Үдербаева Бақыт Амангелдіқызы, Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты

 

Адамның өмір сүру құқығын қамтамасыз етудің маңыздылығы

Адам мен оның құқықтары қазіргі өркениетті деп танылған қоғамның ең жоғары игілігі болып табылады. Сондықтанда адамның өмір сүруін қамтамасыз ететін құқықтық нормалар ең маңызды жүйені құрайды. Егемендік қолға тиген бойдан Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты концептуалды еңбегі жарық көрді. Қазақстанның осы алғашқы «Стратегиясында» КСРО-ң соншалықты тез ыдырауына басты себептердің бірі болған «КСРО-да бастапқы кезден-ақ адамның өзін өзі ұғына білу және өз тағдырын өзі айқындау механизмінің болмағандығы», - деп көрсетіліп, - «Кеңес адамдары өздерін өз өмірлерінің, өз меншігінің, өз елінің шынайы қожайындары ретінде ешқашанда шынайы сезінбей, тек партиялық-мемлекеттік мәшиненің тілсіз бұрандысы ғана болып келгендігі», - нақты белгіленген [1, 4 б.]. Осы құжатта мемлекет алдындағы стратегиялық мақсаттардың бірі – «демократиялық бостандықтар мен адам хұқығын сақтау есебінен дүниежүзі қоғамдастығында Қазақстанның саяси салмағын арттыру» еді [1, 6 б.]. 1990-шы жылғы ҚазССР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының кіріспесінде еліміз Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын танитыны [2, 107-111 бб.], ал 1991-ші жылғы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңда «адам хұқыларының жалпыға бірдей Декларациясында, халықаралық хұқтың жалпы жұрт таныған өзге де нормаларында баянды етілген жеке адамның хұқылары мен бостандықтарының үстемдігін» мойындайтыны нақты көрсетілген [3, 132-137 бб.].

«Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында» белгіленген мемлекеттің жеті негізгі басымдығының ішінде демократияны одан әрі дамыту және саяси жүйені  жаңарту бағыты ерекше аталған [4]. Сол сияқты адам құқықтары мен бостандықтары, бір жағынан, Қазақстанда қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі [5, 15 б.], екінші жағынан, конституционализм идеясының құқықтық көрінісі [6, 11 б.], үшінші жағынан, құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі болып табылады [7, 81 б.]. Жалпы адам құқықтары мен бостандықтарының, оның ішінде, адамның өмір сүру құқығының мемлекет саясатына тікелей байланысты болуын көптеген ғалымдар айтып келеді. Мысалы, Н.И.Матузовтың ойына сүйенсек: «кез-келген мемлекеттің қандай да болмасын саяси бағамы адамның өмір сүру құқығына тікелей байланысты екендігі күмән туғызбайды, өйткені осы саяси бағамға түбінде экономиканың жағдайы байланысты, демек азаматтардың өмір сүру жағдайы, әлеуметтік қорғалуы, зейнеттік қамсыздандырылуы, медициналық қызмет көрсетілуі, еңбек ақысы, «тұтынушы кәрзенкесінің» толық болуы және т.с.с.; қысқаша айтқанда – қалыпты тіршілік ету үшін индивидке қажетті игіліктердің болу-болмауы» [8, 661 б.]. Ғалымның айтуы бойынша «адамсыз, адамнан тыс, одан бөлек кез-келген құқықтар бос абстракцияға айналады», ал адамның өмір сүру құқығы болса әмбебаптық маңыздылығына қарамастан, қазіргі әлемнің бірде-бір жерінде іс жүзінде (100% деңгейде) қамтамасыз етілмейді және кепілдендірілмейді, тіпті оған төніп тұрған маңызды қауіп-қатерлер көбеюде, атап айтқанда: адамдар қылмыскерлер қолынан, көптеген қарулы қақтығыстардан, аштық пен аурулардан, лаңкестік актілері мен саяси шиеленістерден, апаттар мен өзге де төтенше жағдайлардан, жүктілікті тоқтату арқылы эмбрион кезінде өлтірілу салдарынан, әртүрлі себептерге байланысты өмірден өз еркімен кету арқылы жаппай қаза табуда [8, 661-662 бб.]. Осы және тағы бірқатар факторлар миллиондаған қарапайым адам өмірінің қиылуына себеп болып отыр.

Өз еліміздегі жағдайға келер болсақ, он жыл ішіндегі экономикалық дағдарыс халықтың жағдайын ойсыратып, адам құқтарының аяққа тапталуына алып келді. Дағдарыс салдарынан біздің елімізде адам өмірі құнсызданды. Соңғы жылдары қалыптаса бастаған экономикалық өсім халықтың әл-ауқатын жақсарта бастағанмен, адам құқықтарының сақталуы еліміз үшін әлі де проблема болып отыр. Оның көптеген себептері бар – жаппай жемқорлыққа алып келген мемлекеттік аппарат қызметінің тиімсіздігі, заңдарда кездесетін көптеген қайшылықтар, адам құқықтары мен бостандықтарының сот пен өзге де мемлекеттік органдарында қорғаусыз қалып жатқаны, халық арасында, әсіресе ауылдық жерлерде, әлі жиі кездесетін кедейшілік, құқықтық мәдениеттің төмендігі, қылмыстылықтың шектен шығуы. Қоғамдағы осындай жағдай адам өлтіру әрі адам өміріне қатер төндіретін қылмыстардың көбеюіне, көліктегі, жол бойындағы, өндірістердегі адам шығынына алып келетін апаттардың азаймауына, қоршаған ортаның ластануына және халықтың денсаулығының нашарлауына соқтырып отыр. Бұған қоса нашақорлық, қылмыстық аборттар және т.с.с. мәселелер бар. Осы факторлардың барлығы қоғамдағы қарапайым адамның жағдайын байқауға мүмкіндік береді.

Еліміздің құқықтық жүйесіндегі мәселелерге келсек, Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасы заңнамадағы бірқатар кемшіліктерді атап көрсетеді: «Қолданыстағы заңдар нормаларын ...құқықтық реттеудегі ақаулықтарды толықтыру және оны қоғамдық қатынастардың барынша маңызды салаларына тереңдетуді ...іске асыру жолымен жетілдіру қажет», сол сияқты «құқықтық реттеуді талап ететін қоғамдық қатынастарға ғылыми талдау жүргізу қажет» [9, 7 б.]. Осы құжатта былай делінген де сөздер бар: «Бүгінде заң актілері мемлекеттік органдарға мазмұны заң шығарушының қалауына сай емес, ал кейде оған тікелей қайшы келетін заңға тәуелді актілер қабылдауға мүмкіндік беретін бланкеттік (сілтемелік) нормалардың көп мөлшерін қамтиды. Мемлекеттік органдардың норма түзушілік тәжірибесінде тар салалық, ведомстволық көзқарас жойылмаған, соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды, адам құқықтарына, бостандықтарына және азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделеріне қысым жасау жол алған. Әрі бұл жәйт заңдарды іс жүзінде заңға тәуелді актілермен алмастыруға әкеп соқтырады. Осыған байланысты заң актілерін әзірлеу процесі сілтемелік нормалар санын қатаң түрде азайтумен және заңдарды мүмкіндігінше тиімді нақтылуымен сипатталуға тиіс. Сонымен бірге қабылданған заңдардың толықтай іске асырылуын, соның ішінде қажет деген заңға тәуелді актілердің дер кезінде қабылдануын қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдірген жөн» [9, 8-9 бб.].

Елімізде 20-жылдан бері жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі мақсаты құқықтық мемлекет қалыптастырып, адам құқықтарын қамтамасыз ету. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты адам құқықтары саласындағы бұл реформалар әлі де тиісті нәтижесін бермей отыр және ресми жарияланған мақсаттар мен күнделікті өмірдегі қайшылықтар одан әрі күрделенуде. Мұндай жағдайды әйгілі отандық ғалым, академик М.Т. Баймаханов адам құқықтары саласында бір шектен екінші шекке ұрынып және бірде­бір ойын аяғына дейін жеткізе алмай келе жатқан биліктің айқын стратегиясының болмауымен түсіндіреді [13, 110 б.]. Осы жәйттердің барлығы, әрине, адам құқықтары мен бостандықтарының, оның ішінде өмір сүру құқығына да қатысты сақталуына, өз кедергілерін тигізетіні сөзсіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы. – Алма-Ата: РГЖИ «Дәуір», 1992. – 56 б.

2. 25 қазан 1990 жылғы  Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы //Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері. Конституциялық актілер /Құрастырған Ж.Бәйішев. – Алматы: Жеті Жарғы,  1997. – 496 б.

3. 16 желтоқсан 1991 жылғы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Қазақстан Республикасының конституциялық заңы // Сонда. –132-137 бб.

4. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі //Егемен Қазақстан.  – 2006. – 19 қаңтар.

5. Сманова А.Б. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды қалыптастырудың құқықтық негіздері: Заң ғыл.канд. ... дисс. автореф.: 12.00.01. ­ Алматы, 2006. – 26 б.

6. Амандыкова С.К. Становление доктрины конституционализма в Казахстане: Автореф. дисс. … д-ра юрид. наук: 12.00.02. – Алматы, 2005. – 52 с.

7. Бегімбаев С.А. Құқықтық мемлекеттің негіздері //Право европейское и право казахстанское: проблемы правового регулирования. Материалы международной научно-практической конференции /Отв.ред. К.С. Мауленов. – Алматы: КазГЮУ, 2004. –С.79-82.

8. Матузов Н.И. Право на жизнь как политическая проблема //Политология для юристов: курс лекций /Под ред. Н.И.Матузова и А.В.Малько. – М.: Юристъ, 1999. –С.661-695.

9. Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасы. – Концепция правовой политики Республики Казахстан. – Алматы: Жеті Жарғы, 2002. – 56 б. 

10. Баймаханов М.Т., Баймаханова Д.М. Права человека как объект изучения юридической науки //Правовая реформа в Казахстане. – 2003. - №3 (21). – С. 110-117.