п. ғ. к., доцент Досанова А.
Ж.
Тарих және қоғамдық ғылымдар
академиясының академигі
«Ресей когнитолог-лингвистер Ассоциациясының» корреспондент
мүшесі
магистрант Мукушева Г. Б.
«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан
Жазбаша тіл дамытудың өзіндік ерекшеліктері
Еліміздің әлеуметтік-мәдени
дамуының басты бағыттарының бірі ретінде өскелең
ұрпақтың адамгершілік тәрбие мен білімін жетілдіру
мәселелерінің белгіленуі де – осылардың айғағы.
Әсіресе қоғамдағы оқу-ағарту саласында,
ең алдымен, білім мазмұнын жақсарту, олардың
қазіргі заман талаптарына сәйкес болуы қажет етіліп отыр.
Қазақ тілін нәтижелі үйрету
үшін оның оқыту әдістемесін жетілдіре түсу –
бүгінгі күннің кезек күттірмейтін маңызды
мәселесі. Заманымыздың тілек-талабы білім мазмұнын
жаңартумен бірге, оны өмір мұқтажына орай дамытып,
оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін
қолданудың мүмкіндіктерін арттыруды күн тәртібіне
қойып отыр. Осындай мәні мен маңызы зор өзекті
мәселелердің бірі – оқушы тілін дамыту процесі. Себебі
оқушылардың берілген білімді (оқу тапсырмалары,
үйретілген ережелер) саналы түрде ұғынып, ойының
дәлдігі, өмірге көзқарасының қалыптасуы,
өз бетінше білім алуға дайындығы, басқа ғылым
негіздерін меңгеру нәтижелері ана тілінде сөйлеу
деңгейіне байланысты. Сондықтан да оқыту процесі
нәтижелі болу үшін оқушыларға ана тіліміздің
қыр-сырын ауызша сөйлеу тілінде де, жазу мәдениетінде де
ерекше ұғындыруымыз қажет. Қазақ тілін оқыту
әдістемесінде тіл ұстарту мәселесі нақтылы да
жүйелі жүргізілмей, тіл ұстарту мәселесінің
өзі де әлі де нақтыланбай, оны жүзеге асырудың
бағыттары, жолдары анық белгіленбей, белгілі бір жүйеде
қолданылмай жүргендіктен, оқушылардың
шығармашылық жазу жұмыстарының т.б. сапасы төмен
дәрежеде екндігі соңғы уақытта баспасөз
беттерінде жарияланып жүрген мақалаларда айтылып та жүр.
Бұл фактілер, біріншіден, оқушылардың тілін дамытуға
байланысты олқылықтардың орын алуымен айқындалса,
екіншіден, тіл дамыту әдістемесіндегі нақтылықты қажет
етумен айғақ болады.
Тіл ұстарту сабақтарының табысты болуы
көбінесе оқыту әдістемесімен айқындалады. Сонымен бірге
тіл ұстарту сабақтары білім алушылардың
шығармашылық дамуына мүмкіндік туғызып,
төмендегідей дағдыларды қалыптастырады:
- өз ойын, пікірін жеткізе білу;
- байқампаздығын дамыту;
- құбылыстарды шынайы бағалай білу;
- ой-өрісін, ұғымын кеңейту;
- ізденгіштікке ұмтылуы;
- «өз сөзін» айту мүмкіндігін
қалыптастыру;
- толық фантазиялық еркіндігі;
- орфографиялық сауаттылықты нығайту.
«Тіл дамыту» сөзі термин ретінде қазақ
тіліне 1930 жылдары жазылған әдістемелік еңбектерден бастап
ене бастайды. Алайда ертеректе шыққан оқулдықтар мен
әдістемелік құралдарда «тіл дамыту», «тіл ширату», «тіл
жетілдіру», «сөз байлығын арттыру» деп, әркім өзінше қолданды.
Шығарманың анықтамасын беріп,
оның көркем шығармадан айырмашылығын ашып
көрсеткен белгілі әдіскер – С.Жиенбаев. «Шығарма деп –
өз жанынан шығарып жазғанды айтамыз. Мектепте сабақ
ретінде жазылатын шығарма мен кәдімгі көркем шығарма
жазудың айырмашылығы бар, оқушыға шығарма
жаздырғанда, белгілі бір тақырып беріледі. Сол тақырыпты ол
өзі (өз бетімен) мазмұндап береді, онда айтылған
мәселелерді қалай түсінетінін көрсетеді.
Оқушыларға жазуға берілетін тақырыптар негізінде
сабақта тексеріліп, әңгімеленген мәселелердің
көлемінен алыс кетпеуге тиіс. Олар сабақта айтылған
түсініктерді, талдауларды дұрыс қайталап айтып бере алса, сол
жарайды. Олай болса, мектепте сабақ ретінде жүргізілетін
шығармалар толық мағынасында ойдан шығарылып жазатын
еңбек емес. Ал оның шығарма деп аталатын себебі: мұнда
бала, бір жағынан, мектепте оқыған сабақтарына
сүйене тұрса да, сонымен қатар материалдарды өзінше
жоспарлап, өз білгенінше мазмұндайды», - дейді ол [1].
Тіл әдістемесімен шұғылданған
Ә.Садуақасов та тіл дамыту үшін, «Оқу кітабының
оқылып өткен материалдарынан үзінділерді көшіріп
жаздыру, кішкене сөйлемдер және әңгімелер бойынша
диктант жаздыру керек», - деген пікірде болған [2].
Шығарма жазу әдістемесін алғаш рет
көрсеткен әдіскер – Ғ.Бегалиев. Ғ.Бегалиевтың
еңбектерінде шығармалардың нақты көлемі мен
жүйесі көрсетілмегенімен, оны жаздыру қажеттігі жөнінде
мәселе көтереді. Ғ.Бегалиев шығарма мен
мазмұндама жұмыстарына өзінен бұрынғы
әдістемелік әдебиеттерде берілген анықтамаларды
басшылыққа алып отырмағандықтан, бұл екі
жұмыстың межесін ажыратпай, шығарманы мазмұндама
және мазмұндаманы шығарма деп араластыра көрсеткенімен
(мысалы, оқып шыққан мәнін үлгісімен
оқушылардың ойларынан шығарып жазатын жұмыстарын
мазмұндамаға жатқызады), шығарманы түрлендіре
жүргізудің кішкене балалардың тілін ұстартудағы
маңызын айтқан бірден-бір әдіскер болды.
Шығарма жаздыру әдістемесін зерттеуші
Е.Дайрабаев шығарма мен мазмұндаманың айырмашылығын
айқын ашып көрсетті: «Шығарма дегеніміз – белгілі бір
тақырып бойынша өз ойын жоспарлы түрде баяндау. Шығарма
жазушы өзі туралы, өнер жөнінде, оқыған немесе
талдаған әдеби туынды жайындағы ойларын баяндайды, тиісті
тақырып бойынша мәтінді өзінше құрап,
өзінше жазады» [3].
Шығармашылық жазба жұмыстардың
мақсаты – логикалық ойлауды дамыту, шығармашылық
қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде
беруге ұластыру, әдебиетті іштей түсіне отырып, оның
мәні мен құдіретті орнын өз дүниесінде
көркемдеп бере алу. Көркем әдебиеттің мақсаты –
қоғам мен адам, халық пен жеке адам арасындағы жанды
әлеуметтік, психологиялық байланыстарды табиғи суреттеу, ал
шәкірт шығармадағы кейіпкердің жан дүниесін
түсінбесе, олар туралы жақсы сипаттама, шығарма,
ойтолғау олардан шықпас еді. Сондықтан тәжірибелі
ұстаз туынды кейіпкерінің ішкі әлемін сипаттайтын
мәтінге, штрих, детальге терең назар аударуды оқушыға
міндеттейді. Осы арада Ж.Аймауытовтың «Ақбілегіндегі» Ақбілек
монологы, Б. Майлиннің «Айранбайындағы» «Көкек» әнін
салуы, «Шұғаның белгісіндегі» «Ой, өзі де
Шұға десе, Шұға еді-ау» деген бір ғана сөйлем,
«Абай жолындағы» Құнанбай портреті шығарма
тақырыбы мен идеясын терең түсінуге бағыттайтын, кейіпкердің
ішкі әлемін ұғуға жетелейтін жады детальдер.
Жүрек сырын шерте білетін шығарма жаздыру үшін үлкен
туындыдағы негізгі нәрсені – көп ойдың кішкене
түйінін аңғартатын осындай портреттік сипаттаманы,
монолог-диалог, штрихтарды – психологиялық жәйттерді көріп
білуге, одан ой түйінін жасатуға, үйретуге жол салмақ.
Осы арада Л.Толстойдың «Көркем шығармадағы басты
нәрсе – автордың жан дүниесі» деген сөзі де еске
түседі.
Жазба жұмысына бейімдеудің бір тәсілі
ретінде ойдан сюжет құрау әдісін жатқызуға болады.
Кейде әдебиет сабағын сырласу кезеңіне айналдыруға
болады. Бұл жердегі мақсат: шәкірт іштегі ойын сыртқа
шығарса, сезімін, ой-қиялын ұстазбен бөліссе,
өзіндік жақсы пікірлер қалыпса еді. Ойтолғау
тақырыптары «Хат жаздым қалам алып...», «Оңаша сыр айтамын,
өзіңізге», «Тек сізге арналады», т.б. мазмұнда болып келеді.
Қазақ тілі сабақтарында шығармашылық
жұмысқа баулудың маңызы зор. Жазба жұмыстары
олардың танымдық белсенділіктерін, ойлау жүйесін
арттыруға көмектеседі. Жазба жұмыстарынан
әркімнің өзіндік көзқарасы, эстетикалық
және адамгершілік танымы, эмоциясы, пікірі, талдау, қорытындылау,
салыстыра білу тәрізді жекелік қасиеттері жан-жақты
дамуға септігін тигізеді.
Әдебиеттер:
1. C.Кеңесбаев. Қазақ тілін
оқыту методикасы, 1970.
2. Ә.Садуақасов Қазақ тілі
оқыту методикасы мәселелері, 1976.
3. Е.Дайрабаев. Шығарма жазу әдістемесі,
1979.
Резюме
В данной статье рассматриваются особенности и требования
развития письменной речи.
Resume
The
article examines the features and requirements
of development of written speech.