Смагулова Г.С. халықаралық құқық мамандығы бойынша

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

 

Халықаралық жеке құқық және  Қазақстан Республикасы құқығындағы жекеменшік құқық мәселелері

 

Халықаралық жеке құқықта бірден заң қақтығыстарына, яғни жекеменшік құқығындағы қайшылықты сұрақтарға назар аударылады. Олар жекеменшікті сатып алу немесе тоқтату, жекешелендіру, оған қаржы салу барысындағы жекеменшік құқық мәселелерін қарастырады.

К.Маркстың анықтамасы бойынша «меншік деген тұлғаның материалдық игіліктерге өзінің жеке меншігіне қарым-қатынасы сияқты көзқарасы» [1]. Е.А.Васильевтің пікірінше меншік заңдық немесе құқықтық категория ретінде идеологиялық құқықтық қарым-қатынас болып табылады. Р.Л.Нарышкина меншіктің заңдық категориясын қоғамдық-өндірістік қарым-қатынастың заңдық көрінісі деп анықтайды. С.С.Алексеев меншік деген жеке тұлғаның затқа, мүлікке, жеке басына тиесілі затқа қарым-қатынасындай көзқарасы дейді [2].

Жоғарыда келтірілген пікірлерді біріктіре келе, заңдық категория ретіндегі меншік материалдық игіліктерді иелікке беру және иемдену бойынша қоғамдық қарым-қатынастардың бекітілген құқықтық нормалары деп қорытылады.

Меншік туралы қолда бар ілімді негізге ала отырып, біз оның материалдық игілікті иелену, пайдалану және біреудің қарамағына беругебайланысты қоғамдық қатынастар кешенін біріктіретін күрделі құбылыс екенін білдік. Осылайша, меншік ұғымының мазмұны иелену, пайдалану және біреудің қарамағына қолдануға беру категорияларымен айқындалады [3].

Құқық нормаларымен реттелген материалдық игілікті иелену, пайдалану және біреудің қарамағына беру (табиғат өнімдері және еңбек қорытындылары)  бойынша меншік қатынастары заңдық категория ретіндегі меншіктен «меншік құқығы» заңдық категориясына айналады.

Әдебиетте «меншік құқығы» термині субъективті және объективті мағынада қарастырылады. Е.А.Васильев субъективті және объективті меншік құқығының келесі тұжырымдамасын жасайды: «Мемлекет мүліктік құндылықтарға ие болу, пайдалану және біреудің қарамағына беру қатынастарын, өндірістің өнімдері мен жабдықтарын иелікке беруді іске асыратын қоғамдық-өндірістік қатынастарды реттейтін және бекітетін заңдық нормалар жүйесін белгілейді. Бұл нормалардың жиынтығы объективтік мағынадағы меншік құқығын құрайды да, соған сәйкес субъективтік мағынадағы меншік құқығы туындайды. Бұл нақты субъектілердің белгілі бір мүліктік нысандарды  (өндіріс жабдықтары және тұтыну заттары) өз билігімен өз қызығушылығы аясында және мемлекет бекіткен құқықтық тәртіп шеңберінде пайдалануы» [4].

А.С.Скаридов объективті мағынадағы меншік құқығы дегеніміз меншік қарым-қатынасын бекітетін, регламентін белгілейтін және қорғайтын құқықтық нормалар жиынтығы дейді. Меншік құқығының субъективті мазмұны мүлікті иелену, пайдалану, қолдану түріндегі үш заңдылықпен түсіндіріледі.

Бүтіндей алғанда Ю.Г.Басин атап айтқандай: «Меншік құқы-субъектіге тиесілі азаматтық құқық нысандарын бекітілген заңдар шеңберінде, жеке дара ешкімнің рұқсаты мен келісімінсіз толықтай иелік етуі, өз пайымдауынша пайдалануы. Ол субъектінің мемлекет тарапынан танылған және қорғалған абсолюттік құқы»-дейді [5]. Бұл анықтама көптеген құқықтық жүйелерде кездеседі. Қазақстан Республикасы және шет мемлекеттердің теориясы мен тәжірибесі меншік құқы дегеніміз-мемлекет тарапынан танылған, тұлғаның мүлікті немесе затты т.б. толықтай иелену мен пайдалану құқықтарына ие болуы.

Халықаралық жеке құқықтағы меншік құқы өзінің жоғарыда айтылған негізгі элементтерін жоғалтпайды, керісінше ұлттық құқықтағы меншік құқы мен халықаралық жеке құқықтағы меншік құқын бір-бірінен ажырататын негізгі элементке ие болады.

Халықаралық жеке құқықтағы объективтік мағынадағы меншік құқы меншік иегеріне тиісті мүлікті оның өз қалауынша, өз қажеттіліктері мен қызығушылығы шеңберінде пайдалануы мен иеленуін реттейтін халықаралық жеке құқық институтын ұсынады. Бірақ мұнда міндетті түрде шетелдік элемент болуға тиіс. Аталған институтқа меншік құқы институттарына тән субинституттар мен азаматтық құқық нормаларынан басқа халықаралық жеке құқық институттарына тән субинституттар мен нормалар кіреді: мүлікке қатысты қайшылықты нормалар; шетелдік элементі бар қарым-қатынасты реттейтін материалдық-құқықтық нормалар: ұлттандыру туралы, жекешелендіру туралы, шетелдік инвестициялар туралы, Қазақстан Республикасының қазақстандық меншігі мен Қазақстандағы шетелдік меншіктің құқықтық режимі туралы, Қазақстан Республикасының шетелдегі заңды және жеке тұлғалары туралы.

Халықаралық жеке құқықтағы субъективтік меншік құқы-шетелдік элементпен күрделендірілген, меншік иесінің өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша, өз қызығушылығы аясында пайдаланудың заңдық тұрғыдан қамтамасыз етілген мүмкіншілігі.

Осылайша, халықаралық жеке құқықтағы меншік құқы өзінің жоғарыда айтылған негізгі элементтерін жоғалтпайды, керісінше ұлттық құқықтағы меншік құқы мен халықаралық жеке құқықтағы меншік құқын бір-бірінен ажырататын негізгі элементке ие болады. Халықаралық жеке құқықтағы меншік құқында міндетті түрде шетелдік элемент болуы қажет. Меншік қарым-қатынасындағы «шетелдік элемент» нені білдіреді? Бұл жағдайда шетелдік элемент деп: субъект, объект және заңдық фактіні танимыз. Субъект бойынша жеклей алғанда қарым-қатынас шетелдік элементпен күрделендірілген деп танылады, егер: құқықтық қарым-қатынас субъектілері әртүрлі елдерде болса, объект бойынша, егер құқықтық қатынас объектісі шетелде болса, заңдық факт бойынша, егер заңдық факт әрекеті шетелде орын алса, оның негізінде қарым-қатынас туындаса, өзгерсе немесе тоқтатылса, мұндайда меншікке қатысты барлық құқықтық қарым-қатынас түрінің үшеуі бірге де, жекелей де туындауы мүмкін. Меншік құқына мінездеме беруде ұлттық құқықтағы сияқты халықаралық жеке құқықта да меншіктің барлық түрлерін, сондай-ақ меншік құқының субъектілері мен объектілерін және меншік құқын қорғау мен иеленудің барлық тәсілдерін тең деп тануға зор көңіл бөлінеді.

Жеке меншік қарамағына заң актілеріне сәйкес азаматтарға немесе заңды тұлғаларға меншікке беруге болмайтын мүліктен басқа барлық мүлікті жатқызуға болады (ҚР АК 191 бабы). Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік меншік меншіктің екі түрімен ұсынылған: республикалық және коммуналдық. Ресей заңнамасында мемлекеттік меншік ол мемлекеттің федеративтік құрылымына сәйкес көрсетілген. Көпшілік елдердің заңнамасында дәл жоғарыдағыдай меншік құқы субъектілері тізімі бекітілген: жеке тұлға, заңды тұлға және мемлекет. Ұлттық құқықтық жүйедегі меншік формаларының аражігін ажырату және олардың салыстырмалы сараптамасы халықаралық жеке құқықта маңызды орын алады. Өйткені әртүрлі құқықтық жүйелерде түрлі меншік түрлерінің болу, болмауына байланысты халықаралық жеке құқықтағы қайшылықты сұрақтың жауабы не оң, немесе теріс шешіледі.

Құқықтық жүйелердің дамуындағы тарихи ерекшеліктерге байланысты  Англия мен АҚШ меншік құқын қорғауға бағытталған арыз-шағымдар жоқ. Мұндағы меншік құқы көптеген тәртіпбұзушылыққа арналған арыздар немесе trespass туындаған tort арыздарымен қорғалады. Tort ұғымын Сэлмонд былайша түсіндіреді: «Сенімгерлік меншіктің бұзылуы немесе келісімнің бұзылуынан туындамайтын, алдын-ала бағаланбаған шығындар туралы немесе common law НЕЛИКВИД-імен (жұмсалмайтын, өтімсіз зат)» өтелетін азаматтық залал. Tort негізіндегі ағылшын құқығына арыздардың келесі категориялары белгілі: 

1.              trespass of  land (жерге қатысты);

2.              trespass of goods (заттарға қатысы бойынша).

Екі арыз түрі де меншік құқын қорғаудың негізгі формасы болып табылады.  Меншік құқын қорғауда trespass of  land арыздағы анағұрлым маңыздырақ. Ол меншік иесін: жәбірленушінің иелігіндегі жерге құрылыс салуды бастаудан; ол жерден кетуден бас тартудан; ешқандай негізсіз меншік иесінің жеріне қандай да бір затты немесе мүлікті орналастырудан және тастаудан қорғайды [6].

Англо-американдық құқықта жоғарыда аталған айып-арыздардан басқа иегерліктен заңсыз айыру және заңға қайшылықпен ұсталып отырғанды қайтару арыздары да белгілі. Қайтару шағымы бойынша мүліктің заңды иесі оны заңсыз тұлға иеленіп алғанға дейін ол мүлікті иеленген болса, онда аталған арыз бойынша қайтарушы ретінде мүліктің заңсыз иесі жауапқа тартылады. Жауапкердің мүлік иесі ретіндегі іс-әрекеті (сатуы немесе мүлікті салуы) арыздануға негіздеме болады.

РФ АК меншік құқын алудың алғашқы тәсілдеріне мыналарды жатқызады: заң және басқа да құқықтық актілерді сақтай отырып, тұлғаның өзі үшін ойлап тапқан немесе жасаған заты, жаңа затқа меншік құқы; нақтыласақ ғимараттар, құрылыстар, т.б., сондай-ақ өз бетімен салынған құрылыстар, жалпыға қол жетімді заттарды меншікке айналдыру, қайта өңдеу [7].

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасындағы меншік құқын алудың алғашқы тәсілдері РФ заңнамасындағы сияқты: жаңа затқа меншік құқы; заңды түрде сатып алынған мүліктен түскен өнім, кіріске меншік құқын алу. Кеңес доктринасы жоғарыда келтірген алғашқы тәсілдер қатарына ұлттандыруды, сұранымсыз қалған меншіктің мемлекет иелігіне өтуін, мүлікті тәркілеуді және бөтен затты қайта өңдеуді жатқызған. Меншік құқын алудың алғашқы және туынды тәсілдерінің аражігін ажыратудың негіздемесінде екі критерий бар: ерік критерийі және мирасқорлық критерийі. Туынды меншік құқын алу көп жағдайларда алғашқы меншік құқы иесінің қалауы бойынша жасалады. Оған сату-сатып алу, сыйлау келісімдері жатады. Ал тәркілеу немесе мүлікті мемлекет уақытша өзіне қаратып алған жағдайда туынды меншік құқы алдыңғы меншік иесінің еркінсіз туындайды. Меншік құқын алудың туынды тәсілдеріне француз құқығы мынадай классификация енгізді: әмбебап мирасқорлық тәсілінде мүлік мирасқорға толықтай беріледі (мұрагерлік); үлескер мирасқорлық тәсілінде мирасқорға пассив үлесі (акциялар мен мекеме мүлкін бөліске салу) ғана беріледі; сингулярлық мирасқорлық тәсілінде мирасқорға нақты бір зат қана беріледі, мысалы: үй.

Заң шығарушы меншік құқын тоқтатуды оның пайда болғаны сияқты белгілі бір заңдың фактілермен байланыстырады. Әдебиетте меншік құқын тоқтатудың екі түрі қарастырылады: меншік иесінің ерік-қалауына тәуелді және меншік иесінің ерік-қалауына тәуелсіз. Мысалы азаматтық-құқықтық келісім немесе меншік нысанын пайдалану негізінде меншік иесінің еркімен меншік құқы тоқтатылады. Ал мүлікті тәркілеуде, ұлттандыруда, мемлекет мүлікті өзіне уақытша қаратып алған жағдайда, табиғи себептерге байланысты я болмаса меншік субъектісінің жоғалып кетуіне байланысты меншік құқын тоқтату меншік иесінің қалауына байланысты емес.  

Қазақстан мен Ресейдің халықаралық жеке құқықтағы меншік құқын зерделеу турасындағы құқықтық ойлары ұлттандыру, халықаралық жеке құқықта меншікті жекешелендіру, халықаралық жеке құқықтағы шетел қаржысын салу мәселелері, меншік құқының қайшылықты сұрақтарын шешуге баса назар аударады. Егер біз меншікті жекешелендіру сұрақтары мен шетел инвестицияларының құқықтық режимі мәселелерін айналып өтсек, біздің меншік құқының халықаралық аспектілері саласындағы зерттеулеріміз толық болмайды. Меншікті жекешелендіру ұлттандыру процесінің екінші жағы. Ол меншік қарым-қатынасын өзгертудің бір түрі. Ал мұндай өзгерістер бір жағынан меншік қатынастарын тоқтату үшін құқықтық негіз болса, екінші жағынан оны туындатуға себепкер болып, ұлттық құқыққа ғана емес халықаралық жеке құқық қатынастарына да зардабы мен салдарын тигізеді. Ұлттық және халықаралық жеке құқықтағы жекешелендіру процестеріне байланысты туындайтын мирасқорлық құқық  халықаралық жеке құқық үшін аса маңызды. Сондықтан да бұл мәселені қайшылықты құқық пен меншік құқық қатынастарындағы қырынан көрсету қажеттілігі жоғары.

Ұлттық құқықтағы меншік құқының ерекшелігі оның міндетті түрде заңмен қорғалатын субъективтік абсолюттік құқық болып мойындалуында. Осылайша ұлттық құқықтық жүйедегі меншік құқы тиісінше ресімделген құқық болуы тиіс. Халықаралық жеке құықтағы меншік құқының ерекшелігі онда міндетті түрде шетел элементінің болуы. Сондай-ақ халықаралық жеке құқықта даулы құқықтық қатынастарды қолданбалы құқықты анықтау арқылы шешеді. Меншік құқының пайда болуы немесе тоқтатылуына байланысты азаматтық-құқықтық мәмілелер мен тұлғалардың іс-әрекеттері халықаралық жеке құқықта теориялық және тәжірибелік жағынан зор маңызға ие. Егер халықарарлық жеке құқықтағы меншік құқының қайшылықты сұрақтарына тереңірек үңілі, бөлшектеп қараса және оны жоғарыда көтерілген сұрақтармен байланыстырса, онда халықаралық жеке құқықтағы меншік құқының даулы сұрақтарының шешілу механизмін көруге болады. Ол үшін бізге қайшылықты құқықтың негізгі діңі болып табылатын ұлттық құқықтық жүйелердің түп тамырын қозғауға тура келеді. Ұлттық құқықтағы қайшылықты сұрақтарды зерделеп, Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердегі меншік қатынастарының салыстырмалы сараптамасын өткізу қажет.

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.                  Маркс К., Энгельс Ф. Соч., М., 1974, Т. 46. - 615 с.

2.     Алексеев С.С. Собственность. Право. Социализм, М, 1989. - 173 с.

3.                  Советское гражданское право / Под ред. В.А. Рясенцева. - М., 1975. - 556 с.

4.                  Гражданское и торговое право капиталистических государств/Под
ред. Е.А. Васильева, М.,1993, 556 с.

5.                                 Басин   Ю.Г.   К   вопросу   о   понятии   права   собственности // Гражданское законодательство: Статьи. Комментарии. Практика, Алматы,
2003, Вып. 17. – 219 с.

6.                       Гражданское и торговое право капиталистических стран / Под ред.
В.П. Мазолина и М.И. Кулагина. - М., 1980. - 382 с.

7.                                                     Гражданский Кодекс Российской Федерации, М.,1997, 325 с.