Г.Қ. Уристемова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

халықаралық құқық мамандығының 1 курс магистранты,

 

Жетекшісі: Г.А. Машимбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

халықаралық құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к.

 

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ЗЕРТТЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ-МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі таңда тек біздің елдегі ғана емес, сонымен бірге барлық дамыған елдерге тән өткір мәселенің бірі болып табылады. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне мүдделілік ақпараттық қоғам өмірінің барлық саласындағы рөлінің артуымен байланысты.

Ақпарат түсінігі қоғамда тірі организмдердің бір-бірімен өзара байланыс орната бастаған уақыттан бері, адам мен табиғаттың, адам мен адамның зара түсіністік орнатып, сөйлесе бастауынан туындап, өмір сүріп келеді.

Ақпараттық ғылым әр түрлі салаларда қолданылады. Сондықтан барлық ғылымдар үшін ортақ болып табылатын «ақпарат» түсінігі бойынша классикалық анықтама жоқ. Ғылымның әрбір саласында сол ғылым үшін маңызды болып табылатын ақпараттың жекелеген түсініктері ғана қолданылады.

Ақпарат латынның «informatio» (түсіндіру, баяндау, хабардар ету) деген сөзінен шыққан, энциклопедиялық түсіндірмелерге сәйкес 1) ісінің жағдайы, мәлімет беру; 2) 20-ғасырдың ортасынан бастап адам мен адам, адам мен автомат, автомат пен автомат арасындағы деректер алмасуды, жануарлар мен өсімдіктер арасындағы сигналдар алмасуды қамтитын жалпығылымдық ұғым; 3) кибернетикалық негізгі ұғымдардың бірі болып табылады [1]. Ақпараттың өмір сүруі үшін білім керек деп ойлаймыз, кез келген субъект кез келген әдіспен материалды орта арқылы өз білімімен бөлісетін болса, онда білім жоғалмайды, керісінше оны басқа жадыға, материалды ортаға жазу, суреттеу немесе электрондық сигналдармен енгізу арқылы оның есте сақтау мүмкіншілігін арттырады. Осылай білім-ақпарат кеңістікке таралып, көбейе түседі.

Бүгінгі таңда қашықтан оқыту технологиялары, автоматтандырылған офистер, бұйымдардың бүкіләлемдік тізбесі қолданысқа енді. Табиғи байлықтарды, экологияны, үкіметтердің ақпараттық саясатын басқаруға арналған геоақпараттық жүйелер жобалануда.Әрбір ел ақпарат көздеріне, ақпаратты тасымалдау және өңдеу құралдарының тиімділігі мен даму деңгейіне тәуелді болып отыр, яғни қоғамды ақпараттандыру процесі, дәлірек айтсақ, ақпараттық қоғам құру процесі жүріп жатыр. «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы №217 Заңында «Ақпараттандыру –ақпараттық технологияларды пайдалану негізінде электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған ұйымдастырушылық, әлеуметтік-экономи­калық және ғылыми-техникалық процесс» делінген[2]. Яғни, ақпараттандыру процесі ақпараттық ресурстарды құру және оларды пайдалану негізінде азаматтардың, мемлекеттік органдардың, жергілікті басқару органдарының, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің ақпараттық сұранысын, құқықтарын қанағаттандыруға тиісті жағдай жасау керек, сонымен қатар азаматтардың ақпараттық мәдениетін арттыруы тиіс дегенді білдіреді.

Ақпаратты тарату мен орналастырудың қазіргі заманғы түрлі әдістері мен құралдарының жиынтығынан ақпараттық кеңістік құралады. Белгілі ғалым Г. Ибраева ақпараттық және медиакеңістікке мынадай түсініктемелер береді: «Ақпараттық кеңістік – субъектіден субъектіге берілетін барлық ақпаратты қабылдау және тарату ортасы. Ақпараттық кеңістікке әр түрлі деңгейдегі (саяси, экономикалық, әлеуметтік т.б.) ақпарат орналасуы мүмкін. Бұл ақпараттың көбі қоғамға қызығушылық тудырмағандықтан жабық болады. Егер ақпараттық кеңістікті пирамида есебінде елестетсек, онда оның тек жоғары жағы ғана медиакеңістік болып табылады, ал медиакеңістік бұқаралық ақпараттың таралу ортасы. Ақпарат оны қоғам үшін таратқан субъектінің жауапкершілігіне сәйкес бұқаралық сипатқа ие болады [3]. Қоғамдағы, мемлекеттегі айналымда жүрген ақпарат, ақпараттық ресурстар әртүрлі болады. Сондықтан ақпараттың құны, бағалылығы, пайдалылығы оның мүмкіншілігіне, сұранысқа иелілігне байланысты. Мемлекет билігіндегі, қоғамдағы, жеке адамның отбасындағы ақпараттың өз мәні, салмағы болады. Мемлекет, ұйым немесе жеке адам өзінің ақпаратын таратуға шектеу қоюға, өз ақпаратын қорғауға, қауіпсіздендіруге құқылы. Осыдан барып жабық ақпарат немесе мемлекеттік, коммерциялық құпияға жатқызылған, пайдалануға шектеу қойылған ақпарат пайда болады, осындай ақпараттытаратуға шектеулер нәтижесінде ақпаратты қорғау мәселесі туындайды. Ақпаратты қорғау және қауіпсіздендіру – жалпы айтқанда, бір объектіден басқа объектілерге берілетін немесе белгілі бір физикалық ортада сақталатын ақпараттың бөгде объектілерден тәуелсіздігін сақтау, яғни ақпараттың өзгермей, тиісті жеріне толығымен жетуін қамтамасыз ету деп қарауға болады. «Ақпаратты қорғау»  түсінігі кейбір жағдайда БАҚ беттерінде, басқа да әдебиеттер мен басылымдарда «ақпараттық қауіпсіздік» деп беріліп жатады. Ал, ақпараттық қауіпсіздік деп, жалпы айтқанда, адамзаттың тіршілігін дамыған гуманистік ақпараттық өркениетке айналуын қамтамасыз ететін, ақпараттанудың барлық келеңсіз зардаптарын болдырмауға, жоюға кепіл беретін ақпараттану процесінің және қоғамның барлық тіршілік әрекетінің қасиетін айтамыз [4]. Яғни, тек ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен жағдайда ғана қоғамды ақпараттандыру процесі даму ресурсы ретінде, ақпаратты толықтай пайдалану негізінде адамзат тіршілігін интеллектуалды-гуманистік сипатқа айналдыра алады. Ресей зерттеушісі Л.И. Шершнев «ақпараттық қауіпсіздік – мемлекеттің, қоғамның, әлеуметтік топтың, тұлғаның ресурстары мен ақпараттың ағымдары үшін өміршеңдікті, тұрақты даму мен қызмет етуді, ақпараттық қауіпке, адамдардың психикасы мен қоғамдық және жеке санаға кері әсер ететін ақпараттық ықпалға және компьютерлік желілер мен басқа да технологиялық ақпараттық бастауларға қарсы тұруды білдіреді» деп анықтама береді [5]. Ақпараттық қауіпсіздік кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі салаларының бірі болып табылатыны белгілі. ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы заңында: «ақпараттық қауіпсіздік – мемлекеттік ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүдделерінің қорғалуының жай-күйі» деп берілген. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету оның құралдары мен субъектілерінің және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүйесінің жиынтығынан тұрады. Ал ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүйесі негізінен мәндік бағыт, мақсат, принциптер, іске асыру нысандары және әдістері арқылы сипатталады. Бүгінгі таңда ақпараттық қауіпсіздік саласы аса маңыздылығымен қатар заманға лайық пайдалылығымен ерекшеленеді. Сондықтан бұнда көптеген мүдделер тоғысып, күресіп жатыр деген артық болмайды.

Қорытындылай келе, ақпараттық қауіпсіздік – ішкі қарама-қайшылығы мол, күрделі, ұдайы бақылап, жетілдіріп отыруды талап ететін динамикалық процесс деп түйін жасауға болады. Соған сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық-техникалық шаралар жүйесі заман талабына сай жетілдіріп отыруы тиіс.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.     Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – Алматы, 1998. – 1-том

2.     Қазақстан Республикасының «Ақпараттандыру туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы №217 Заңы http://e.gov.kz/

3.     Ибраева  Г. Демократизация информационного пространства // Саясат. – 2001. – май. - №5

4.     Батурин Ю.М. Право и политика в компьютерном круге.-Москва: Наука, 1987,-112 с.

5.     Шершнев Л.И. Информационная безопасность России // Безопасность.-1993 - 11-12