З.Н. Молдахметова

пед.ғ.к., Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, Астана, Қазақстан

 

Т. Бердияровтың  «Мәншүк туралы дастаны»  шығармасындағы Мәншүк Мәметованың бейнесі

 

Мәншүк бейнесін арқау еткен шығармалардың бірі - Тоқаш Бердияровтың (1925-1988) «Мәншүк туралы дастаны». Көлемі шағын бұл дастанда Мәншүктің ұрыс даласында көрсеткен ерлігі арқау болған.

           Дастанның бастапқы жолдарында майдан шебінде жүрген, бойын сағыныш оты билеген Мәншүктің ішкі толғанысын танытады:

                            Сұрқай бұлттар жөңкілген,

                            Бұлыңғыр күзгі аспан.

                            Сымпылдап ұшып барады қос үйрек,

                            Жұбын бір  бұзбастан.

                            Сержант Мәншүк күрсініп:

                            -Айтыңдаршы, аспанның еркесі-ай,

                            Ұштыңдар ма біздің ауылдың үстімен?

                            Қондыңдар ма Жайықтың төсіне?

                            Біздің елде болсаңдар,

                            Бақыттысыңдар, жыл құстарым, не керек!

                            Қанатыңа сіңіп қалған

                            Боз жусанның иісін

                            Кетші бір маған себелеп…

Бұл жолдар арқылы автор қан майданда жүрген, халық қаһарман, батыр, қайсарлығымен танылған Мәншүктің жан дүниесін кейіпкерінің аузына сөз сала отырып ашып бергендей. Мәншүктің бойын билеген – туған жерге деген сағыныш.

                            Алғы шеп,

                            Орыстың орманын-

                            Өртеді жау сотқар.

 

Мәншүк майдан шебінде.

                            Пулеметтің стволын сүртеді,

                            Қызыл гүл ұстаған саусақтар…

                            Пулемет лентасы оралар,

                            Білезік түспеген білекке, - деген сияқты жолдардан он сегіздегі әлі жігіт сүйіп те үлгермеген, күні кеше қос тұлымы желбіреп, ертеңгі болашаққа аппақ арман, балауса үмітпен күлімдей қараған жас қызды, нәзік балтырын сыздатқан солдат етігін киіп, гүл құшуға ғана жаралғандай сүйрік саусақтары ауыр автоматты көтеріп, майдан өтінде жүрген нәзік жанды, Мәншүктің бейнесін қызыл гүл ұстаған саусақ, білезік түспеген білек сияқты күрделі өзіндік қолданыстағы эпитеттер ашып берердей.

           Сол сияқты:

                            Зырқырап ауырды-ау,

                            Пулемет көтерген, Мәншүктің иығы!

Автор соғыс ісі әйелдер шаруасы емес екенін тілге тиек етеді де, сол соғыс майданында жүрген қайсар қыз қанша батыр болса да, оның табиғаты - әйел екендігіне басак мән береді. Әр әйелге тән оның бойында нәзіктіктің барлығын да жырлайды.

           Мәншүкті осындай ерен ерлікке не апарды? Ол жөнінде жазушы:

                            «Максимын» оқтады ол

                            Махамбеттің отты жырымен!

Махамбеттің өз кезінде ел басына күн туған сәтте, езілген халыққа  күш, қуат  

үстемелеу мақсатында жазған өлеңдері Мәншүкті майданға аттандырды десек.

                          Өртенген деревня,

                          Ақ шашты аналар егілген…

                          «Максимын» оқтады ол,

                          Халықтың бұрқанған кегімен!

           Халықтың күйзелген күйі, өртке айналған деревнялар, жарынан, баласынан айрылып егілген аналар Мәншүкті бей-жай қалдырмасы хақ. Оның соғысқа сұранып аттануының  өзі осы еді.

           Жазушы кейіпкердің жан-жақты бейнесін ашу мақсатында Мәншүктің аузына мына сөздерді салады:

                            Ертең - шабуыл.

                               Фашиспен шайқасам,

                               Ел қорғау жолында

                               Мейлі, болсын-ақ жан шығын!

Бұл майдан шебінде жүрген Мәншүктің анасына жазған хатынан үзінді. Осы сөздер арқылы автор Мәншүк бойына біткен тәуекелдікті аңғартады. Мәншүк өзі үшін емес, халқы, елі үшін өмір сүретін жан. Мәншүк бойына біткен тәуекелділікті осы жолдардан аңғарамыз.

           «Жеңіс біздікі!… Мен өмір сүремін!…» Бұл да Мәншүктің сөзі.

Сол сияқты:

-                          Бермейміз Невельді!…

Осы жолдар арқылы ұстамды, өзіне өзі сенімді, болашақ жарқын өмірге деген үміті бар Мәншүк бейнесін көреміз.

           Мәншүк осынау қиын сәттерде абыржып-саспай, ашуға беріліп немесе мұңаймай өз бойындағы сенімділіктің сәулесін жолдастарына да шаша біледі.

                            Басталды атака.

                            Ал, Мәншүк «Максимын» сайратты:

                            Та-та-та! Та-та-та!…

                            Дөй қара тажалды шөңкитіп,

                            Лап қойған жауды ол шегерді.

Бұл жолдардан майдан шебіндегі Мәншүктің әрекеті сезіледі. Мәншүктің  «максимынан» ұшқан әрбір оқтың ұшқыны неміс басқыншыларына тойтарыс беруде. Әрі олардың санын азайтуда. Елі, Отаны үшін айқас үстінде.

                            Төңірек гүрсілдеп,

                            Бұрқ-сарқ қызды ұрыс…

                            - Никулин!

                            Дыбыс жоқ,

-                          Тұрышев!

                            Тым-тырыс.

       Ұрыстың қызған шағы. Ажалдың нөсері борап тұрған соғыс Мәншүктің жанындағы жолдастарын құртып, оны ұрыс даласында жалғыз қалдырды.

Дастанға арқау болып отырған дүние – Мәншүктің соғыста көрсеткен батырлығы. Автор Мәншүктің батырлығын көрсетуді мына жолдарға жүктеген тәрізді:

                                      Айнала әлем тапырақ,

                                      Қап-қара күзгі аспан…

                                      Неліктен қып-қызыл

                                      Топырақ қыз басқан?

                                      Неліктен шегінді

                                      Қос танк жұбын бұзбастан?!

Осы жолдар бүкіл дастанға арқау болған Мәншүктің батырлығын, қаһармандығын арқалап тұрған іспетті.

         Мәншүк – батыр. Біріншіден – Мәншүк әйел бала бола тұрып, бойындағы қызға тән нәзіктікті бойына біткен батылдыққа жеңдіре отырып, майданға аттануының өзі екінің-бірінің  қолынан келе бермейтін батырлық.

         Екіншіден – жападан–жалғыз  қан майданда қалған Мәншүк басқа түскен қиындыққа бой бермей, жауларымен қасық қаны қалғанша күресуінің өзі оның өр, өжет қыз екенін танытады. Мәншүктің бір өзі неміс басқыншыларына тойтарыс бере білді. Бұл – Мәншүктің ерлігі.

         Ол жасаған ерлік - Отанын сүюдің заңды нәтижесі. «Отан-оттан да ыстық»,- деген нақыл тегін айтылмаса керек. Ендеше, Мәншүктің ажалдың нөсері төгілген ұрыс даласына аттануының өзі, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасуының өзі – оның бойындағы Отанға, туған жерге деген махаббаттың басымдығы.

         Автор Мәншүк бойындағы қаһармандықты таныту мақсатында неміс әскерлерінің аузына мынадай сөздерді салады.

                                      «Осы біз не істеп жатырмыз?!

                                      Не деген берік төбешік,

                                     Не деген батыр қыз!!!» .

Жау басқыншылары кеңестіктерді қырдық, тауыстық дегенмен, онда жалғыз қазақтың қайсар қызы Мәншүк қалған болатын. Қорқыныш – ерліктің қас жауы демекші. Қорқыныш, үрей дегенді дәл сол сәтте Мәншүк сезінбеді. Және Мәншүктің осы ұрыста көрсеткен қайсарлығын жау да сезген тәрізді. Өйткені, Мәншүк жалғыз өзі тақап келген жауға тойтарыс бере білді. Дәл осы ұрыста Мәншүк ауыр жарақат алып, қаза тапты. Оны автор былай жеткізеді:

                                      Мәншүк қыз – батыр ол,

                                      Мәншүк қыз – майдангер.

                                      Қапыда мерт болды,

                                      Мерт болды есіл ер!!!

Міне, Мәншүк қапыда қаза болды. Алайда Мәншүк ерлікпен қаза тапты. Туған топырағында бейбітшілік туының желбіреуіне өз септігін тигізіп өтті. Мәншүк – майдангер, батыр, ер.

         Мәншүк өзі өле тұрса да, артына өшпес із қалдырды. Яғни, ер есімін ел мәңгі есінде сақтамақ. Сонымен қоса автор:

                                      Болашақ ұрпаққа қалдырды ол

                                      Ең үлкен, ең қымбат сыбаға!

                            Патриотизм деген сөзді – деп жырлайды. Шынында да Мәншүктің ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі, өнеге болары анық. Осы шағын дастанда Мәншүктің ұрыс даласындағы батырлық бейнесі сомдалған. 

         Мәншүк бейнесі – реалистік бейне. «Реалистік бейне, - дейді З.Қабдолов,- нанымды образ: оның мінез-құлқы, іс-әрекеті, оны қоршаған орта, оның басынан өтетін оқиға … бәрі өлшеулі, бәрі мөлшерлі. Өйткені суреткер шыншыл бейне жасау үстінде өзін шындық шеңберінен шығармайды, өзін-өзі меңгеріп, қажетті жерде ылғи іркіп отырады».

         Дәл осы шығармаларда сомдалған Мәншүк бейнесі – нанымды бейне. Мәншүк есімі бүгінгі күні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі барша қауымның құлағына қанық, тарихта болған адам. Сондықтан да Мәншүк қиялдан алынған бейне емес. Оның мінез-құлқы, іс-әрекеті, оны қоршаған орта, оның басынан өтетін оқиғалар өлшеулі. Суреткер оның мінезіне, әрекетіне өз жанынан ешнәрсе қоса алмайды. Өйткені Мәншүк өмірде болған адам. Оны туған, қаза болған жерінен іздеп, сұрастыруға да болады, я, көзі тірі туған-туысқандары, майдандас жолдастары тағы бар. Сондықтан қаламгер шындық шеңберінен шыға алмайды. Ол жайында жазылған шығарма тарихи деректерге сүйене отырып жазылған.

 

Әдебиеттер:

1.                        Балта Ә. Мәншүкті көрген атай //Ұлан, 1 қазан, 2002.

2.                         Пернебаев С., Құлкенов М. Қасық қан //Қазақ әдебиеті, 29 март, 1985. - 4-5 бб.

3.                         Нұршайықов Ә. Шығыс шынары //Заң газеті, 28 тамыз, 2002. -5 б.

4.                         Бақтыгереева А. Мәншүкке арнау //Парасат, №11, 2002. -21-б.

5.                         Қабдолов З. Сөз өнері. -Алматы: Қазақ университеті, 1992. –352б.      

6.                         Сыздықов Ш. Мәншүктің өшпес бейнесі. -Алматы: Қазақстан, 1985.   -104 б.

7.                         Өшпес даңқ. Құраст.: Ө.Қанахин. -Алматы: Жазушы, 1985. -360б.

8.                         Естен кетпес бейнелер. Құраст.: О.А.Қозыбаев, М.Д.Қожахметова. -Алматы: Дәуір, 1995. - 224 б.

9.                        Соғыс және жеңіс. Құраст.: Қ.Омарұлы. -Алматы: Балауса, 1995.