Абдибекова А. халықаралық құқық мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

 

экологиялық ынтымақтастықтың  Еуропалық одақ пен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің заңнамаларына әсері: олардың ұқсастықтары мен ерекшеліктері

 

Ынтымақтасу қағидасы қазіргі халықаралық құқықта ең маңызды бір қағида болып саналады [1]. Сондықтан БҰҰ Жарғысының 1-бабы 4 пунктінде БҰҰ мүшелері «экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға» міндеттенетіні жайлы айтылған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің Қорытынды Актісінде де ынтымақтасу қағидасының маңыздылығына ерекше көңіл бөлінеді [2]. Қатысушы мемлекеттер бір – бірімен және барлық мемлекеттермен БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаларына сәйкес барлық салада ынтымақтастықты дамытуға міндеттенді.

Осы халықаралық ынтымақтастық қағидасы негізінде кейбір аймақтарда халықаралық аймақтық интеграция қағидасы қалыптаса бастады, яғни мемлекеттер аясында немесе үлкен мемлекетаралық одақ аясында саяси, құқықтық, қоғамдық, экономикалық және ішкімемлекеттік құрылымдардың қосылу процесі жүреді. Интеграциялық процесс жолына түскен мемлекеттер өздерінің билік өкілетінің бір бөлігін өздері құрған бірлестікке береді. Интеграциялық процестің дамуын Еуропалық Одақтың мысалында көруімізге болады: ол экономикалық, әлеуметтік, қаржы, ғылым, техникалық, сыртқы саясат, қоршаған ортаны қорғау ж.т.б. салаларда Еуроодақтың институттары мен органдарының құзыреттерін ұлғайту арқылы интеграцияны жариялаған болатын .  Еуропалық Одақ өз институттары мен органдарының құзыреті ең жоғары құқықтық өкілеттікке ие болғандықтан интеграциялық процесті өте сәтті орындап жатыр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы да әртүрлі салаларда интеграцияны құруды мақсат етіп қойды, дегенмен егеменді құқықтарын ТМД институттарына беруге өз қатысушыларын мүлдем міндеттемейді және өз институттарына тек ұсынылатын нормаларды жасау құқығын ғана береді.

Еуроодақ пен ТМД экологиялық заңнамасын салыстырғанда мынаны байқауға болады, яғни бұл екі мемлекетаралық бірлестіктердің өркениеттік деңгейлері мен құқық мәдениеті әртүрлі. ТМД құқықтық кеңістігінің дамуына социалистік құқықтың  концепциялары және еуропалық, мұсылмандық концепциялар ықпал етсе, ал Еуропалық Одақтың құқығына роман-германдық құқық дәстүрлері ықпал жасайды.

ТМД құқығының қайнар көздеріне: құрылтай құжаттар (ТМД-ны құру туралы келісім мен Хаттамалар, ТМД Жарғысы, Экономикалық Одақ құру туралы келісім-шарт ж.т.б.); ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы екіжақты және көпжақты шарттар; ТМД-ның өзінің халықаралық құқықтың жеке субъектісі ретінде бекіткен шарттары; ТМД органдары мен институттарының шығарған актілері (Мемлекет басшылары кеңесі, Үкімет басшылары кеңесінің актілері, модельді және ұсынылатын актілер); бұрынғы КСРО актілері. Қазіргі халықаралық құқық ғылымында әлдеқашан «Еуропалық Одақ құқығы» деп аталатын жеке дара құқықтық институт ретінде пайда болған тұрақты ұғым бар. Еуроодақтың құқықтық қайнар көздері болып: құрылтай құжаттар; Еуроодаққа мүше емес мемлекеттермен бекіткен халықаралық шарттар; екінші деңгейдегі заң актілері (жалпы және жеке шешімдер, олардың орындалуын қамтамасыз ететін регламенттер мен нормалар, директивалар мен ұсыныстар, қорытындылар); Еуроодаққа мүше мемлекеттер арасындағы жекелеген шарттар.

Еуропалық Одақта унификация процесі қарқынды дамуда, яғни жалпыға бірдей міндетті бірыңғай құқықтық нормаларды жасау және әрекетке енгізу. Құрылтай құжаттарға сәйкес, шешімдер кімге бағытталған болса соларға тікелей міндетті болып табылады, ал регламенттер жалпы қолдануға арналған және барлық бөліктері міндетті, Еуроодаққа мүше мемлекеттердің барлығында тікелей қолдануға жатады. Еуроодақтың ұсыныстары мен қорытындылары міндетті емес.  Ал, ТМД үшін модельді заңнамалық актілер қабылдану тән, яғни ол ұлттық заң ретінде қабылдау үшін мемлекеттерге ұсыныстар [3].

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы – бұрынғы КСРО республикаларымен құрылған тәуелсіз және егемен мемлекеттердің жаңа халықаралық құқықтық бірлестігі. ТМД-ға мүше мемлекеттер тәуелсіздік мәртебесіне 1991-жылы ғана ие болғандықтан олардың егемендігіне әсер ететін ережелерді қабылдауға асығып жатқан жоқ. Тіпті ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Еуроодақтың заңшығарушылық дәстүріне бағытталып жасалынған заң актілерін қабылдағанда да оларға тек ұсынылатын мән-мағына береді

Кешенді қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуде Еуроодақтағы сияқты ТМД мемлекеттері де бір – біріне өзара тәуелді болады. Қоршаған ортаны қорғау бойынша ұлттық заңнамаларды жақындастыру және осы саланың негізін қалайтын экологиялық заң актілерін дамыту мен нақтылау Еуроодақ үшін де, ТМД үшін де жалпы стратегиялық бағыт болып табылады. Байқағанымыздай, бұл бірлестіктердің айырмашылығы ТМД органдары мен институттарының қабылдаған актілері ұсыныстық сипатқа ие, ал Еуропалық Одақтың институттары қабылдаған актілері Еуропа Одағының барлық мүше мемлекеттеріне, оның жеке тұлғалары мен заңды тұлғаларына орындау жалпыға бірдей міндетті саналады.  Оның үстіне Еуропалық Одақ құқығының ұлттық заңнамадан басымдылығы заңды түрде бекітілген. ТМД-ға мүше мемлекеттерде органдар мен институттардың шешімдеріне тек ұсынылатын мән ғана беріледі.  Еуропалық Одақта табиғат қорғау шешімдерін қабылдау процесінде Еуроодақ комиссиясы, Еуропалық парламент, Еуроодақ Кеңесі қатысады, ал кейбір жағдайларда Экономикалық және Әлеуметтік комитетінің консультациясы міндетті. ТМД-ның Еуроодақтан айырмашылығы ТМД теңдік және тәуелсіздік қағидаларына негізделіп құрылған және қызмет істейді, сонымен қатар толығымен өздерінің егемендік құқықтарын сақтайды. Қоршаған ортаны қорғау саласында ТМД-да ұсынылатын шешімдерді қабылдау құқығы Мемлекет басшылары кеңесі, Үкімет басшылары кеңесі, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы, Сыртқы істер министрліктері кеңесі, Мемлекетаралық Экологиялық Кеңеске берілген.

Одан басқа, Еуроодақ пен ТМД-да қабылданған құқықтық шешімдерді қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық ресурстармен, ұйымдық және басқа да шаралармен қамтамасыз ету деңгейі мен механизмі әртүрлі (Еуроодақ бюджеті, министрліктер, ассоциациялар және Еуроодақ басқа да қызметтері, ал ТМД-да бұлардың аналогтары құрылмаған).

Еуроодақ пен ТМД-ның институттар жүйесі ішінде аса көңіл бөлінетін органдар ол құқықтың орындалуын қамтамасыз ететін сот органдары. Еуроодақ Сотының рөлі өте үлкен, ол Еуроодақ құқығының көптеген маңызды бағыттарын қалыптастырады және жүзеге асырады, құқық  нормасын қолданады, орындалуы міндетті шешімдер қабылдайды, Еуроодақ құқық жүйесі үшін маңызды қағидалар мен прецеденттерді құрады.

ТМД Экономикалық Соты мұндай өкілеттіктерге ие емес. ТМД Жарғысы оның қызметін тек экономикалық мәселелерді шешумен ғана шектейді, соның өзінде ТМД Экономикалық Соты орындауға міндетті шешім қабылдауға құқығы жоқ, шешім тек   ұсыныстық сипатта болады. ТМД Экономикалық Соты арбитраждық немесе аралық сот та емес, сонда да оны құру туралы шартқа қол қойған мемлекеттер үшін оның юрисдикциясының белгілі бір міндеттілігі бар. «Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы шартқа» (20.03.92ж) [4] сәйкес ТМД-да мәселелер ұлттық сот жүйелеріне қарауға жіберіледі. Еуропалық Одақ Соты Қауымдастықтың құқықтық базасын қалыптастыруда белсенді қатысады, ал ТМД Экономикалық Соты ТМД құқықтық базасын жасауға мүлдем қатыспайды.

Осы екі одақ өмір сүруінің әртүрлі мерзіміне сәйкес интеграциялық процестің әртүрлі кезеңінде келе жатыр. Еуроодақта әлдеқашан көптеген құқықтық механизмдер нәтижелі жұмыс атқарып жатқанда, ТМД-да оларды енді құру қажет болып жатыр.

Еуропалық Одақтың мүше мемлекеттерінің экологиялық заңнамасы соңғы 15-20 жылдар бойы қалыптасты және оны пайдалану тәжірибесі кейбір қорытындыларды жасауға мүмкіндік береді. Ал ТМД-ға келетін болсақ, оның экологиялық заңнамасы әлі жасалу және қалыптасу кезеңінде. ТМД мемлекеттерінде ең алғашқы экологиялық нормалар 1990-1991 жылдары пайда бола бастады, ал бұл уақытта Еуропалық Одаққа қатысушы мемлекеттерде мұндай жұмыс жүргізу әлдеқашан басталған болатын. Сондықтан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экологиялық заңнамасы көбінесе Еуроодақтың едәуір дамыған мемлекеттерінің тәжірибесіне, осы салада қабылданған халықаралық экологиялық стандарттарға бейімделеді.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын үшін халықаралық табиғат қорғау конвенцияларына, шарттарына қосылу бойынша негізгі жұмысты жүзеге асыру; ұлттық экологиялық заң актілерін келісу және үйлестіру; Модельді заң актілерінің, ұсынылатын заң актілерінің басымдылық бағыттары мен негіздерін анықтау; қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекетаралық ақпараттық жүйе құру; қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық механизмдерін құру бойынша күш салуды үйлестіру ж.т.б. табиғат қорғау саласындағы іс-шараларды жасау әлі алда тұр. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін ТМД мүше мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясы стратегиялық міндеттерді жариялайды, қоршаған ортаны қорғау саласында ұсынылатын заң актілері мен Модельді заң актілерін шығарады және олардың негізінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде тиісті заң актілері жасалынады [5].

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында Еуропалық Одақтағы сияқты адам құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде, экологиялық құқықтарды сақтау механизмін жасауға көңіл бөлінеді.

Еуропалық Одақ пен ТМД-да экологиялық құқықтар арасында экологиялық ақпаратқа қолжетімділігі мен бағалау құқығына құқығы аса ерекшеленеді. Осы себепке байланысты ТМД-да «Экологиялық ақпаратқа қолжетімділік туралы» [6] Модельді заң, ал Еуроодақта «Қоршаған орта туралы ақпаратты бағалау бостандығы туралы» Директива [7] қабылданды.  Еуропалық Одақта экологиялық ақпаратқа қолжетімділік туралы мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларды жүзеге асыру механизмі халықаралық нормалармен бірге бір уақытта дамиды,  ал ТМД-да қатысушы мемлекеттерге «Экологиялық ақпаратқа қолжетімділік туралы» Модельді заңға негізделген ұлттық нормаларды құру және ұлттық заңнаманы сол жаңа ережелерге сәйкестендіру  әлі алда тұрған мақсат. Осыған дейін айтып өткеніміздей, ТМД –да көптеген жағдайда модельді заңдар мен ұсыныстар жасау алға қойылған. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 16–қараша 2006 жылғы № 27-8 қаулысымен ТМД қатысушы мемлекеттері үшін Модельді экологиялық кодекс қабылданды. Ол көптеген мүше мемлекеттердің ұлттық экологиялық кодексін жасауда үлгі ретінде қолданылды.

Қорытындылай келе, Еуропалық Одақ пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының экологиялық заңнамасын салыстыру арқылы төмендегі тұжырымдарға келуге болады:

Біріншіден, бұл екі бірлестіктің құқықтық  базасының қалыптасуы мүлдем өзгеше. Еуроодақтың актілерінің орындалуы жалпыға бірдей міндетті, ал ТМД –ның шығарған актілері  ұсыныстық сипатқа ие болғандықтан мемлекеттерді оны орындауға ешқандай міндеттемейді. Мұның себебі, ТМД-ға мүше мемлекеттер тәуелсіздікке еріскеніне 20 жылдан енді асты, бұрынғы КСРО-ның саясатынан арылып енді ғана аяққа тұрып жатыр. Сондықтан, қатысушы мемлекеттер өз заңнамаларын бір-бірімен жақындастыруға әлі асығып жатқан жоқ, керісінше өз егемендіктерін сақтап қалуға тырысып жатыр. Сол себепті, ТМД мемлекеттері қазірше тек гуманитарлық салада белсенділік танытып жатыр. Оның мысалы ретінде, ТМД аясында жыл сайын өткізілетін ғылыми техникалық форумдар, мәдени салада ТМД өнер жұлдыздарын марапаттау іс-шаралары, әртүрлі білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру т.с.с.

Екіншіден, ТМД-да экологиялық ынтымақтастығының деңгейі төмен болуына әсер ететін әртүрлі факторлар бар. Атап айтқанда, оған қатысушы мемлекеттердің экономикалық даму деңгейі бірдей емес. Олардың қоршаған ортаны қорғаудан бөлек осы күнге дейін шешілмей жатқан әлеуметтік, экономикалық, қаржылық, миграциялық ж.т.б. көптеген проблемалары жетіп жатыр. Сондықтан қоршаған орта саласында ынтымақтасу жөнінде келісімдер бекітілгенмен де, оның институционалды механизмдері толықтай жасалынбаған.

 

Библиография:

 

1.     Ушаков Н.А. Принцип сотрудничества государств. Курс международного права. В 2 т. Т.2 М., 1989.

2.     Заключительный Акт Совещания по безопасности и сотрудничеству в Европе 1975 // Собрание международных документов. Права человека и судопроизводство USIA Regional Office Vienna RPO 9412-0027

3.      Постановление Межпарламентской Ассамблеи государств – участников СНГ от 17 февраля 1996 года «О разработке программы модельного законодательства в Содружестве Независимых Государств» // Информационный бюллетень Межпарламентской Ассамблеи. 1996. № 10.

4.     Бюллетень международных договоров. 1992. № 5.

5.     Конвенция о Межпарламентской Ассамблее государств – участников Содружества Независимых Государств от 26 мая 1995 г. // Дипломатический вестник. 1995. № 7.

6.     Модельный закон о доступе к экологической информации // Информационный бюллетень Межпарламентской Ассамблеи. 1998. № 17.

7.     Директива ЕС «О свободе оценки информации об окружающей среде». 90/313/ЕЕС OJ 1990 L158 156; 23.06.90.