Е.С.Набидуллин

Орал, Қазақстан

Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі

 

жалпы орта білім беретін мектептердегі Дене тәрбиесі пәнінің тәрбие беру үдерісіндегі орны

 

         Егемен елімізде жүзеге асырылып жатырған ілгерлеу саясаты қоғам өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізуде. Күн тәртібінде қойылып отырған күрделі мәселелердің ішінде жас ұрпаққа білім беруді әлемдік деңгейге жеткізу үлкен орын алады. Сондай қоғамдағы түрлі бағыттағы өзгерістердің бірі-12 жылдық оқыту моделі. Таратып айтар болсақ 12 жылдық мектепке өтудің негізгі мақсаттары: оқушылардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру арқылы құзырлықтарды қалыптастыру, әлемдік білім кеңістігіне ену болып табылады.

         Осы бағытта биік жетістіктерге жету үшін сөрелік бастау мектеп, дене тәрбиесі сабағы, яғни оларды оқытып үйрету және тәрбиелеу аспектілері үзіліссіз үндеседі.

         Бұл ретте ҚР Президентінің халыққа арналған жолдауындағы «Қазақстандықтардың денсаулығын сақтау-мемлекеттік даму бағытының бірі ретінде белгілендігін, салауатты өмір салтын орнықтырмайынша қандайда бір «көңіл толып, көз қуанарлықтай» ұрпақ тәрбиелеп шығару мүмкін емес» деген пікірін әр мұғалімнің есте ұстағаны жөн.

         Өсіп келе жатырған жас ұрпақты тәрбиелеудің идеялдық саяси негізі екі бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыты – оқушыларды алдына мақсат қоя білуге үйрету, тәрбие жұмысын күнделікті өмірмен, еңбекпен ұштастыру. Екінші бағыты-ұжымдық тәрбие арқылы жеке адамды құрметтеуге баулу, үлгілі істің үрдісін үйрету және өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландырып, жақсылыққа қызмет етуді насихаттау.

         Бірінші бағытты жүзеге асыру үшін мұғалім өзінің барлық қуат-күшін пайдалана отырып, дене тәрбиесі сабағының идеялық-саяси маңызын, адамгершілігі күшті, өзіне сенімді жеке тұлғаның қоғамдық өмірге белсене араласу қажеттігін оқушыларға тереңдете түсіндіруге тиіс. Дене тәрбиесі сабақтарында, сыныптан тыс жаттығуларда отан сүйгіштік сезімін оятып,  отанды қорғауға, әскер қатарында қызмет етуге дайын болуға тәрбиелейді.  Сыныптан тыс кезде азаматтық парыз, адамгершілік қасиет, денсаулық туралы тәрбие сағаттар өткізіледі. Сондай-ақ оқушыларды мектеп өміріндегі барлық қоғамдық пайдалы еңбекке тартуға міндетті. Бұл оқушылардың азаматтық борышын сезінуге, қоғамдық мүліктерді күтіп ұстауға дағдыландырады.

         Ал ұжымдық ортада жеке тұлғаны тәрбиелеу дене тәрбиесі жүйесінің жетекші принціптерінің бірі болып табылады. Мұны жүзеге асырудың мүмкіндіктері өте көп. Дене тәрбиесі сабағындағы спорттық жаттығулар мен ойындар, оны ұйымдастыру, эстафеталық, командалық сайыстар жеке адам мен ұжым арасында тығыз байланыс орнатудың нәтижелі ойыншылардың өзара түсіністігі мен жауапкершілігінетікелей тәуелді екеніне көз жеткізген дұрыс. Дене тәрбиесі мамандарының сынып ұжымы алдындағы жауапкершілігін, ал сынып оқушыларының ұжым алдындағы жауапкершілігін сезіндіре білу керек. Мұғалім ұжым мүшелерінің өзара қарым-қатынасын қайырымдылық, қамқорлық, сергектік іспетті ізгі қасиеттерінің негізінде құру қажет.

         Мектептегі оқу жүйесінің басты мақсаты оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуын тәрбиелеуге бағытталған. Баланың сабаққа деген қызығушылығын ояту, ішкі қуат мүмкіндіктерін ашып, дамыту, сол қасиеттерді емін-еркін жетілдіретіндей тәрбие тәсілін табу, жеке басының ұжым, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіндіру және өзгені де, өзін де сыйлата білу – мектептегі педагогикалық тәрбиенің алтын қазығы. Тиісті ескертулер жасалған күннің өзінде де оқушының намысына тимейтін, оның жеке басын қорламайтын, көптің көзінше жасытпайтын тәрбие тәсілін тапқан жөн. А.Байтұрсыновтың «Ұлды ұлша тәрбиелесең ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең құл болып өседі» деген сөзінің астары осыған саяды.

         Қате іс-әрекеттің өзін жақсы жағынан үлгі ете отырып, болашағына деген сенімін тәрбиелеудің мәні зор. Әр жасөспірімдердің өзіндік ерешелігіне сәйкес ықпал жасап, оның өзіне-өзінің және ұжымның алдындағы жауапкершілігін арттыруға ұмтылдырудың тиімдік маңызы да ерекше. Әрине, бұл ретте әр оқушының жеке қабілеті мен мүмкіндігін, жас мөлшерін,  дене мүшелерінің даму деңгейін, ерік-жігерін, интелектуалдық дамуының ерекшеліктерін ескеру қажет. Балалар, әсіресе жеткіншектер тез есейеді. Сондықтанда жеткіншектен жандүние құштарлығына жауапкершілікті талап ететін тапсырмаларды бірте-бірте күрделендіре беруді естен шығармаған жөн. Олардың ішінен мақсатты әрі қажетті істерге жұмылдыруға көмектесетін тапсырмаларды таңдап алу қажет.

         «Интелеутуалдық тұрғыда даму дене мүшелерінің де жетілуін талап етеді», -дейді П.Ф.Лесгафт. Ал А.В.Сухамлинский «Тұлғаның интелеуталдық (адамгершілік, эстетикалық) байлығы дене мүшелерінің жетілуіне, денсаулыққа және еңбекке тәуелді»-деп атап көрсетті.

         Дене тәрбиесімен ақыл-ой тәрбиесінің өзара байланысы сан қырлы болып келеді. Мектептегі дене тәрбиесі сабағы ақыл-ойға күш түсіретін пәндерді оқушылардың оңай игеруіне мүмкіндік беретін фактор. Ол дененің саулығын қалыптастыру және психологиялық жаттығулар жүргізу тұрғысынан оқушының есту, көру, есте сақтау, сезімталдық, аңғарымпаздық, зейінділік сияқты қабілеттерін дамытуға дене тәрбиесінің пайдасы зор. Дамыған сезім мен ақылдың бірлігі, халық пен адамның үзіліссіз білім алуының қалыптасқан сұранысы.

         «Зерденің жұмысын жақсартуға аса маңызды жағдай жүйкелердің саулығы болып саналады, бұған дене жаттығулары керек»- деген екен К.Д.Ушинский.

         Дене тәрбиесі пәні мектепте оқытудың басты мақсаты – шымыр да шыныққан жас өспірімдерді жеке тұлға ретінде қалыптастыру.

         Отбасынан басталатын аса күрделі бұл үрдіс мектеп тәрбиесімен ғана шектеліп қоймауы тиіс. Алайда, тәрбие берудің өзге де салаларымен қоса жеке адамды әлеуметтік-педагогикалық негізде тәрбиелеп, қалыптастыруда мектептің алатын орны ерекше.

         «Дене-жанның қабы. Қап берік болса, ішіндегі затта берік болмақ. Дене-жанның құралы. Құрал мықты болса, иесі де мықты.»,  «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелі шын дұрыс мәтел. Қандай жағдайда болса да адам денсаулығын сақтауды басты назарда ұстау өзекті болып қала береді.

         12 жылдық мектептің негізгі ұстанған бағыты да сол өзектіліктің мәнін ашуды көздейді. Баланы кіші жастан өз денсаулығын күте білуге үйрете отырып, дені сау, қайратты азамат етіп шығару еліміздің мектептеріндегі оқыту үрдісіндегі басты мақсатқа айналып отыр. Олай болса, әріптестеріміздің есіне салатын маңызды нәрсе сабақтың жоспарын құруда өзімен бірге айналасындағы адамдардың, тікелей қарым-қатынаста болатын баланың денсаулығы басты назарда болуы тиіс.

         Қорыта айтқанда, сіз бен біздің міндетіміз мектеп қабырғасынан білімді де білікті, дені сау, көкірегі ояу азамат тәрбиелеп шығару болып табылады.