Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті

Бейсенбекова Г.Т., п.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті

Қабатай Б.Т., п.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті

 

СТУДЕНТТЕРДІҢ КӘСІБИ-ҚАТЫСЫМДЫҚ

ҚҰЗІРЕТТІЛІГІ

 

       Кез-келген елдің кәсіптік қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарылығы, дүниежүзілік қауымдастықтағы орны сол елдің технологиялық даму деңгейімен анықталады. Жалпы қоғам дамуы мен жаңа технологияны енгізу сапасы осы елдегі білім беру ісінің жолға қойылғандығы мен осы саланы ақпараттандыру деңгейіне келіп тіреледі.

      Елбасымыз – Қазақстан   Республикасының   Президенті   Н.Назарбаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері,  оқытушылары,  ғылыми  қызметкерлері мен университет  басшыларына арналған  «Инновациялар  мен  оқу  білімді  жетілдіру  арқылы  білім экономикасы» тақырыбындағы дәрісінде білім мен кемшіліктер кеңінен талданып, білім берумен қатар  ғылымды  жетілдіру республикамыздың бәсекелестікке қабілетті 50 мемлекеттің қатарына енудің басты шарттарының бірі деп көрсеткен.

       «Білім туралы» заңның қабылданған білім беру жүйесінің жаңа моделі 2004 жылы  ЮНЕСКО ұсынған халықаралық білім жүйесіне сәйкестендірілген. Осы Заңның 8-ші бабында білім беру жүйесінің басым міндеті ретінде оқытудың инновациялық   технологияларын  енгізу,  білім   беруді  ақпараттандыру,  халықаралық,  ғаламдық,  коммуникациялық желілеріне шығу деп атап көрсеткен. Инновациялық технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, рухани, адамгершілік, азаматтық келбеттерінің қалыптасуына әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғалыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі –маңызды мәселелердің бірі.

       Мемлекеттік тілді жетік меңгерген білікті мамандарды қалыптастыру оқу мазмұнының құрамдас бөлігі болуы тиіс.

       Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың  қазіргі  заманғы озық бағдарламалары мен  әдіс-тәсілдерін әзірлеп, оқу құралдары мен оқулықтарға енгізу қажет», – деп атап көрсеткен. 

      Сондықтан   жаңа   типтегі  оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу жоғары оқу орны оқытушыларының басты міндеттерінің бірі болып саналады. ЖОО-ның өзгетілді аудиторияларында мемлекеттік тілді оқыту халықаралық стандарттарға негізделген.

       Бүгінгі таңда қазақ тілін өзге тілді аудиторияда оқыту – үйрету барысында тереңірек кәсіби бағдар беру, оқу материалын мамандыққа сай бағыттап, белгілі  салаға бейімдеу, яғни, «Кәсіби қазақ тілі» пәнін жетілдіру мақсаты бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.

        Жоғары оқу орындарында орыс тілді студенттерге мемлекеттік тілді мамандыққа сай меңгертуде шешілмеген мәселелер әлі де жеткілікті.

      Соңғы жылдары қоғамдық және әлеуметтік өмірде болып жатқан елеулі өзгерістер, ғылыми-техникалық ақпараттар ағынының бұрын-соңды болып көрмеген қарқыны, басқа да саяси-әлеуметтік жағдайлар білім беру саласының алдына көптеген жаңа талаптар қойып отыр.

      Ғаламдану үрдісінде бәсекелестікке қабілетті, қоғамның мүддесі мен мақсатына қызмет ететін білімді де білікті мамандармен қамтамасыз ету – бүгінгі күн талабы, қоғам сұранысы.

     Мемлекеттік тілді әр мамандық бойынша кәсіби бағытта, яғни студенттердің болашақ мамандықтарына сай меңгерту – тіл мамандарының алдына қойылатын басты талап.

      Мамандыққа сай білім беру үшін сабақтар арнайы шыққан оқулықтармен жүргізілуі тиіс. Ол оқулықтың жазылуы белгілі бір талаптарға жауап беруі қажет.

       Мемлекеттік тілді оқыту арқылы студенттерді  кәсіби-іс-әрекетке даярлаудың концептуалдық негіздерін әдіснамалық-теориялық тұрғыда дамыту және осы даярлық үдерісін оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз ету; өзгетілді дәрісханада қазақ тілін оқыту әдістемесіне  байланысты  оқытудың ұтымды әдістемелік жүйесін жасау оқулық дайындаудың басты мақсаты болып табылады. Бұл мақсатқа жетуде төмендегідей нақты  міндеттер  жүзеге асырылады:

       Кәсіби бағытта мемлекеттік тілді оқыту арқылы төмендегідей нәтижелерге қол жеткізуге болады: кәсіби қызметте қазіргі компьютерлік технологияларды қолдана отырып,  мемлекеттік тілдің Ұлттық корпусы ресурстарын және т.б. пайдаланудың практикалық машықтары мен дағдылары қалыптасады; кәсіби бағытта мемлекеттік тілді игерту арқылы жоғары дәрежелі, білікті және бәсекеге қабілетті мамандарды дайындай отырып, әлеуметтік тұрғыдан икемделуге қабілетті және кәсіби мәдениетінің деңгейі жоғары кәсіби элитаны дайындауға мүмкіндік туады; мемлекеттік тілді кәсіби бағытта меңгерте отырып,  кәсіби құзіреттілік пен әлеуметтілік мобильділікті қамтамасыз ететін оқу құралдарын дайындау арқылы заман талабына сай мамандар дайындалады; мемлекеттік тілді оқыту арқылы студенттерді кәсіби-педагогикалық іс-әрекетке дайындаудың концептуалды моделін жасау студенттердің  жеке тұлға ретінде  дамуына ықпал етеді.

      Бүкіл дүниежүзілік білім әлеміне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанның оқу-тәрбие саласында білімнің жаңа жүйесі қалыптасуда.  Ол әрбір ғылым саласында нақты өзгерістерді енгізумен қатар жүргізіледі. Қазіргі жүргізіліп жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер  білім беру қызметіне жаңа қырынан қарауды; сонымен бірге педагогика ғылымындағы табыстарды сын көзбен бағалап, саралауды;   мұғалімнің іс-әрекетін, кәсіби шеберлігін де жаңа қырынан қалыптастырып, бәрін  жаңаша  ұйымдастыруды  талап  етеді.

       Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекеттер қатарына қосылғаннан  бері қоғамды ақпараттандырудан туындаған өзгерістер оның  барлық  салаларымен қатар мемлекеттік тілді кәсіби бағытта меңгерту   деңгейіне, өндіріс пен әлеуметтік саладағы ғылымдардың жетістіктеріне және прогрессивті технологияны енгізу мерзімінің қысқартылуына  қойылатын  талаптар күшеюде. Елбасының 2011 жылғы жолдауындағы: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», – деген сөзі дәлел болады. Осы бағытта жасалып жатқан іс-шаралардың бірі – еуропалық жоғары білім беру аймағына енуді көздейтін Болон үдерісіне қосылу туралы шешімнің қабылдануы  да айырықша мәнді шара. Бұл оқиғаны білім беру жүйесінде көрініс алған елеулі тарихи оқиға  десе болады.

     Ұрпақ  тәрбиелеу ісі қоғам дамуының талабына қарай  өзгеріп отыратындықтан, бүгінгі студентке тек пәнді терең игертіп қана қоймай,  оны болашақ мамандығына бейімдеп оқыту  мәселесі де алға қойылып отыр. Болашақ маман мемлекеттік тілді жетік меңгерген, кәсіби біліктілігі жетілген,  жан-жақты дамыған жеке тұлға болуы керек. Оған жету үшін білім беру үрдісінде оқытудың технологияларын енгізу, сол арқылы студенттің кәсіби ойлауын, рухани дамуын, интеллектуалдық өсуін қалыптастыру қажет. Соңғы жылдары адам факторының жан-жақты жетілген, көптілді меңгерген тұлғасына, оны қалыптастыру мен тәрбиелеуге ерекше назар аударылуда. Тілші-әдіскерлер тілді қатысымдық тұрғыдан оқыту мәселесіне ден қойып отыр. Қатысымдық бағыт тілді оқытуда тілдік қарым-қатынасты сөйлесім әрекеттері арқылы жүзеге асыруды, мемлекеттік тілді кәсіби бағытта игертуді көздейді. 

     Келешек ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында өзгетілді дәрісханада қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін айқындап және оны ұтымды пайдалану – бүгінгі күн талабынан туындап отырған  өзекті мәселе ретінде төмендегідей критерийлерге жауап беруі тиіс:

·                ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын айқындай отырып, қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуды тың арнаға, жаңа сапаға жеткізу қажеттілігі;

·                білім мазмұнын байыту, оқыту үдерісін жетілдіру, жаңа педагогикалық технологияларды жиі пайдалану;

·                жан-жақты дамыған, рухани жетілген жас маманды қалыптастыру;

·                студенттердің қазақша сөйлеуін дамыта оқыту мен тәрбиелеу идеясына негіздеу;

·                 мәтіндердегі танымдық, кәсіби, тәрбиелік, ғылыми тұрғыдан қолданылған мәтіндерді игерту арқылы студенттердің  сөйлеу дағдысын жетілдіру;

·                студенттердің сөздерді орынды қолданып, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, сөз байлығын арттыру, әдеби нормаға сай сөйлеуге дағдыландыру;

·              тілді үйренуге деген танымдық қызығушылығын арттыру.

        Міне, осы көрсетілген ерекшеліктерді негізге алған оқулық дайындау мәселесі жалпы мемлекеттiк бағдарламалармен, соның ішінде тілді тәжірибелік тұрғыдан оқытып, дамыту бағдарламасының сұраныстарына жауап бере алатын  өзекті зерттеу болып табылады.

      Оқу құралын дайындау барысында ұсынылатын тұжырымдар тіл білімі мен әдістеме ғылымдарын теориялық тұрғыдан толықтыра түседі. Зерттеу нәтижесінде қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың ғылыми теориялық негіздерін айқындау; қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың әлеуметтік маңызын анықтау;  лингводидактикалық моделін жасау; білім беру жүйесіндегі тілді оқытудың негізгі факторларын айқындау;  негізгі заңдылықтарын белгілеу; Қазақстан Республикасындағы тіл саясатына байланысты қазіргі концепцияның маңызын ашу оқытудың сапасын арттырады. Қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуға қатысты ғылыми-теориялық тұжырымдар оқыту әдістемесінің теориялық жағынан толығып, жетілуіне септігін тигізеді.

      Оқулық дайындау арқылы ұсынылатын әдістемелік жүйе қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуға арналған сабақтың сапасын арттырып, тілді үйретуге қатысты оқыту ісін  жетілдіреді. Ұсынылған  ұстанымдар, әдістер  студенттердің қызығушылықтарын арттырып, сабақ барысында белсенділіктерін жетілдіруге көмектеседі. Сабақ үрдісінде  алған білімдерін күнделікті қарым-қатынаста ұтымды, орынды қолдана білулеріне мүмкіндік туғызады. Сол себепті де қазақ тілін оқытуда кәсіби-қатысымдық моделін дайындау бүгінгі күннің басты талаптарының бірі екендігі сөзсіз.

      Бұл – мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне екінші тіл ретінде үйрету әдістемесі ғылыми түрде әлі де болса зерттеле түсу керектігін көрсетеді. Бұл дегеніміз, әлі де болса жоғары оқу орындарындағы білім беру саласында шешімін таба алмай келе жатқан проблемалардың шаш етектен екендігін көрсетеді.

      Сол проблемалардың ең бастысы – мамандыққа сәйкестендірілген арнайы оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдарының жеткіліксіздігі.

     Ғылым мен техниканың даму қарқыны, адамзат баласының талап-талғамының өсуі, электронды құралдардың күнделікті өмірде кең қолданылуы білім беру саласында жаңа технологияларды енгізуге ықпал ете отырып, оқу үрдісіне үлкен өзгерістер енгізуді, оқыту әдістемесін жетілдіре түсуді көздеуде.

      Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдіс-тәсілдерін әзірлеп, оқу құралдары мен оқулықтарға енгізу қажет», – деп атап көрсеткен. Сондықтан жаңа типтегі оқу әдістемелік кешендерді әзірлеу жоғары оқу орындары оқытушыларының басты міндеттерінің бірі болып саналады.     

      Сонымен, бүгінгі студент – ертеңгі маман, жоғары оқу орнын аяқтап, өз мамандығы бойынша жұмыс істеген кезде – мемлекеттік тілді кәсіби талап деңгейінде білуге үйрету үшін  талапқа сай оқулықтар мен қазақ тілін үйретудің әдістемелік құралдары аса қажет.

     Бүгінде өзге ұлт өкілдерінен өздері істейтін мекемелерде қазақ тілінде сөйлеп, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, жиналыстарда, ресми отырыстарда, мәжілістерде сөз сөйлеу, есеп беру, мәліметтер беру, өзі сияқты мамандармен кездесіп, қызмет мәселелерін шешу, өз мамандығы бойынша терминдерді пайдаланып, еркін тілдік қарым қатынаста болуы талап етіледі.

      Демек, бұл талаптарды орындау жоғары оқу орындарының түрлі мамандықтарында оқитын студенттер мен тіл мамандарына үлкен міндеттер жүктейді.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі  Білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан, 2003, 26 желтоқсан.

2. Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылдың 11 қазанында №1459 жарлығымен бекітілген // Егемен Қазақстан, 2004,  16 қазан.

3. Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары. – Астана, 2002, -97 б.

4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылдың наурыз айындағы қазақстандықтарға арнаған Жолдауы // «Казахстанская правда». – 2006. -№45-46.

5. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев  оқулары халықаралық форумында сөйлеген сөзі. // Астана, 2012 жылғы 29 қараша.

6. Ныязбекова К.С., Бейсенбекова Г.Т. Қазақ тілі (кәсіби-қатысымдық моделі). Оқу құралы. «Ұлағат» баспаханасы, 2012. – 134 б.