Краубекова Д.

ТМД ЕЛДЕРІНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕНДЕРІ

 

ТМД-ның тарихи  және экономикалық құқықтық қалыптасуын нақты үш кезеңге бөліп қарастыруға болады: трансформациялық (1991-1999 жылдар), қалпына келу (2000-2008 жылдар), жаңару (2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін).

Бірінші кезең – трансформациялық, яғни өтпелі кезең, орталықтың күші кеткеннен кейін Кеңес Одағының бұрынғы мемлекеттерінің өркениетті айрылысуы. Жаңа пайда болған мемлекеттердің алғашқы міндеттері өз егемендіктерін қалыптастыру және радикалды нарықтық реформа жүргізу еді. Осы кезеңде посткеңестік кеңістікте мемлекеттік шекаралар бекітіліп, сәйкесінше кедендік және шекаралық қызметтер, ұлттық валюталар да пайда болды. Бұрынғы кеңестік мемлекеттердің ортақ заңнамасының орнына жаңа, ұлттық, құқықтық жүйе келді. Осы кезеңде ТМД-ның барлық егеменді мемлекеттері үшін алғашқы міндет көрші елдермен байланыс әлсізденгендіктен, әлемдік экономикаға интеграциялану, яғни жаңа серіктестіктер мен нарық іздеу. Бұған едәуір дәрежеде КСРО-дағы кешіктірілген радикалды экономикалық реформа әсер етті. 90-жылдары Еуразияның ұлттық капиталдары енді ғана қалыптасқандықтан, шетелдік инвесторлардың негізі «батыстық» болды. Трансұлттық корпорациялар ТМД елдерінің кәсіпорындарын сатып алып, оларды өзге нарыққа аударып отырды, бұл кеңес уақытында қалыптасқан еңбек бөлінісі және өндірістік кооперация жүйесінің бұзылуына әкелді.

Посткеңестік кеңістіктегі экономиканың дезинтеграциясының маңызды факторы әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің саясаты болды. АҚШ және Еуро Одақ  ТМД елдеріне тікелей және оларға бағынышты Халықаралық валюталық қор мен Бүкіләлемдік банк арқылы шағын қаржылай көмек көрсете отырып оларды антиинтеграциялық талаптармен міндеттеді. Мысалы, Қырғыз Республикасы батыстық кредиторлардың қысымымен ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып ДСҰ-ға кіруге мәжбүр болды. Бұл оның  негізгі сауда серіктестіктері – Ресей, Қазақстан, Өзбекстан үшін тиімсіз болды. Осыған байланысты Қырғызстан ЕурАзЭҚ пен Кедендік Одаққа қатыса алмады.

ХХ ғасырдың 90-жылдары ТМД-ның барлық елдері экономикалық дағдарысты бастан кешті, ал әлемдік экономика даму фазасында болды. ТМД-дағы алып Ресейдің өзі Батыстың қаржылай көмегіне тәуелді болды және ТМД-ның әлеуметтік-экономикалық интеграциясына көмек көрсете алмады. Бірақ ТМД-ның басқа елдеріне өзінің еңбек нарығын ешқандай шектеусіз ашты. Сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан, Түркменстан және Өзбекстанмен мұнай-газ ресурстарын көрші елдерге әлемдік бағадан төмен бағамен жеткізіп тұрды.

1992 жылы ТМД мүше-мемлекеттері ортақ кедендік территорияны сақтап, Кедендік одақ құруға дайын екендіктерін жариялаған болатын. 1992 жылы 14 ақпанда Сауда-экономикалық  ынтымақтастық саласындағы өзара қатынастар туралы келісімшартқа, 1992 жылы 13 наурызда Кедендік саясаттың қағидалары жөніндегі келісімшарттарға қол қойды. Бұл келісімшарттар бойынша мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық кедергілерді жою, тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету және келісілген кедендік саясат жүргізу қарастырылған. Мемлекеттер ортақ кедендік территорияға кіретін және шығатын тауарлардың кедендік тарифтерін және ішкі салық өндіруді келісіп жасауға тиіс. Кедендік Одақ мемлекеттері территориясындағы тауарлар қозғалысына кедендік баж салықтары мен басқа да жинақтар салынбауы керек. Ортақ кедендік саясатты жүргізу үшін, кедендік қызметтердің өзара қатынасын координациялау үшін Кедендік кеңес құрылды [1; 2].

1993 жылдың қыркүйегінде ТМД мүше-елдері ұйым шеңберінде өзара шаруашылықты трансформациялау концепциясы негізделген  Экономикалық одақ құру туралы Келісімшартқа қол қойды. Келісімшартта тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күшінің, капиталдың еркін қозғалысына; ақша-несиелік, салық, баға, кедендік, сыртқы экономикалық саясаттың келісіп өңделуіне; шаруашылық қызметті реттеу әдісін жақындастыруға, тікелей өндірушілік байланысты дамытуға жағдай жасауға негізделген мүше елдердің ортақ экономикалық кеңістік  құру қажеттілігі көрсетілген. Келісімшартқа тоғыз мемлекеттің басшылары қол қойды. Грузия мен Түркменстан 1993 жылдың желтоқсанында толыққанды мүшесі болды, ал Украина Экономикалық одаққа ассоциацияланған мүше ретінде 1994 жылы 15 сәуірде қосылды [3].

XXI ғасырдың басында ТМД-ның тарихи  және экономикалық құқықтық дамуының екінші қайта қалпына келу кезеңінде ТМД елдерінің өркениетті айрылысу үрдісі аяқталды. Бұл уақытта маңызды нарықтық реформалар жүргізілген болатын, нағыз экономикалық интеграцияға жағдайлар пайда болды: кемшіліктері болса да  еркін сауда аймағы жұмыс істеді, Түркменстаннан басқа елдер Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықты құрды, Белорусия, Қазақстан, Ресей, Украина Бірыңғай экономикалық кеңістік жөнінде келісімге қол қойды. Нәтижесінде 2001-2008 жылдары ТМД елдері әлемде экономикалық дамудың ең жоғары деңгейіне ие болды [4].

Посткеңестік кеңістіктегі маңызды интеграциялық үрдіс ретінде ТМД-ның төрт мүше-елдерінің Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) құру туралы келісімін айтсақ болады. БЭК құру туралы келісімшартты Белорусия Республикасының, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Украинаның өкілетті делегацияларымен дайындалып, осы елдердің президенттерімен 2003 жылдың 19 қыркүйегінде Ялтада қол қойылған. Келісімшартта Бірыңғай экономикалық кеңістік мүше-елдердің экономикасының тұрақты және тиімді  дамуына жағдай жасау мен халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында қалыптасқаны көрсетілген. Келісімшартқа сәйкес Бірыңғай экономикалық кеңістік дегеніміз – кедендік территорияларды біріктіретін және экономиканы реттейтін бірыңғай механизм жұмыс істейтін экономикалық кеңісік.   

БЭК-тің қалыптасу концепциясы көпжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында БЭК-тің қалыптасу бойынша бағдарламалық шараны қамтиды. Ол интеграцияның қандай бағытта дамитынын немесе БЭК-ке кіретін мемлекеттердің жеке интеграциялық іс-шараларын анықтайды. Мүше-мемлекет БЭК-тің қалыптасуы мен қызметін қамтамасыз ететін халықаралық келісімшарттарға қосылуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ мүше-мемлекет халықаралық келісімшарттардың тізіміне келісілген ретімен қосылуды сақтау керек. ТМД мүше-мемлекеттерінің БЭК шеңберіндегі келісімшарттарға қосылуы үшін осы келісімшарттарға қатысушы мемлекеттердің барлығының келісімі керек [3].

ТМД-ның өткен 20 жылдық өмірі республикалардың  КСРО шеңберінде әлеуметтік-экономикалық дамуы бір деңгейде болса, қазір мүлдем түрлі жағдайда екенін көрсетті. ТМД елдерінің ЖІӨ мен тұрғындардың жан басына шаққан ақша кіріс деңгейі диференциациясы үнемі өсуде. 2009 жылы Ресей Федерациясының жан басына шаққан ақша кірісі 6383 доллар, Белорусияда – 3233, Тәжікстанда -352... Еңбекақының минималды төлемі 2010 жылы Ресейде  айына 145 доллар, Украина мен Әзербайжанда – 93, Қазақстанда - 92, Белорусияда – 82, Арменияда - 79, Молдовада – 50, Тәжікстанда - 14 және Қырғызстанда – 8 долларды құраған (Ресейден 18 есе төмен) [ 5 ].

XXI ғасырдың алғашқы он жылдығында  ТМД-ның барлық егеменді елдері экономикалық ынтымақтастыққа прагматикалық жолды басшылыққа алды. Бұл  ТМД елдерінен тауарлар әкеліміне "шетелдік" шығарылым және санитарлы-экологиялық жайғдайға байланысты, энергоресурстарға нарықтық тарифке өту, миграциялық саясаттың қатаңдануы негізінде өзара тыйым салды. Нәтижесінде Достастықта еңбек ресурстарын импорттаушы елдер (Қазақстан, Ресей), экспорттаушы елдер, табиғи ресурстарды өндіруші елдер (Қазақстан,Ресей, Әзербайжан, Түркменстан, Өзбекстан) және осы ресурстардың транзиті өтетін елдер (Белорусиия, Украина, Молдова) болып  елдердің қызығушылықтары нақты бөлінді.

ТМД елдері екі он жылдық бойы дағдарысты жеңілдету үшін жеңілдіктер мен қаржылай көмекке үйреніп қалды. Ресей әлемде алтынвалюталық қоры бойынша үшінші орында болғандықтан осындай көмектерді көрсетуде. Ресейдің кредиттері оның энерготасымалдаушыларына төленеді, ТМД елдерінің батыстық институттардың қаржылай көмегіне тәуелділіктерін төмендетеді. Ресей ТМД елдерінің ішіндегі алғашқы болып нарықтық экономикалы ел статусына ие болды, сыртқы мәселелерді шешті, негізінен кеңестік қарыз мәселесін. Егер 90 жылдары ТМД-ға негізінен Ресей мүдделі болса, XXI ғасырда жаһандық экономикалық дағдарыстың басында  Ресей ТМД-ға басқа елдерден артық та, кем де мүдделі емес екені айқындалды. Ресей ТМД-да ешқандай мемлекетті қандай жағдаймен болса да ұстап қалуды көздемейді. Бұл Грузияның ТМД-дан ресми түрде шығып, Достастықтың 74 келісімшартына қатысуға рұқсат сұрауынан көрінді. Осылайша, интеграцияға прагматикалық жол өзін-өзі ақтап, дамиды.

ТМД-ның тарихи  және экономикалық құқықтық дамуының үшінші жаңару кезеңіне 2009 жылдан бергі уақыт жатады, жаһандық экономикалық дағдарыстың басталуы және оның ТМД елдеріне әсер етуі. Бәсекеге қабілеті төмен болғандықтан олар дағдарысты ауыр қабылдайды. ТМД елдерінің экономикаларының жаңаруынсыз, олардың инновациялық даму моделіне өтуінсіз Достастық елдерінің дамыған елдерден артта қалуы өсе беретіні айқын болды.  Батыс елдері айтарлықтай қаржы дағдарысын бастан кешкендіктен, ТМД мемлекеттеріне олардың экономикасының жаңаруы үшін маңызды көмек көрсете алмайды. Халықаралық валюталық қордың мәліметтері бойынша 2010 жылы Еуропаның жалпы қарызы 7,1 триллион евроға (ЖІӨ-нің 78,7 пайызы) жеткен, ал АҚШ – 13,9 триллион доллар (ЖІӨ-нің 94,3 пайызы). 2011 жылы бұл көрсеткіш өскен. ТМД елдерінің экономикасы ТМД пайда болғаннан бері бірыңғай халықшаруашылық кешенінен (1991 жыл) экономикасы өзара байланысты тәуелсіз мемлекеттер тобына дейінгі кезеңді өткерді [5].

2009 жылғы сәуірдегі кезекті мүше-елдердің қаржы министрлерінің Санкт-Петербургтегі кездесуінде әлемдік қаржы дағдарысының зардаптарын азайту бойынша өзара іс-шаралар жөніндегі уағдаластықтарды қарастырды.

Қазіргі таңда экономикалық мәселелерді өзара тиімді шешімдерге бағытталған негізгі құжат - 2020 жылға дейінгі ТМД-ның экономикалық дамуының Стратегиясы. Бұл құжат ТМД мүше-елдерінің ортақ мақсатқа көзқарастарын, 2020 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтары мен болашағы анықталған, келісілген жүйені қамтиды. Бұл ең алдымен сауда, агроөнеркәсіптік және отын-энергетикалық кешен, транспорт және инновациялық сала. Стратегия әр кезеңнің сапалық ерекшеліктерін қамтитын нақты жобалар шеңберінде жүзеге асады.

2009-2011 ж.ж. қамтитын ТМД-ның  экономикалық даму Стратегиясының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жобасы өңделді. 2009 жылдың мамырында Астанада бұл жоба  ТМД үкімет Басшылары Кеңесінің кезекті отырысында таныстырылып, бекітілді. Бірінші кезеңді орындаудың негізгі нәтижесі оның жүзеге асу динамикасының, мүше-елдердің және салалық ынтамақтастықтағы сәйкес органдардың өзара әрекеттесу деңгейінің жоғары болғанын көрсетеді.

2012-2015 жылдарға арналған ТМД-ның экономикалық даму Стратегиясының екінші кезеңін жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жобасы 2011 жылдың қазан айында Санкт-Петербургте ТМД Үкімет Басшылары Кеңесінің отырысында бекітілді. Құжат ТМД мүше-елдерінің мемлекетаралық инновациялық кеңістік құру арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуын тездетуді қарастырады. Құжатта транспорт, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық-коммуникациялық қызмет және байланыс, космостық саладағы және басқа да экономикалық өзара әрекеттесу салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шараларға ерекше назар аударылады [6].

 Қорытындылай келе, ТМД-ның арқасында посткеңестік кеңістікте біршама жақсы үрдістер болды. Нақтылай айтар болсақ, сауда-экономикалық қатынастар нарықтық негізге ауысты, тұрақты саяси диалог, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту және гуманитарлық саладағы ынтымақтастық қалыптасты. Екі онжылдық бойы ТМД бірыңғай халықшаруашылық кешенінен тәуелсіз мемлекеттердің өзара байланысқан экономикасының жиынтығына дейінгі жолды өтті.

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1.                     Соглашение о регулировании взаимоотношений государств Содружества в области торгово-экономического сотрудничества в 1992 г. // Содружество. Информационный вестник Совета глав государств и Совета глав правительств СНГ. 1992. № 2. С. 37—40.

2.                     Соглашение о принципах таможенной политики. Положение о Таможенном совете // Содружество. Информационный вестник Совета глав государств и Совета глав правительств СНГ. 1992. № 3. С. 8—14.

3.                     Михайленко А.Н. Содружество Независимых Государств: этапы эволюции // Геополитика: Учебник / Под общ. ред. В. А. Михайлова; Отв. ред. Л. О. Терновая, С. В. Фокин. – М.: Изд-во РАГС, 2007. – С 335–347 .

4.                     Внешняя торговля Содружества Независимых Государств 2009 год. /Статистический сборник предварительных итогов. Статкомитет СНГ. М., 2009. C. 33.

5.                     Содружество Независимых Государств 2000 – 2009 гг. Краткий сборник/ Статкомитет СНГ. М., 2010. С. 77, 219.

6.                     ТМД ресми сайты http://www.cis.minsk.by/

 

ТМД елдерінің экономикалық құқықтық ынтымақтастығының қалыптасу кезеңдері

 

Мақала ТМД құрылғаннан кейін посткеңестік кеңістіктегі елдердің экономикалық ынтымақтастығын кезеңге бөліп қарастырады. Сондай-ақ ТМД шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық аспектілері сипатталған.

 

Этапы становления экономико-правового сотрудничества стран СНГ

Данная статья рассматривает этапы экономического сотрудничества стран на постсоветском пространстве после формирования СНГ. А также анализирует правовые аспекты экономического сотрудничества в рамках СНГ.

 

 

Stages of formation of economic-legal cooperation of the CIS countries

The article considers stages of economic cooperation of the countries on the post-Soviet territory after formation of the CIS. And also analyzes legal aspects of economic cooperation within the limits of the CIS.