Айдарбаев Сағынғали Жоламанұлы,

әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы

 

Азаматтық іс жүргізудегі соттық дәлелдеудің түсінігі

Сот өндірісі кезінде қолданылатын дәлелдеу үдерісі таным ұғымына тығыз байланысты. Танымның қолдану саласына қарай өз ерекшеліктері болады. Мәселен, азаматтық іс жүргізу кезінде судьялардың негізгі күші істің мән-жайларын анықтау мен жиналған материалдарды бағалауға бағытталады. Мұндай соттық танымның ерекшелігін істі мәні бойынша шешу кезінде сот үдерісінің құқық нормаларын дұрыс қолдануын қамтамасыз ету үшін жүргізілуінен байқауға болады. Соттық дәлелдеу ең алдымен соттық таным ретінде қарастырылады, яғни өз ерекшеліктері мен заңдылықтары бар танымның түрі ретінде. Таным – нақты тұлға алдында тұрған мәселелерді шешу үшін оның өз білімін қолдану немесе пайдалану тәсілі. Сот қызметіне қатысты азаматтық істің жүргізілуіне араласатын және іс жүргізу бойынша тиісті құқықтар мен міндеттерге ие болатын субъектілердің танымы туралы айтуға болады. Соттық қызметте құқықтық қатынастарды туындататын, өзгертетін не тоқтататын белгілі бір деректердің болуы не болмауы дәлелденуі тиіс. Яғни, сот органдары және іске қатысушы тұлғалар заңи әрі дәлелдемелік мағынасы бар деректерді ғана зерттейді.

Азаматтық іс жүргізу құқығының барлық субъектілері іс жүргізу заңымен белгіленген әртүрлі қызметті атқара отырып, сот өндірісіне қатысады. Зерттелген дәлелдемелер негізінде істің қарауына қатысатын адамдар өздерінің ұстанымдарының тұрақтылығы туралы қорытынды жасап, не іске қатысуын жалғастыра береді, не талап-арызынан бас тартады, оны мойындайды не бітімге келу жолдарын іздестіреді және т.б. Сот тараптардың деректері мен дәлелдерін талдаудан өткізеді, олардан іс бойынша қосымша дәлелдемелер сұратады, дәлелдемелер жинақталуына көмектеседі. Істі қарау нәтижесінде сот өз қорытындысын түйіндейді және оны шешімге енгізеді. Сот өндірісіне қатысушылар таным қызметімен айналысқанымен, тек сот танымының нәтижелері ғана сот төрелігін жүзеге асыру үшін маңыздылыққа ие болады. Демек, мұндай таным нақты әрі егжей-тегжейлі реттеледі.

Құқықтық әдебиеттерде соттық танымның екі нысаны белгіленеді: тікелей соттық таным (яғни, эмпирикалық) және жанама соттық таным (яғни, дәлелдеу). Мәжіліс кезінде жасалатын іс-әрекеттерді судья өзінің сезім органдары арқылы қабылдап, танымдық қорытынды жасайды: ол тараптар мен куәлардың жауаптарын тыңдайды, олардың сот үстіндегі жағдайға деген көзқарастарын көреді, талап-арыздың материалдық объектісін және заттық дәлелдемелерді тексереді. Азаматтық іс жүргізу жағынан бұл нысан үнемді, өйткені тез жасалады әрі арнайы құқықтық реттелуді талап етпейді, ал оның нәтижелері сенімді болып келеді. Алайда бұл нысанның мүмкіндіктері шектеулі, себебі істі заңи әрі негізді деңгейде қарастыру үшін маңызы бар деректердің басым көпшілігі сот мәжілісінен тыс және бұрын орын алады. Мысалы, мәміленің жасалуы, міндеттеменің жағымсыз орындалуы, зиянның келтірілуі және т.с.с. Жалпы алғанда деректердің өзін сотпен тікелей таным жасау жағдайы өте сирек кездеседі, көбінесе соттың кездесетін жағдайы өтіп кеткен шақтағы деректерді тексеру. Мұндай деректерді судья, әрине, өзінің сезім органдары арқылы тікелей  (яғни, эмпирикалық жолмен) қабылдай алмайды, сондықтан соттық танымның келесі нысаны – дәлелдеу – міндетті түрде қажет болатыны түсінікті. Дәлелдеу барысында сот пен іске қатысушы адамдар дәлелдемелер арқылы анықталуды талап ететін мән-жайларды негіздейді, бұл болса, өз кезегінде, даудың шешілуі үшін маңызы бар жаңа білімнің қалыптасуына алып келеді. Куә, сарапшы, маман ‑ дәлелдеу үдерісінің қатысушысы бола отырып, іске қатысты белгілі бір мән-жайларды дәлелдеуге міндетті емес, бірақ олардың қызметі сот төрелігінің жүзеге асырылуына көмектеседі.

Бұл анықтамаға қатысты келесі мәселені есте ұстаған жөн. Айтысу негізінде азаматтық іс жүргізудің мәні дәлелдеу кезінде тараптардың әрекеттеріне басымдық берілуі арқылы көрініс табады, яғни әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс (ҚР АІЖК 65 бабы). Дәлелдемелерді тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар береді (ҚР АІЖК 66 бабының 1 тармағы).

Заңның келтірілген ережелері дәлелдеу ұғымын өз ұстанымдарының дұрыстығына сотты сендіруге бағытталған тараптардың қызметі ретінде ғана түсінуге итермелейтін сияқты. Бірақ құқық ғылымында мынадай пікір бар. Азаматтық іс жүргізу кезіндегі айтысу қағидасына тым қызығуға болмайды, өйткені істі анықтау үшін сотқа белгілі бір бастама берілмесе, ақиқатты ұстанған тарап емес, істі тәжірибелі әрі дағдылы жүргізіп отырған тарап жеңіп шығады. Тәжірибесі жоқ тарап өзінің талабын дұрыс құрмастан, оны жеткілікті дәлелдемелермен негіздеместен, нәтижесінде оң істің өзін жеңе алмайды. Екінші көзқарас К.С. Юдельсон мен өзге де авторлармен білдірілген: «соттық дәлелдеу – нақты мән-жайларды зерттеу бойынша іс жүргізу құқығымен нақты әрі егжей-тегжейлі реттелген соттың, іске қатысушы тараптардың және өзге де субъектілердің азаматтық іс жүргізу қызметі. Ол қызмет дәлелдемелердің көмегімен істі заңды және негізді шешу үшін жүзеге асырылады» [1, с.28]. Жалпы алғанда, бұл көзқарас бойынша соттық дәлелдеу тараптар арасындағы дауды шешу үшін қажетті деректердің болуы не болмауының заңмен белгіленген объективтік ақиқат құралдары және іс жүргізу тәсілдері көмегімен анықталуы бойынша іс жүргізу субъектілерінің қызметі болып табылады. Ал дәлелдеу субъектілеріне сот және іске қатысушы тараптар жатқызылады.

Шыныменде, айтысу үдерісі шеңберінде сот тараптарға өз құқықтарын іске асыруға көмектесу құқығы мен міндетіне ие. Сот іске мағынасы бар мән-жайларды айқындайды және қай тарап оларды дәлелдеуі тиіс екенін көрсетеді. Мүдделі тараптардың өтініші бойынша сот керекті дәлелдемелерді сұратады және қажетті жағдайларда дәлелдемелердің сотқа ұсынылуына кедергі жасайтын лауазымды адамдар мен азаматтарға мәжбүрлеу шараларын қолданады. Сол сияқты сот істің нақты мән-жайларын анықтауға қатысты басқа да бірқатар іс-әрекеттерді жасайды.

Соттық дәлелдеуге қатысты мынадай анықтаманы да келтіруге болады: «Соттық дәлелдеу - белгілі бір ережелерді негіздейтін және соның нәтижесінде сотта жаңа білімге қол жеткізетін субъектілердің ойлау, іс жүргізу қызметін қамтитын әрі айрықша іс жүргізу нысанында жүзеге асырылатын танымның түрі» [2]. Сонымен қатар, тәжірибеге жақындау мынадай анықтаманы да келтіріп кетейік: азаматтық сот өндірісіндегі соттық дәлелдеу - істі шешуге, соттың заңды әрі негізделген актісін шығаруға бағытталған және заңмен белгіленген нысанда жасалатын деректер туралы заңи маңыздылығы бар мәліметтерді анықтау, қолға түсіру, зерттеу, бағалау бойынша дәлелдеу субъектілерінің құқыққа сай қызметі.

Дәлелдеудің іс жүргізушілік және қисындық қыры үнемі диалектикалық өзара әрекеттесіп отырады. Мысалы, дәлелдемелерге қол жеткізу тәртібін реттейтін іс жүргізу нормалары бұзылған болса, мұндай дәлелдемеге негізделген шешім заңсыз және негізсіз болады. Сол сияқты дәлелдемелерді зерттеу және бағалау кезінде қисындық заңдар бұзылса, мұндай бағаның негізінде шығарылған сот шешімі негізсіз болып табылады және жойылуы тиіс. Бұған қоса азаматтық істің мән-жайларын анықтау оның мәні бойынша дұрыс шешілуіне кепіл бола алмайды. Ол үшін қарастырылып отырған құқықтық қатынастарды дәлме-дәл дәрежелеу керек. Құқықтық бағалау қисын мен құқық заңдарына байланысты болмақ. Демек, дәлелдеу іс жүргізу және қисындық қызмет өзінің алуан түрлі көрінісін табатын күрделі әлеуметтік және құқықтық феномен болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Юдельсон К.С. Проблемы доказывания в советском гражданском процессе. - М., 1951.

2. Гражданский процесс. Учебник / Отв. ред. В.В. Ярков. – М., 2004.