Бейсенбекова Г.Т., п.ғ.к.,
Абай атындағы
ҚазҰПУдың доценті
Қабатай Б.Т., п.ғ.к.,
Абай атындағы
ҚазҰПУдың доценті
Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,
Абай атындағы
ҚазҰПУдың доценті
СТУДЕНТТІҢ КӘСІБИ МОДЕЛІ
Ғылым мен техниканың даму
қарқыны, адамзат баласының талап-талғамының
өсуі, электронды құралдардың күнделікті
өмірде кең қолданылуы білім беру саласында жаңа
технологияларды енгізуге ықпал ете отырып, оқу үрдісіне
үлкен өзгерістер енгізуді, оқыту әдістемесін жетілдіре
түсуді көздеуде.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы Қазақстан
халқына арнаған Жолдауында: «Халықаралық
тәжірибеге сүйене отырып, қазақ тілін
оқытудың қазіргі заманғы озық
бағдарламалары мен әдіс-тәсілдерін әзірлеп, оқу
құралдары мен оқулықтарға енгізу қажет», –
деп атап көрсеткен. Сондықтан жаңа типтегі оқу
әдістемелік кешендерді әзірлеу жоғары оқу орындары
оқытушыларының басты міндеттерінің бірі болып саналады.
Сонымен, бүгінгі студент –
ертеңгі маман, жоғары оқу орнын аяқтап, өз
мамандығы бойынша жұмыс істеген кезде – мемлекеттік тілді
кәсіби талап деңгейінде білуге үйрету үшін талапқа сай оқулықтар мен
қазақ тілін үйретудің әдістемелік
құралдары аса қажет.
Бүгінде өзге ұлт
өкілдерінен өздері істейтін мекемелерде қазақ тілінде
сөйлеп, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу,
жиналыстарда, ресми отырыстарда, мәжілістерде сөз сөйлеу,
есеп беру, мәліметтер беру, өзі сияқты мамандармен кездесіп,
қызмет мәселелерін шешу, өз мамандығы бойынша
терминдерді пайдаланып, еркін тілдік қарым қатынаста болуы талап
етіледі.
Бұл талаптарды орындау
жоғары оқу орындарының түрлі мамандықтарында
оқитын студенттер мен тіл мамандарына үлкен міндеттер
жүктейді.
Әрбір мамандықтың
өз саласында қолданылатын терминдері мен іс
қағаздарының түрлері бар.
Тіл мамандары ең алдымен,
мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне меңгерту
ұстанымдарын, ерекшеліктері мен әдістерін кешенді қарастырып,
білім беруді жүйелі түрде ұйымдастыруы керек.
Қазақ тілін оқыту
әдістері өзге ұлт өкілдеріне екінші тілді оқыту
ұстанымдарына негізделеді. Қандай да бір тіл болмасын, оны екінші
тіл ретінде оқытуда – оқытушы сабақта сөйлеу
әрекетінің негізгі бес түрінің орындалуын
қамтамасыз етеді:
·
тыңдалым
·
оқылым
·
айтылым
·
жазылым,
·
сөйлесім
Екінші тілді үйретуде кәсіби
бағыт жұмыстарының барлық түрі тұтас,
яғни кешенді қарастырылады.
Қазақ тілін екінші тіл
ретінде оқыту жұмысы тақырыптық принципке негізделеді.
Мәтін сабақта жүргізілетін барлық
жұмыстарға негіз болады. Мәтінмен жұмыс жүргізуде
де, грамматиканы түсіндіруде де атқарылатын негізгі жұмыс –
кәсіби бағыт жұмысы.
Мемлекеттік тілді оқыту
жұмысы коммуникативтік бағытта функционалды-жүйелік
әдісті қолдану негізінде, салыстырмалы грамматиканы тиімді
пайдалану арқылы іске асады.
Әсіресе, интерактивтік
әдістер – сұрақ-жауап әдісі, аударма әдісі,
жобалау технологиясы, дамыта оқыту, ұжымдық,
проблемалық оқыту технологиялары, модульдік оқыту
технологиялары кәсіби лексиканы меңгертуде – кәсіби бағдарлық
жолмен меңгерту, мамандыққа байланысты мәтіндерді
ауыспалы жұптық жұмыстар жүргізу арқылы
меңгерту, топтық жұмыстары, кәсіби-іскерлік
жұмыстарды тиімді қолдану арқылы кәсіби лексиканы
меңгерту оқытушыдан көп ізденісті талап етеді.
Екінші тілді оқытудағы
негізгі принциптердің бірі – екі жақты іс-әрекеттік
әдісті негізге алу. Бұл принцип бойынша оқытушы сабақта
тек білім беріп қана қоймайды, студенттерді сабаққа белсенді
қатынастыру арқылы, яғни тілдік іс-әрекет әдісі
арқылы, екінші тілді меңгерту жұмысы іске асады.
Қазіргі заманғы
мәдениаралық қатынастың, яғни коммуникация
теориясы бойынша этностың мәдениетін білмей, оның тілін білу
мүмкін емес. Өзге ұлт өкілдерін екінші тілге
үйрету үшін, ең алдымен, сол тілді алып барушы этностың
тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын білу керек.
Сондықтан студенттердің қазақ тіліне деген
қызығушылығын арттыру үшін қазақ
халқының тарихы, тұрмысы мен мәдениетінен,
әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлерінен
қызықты материалдарды, шешендік сөздерді,
мақал-мәтелдерді орынды пайдалана білу керек.
Қазақ тілін үйретудегі
түпкі мақсат – өз мамандығы бойынша іс
қағаздарды дұрыс түсініп, алып баруға
үйрету. Ол үшін ең алдымен, студенттерді сауатты жазуға
үйрету керек. Қазіргі кезде қазақ тілі тек қана
қатынас құралы ғана емес, ол – мемлекеттік тіл.
Бұл тілде Қазақстанда тұратын
көптеген ұлт өкілдері сөйлейді,
қарым-қатынас жасайды. Қазақстанға келген шетел
азаматтары да мемлекеттік тілге деген қызығушылықтарын
танытуда. Қазақ тілі бай, өте құнарлы тілдерге
жатады. Бұл тілде Абай сөйлеген, бүкіл әлемге белгілі
ақын-жазушылар сөйлеген, небір шешендер сөз сайысына
түскен. Сондықтан тіл мамандарының алдында тұрған
мақсаттарының бірі – қазақ тілінің
байлығын, көркемдігін көрсету.
Мысалы, жеке
сөздерге синонимдер табу арқылы бір сөзді екінші сөзбен
ауыстыруға болатынын көрсетуге болады, сол арқылы ұстаз
студенттерге қазақ тілінің керемет қасиеттерін
сезіндіреді.
Қазақ тілінің
байлығын бойына сіңіріп өскен азамат бірте бірте өз
ойын еркін білдіре бастайды, яғни тіл мен ой арасында тығыз
байланыс орнайды. Белгілі педагог К.Д.Ушинский, баланың сөз дарынын
дамыту оның «логикалық ойын» дамытумен бірдей деген екен. Демек,
студенттердің сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін оның
ойын дамыту керек.
Әрбір білімді адамға бірдей
қажетті тілдің екі формасы бар. Ол ауызша және жазбаша тіл,
екеуі де аса көңіл бөлуді талап етеді. Алайда, тіл мамандары
арасында біржақтылықпен әуестену көптеп орын алады,
яғни сабақта ауызша тілге көп көңіл
бөлініп, студенттер көбінесе ауызша жұмыстармен айналысады,
ал жазба жұмыстарымен аз шұғылданады, немесе, керісінше:
жазба тілімен көбірек айналысады да, аз айту арқылы жазбаша
жұмыстарға көбірек көңіл бөлінеді.
«Осының екеуімен де
шектен тыс әуестену зиянды деп есептеу керек», – деген екен
ғалым-әдіскер Н.С.Рождественский.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде
«Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім
экономикасына» атты
оқыған лекциясында:
«Жеке тұлғаны
функционалдық әзірлеу тұжырымдамасынан жеке тұлғаны дамыту тұжырымдамасына
көшу жүріп жатыр. Жаңа тұжырымдама білім берудің даралық сипатын
көздейді, ол әрбір
нақты адамның мүмкіндіктерін және оның өзін-өзі
іске асыруы мен өзін-өзі дамытуға қабілеттілігін
ескеруге мүмкіндік береді», – деп айтқан болатын.
Мұндай философиялық
ұстаным бүгінгі күні бүкіл әлем бойынша
жоғары мектеп саласындағы жүріп жатқан жоғары мектеп реформасының
негізін құрайды десек те болады.
Қазақстанның
жоғары мектеп жүйесі
Болон үдерісінің идеяларын
толық қабылдап, өзінің мазмұнын осы
үрдіспен байланыстыруы – жоғары оқу орындарының
жұмыстарына көптеген өзгерістер енгізуін қажет етеді.
Оқу нәтижелерін жоспарлау –
Болон үдерісінің ең басты идеясы болып табылады. Осыған
сәйкес оқу нәтижелерін құрастыру – әр
жоғары оқу орнының, әр пәннің, әрбір
оқытушының міндеті.
Сонымен, кредиттік технологияға
негізделіп жасалған оқытушылардың әдістемесі жоғары оқу орындары үшін
ауадай қажет екеніне баршамыздың көзіміз жетіп отыр.
Бұрын жоғары оқу
орындары оқу мазмұнын құрастыруға көп
көңіл бөлген болса, енді кредиттік оқу жүйесі
жағдайында оқыту, оқу және бағалау арқылы
студенттердің «не білетіндігін»,
яғни студенттердің оқу нәтижелерін анықтауы
қажет. Бұрынғы «біліктілік» термині қазір
«құзырлылық,
құзіреттілік» терминімен ауыстырылған. Бұл
дегеніміз, әрбір студенттің кең ауқымды контекст
аумағында оқып-үйреніп, өмірде кездесетін небір
экстремальды жағдайларда кез келген проблемалық жағдайларды
шешуге қабілеттілік танытып, өзінің
құзырлылығын
дәлелдей білу керектігін білдіреді.
Бұрынғы «бүкіл өміріне азық болатындай білім беру» –
қазір «өмір бойы өздігімен үйрену» ұстанымына
өзгерді. Ал бұл ұстаным студенттерді белсенділендіретін
оқыту әдістемелерін қолдануды міндеттейді. Демек,
үйрену мен үйрету – тек өзара белсенді әрекеттерге
негізделген қарым-қатынас арқылы жүзеге асырылады.
Сондықтан, жоғары оқу орындарында оқу процесінің
негізін интерактивті әдістемелер құрауы керек.
Қорыта келе, айтар болсақ, кәсіби лексиканы
оқыту және оқу – мемлекеттік тілді мамандыққа сай
меңгерту – жоғары оқу орнынан бастау алады.
Өзге ұлт өкілдеріне
мемлекеттік тілді меңгертуде тіл мамандары оқу топтарының
білім деңгейіне, әрбір сабақтың тақырыбына
қарай түрлі әдіс-тәсілдерді, инновациялық
технологияларды жан-жақты, әрі үйлесімді қолдану
арқылы мемлекеттік тіліміздің дамуына, әрбір маманның (бүгінгі студенттің) келешекте
еркін сөйлеп, мамандық бойынша терминдерді жақсы
меңгеріп, іс қағаздарды кәсіби тілде сауатты жаза алуын
қамтамасыз ету керек. Сондықтан студенттің кәсіби
моделін төмендегідей жасауға болады.

2-сурет – Студенттің кәсіби моделі
Қазіргі қоғамдық
өзгерістердің қарқындылығы жаңа
сипатқа ие болды, яғни бұл өзгерістер жаңа
сипаттағы мамандарды қажет етеді. Ал бұл мәселені шешу
– жоғары оқу орындарындағы
оқытушы-профессорлардың басты міндеті болып табылады. Қазіргі
жағдайда қоғамның білім деңгейі мен
интеллектуалдық әлеуеті ұлттық байлықты
құрайтын маңызды сипатқа ие. Жоғары оқу
орындарындағы студенттердің білімділігі, кәсіби икемділігі,
шығармашылыққа талпынысы, әр түрлі
жағдайдағы проблеманы анықтау, оның жауапты шешімін
табу және қолайсыз жағдайларда әрекет ете білуі
еліміздің дамуына, қоғамымыздың
тұрақтылығына және оның қауіпсіздігіне
негіз бола алады.
Кәсіби біліктілік – өз болашағын жасаушы,
күнделікті дәріс және практиалық сабақтарда
алған білімдерін, іскерлік пен дағдысын, ерік-жігері мен
кәсіби белсенділігін іс-әрекеттің белгілі бір түрін меңгеруге
жұмылдырып, өмір ағысына икемделе білген, болашағына
сеніммен қарайтын жеке тұлға. Оның алдында
тұрған басты мақсат – әлемдегі бәсекеге
қабілетті елу елдің қатарына қосылу жөніндегі
нақты қадамдарға өз үлесін қосу,
қоғамымызда жаңадан қалыптасып келе жатқан
жаңа сапалық қарым-қатынастарды бойына сіңіре
отырып, нарықтық қатынастар жүйесіне бейімделу. Сонымен
қатар олардың бойындағы дарын мен қабілетін
қазіргі заман талабына сай қалыптастыру, оны жан-жақты
дамыту, оқу барысында алған білімі мен кәсіби шеберлігін,
біліктілігін үздіксіз дамытып отырған тиімді. Егеменді елімізде
қалыптасып келе жатқан нарықтық қатынастар
жағдайында жемісті қызмет ету үшін мәдениеті мен
адамгершілік қасиеті
жоғары, рухани дүниесі бай, жалпы білімі мен кәсіби
біліктілігі жоғары мамандарды даярлау – бүгінгі күннің
басты міндеттерінің бірі болып табылады. Жоғарыдағы
міндеттерді шешу барысында Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп
аталатын Қазақстан халқына жолдауында көрсеткен
жаңа кезеңнің міндеттерін атап көрсеткен болатын: «Осы
заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, «парасатты
экономиканың» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды,
идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы
дамыту».
«Білім беру реформасының табысты өлшемі – тиісті
білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы
әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай
деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде
әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне
қол жеткізуге тиіспіз. Бізге халықаралық стандарттар
деңгейінде тірке мен аттестациялаудың пәрменді жүйесін
жасау керек. ...Біз жоғары технологияларды енгізу мен инновацияларды
қолдауға бағытталған бірыңғай мемлекеттік
стратегияға жүгінетін боламыз. Әлемдік шаруашылық
байланыстарына белсене кіріккен барлық
осы заманғы байқуатты мемлекеттер «парасатты
экономикаға» сүйенген болатын. Ал ондай экономика жасақтау
үшін, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами
капиталымызды дамытқан жөн».
Еліміздің қазіргі кезеңінде болып
жатқан кәсіптік, әлеуметтік, саяси және жаңа
технологиялық өзгерістерге байланысты жас ұрпақты
тәрбиелеуде білім мен тәрбие беру жүйелерінің ісін
жаңа сатыға көтеру мәселесі туындап отыр. Қазіргі
кезеңде білім беру жүйелерінде құзіреттілік
тұрғыда білім беруді ұйымдастыру мәселесі
қарастырылады. Осыған байланысты кәсіби мамандарды даярлай
отырып, сапалы білім беру, сонымен бірге оларды өнегелі ұрпақ
етіп тәрбиелеу негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру, оның
кәсіби және рухани мүмкіндіктерін дамытуға барлық
жағдайлар жасалуда. Егеменді еліміздің болашағы, оның
материалдық және рухани дамуы, кәсіптік, әлеуметтік
және саяси жағынан өркендеп өсуі жас
ұрпақтың қолында.