«АЙҚАП»
ЖУРНАЛЫНДА ЖАРИЯЛАНҒАН АЛҒАШҚЫ ШЫҒАРМАЛАР
«Түркістан
Ахмет Ясауи» кәсіби колледжі
Оқытушы
Кадырбаева Гүлнар Пернебековна
XX ғасырдың басында қазақ
прозасының дамуына мерзімді баспасөз жұмысының жолға
қойылуына өте қолайлы жағдай жасады. XIX ғасырдың
екінші жартысында «Түркістан уалаяты» газеті мен «Дала уалаяты» газетінде
басталған үлкен істер ілгері жылжыды. Ал қазақ мәдениеті
мен әдебиетін дамытуда бұл газеттердің рөлін ешкім жоққа
шығара алмайды. Олар қазақша жазудың әдеби үлгілерін
баспасөз бетінде күнбе-күн насихаттап отырды. Қазан
революциясының алдындағы баспасөз, проза туралы әңгімелер
қозғағанда «Айқап» журналының орны бөлек.
«Айқап» журналы өзінің бір
санында «қазақтарды қара сөзбен ойларын әдемілеп жеткізуге
үйретуді мақсат қылдық»,-деп жазды.
XX ғасыр басындағы қазақ
қоғамдық санасына әсер еткен үлкен факторлардың бірі-орыс, татар және басқа да
шығыс халықтарының әдебиеті
[1, 117].
Осылардың арасында қазақ әдебиеті
мен өнерінің дамуына ерекше әсер еткен факторлардың
бірі - классикалық орыс әдебиеті болғанын баса айтуға
болады. Орыс ағартушылары мен демократтарының озық идеялары қазақ
даласына баспа мен баспасөз, оқу орындары арқылы енді. Қазақ
әдебиетіне орыс тілінен көптеген шығармалар аударыла бастады.
«Айқапта»
жарияланған шығармаларды типологиялық тұрғыда
топтастырып, салыстырып, XX ғасырдың басындағы қазақ
прозасының жүйесінде қарастырсақ, көркем прозада өтіп
жатқан күрделі процестерді анық байқауға болады. Қазақ
прозасы жеке-жеке ұсақ оқиғалы шығармаларда талай
көріністерді қамти алатын кең тынысты, көлемді шығармаларда
өтті.
«Айқап» бетіндегі прозаны негізінен үш топка бөліп қарастыруға
болады. Олар: әңгімелер, қолжазба очерктер және
аудармалар. Бұл шығармалар негізінен «фельетон» рубрикасында
жарияланып отырды. Бірақ онда жарық көрген барлық шығармаларды
көркем прозаға жатқызу қиын.
«Айқаптың» 1911 жылғы
7-санын да «Бір қазақ қызы» аталатын әңгіме жарық
көрді. Автор қалың ел ортасында болған бір окиғаны
баяндайды. Сол арқылы қазақ қыздарының басындағы
ауыр аянышты халді ашына әңгімелейді.
Әңгіме
бірыңғай баяндауға құрылған. Кейіпкерлер
портреті, әрекеті, мінез-құлқы суреттелмейді. Диалог жоқ.
Негізгі кейіпкер, Меңсүлу тап болған жайдың трагедиялық
сипатын аша түсу үшін ара-түра лирикалык шегініс те жасайды.
Оның бірінде өз қайғысын Меңсүлу өлеңмен
төгеді де, екіншісінде, оның ел арасында «Қарақүл»
атанған болашақ күйеуінің түрін, «кісілігін»
хабарлайды. Баяндауға өз эмоциясын да мол қосу арқылы
жастың тілегін ескермеген заманға ашу-ызасын білдіреді. Сорақы
әрекетке жұрт назарын аударады. «Ай, жұрт! Осындай сұлуды
соқыр, саңырау мәжнүнге қалай қиып береміз?
Осымыз дұрыстыққа келе ме?»- деген сұрақтар арқылы
автор оқушысына өз ойын тікелей айтады. Ал осы әдіс, шығарма
соңында авторлық ой мен идеяның тағы айтылуы, Октябрь
алдындағы прозада көп қолданылған. Әңгімеде
Меңсүлудың бақытсыздығына оның ата-анасы ғана
емес, «қызды оқытқаны несі» деген тәрізді пікір
жайлаған орта да кінәлі деген үн бар.
«Айқаптың» 8, 12 сандарында «Жұмбақ
әңгіме» және «Екі қыздың мұңы»
аталатын екі әңгіме жарияланған. Мазмұн, тақырып
ортақтығы болмағанымен екеуінде үлкен ұқсастық
бар. Ол-формада: Екеуі де таза диалогке құрылған.
«Жұмбақ әңгімеде»
автор енді-енді ояна бастаған қазақ халқының мәдениет
жаңалығына, газет-журналдардың шыға бастауына түрлі
көзқарасын көрсетеді. Бұл мақсатына тікелей
насихат түрінде емес, өзінше шартты образ, жұмбақ арқылы
жетпек болған. Автордың негізгі мақсаты белгілі идея мен ойды
жеткізу ғана. Ол тіпті, кейіпкерлерінің есімдерін атауды да қажет
таппаған. Оларды шартты түрде әріптермен «Б», «С» деп қана
белгілейді.
Қоғамдық өмірде өтіп
жатқан жаңалықтарға әңгіме кейіпкерлері қуанады.
Бірақ олар жаңалықтарды түрліше қабылдайды. Халық
санасына сәуле түсірер жаңалық ретінде бірі - мәдениетті,
білімді, газет-журналдарды атаса, екіншісі-байлықты, ақшаны айтады.
«Екі қыздың мүңы» да
осындай диалогтық үлгіде жазылған. Нүрила мен Ұлболсынның
әңгімелері малға сатылып ұзатылғалы тұрған
Нүриланың халінен бастап барша қазақ қыздарының
мұңына ауысады. «Екі қатын үстіне малға сатылып
мен отырмын, алпысқа келген шалға баруға сен тұрсың,
Зейнеп бейшараны сегіздегі балаға айттырып қойды, бір мақаудың
тілегін тілеп Зылиха отыр» [3, 113]. Мақсатқа орай оқиғаны
әдейі қоюлату байқалады. Жоғарыда айтылған «Бір қазақ
қызындағы» әлеуметтік мәселе тағы көтеріледі.
Мұнда күрес идеясы бар. Алғашқы әңгімеде
автор Меңсүлу мұңын жаны аши отыра баяндап, «мұнымыз
дүрыс емес қой» деп халықты әділетке шақырса, Нүрила
сөздерінде жаңа леп бар.
«.. .Законше жолыңды тап.
...Әуелде барлық жұрт қыздарын сатқан кейін оқу,
өнер арқасында ол қателерін ұқты, қыздар да
бас бостандықтары үшін күреске шықты.
.. .Қазақ
қыздары бастарын кесіп алса да сүймеген адамына бармасын».
Осы шығармалардан
бастап журнал бетіндегі әңгімелерде драмалық шығармаларда пайдаланылатын авторлық
ремаркалар жиі кездеседі.
«Ұлболсын - (біраз үндемей отырып ауыр күрсінді
де, моншақтап келіп қалған көз жасын сүртіп)
сенен жасыратын сөзім жоқ. Нүрила... (Нүриланың
сөзін бөліп, ашуланып, тағы да әрі қарай жалғап)» т.б.
Келтірілген ремаркалар, қыстырма сөздер
жазушылардың, журнал авторларының, кейіпкерлер қимылын,
психологиясын берудің қажеттігін сезе бастауын аңғартады.
Сонымен, біз мысалға алған әңгімеде
XX ғасыр басындағы қазақ прозасының алдында тұрған
негізгі проблемалар байқалады.
Авторлар идеялары мен ойларын халыққа
әсерлі жеткізу үшін шығарма негізіндегі оқиғаларды
көркем формаларға айналдыруға тырысқан. Жасанды
ситуацияларды, сюжет, фабулаларды пайдаланады. Баяндау, диалог, портрет,
суреттеу тәрізді түрлі тәсілдерді меңгеруге ұмтылды.
Еңбек пен тәжірибені ғана емес, үлкен талант қана
аңғара алатын осы компоненттер арасындағы күрделі қатынастарды
игерудегі олардың қиналыстары шығармаларында аңғарылады.
Әдебиетші
З.Бейсенғалиев «1912 жылдың орта тұсынан бастап «Айқап»
бетінде көркемдік құны жоғары, журналдың тұрақты
авторларының түрлі әңгімелері жарияланады. Осылардың
арасында «Айқап» жұмысына белсене араласқан Х.Лекеровтың
да бірнеше әңгімелері бар. Журнал бетіндегі прозалық шығармалар
арасынан әдебиетшілер назарына ұшыраған екі-үш әңгіменің
бірі де Х.Лекеровтің «Болыс пен Шотай» аталатын әңгімесі»,
дейді»[2, 96].
«Журналда қазақ байларының
озбырлығын әшкерелейтін, еңбекші бұхараның үстем
тапқа наразылығын білдіретін материалдар жарияланып отырды».
Х.Лекеровтың үлкен табыстарының
бірі болыс бейнесін сомдауы. Әңгімеде кейіпкер психологиясын
бейнелеуге күш жұмсаған. «Бізге енді рұқсат берсең
екен. Біз де өз халімізді көріп, жер алып, қала қалпына
кірер едік»,-деген Шотай сөзіне болыс алғашында онша мән
бермейді. «Бейшаралар-ау! Крестьянин болған соң сендерді шоқындырып,
мойындарыңа крест тағады ғой. Діндеріңнен айырылып неғып
тұрасыңдар. мен рұқсат берер едім, бірақ ақырының
осындайы бар ғой», - деп жерге орналаспақ болған кедейлерге
болыстың жаны ашығансиды. Енді бірде, «...Сен ит «болмас» дейсің,
менен ықтиярсыз қайда барасың, сен ит әлгі баяғы
жаман Досбайдың баласы емес пе едің. Маған қарсы тұруға
саған...қайдан келді»-дей келе, «жаптырам, құртам,
Сібірге айдатам» деп қорқытады. Бірақ бұрынғыдай
Сібір аталған жерде төбе шашы тік тұратын қазақ
жоқты. Шотайдың «қолыңнан бір келсе, екі қыл»
дегенін естіген соң, болыс жалт бұрылып соңғы әдісін
пайдаланады. Енді Шотайға жалынады. «Жаңағы айтқандарым
әншейін. Мені түсінбей отыр екенсіңдер! Менің жералғым
келеді. Бірақ кішкене реті келмей тұр. Тағы төрт-бес
жыл сабыр етсеңші, сонан соң бірігіп аламыз»-деп басқа жолға
түседі. Алайда ол жортқан жолдың бәрін көрген,
болыстың құлқыны мен құлқын білетін
Шотай оған көнбейді.
З.Бейсенғалиевтің пікірінше
«Х.Лекеровтың бүл әңгімесінде күні өшіп, қуаты
ктіп бара жатқан болыстың кәудіреген түрі мен күн
санап көтеріліп келе жатқан жаңа күштің қайраты
бар. Жағдайын сезген болыс қанша жанталасып, түлкі бүлаңға
салса да, ескінің кескінін жақсы білетін Шотай селт етпейді»-дейді.
XX ғасыр басындағы қазақ
прозасының қатарынан «Айқап» журналының хатшысы Ә.Ғалымовтың
«Бейшара қыз» аталатын әңгімесі ерекше аталады. Әңгіменің
стилі мен тілі, құрылысы мен баяндаушы шеберлігі әдемі үйлесім
тапқан.
Осыған дейінгі «Айқап» прозасында табиғат көріністері
көбіне жеке дара бейнеленсе, мұнда күрделі прозаның кең
тынысын танытатын белгілер, табиғат көріністерін-шығарма
идеясы мен құрылысына байланысты алу бар.
«Июль айы еді. Жайлауға жүрт
жаңа көшіп келгендіктен ауылдың әр тарапы көкорай
шалғын, көзге көрінгеннің бәрі сүйкімді
еді. Ерте тұрып атырапқа көз салған кісі рахаттанып,
бытырап жайылып жатқан малдар һәм есіктің алдындағы
айнадай жылтыраған көл, дауыл жоқ болғандықтан
дыбысын шығармай тып-тыныш қана таңның тәтті үйқысында
жатқан көлменен алты-жеті шақырым шамасындағы орыс
поселкасының қарасын көрер еді. Малдары балалап, аз егіндері
салынып болып жүмыс бір ыңғайланғандықтан бүл
мезгіл шаруаның бір тыныш мезгілі болғанға қазақ
халқы жаралғаннан жан досы болған үйқыға
«енді пішенге дейін айрылмайық» деген уағдамен айналған еді.
Сол себептен жоғарыда айтылғандарды ерте тұрып менен басқа
көруші де жоқ еді»[ 3, 243].
«Айқап»
бетіндегі шығармалар қазақ прозасы алдында тұрған
проблемаларды анық көрсетті. Журнал түрлі материалдарды
редакциялау кезінде прозалық шығармалардың екі түрлі
формада жазылғандығын байқаймыз. Бірі - диалог үлгісінде
жазылған шығармалар. Мұнда авторлар өздерінің
ойын, идеясын жеткізу үшін ойдан оқиға, екі адамның кеңесін,
дауды ұйымдастырады. Жасанды ситуация, фабулаларды пайдаланады. Бірақ
оның негізіндегі мен мұндалаған дидактикалық мақсат
пен ағартушылық ой, публицистикалық пафос көркемдік басқа
шешімнің қажеттігінде аңғартты. Оқиғаға
қатысушы кейіпкерлер қимылы мен іс-әрекетін суреттеудің
қажеттігі көрінді. Диалогпен берілген шығармалар қүрылысындағы
көбейе бастайтын авторлық ремаркалар, түсініктер осыны дәлелдейді.
Екіншісі-оқиғалы, бірыңғай баяндауға құрылған
әңгімелер. Мұнда идея мен ойды баяндайтын оқиға
арқылы беруге ұмтылыс бар. Сондықтан да, оқушыға әсерді
молайту үшін, әңгіме негізіндегі оқиғаны тым қоюлатып
әңгімелейді.
XX ғасыр басында проза жанрының
бірі - жолжазба очерктер. Бұл туралы Х.Бекхожин «Қазақ
баспасөзінің даму жолдары» деген еңбегінде: «...Сол кезде-ақ
қазақ даласын аралай шыққан саяхатшылар мен оқыған жастар өздеріне әсер
еткен оқиғалар мен естігендерін газеттерге жолдап отырған» [ 5, 114] Жолжазба очерктердің қазақ
әдебиетіндегі пайда болу, жариялану себептерінің, идея ерекшелігінің,
түрінің типологиялык тұрғыда қарастырғанда өзге елдер әдебиетіндегі
осы тәрізді құбылыспен, үлгі, түрмен толық сәйкес келетінін
анық аңғаруға болады.
Прозаның XX ғасыр басындағы жайын
зерттеуші З.Бейсенғалиев «Кезінде Карамзин мен Радищев сапарнамалары орыс
әдебиетінде қаншама еліктеушілер туғызса, «Айқап»
бетіндегі жолжазбалар :/да оқушылары ортасында сондай қозғалыс
туғызған. «Орынбордан Ташкентке шейін», «Омскіден Алтайға
саяхат», «Семейден Камышовқа шейін», «Әулие ата мен Шымкент
арасы», «Әулие ата мен Тоқмақ»
арасы, «Верныйдағы көрген
білгендерім» т.б. Баяндау стилі мен шығармаларының
құрылысы тіпті аттарына шейін ұқсас, Мысалы, М.С.Кәшімовтің
«Мұңлы Мариямы» «Бедная Лизаны» еске салады»[2, 48]-дейді.
Журнал бетінде
жарық көрген очерктердің сапасы да түрлі дәрежеде.
Олардың ішінде материалды меңгере, көркем шеберлікпен жазғандар
да, көргендерін натуральдық стильде, қаз-қалпында бұлжытпай
тізушілер де бар. Қалай болғанда да, қазақ даласының
тіршілігін танытуда, әдебиетіміздегі күрделі процестердің
табиғатына барлау жасауда бұл шығармалардың маңызы
зор. «Айқаптың» 1912 жылғы бірінші, екінші сандарында
«Орынбордан Ташкентке шейін» аталатын жолжазба жарық көрген.
Очерктегі көзқарастарына қарағанда - автордың
біршама білімділігі көзге түседі. Автор қазақ арасындағы
оқу жайына назар аудара отырып, үлкен ойларға барады. Мысалы,
қазақ халқының тарихын жазу туралы. «Хүсайыния»
медресесіндегі емтихандар
кезінде тап болған автор казақ балаларының біліміне сүйсіне, медреседегі оқылатын
пәндердің Россия гимназияларындағы программалармен сәйкес
келуі оны қуанышқа бөлейді.
Қазақ
балаларының медресеге қабылдану шарттары, оларға көрсетілетін
жеңілдіктер жайы сөз болады. Таза баяндауға құрылған әңгімеге автордың
эмоциясы да мол қатысқан.
XX ғасырдың басында жарияланған
прозалық шығармаладың тағы бір
түрі-аудармалар.
XX ғасыр
басында орыс әдебиетінен көркем шығармалар аудару ісі ерекше қанат
жайды. Мысалы, А.С.Пушкиннің «Капитан қызының» аударылуы қазақ
әдебиеті үшін аса маңызды оқиға болды.
Л.Н.Толстой мен А.П.Чеховтың, А.Сорокиннің қазақ тіліне
аударылған шығармалары қазақ прозасының дамуына үлес
қосты.
XX ғасыр басындағы қазақ
әдебиетін зерттеуші Б.Кенжебаев «аударма ісінің ол кезде ерекше өркендеуінің
белгілі обьективті себептері
болды.
Біріншіден, ағартушы-демократ жазушылар осы аудармалар арқылы қазақ
қоғамының дамуы алға тартып отырған түрлі сұрақтарға
өздерінше жауап бермек болды. Екіншіден, оның дамуына кесел,
кедергі болған құбылыстарды халыққа көрсетіп,
оларды аяусыз сынға алды.
Аударылған шығармаларды қарап
отырсақ, бұл іспен санаулы адамдар емес, көпшіліктің
айналысқаны бірден байқалады. Көзі ашық, көкірегі
ояу қазақ жастарының көбі бірен саран болса да
аудармалар жасаған» [1, 43]-дейді. Ал, С.Талжанов өзінің
«Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері»
деген еңбегінде «XX ғасырдың алғашқы жылдарында
жасалған аударма шығармаларды тақырыптық
ерекшеліктеріне қарай шартты түрде екі топка бөлуге болады. Мұның
бірі - тікелей ағартушылық, тәлім-тәрбие мәселесіне
байланысты туса, екіншісі - нағыз көркем шығарма жасау мақсатымен
жарық көрді» [4, 141]-дейді.
Ә.Дербісәлиннің пікірінше
«...журналдың алғашқы жылдарындағы сандарында негізінен
қазақ тұрмысынан жазылған, оқиғасы халыққа
түсінікті шағын әңгімелер жарияланса, 1914 жылдан
бастап көлемі де, құрылысы да, көтерген идеясы да күрделі
шығармалар жарық көрді»[6, 89]-дейді.
А.Сорокиннің «Ұғылмай қалған
ән» атты әңгімесінде Стамбул мен Мединеге дейін белгілі болған
қазақ байы Сұлтанбай мен оның балаларының тағдыры
сөз болады. Олардың келекеге айналған келеңсіз
тірліктерін суреттеу арқылы ел тірлігін бұзған жаңа
капиталистік қатынастардың қазақ даласындағы әлеуметтік
топтар, адамдар арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан
мызғымастай берік туыстық, басқа да байланыстарды үзуі
баяндалады. Баланың әке, әкенің ел алдындағы
міндеттерінің қирауы сынға алынады.
Ел аузындағы аңыз әңгімені өзінің
идеясын ашу үшін автор өте шебер пайдаланған. Бұл -
формасы да, идеясы да өте күрделі шығарма. Автор аңыздық
әуенді ішкі монологпен шебер ұштастырған.
«Айқап»
бетінде жарияланған аудармаларды қарағанда мына жайларды
білуге болады. Алдымен, журнал тек қана қазақ халқының
өміріне қатысы бар, оның үғымына лайық шығармаларды аударған.
Алғашында ұсақ шығармалармен басталса да келе-келе күрделі
шығармаларға, негізінен орыс классиктеріне көңіл бөлгенін
аңғаруға болады.
Алғашында ой мен идеяға баса назар аударылып, көркемдік
жағы көп ескерілмеген. Бірақ келе-келе оқушы газет-журнал
беттеріндегі шығармалардан, жеке басылған кітаптардан сұлулыққа
оралған ой, әдемілік, әсер іздей бастайды.
З.Бейсенғалиев
«Айқап» бетіндегі белгілі жүйеге келіңкіремейтін алуан
формадағы шығармалар XX ғасыр басындағы қазақ
прозасы өткен күрделі процестің бір көрінісі ғана.
Ал оны толық қамту үшін, жалғыз «айқапты» емес,
сол кездегі мерзімді баспасөз бетіндегі, тіпті қолжазба арқылы
таралып бізге жеткен барлық шығармаларды да қарастыру
керек...Ал, аудармалар арқылы қазақ жазушылары белгілі
проза шеберлерінің шығармаларымен
танысты, әрі өздерінің туындыларына басқа биіктен қарауға,
салыстыруға мүмкіндік алды[2 , 72]-деген пікірді айтты.
Қазақ әдебиетінің
дамуында «Айқап» журналының орны ерекше болғанын байқадық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті.
А., 1993
2.
Бисенғалиев З.Қ. ХХ ғасыр басындағы
қазақ прозасы. А., Мектеп, 1989
3.
Айқап. А., 1993 Жиреншин Ә.
4.
Қазақ кітаптары тарихынан. А., 1971
5.
Құндақбаев Қ. Шындық және шығарма.
А., 1959
6.
Қазақ әдебиеті тарихының
очерктері. А., 1953