардың ядролық қаруды өз аумағынан тыс аймаққа, мысалы, бұрынғы КСРО-ның Куба және Чехословакия, АҚШ Турция, кейінірек Италия, Бельгия, бұрынғы ГДР және ФРГ және т.б. басқа мемлеккеттер территориясына орналастыруы нәтижесінде халықаралық қатынастардың ушығуына алып келгендігін байқауға болады.

В.Орловтың пікірі бойынша, шын мәнісінде де мемлекет бақылауына тиесілі емес болса да, оның аумағында ядролық қарудың болуы оның ядролық емес мемлекет мәртебесіне жататындығын білдіреді ме әлде жоқ па деген сұрақ туындайды [123, 7 б.].

 Қазіргі кезде АҚШ пен Ұлыбританияның ядролық қаруы өз территориясынан сыртта орналасқан. Бірінше кезекте АҚШ-тың Германия, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Нидерланды және Турция әуе базаларында орналасқан В61 секілді әуе бомбаларын айта кету керек. Бұдан бөлек, Германияның әскери базаларында Ұлыбританияның «Торнадо» WE-117 сияқты жоюшы-бомбалаушы 50 ядролық тактикалық  әуе бомбалары орналасқан [124, 3 б.].

«Қырғи-қабақ соғыс» аяқталысымен НАТО-ның ядролық қарудың ғаламдық және аймақтық тежеуіші рөліне және оны шектеулі тұрғыда қолдануына қатысты келіспеушіліктер пайда болды. Норвегия, Дания, Люксембург, Португалия, Испания, Греция өз аумақтарында ядролық қаруды орналастыруға және ядролық міндеттемелерді орындауға қатысты арнайы күш бөлуден бас тартты. Дегеніменен, бұл бас тартуларға қарамастан, жоғарыда көрсетілген алты мемлекет те ядролық қаруды АҚШ-ты одақтастарымен байланыстыратын, Еуропадағы маңызды әскери-саяси түйін ретінде және еуропалық мемлекеттердің альянсының жалпы қорғанысының негізі ретінде санайды [124, 4 б.].

Ядролық қарудың ЯҚТШ-ның рухына қарама-қайша келетініне қарамастан, ядролық мемлекеттердің ұлттық территориясынан сыртта орналасуының жалғасуы оның орындалу деңгейіне тікелей әсер ете отырып, әлі де көптеген жақсартуларды керек етеді [ 125, с.65]. Бұл туралы Сыртқы саясат және талдау Орталығының ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің көпжақты ынтымақтастық Департаментінің «ХХІ ғасыр: ядролық қарудан азат әлемді қарсы алу» атты 2001 жылы 29-30 тамыз аралығында өткен конференцияға түсініктемеде айтып өтілген.

Осылайша, ЯҚТШ-на қатысты тыйым салушы нормалар мен өзгертулер енгізу қажеттігі Шарттың ҮІІІ бабының 1,2 тармағында көрсетіліп өткендігін айта кеткен жөн. Әрине, ядролық қарудан азат мемлекеттер аумағынан ядролық қаруды мүлдем алып тастап, оны тек ядролық державалар территориясына көшіру мінсіз табылған шешім болар еді. Дегеніменен, мемлекеттер бұдан да қаттылау міндетті алға қоюы мүмкін, ол аумаққа орналастырылып қойылған ядролық қарудың қолданылуын, я оны әрі қарай дамыту құқығынан айыру, ал егер мұндай шарт жүзеге аспау қаупіне ие болған жағдайда, НАТО-ның Еуропада кеңеюімен байланысты осындай сипаттағы қарулануды өрістетуге немесе жаңа орынға ауыстырылуына жол бермеу. Сол кезде ғана ядролық қаруды немесе ядролық жарылыс заттарын бөгде территориядан шығарып тастау реттеу амалдарының ерекше түріне ие бола алады. Осындай ережелер арнайы келісімдерде көрініс табуы мүмкін.

ЯҚТШ-ның басқа да кемшіліктеріне келетін болсақ, ядролық қаруды таратпау саласындағы белгілі араб сарапшыларының бірі М.Шакер, оның көзқарасы бойынша Шарттағы әлсіз аспектілерін талдай отырып, Шарттың дискриминациялық сипатқа ие, өйткені онда ядролық және ядролық емес державалар арасындағы ерекшеліктер бекітілген екендігін айтады. Бұл ретте Шартты мерзімсіз уақытқа созу, ол уақытылы жағдайдың тұрақталуына уақыт бөлу кезінде ядролық державалардың өзіндік ерекше статусын пайдаланудың әрі қарай жалғасуымен барабар [126, 43 б.].

ЯҚТШ-ның контекстінде БҰҰ-ның Женевадағы бөлімі тұсындағы АРЕ  тұрақты өкілі және қарусыздану Конференциясындағы Египет өкілі М.Захранның көзқарасы есте қаларлық сипатта. Ол Шарттың ережелерінің іске асуын қадағалайтын міндетті қамтамасыз ету үшін «бейтарап және әділ» арнайы ұйымның құрылуы туралы тақырыпты қозғаған [127, 219-220 б.]. Мұндай ұсыныстың жүзеге асуы МАГАТЭ-ге қосымша, жанама немесе оның орнына құрылатын ұйым сипатына ие болар еді. Басты итерме ол МАГАТЭ ұйымының кейбір мәселелерді шешудегі әлсіздігінен келіп туындауда.

А.Арбатовтың айтуы бойынша ЯҚТШ-ның құрылымындағы жаңылыстар мен түйіспеулер ядролық энергетика мен ғылымның соңы неге алып келетіндігін алдын-ала айқындамастан іске ілестіріп жібергендіктен болып отыр. Шын мәнісінде, Бразилия мен Аргентинадан бөлек басқа мемлекеттер басынан-ақ бұл бастама неге ұласатынын білді, әйтсе де ядролық энергетиканы бейбіт яки әскери тұрғыда пайдалану ол мемлекеттің ар-ожданына байланысты мәселе. Израиль, Үндістан, Пәкістан секілді біршама елдер ЯҚТШ-қа қосылған жоқ. Ирак, Иран, КХДР, Ливия және басқа елдер қатары Шарт мүшелігіне жасалып жатқан бағдарламаларына тек саяси пана іздеп, мәліметтер, мамандар, технологиялар мен материалдар қажеттетілігі туындауына орай ғана қосылды. МАГАТЭ бақылауы әскери бағдарламалардың бейбіт бағдарламалармен қатар жүруін, ядролық жасаулар саласында технологиялардың, материалдардың, мамандардың бейбіт түрден әскери түрге ауысуын жеткілікті дәрежеде қадағалай алмағандығы байқалады [73, 10 б.].

ЯҚТШ-дағы соңғы әлсіз тұсы А.Арбатовтың пайымдауы бойынша, ядролық қаруды таратпау мәселесі ядролық қарусызданумен қатар халықаралық қауіпсіздік мәселесінде басты орынды иеленуші мәселе ретінде қарастырылады. Шын мәнісінде, бұл басымдылық әртүрлі державалардың ұлттық қауіпсіздігінің күн тәртібінде талқыланатын мәселелерінің арасында бірдей маңызды орынды иеленбейді. Батыс еуропалық жеткізуші мемлекеттер, ҚХР-сы, Пәкістан,Үндістан секілді жаңа экспортерлерді айтпай-ақ, Ресейге қарағанда АҚШ үшін алдыңғы қатардағы мәселе [73, 11 б.].

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.     Арбатов А. Ядерное сдерживание и распространение: диалектика «Оружие судного дня» // Мировая экономика и международные отношения. – 2005. -  № 1. – С. 10-13.

2.     Орлов В. «Ядерный саммит» в Москве: подводя итоги // Ядерный контроль. – 1996. - № 18-19. –С. 7.

3.     Сосновский М. Ядерное оружие США в Европе // Национальная оборона. – 2006. - № 3. – С. 3,4,10,11.

4.     Старые проблемы нового века: Комментарий Центра внешней политики и анализа к итогам конференции // Международная конференция  «ХХІ век: навстречу миру, свободному от ядерного оружия». Алматы, 29-30 августа при содействии Департамента многостороннего сотрудничества МИД РК, 2001. – С. 65.

5.     Шакер М.И. Почему неприсоединившиеся государства могут не подержать бессрочное продление Договора о нераспространении ядерного оружия // Разоружение. Периодический обзор, подготовленный Организацией Объединенных нации». Т. ХҮІІІ. – Нью-Йорк. – 1995. - № 1. – С. 43.

6.     Захран М. Египет и ДВЗЯИ // Разоружение. Периодический обзор, подготовленный Организацией Объединенных нации». Т. ХҮІІІ. – Нью-Йорк. – 1995. - № 1. – С. 219-220.