Есбаева М.

Дауларды шешу бойынша ДСҰ органымен дауларды қарастырудың кезеңдері

 

Дүниежүзілік сауда ұйымында дауларды реттеу тәртіптері жүйелі кезеңдер арқылы өтеді. Әр кезеңде халықаралық құқыққа сәйкес әр түрлі дауларды шешу құралдары қолданылады. Дауларды шешу бойынша орган (ДШО) барлық кезеңдерде қызмет атқарады. ДСҰ-ның дауларды шешу рәсімдерінің барлығын қарастыра отырып, оның ұлттық құқықтағы дәстүрлі сот ісімен жақындастыратын кейбір сипаттарды байқауға болады. Халықаралық құқықтың ұлттық құқықта мақұлданған кей процессуалдық мәселелерді шешу жолдарын пайдалану сәтті деп қарастырылады.

ДСҰ құру туралы келісімге №2 Қосымша—«Дауларды шешу ережелері мен рәсімдер туралы келісімі» (ДШК) халықаралық құқыққа мәлім дауларды бейбіт шешудің барлық тәсілдерді өз мазмұнына сыйдырған. Дауларды шешу бойынша басқа еш  институционалды халықаралық рәсімде соншалықты келісілген міндеттемелер мен нақтылық жоқ. Осыны ескере отырып, ДСҰ аясында дауларды шешу тетігі жалпы халықаралық құқық тәжірибесі үшін маңыздылыңы айқын.

Дауларды шешу тетігінің негізгі мақсаты – дауды оң шешуді қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ, ДСҰ мүшелері арасында туған   мәселені екі жаққа да жағымды етіп шешу ДСҰ белгілеулері бойынша кең қолдау табады. Сондықтан, дауларды реттеу жөніндегі бірінші кезең – дауласып жатқан жақтардың үкіметтері арасындағы өзара кеңесу болып табылады. Бұл кезең мемлекеттің ішкі процессуалдық құқығындағы сот алдындағы кезеңге ұқсас болып келеді. Кеңесудің нысаны ретінде ДСҰ-ның кез-келген келісімінің қызметіне қатысы бар, ДСҰ мүшесінің өзінің территориясында қолданған шаралары қарастырылады. Құқығы бұзылды деп айта алатын тарап бастамашы болады. Кеңесу туралы өтінішке жауап беру және кеңесудің басталуына дейін аз уақыт бөлінген (сәйкесінше 10 және 30 күн). Кеңесуге өтініш берген қатысушы жауап алмаған уақытта топ құрылуды талап ете алады (ДШК 4-бабының 1-3-тармағы). Зерттеушілердің айтуы бойынша, Дауларды реттеу жөніндегі келісімнің 4-бабының 2-тармағы бойынша, «кеңесуде қатысу ДСҰ мүшесінің міндеті болып табылады» [1].

Дауларды шешу бойынша орган және сәйкес кеңестер мен комитеттер кеңесу туралы өтініштердің бағыттары жайлы хабарландырылады. Өтініштер жазбаша түрде ұсынылады және бұл өтінішке негіз болған жайттар, қары болатын шаралар мен шағымның құқықтық негізі көрсетіледі (ДШК 4-бабының 4-тармағы). Егер 60 күн ішінде дау реттелмесе шағым айтқан жақ топ құрылуды талап ете алады (ДШК 4-бабының 7-тармағы).  Шұғыл жағдайларда бұл мерзімдер қысқартылуы мүмкін: кеңесу өтініш берілгеннен кейін 10 күн өткен соң басталуы керек, ал одан кейін топ құру туралы 20 күннен соң сұрауға болады.

Егер кеңесу нәтиже бермесе, онда тараптар өзара келісу негізінде Дауларды шешу бойынша органнан істі қарастыру үшін арнайы топ құруды немесе ex officio ретінде қызмет атқаратын ДСҰ Бас хатшысына жүгініп, тараптардың  қайырымдылық қызметі, келісілген рәсім немесе тәжірибелі мамандар қатысқан делдалдық туралы сұрауын болады. Кеңесу сияқты олар құпиялыққа ие және тараптар құқығына нұқсан келтірмейді. Олар кез келген уақытта тоқтатылуы мүмкін және ол аяқталғаннан кейін шағым айтушы топ құру туралы сұрай алады (ДРК 5-бабының 1-3-тармағы). Осындай рәсімдердің тиімділігі  халықаралық құқыққа әлдеқашан таныс, сондықтан олар Дауларды шешу жөніндегі Келісімнің 5-бабында көрсетілген.

Арнайы топ қызметіне келетін болсақ,  ДСҰ-ның дауларды шешудің бұл кезеңі ұлттық процессуалдық құқықта істердің мәнін қарастыруына ұқсас болып келеді. 60 күн өткеннен кейін кеңесуден нәтиже шықпаған жағдайда, шағым айтушы Дауларды шешу бойынша органға жүгініп,  дауды қарастыру үшін сарапшылар (жюри, басқаша төрешілер, сарапшылар тобы, ағыл. panel) тобын құру туралы өтініш білдіруіне болады. Арнайы топтар (басқаша төрешілер, сарапшылар тобы) халықаралық құқықта танымал ad hoc яғни, нақты бір жағдай үшін деген қағида бойынша құрылады. Өтініште бұрын өткен кеңесулер, даулардың нысаны болып табылатын шаралар туралы ақпарат, шағымның құқықтық негізі туралы шағын баяндама болу керек. Орган мұны автоматты түрде жүзеге асырады, кедергі, Орган ішінде оған қарсы консенсус қана бола алады.

Төрешілерді Дауларды шешу бойынша Орган үш кандидаттан 30 күн ішінде құрады.  Кандидаттарды мақұлдау туралы белгілі бір қиындықтар туса, Төрешілер мүшелерін ДСҰ Бас хатшысы тағайындайды [2]. Топтың құрамына дауды қарастыруда қатысатын мемлекеттің азаматы кіре алмайды, ал сарапшылар жеке сипатта қатысады және үкіметтердің бұйрықтарына бағынбайды. Дауды қарастырғанда, дау тараптарынан басқа істе мүддесі бар үшінші жақтар Органды хабардар етіп қатыса алады. Үшінші жақтар өз ойларын айтуға және Төрешілерге материалдар тапсыруына құқығы бар. ДСҰ мүшелері өздерінің құқықтарын белсенді қолданады, мысалы 1995-2000 жылдар аралығында 38 мемлекет қарастырылған  190 шағымның 40-на қатысты [3]. Одан басқа бір шағымды қарастырғанда, бірнеше шағым берушілер ғана емес, бірнеше үшінші жақтар да қатыса алады, мысалы, Үндістан, Малайзия, Пәкістан мен Тайландтың арасындағы АҚШ-қа асшаяндар импорттау туралы дауда ДСҰ-ның 11 мүшесі қатысқан [4].

Дауласушы тараптар Төрешілердің құзіретін өздері анықтайды, бұл ереже халықаралық құқықтың арбитраж деген дауларды шешу құралымен мәндес болып табылады. Бірақ, егер бұл орындалмаса, Төрешілерге даудың нысанын объектівті бағалау үшін стандартты құзіреттер беріледі. Сол арқылы сарапшылар тобы факті мәселесін ғана емес, құқық мәселесін де қарастырады және ДСҰ мүшесінің даулы шаралары ДСҰ келісімдер жүйесі бойынша оның міндеттіліктерін сай келетіндігін анықтайды.

Даудың мәнін қарастыруға арналған Төрешілердің бірінші жиналысында, әр тарап жағдайлардың деректік негізін және дәлелдемелерін жазбаша түрде ұсынады. Бірінші жиналыста шағым айтушы өзінің талаптарын баяндайды, ал жауапкер өзінің қарсылықтарын жеткізеді. Дауда өзінің қызығушылығын білдірген үшінші жақтар да өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын айта алады.

Екінші Төрешілер жиналысында даудың мәні туралы тараптардың ресми пікірталастары өтеді, жауапкер бірінші өзінің қарсылықтарын, одан кейін шағым айтушы өзінің қарсылықтарын баяндайды [5]. 

Уругвай раундының дауларды шешу үрдісіне қатысты қол жеткізген ең үлкен жетістігіне Аппеляциялық органның құрылғандығы деп есептеуге болады. Аппеляциялық органға құқық, халықаралық сауда және  және жалпы осы саладағы барлық қамтылған келісімдерге қатысты өз біліктіліктерін дәлелдеген беделді тұлғалардан құралады. Аппеляциялық орган құрамы ДСҰ мүшелік құрамын кең түрде дарыптауы керек ( ДРС 17,3 бабы). Аппеляциялық орган 7 арбитрден тұрады, бірақ істе өз іштерінен өкілеттік ететін тек қана 3 арбитр қарастырады. Арбитрлер 4 жылдық мерзімге сайланып, тағы 1 мерзімге тағайындалуы мүмкін. Олар тура, не жанама түрде мүдделер қақтығысына алып келуі мүмкін қандай да бір дауларды қарастырмауы тиіс. Құқық қолдану тәжірибесінің реттілігін қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір дауды қарастыру барысындағы арбитрлер соңғы баяндама жасамас бұрын,  Аппеляциялық орган мүшелері болып табылатын басқа арбитрлермен  бейресми кеңесулер өткізеді.

Аппеляциялық арыздар кез келген құқықтық негіздер бойынша тек дауласушы тараптармен ғана берілуі мүмкін. Кей жағдайларда арыздар дәлелдемемен, түсіндірмемен, не болмаса аралық сот қорытындыларымен келіспеген  дауды жеңген тараппен де беріледі. Көбінесе аппеляциялық арздар екі жақтак да түседі. Бұл өз кезегінде, аралық сотта қарастырылған істердің  басым бөлігінің Аппеляциялық орган қарастырылуына өтетіндігін білдіреді. Аппеляциялық орган істерді қарастырудан бас тартуға құқықтары болмағандықтан, барлық арыздар қаралады. Уругвай раундының бастапқы кезінде дауларды шешу рәсіміне Аппеляциялық орган мәселені қарау, не оны қарастыруға қабылдамау құқығы туралы сұрақтар болған еді. Алайда бұл ұсыныс қабылданбады. Осылайша, қазіргі кездегі тәртіп бойынша, аралық топ шешімімен келіспеген кез келген мемлекет істің алдын ала нәтижесін білсе де, аппеляцияға беруге толық құқықты. Іс қозғау  алдында әр мемлекет оның нәтижелілігін сарапқа салуы қажет деген Дауларды шешу туралы келісімнің (ДШК)  3.7 бабына қарамастан, бұл норма тәжірибеде декларативті (тек ресми түрде айтылған) сипатта ғана. Мемлекет көп жағдайларда, аппеляциялық арызды шешімді орындау мерзімін созу, немесе қоғамға— сайлаушылар мен салық төлеушілерге шағым берудің барлық әдістерінің жасалғандығын көрсету мақсатында болады. Аралық топтар шешімдерінің басым бөлігіне шағымдардың түсуі дауларды шешу жүйесінің алғашқы сатысының маңыздылығын төмендетеді және топ беделін түсіреді. Іс жүзінде, даудың Аппеляциялық органмен қаралуы үшін, аралық топта қарастырылуы міндетті кезеге айналғандығын айқындайды. Сонымен қатар, өазіргі кездегі бұл тәртіп өзін толықтай ақтайды. Кез келген басқа тәртіп саяси тұрғыда қолайсыз болар еді.

Аппеляциялық орган тек құқық сұрақтарын қарастырғанда аралық топ шешімдерін растайды, өзгертеді, не күшін жоя алады. Аппеляциялық топ қараудағы істің деректі жағына қатысты аралық топ шешімдерінің негізділігін қарастыра алмайды. Бұл кейде, дауға қатысты нақты ақпарат жоқтығынан, не болмаса оның жеткіліксіздігінен Аппеляциялық орган қаралып отырған даудың кейбір қырларына қатысты қорытындылар жасай  алмауына алып келеді. Аппеляциялық орган дауды аралық сот қарауына қайта жібере алмағандықтан, дау іс жүзінде өз шешімін таппайды.

Құқық және факт мәселелерінің арасын ажырату әрдайым оңай емес. Келесі гипотезалық мысалды қарастырайық. А мемлекеті отандық автокөлік өндірушілеріне субсидиялар береді. Б мемлекеті аталмыш субсидиялар А мемлекетінің автокөлік өндірушілеріне айрықша субсидиялар беріп,  әділетсіз бәсекелестік артықшылықтарына жол ашады деген негізде, жеңіл көлік импортына өтемақылық баж салығын салады. А мемлекеті ол шараларды қорғағанда, субсидиялар басқа да тауарларға берілгендіктен, олар айрықша емес деген дәлелдеме келтіреді. Бұған Б мемлекеті заңи тұрғыдан субсидиялар кез келген тауар өндірушісіне арналғанымен, іс жүзінде оны тек автокөлік өндірушілері ғана қолдана алады деп сендіреді. Бұл дауда аралық сот А мемлекетін қолдап, Б мемлекеті істі Аппеляциялық орган қарауына береді. Осындай дау құқық, не факт мәселелеріне қатысты ма? Әрине, бқл сұраққа үзілді-кесілді жауап беру қиын.

Аралық топ сияқты, Аппеляциялық орган шешім қабылдамайды, өз баяндамаларын Дауларды шешу бойынша органына алдағы мақұлдау үшін ұсынады. Аппеляциялық орган баяндамасы Дауларды шешу бойынша органымен қабылданса, яғни баяндаманы 30 күн қарастырған соң, ДШО оны консенсус арқылы қабылдамай қоймаса, шешімдер екі тараппен де сөзсіз орындалуы тиіс.

Дауларды шешу туралы келісім дауларды шешудің альтернативті тәсілі ретінде даулардың төрелік тексеруді де  қамтиды (25 бап). Төрелік тексеру тараптары төрелік рәсімді өздері анықтайды. Бұл ретте, олар келісім берген жағдайда мүдделі тұлғалар осындай тексерулерге қатысуы мүмкіндігін алуы үшін, ДСҰ мүшелерін төрелік тексеруге жүгіну шешімдері жайлы хабардар етуі тиіс. ДШО, кеңес немесе комитет төрелік шешімдері туралы ескертілуі тиіс. Төрелік шешімдері қандай да бір жолдармен ДСҰ келісімдер нормаларын түсіндіру бойынша ДШО құзыретін қозғай алмайды және тараптар үшін міндетті боолып табылады. ДШО төрелік шешімдерінің орындалуын жалпы қадағалайды. Төрелік шешімдері орындалмаса, ДШК ережелеріне сәйкес, өтемақы беру немесе шегінімдерді тоқтату тетіктері қолданылуы мүмкін. Алайда, төрелік тексеру ДСҰ мүшелерінің арасында кең қолданылмайды [6].

Дауларды бейбіт шешу рәсімінің ДСҰ шеңберіндегі басты кезеңдерін сараптай келе, оның негізгі мақсаты шешім қабылдау емес, тіпті, арызданушы мемлекет шығындарын өтеу де емес, бұзылған құқықтар мен міндеттер тепе-теңдігін қайта қалпына келтіру екендігіне көзіміз жетті. Дауларды шешу бойынша органның қызметі, ең адымен, тараптар ұстанымдарын жақындатып, туындап отырған келіспеушіліктерді келіссөздер арқылы реттеу екендігі айқындалды. Бұл өз кезегінде, мемлекеттер арасындағы қатынастардың дамуына, құқық пен мүдделер тепе-теңдігіне, халықаралық құқықтың дауларды бейбіт шешу және ынтымақтастық қағидаларының орындалуына өз септігін тигізетіні сөзсіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.     Зенкин И.В. Право Всемирной торговой организации. М., 2003, с. 210.

2.     Фролов В.Ф. ВТО: разрешение споров между странами-членами. СПб, 2002, с. 38

3.     Фролов В.Ф. Указ. соч., с. 42

4.     WT/DS58/AB Report – United States – Import Prohibition of Certain Shrimp and Shrimp Products

5.     WT/DS54 & DS55 & DS59 & DS64/Report of the Panel – Indonesia – Certain Measures Affecting the Automobile Industry 2 July 1998

6.     Международные торговые споры в ГАТТ/ВТО: избранные решения (1952-2000гг) / А.С. Смбатян.—М.:Волтерс Клувер, 2006.—31-34бб.