п. ғ. к., доцент Досанова А. Ж.
Тарих және
қоғамдық ғылымдар академиясының академигі
«Ресей когнитолог-лингвистер
Ассоциациясының» корреспондент мүшесі
магистрант Оралова Г.М.
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан
Мәтіннің мағыналық жақтарының зерттелуі
Тіл білімінде А.Байтұрсынов сөз, тіл жайында
алғаш рет ғылыми тұжырымдар айтқан бірден-бір
ғалым. Ол: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры,
жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар
тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық
күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза
алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен
айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз – жазу заманы:
жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге
жеткен заман» - деген болатын [1].
А.Байтұрсыновтың сөз жүйесі,
сөз қисыны мәселелеріне терең мән бергеніне
қарап, оның лингвистикалық мәселелерге ғылыми
негізде мән бергендігіне және осы саланы жоғары
деңгейде игергендігіне көз жеткізуге болады.
А.Байтұрсынов: «Тіл – құрал» атты
еңбегінде бірінші жылда оқытуға
ұйғарғанымыз: сөйлеу мен сөйлемді айыру,
сөз бен сөздің буынын айыру, буын мен буындағы дыбысты
айыру, қазақ тіліндегі дыбыстар һәм оларға
арналған харіфтер; қазақ сөзіне жазылатын харіфтер
турасындағы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің
тұлғалары. Әсіресе бірінші жыл оқылатын «Тіл –
құралы» тіл білімінің негізі болғандықтан
нық үйретілерге керек» - деп саралап көрсеткен [2].
Мәтіннің сөйлеу бірлігі және
сөйлеу шығармашылығы ретінде зерттеле бастауы тіл білімі
ғылымында мәтін лингвистикасы пәнін дүниеге келтірді.
Мәтін ұғымымен бірге оны танып-білудің әдістері,
амал-тәсілдері пайда болып, оны тілдік жағынан тану тілдік
бірліктердің қызметін, мағыналық қырларын
анықтау қажеттігі туды.
«Қай халықтың болса да,
қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле
алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып
отырады. Қай халықтың болса да ақыл-ой тереңдігі
көп салалармен тармақтала, молыға келіп, тағы да сол
ана тілінің алтын қорына қосыла береді,- дей келе, академик
Ғ.Мүсіреповтіл, жалпы сөз жайында, ойдан – әрекет,
әрекеттен – тіл, әрекет пен тіл ағалы-қарындасты
егіздің сыңары екенінде дау болмасқа керек» -деген
салмақты тұжырым жасайды [3].
Тіл байлығының ең басты белгісі –
сөз байлығы. Өйткені барлық білгеніміз бен білуге
тиістіміз тек сөз арқылы ғана белгіленеді. Сөз –
тілдің негізгі элементі. Бірақ тіл байлығы
сөздердің жалаң санымен ғана емес, оның
санасымен, мазмұнымен, ішкі мүмкіншілігімен де өлшенуі тиіс.
Тіліміздегі мыңдаған сөздер заттың,
құбылыстың атауы ретінде бір көрінсе, олар өзара
тіркесуімен, тілдік қатынас аясында тіл байлығын еселей
түседі.
Мәтін – мағыналық,
құрылымдық, жүйелілікпен тұтасып жатқан,
тілдік бірліктері бір-бірімен байланыстағы біртұтас шығарма
және мазмұндық, коммуникативтік, құрылымдық
жақтан ұйымдастырылуына қарай мәтін күрделі
категория, яғни оны зерттеу де күрделі, ал мәтіннің
күрделілігі оны зерттеп-танудың көпаспектілігін тудырады,
екінші жағынан, оны классификациялаудың сан қырлы болатынын
байқатады. Тіл
адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін, сөйлесуін
қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне
асырады.
Мәтіннің өте күрделі тілдік
құрылым екендігін айқындайтын басты белгілері –
жүйелілік және тұтастық. Мәтіннің
тұтастық категориясы мәтінді ұғынып, оның
мәнін түсінгенде ғана пайда болып, логикалық
жағымен тығыз байланысты болса, жүйелілігі күрделі
бірліктерді құрайтын тілдік құралдардың белгілі
әдіс-тәсілдермен ұйымдасуынан көрінеді.
Мәтінді лингвистикалық тұрғыда
қарастыру:
– басты белгілері тұтастық және
жүйелілік болып саналатын мәтінді ең ірі тілдік жүйе
ретінде зерттеу;
– қатысымдық параметрлермен және
соған қатысты лингвистикалық белгілер негізінде
ұйымдасқан мәтіннің типологиялық
құрылымын тану;
– мәтінді құраушы
тұлға-бірліктерді айқындау;
– мәтіннің негізгі категорияларын сипаттау;
– әр түрлі деңгейдегі тілдік
бірліктердің мәтін бойындағы ерекшеліктерін анықтау;
–тұлға-бірліктер, бөлшектер
құрамындағы фразааралық қатынастарды,
байланыстарды зерттеу, секілді бірнеше бағыттарда жүзеге асады [4].
Тығыз байланыстағы бірін-бірі толықтырып отыратын осы
бағыттар мен аталған аспектілер бірлесіп, мәтіннің
табиғатын дәл ашып көрсетеді.
Лингвистикада мәтін сыртқы
тұлғасы мен ішкі мазмұны жағынан ерекше, біріккен
тұтас күрделі құрылым ретінде қарастырылады. Мәтін мазмұн мен форма, құрылымдық
және семантикалық сипаттамалар бірлігінде
қарастырылатындықтан, оның композициялық,
мазмұндық және тілдік ерекшеліктерін анықтау
қажеттілігі туындайды. Мәтінге тұтастық,
типологиялық, стилистикалық ерекшеліктер, абзац, күрделі
тұтастықтарға бөліну, сөйлемдер,
лексика-грамматикалық құрылымдар, мәтінішілік
байланыстар, мәтіндегі сөйлемдердің тема-ремалық
мүшеленуі сияқты қасиеттер тән.
Мәтін қатысымдық қызметке
негізделетіндіктен, оқу арқылы қабылданатын
ақпараттардың көзі ретінде жүзеге асады. Мәтіндерді
игерту барысында баяндаушы жеткізетін хабарды қабылдаушы түсіну
үшін мәтіннің құрылымы, мағынасы
маңызды рөл атқарады. Мәтін оқу процесінде тіл
үйренушілердің қарым-қатынасын іс жүзіне
асырудың өзегі ретінде және өзара түсінісу, ойды
жеткізу тұлғасы ретінде де қолданылады.
Сөйлеуші коммуникативтік ситуацияға
лайықтысын, жеткізбек болған хабарының уәжіне,
мақсатына, оқиғасына сай келетіндерін, ең
қажеттілерін таңдап алады. Бұл тілдік бірліктердің
сызық бойымен белгілі бір уақыт ішінде, белгілі бір мерзімде,
орнына және қажетіне қарай сөйлеу әрекетіне
кіріктіріліп отыруына ұласады – бұл әрекеттер үздіксіз
ойлаумен тығыз байланысып, үздіксіз жүріп жатады. Соған
сәйкес сөйлеу әрекеті кезіндегі мәнмәтін
материалдық (хабарласудың объективті шарттарының жиынтығы,
оның құрамына ситуациялық прессупозиция да енеді)
және тілдік (сөйлеу) мәнмәтіндері секілді екі
деңгейден құралады. Мәтін тірек болатын бір ойға
құрылады, өзінің белгілі бір ұстанымы болады. И.Р.Гальперин мәтін
категорияларын мынадай категорияларға ажыратады:
ақпараттылық, когезия (мәтінішілік байланыстар),
прессуппозиция, проспекция, ретроспекция, континуум, модальдылық,
интеграция, аяқталғандық және т.б. Мәтін
категорияларын семантикалық (ақпараттылық, прессуппозиция,
прагматика), құрылымдық (интеграция, проспекция,
ретроспекция) деп екі топқа бөліп көрсетеді [5].
Көптеген ғалымдар мәтін категорияларын
семантикалық және грамматикалық деп ажыратады.
Семантикалық категориялар мәтіннің ішкі жағын,
грамматикалық категориялар оның сыртқы формасының
ұйымдасуын білдіреді. Мәтін категорияларын ажыратуда
семантикалық, құрылымдық,
прагматикалық-функционалдық белгілер негізге алынады.
Прессуппозиция – сөйлеудің басын, соңын
түсіну үшін айтылған толық ойларды,
сөйлеушінің болжамдары, пайымдаулары.Н.И.Жинкин предикативтік
құрылым арқылы мәтіндердің мағынасын
анықтауға болатынын көрсетеді [6].
Мәтін сонымен қатар тұтастық,
толықтық, қисындық, байланыстылық, реттілік,
аяқталғандық сияқты ерекшеліктерімен сипатталады.
Мәтінді туғызу барысында автор қарым-қатынасқа
қатысушы серіктесінің мәтінді түсінуін ескереді.
Автордың көзқарасы тұрғысынан мәтінге
тұтастық, мағыналық жағынан
аяқталғандық тән.
Мәтіннің тағы бір ерекшелігі –
оның реттілігі. Ойдың толық жеткізіліп, мәтінге айналуы
коммуникативтік міндетті іске асырушы құралдардың бірі болып
табылатын нақты реттілік арқылы іске асады. Мәтінде
білдірілуге тиіс мазмұн ойдағымен бірдей бола алмайды.
Мәтін композициясы мазмұн
элементтерінің жалғасуының түрлі болуына жол береді.
Мәтін композциясын талдауда маңызды орын алатын мәселе –
мәтіннің типологиясы. Мәтіннің типологиясын тану
арқылы ауызекі сөз бен жазба мәтіннің өзара
ерекшеліктері ғана емес, сонымен қатар жасалу жолдары, байланыстары
мен қатынастары да айқындалады. Негізгі мәселелер
қатарында мәтін типтеріне сай болатын тұрақты
композициялардың болуы мен олардың сақталу дәрежелері
және ондай типтік композициялардың өзгеруі мен даму жолдары
да аталады [7].
Мәтіннің маңызды ерекшелігінің
бірі – бұл оның байланыстылығы. Мәтінді түсінуде
оның элементтерін тұтас құрылымға біріктіретін
байланысты құралдары маңызды болып табылатындықтан ол
мәтіннің негізгі түпкілікті ерекшелігі ретінде танылады.
Мәтінді түсінуде ішкі байланыс басыңқы орын алады. Ол
мәтінді тұтас құрылым ретінде қабылдауға
мүмкіндік беретін негізгі құрал болып табылады.
Мәтіннің формальды түрде берілген сыртқы байланысы
болғанмен, оның ішкі байланысы болмаса, мәтінді түсіну
қиынға соғады.
Қорыта айтқанда, мәтін – көп
қырлы күрделі құрылым. Бұл тақырып
төңірегінде терең де қызықты ғылыми
зерттеулер де көп және қызығушылық танытып
отырған жас ғалымдар да жетерлік.
Әдебиеттер:
1. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік
қатынас: теориясы және әдістемесі. -А., 2000.
2. Байтұрсынов А.
Тіл құрал, ІІІ тіл танытқыш. – Қызылорда: Казмембас,
1925.
3.
Мүсірепов Ғ. Ана тілін анамыздай ардақтайық//
Өнер алды қызыл тіл. - Алматы: Жазушы, 1986.
4.
Шалабай Б., Ахметова М. Мәтін лингвистикасының негізгі
мәселелері // Тіл таным. –2002. №1.
5.
Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. – М.: Наука,
1981.
6. Жинкин Н.И. Речь как проводник информации. – М.:
Наука,1982.
7. Әбдікәрім.
Т.М. Мәтін теориясы. – Павлодар, 2006.