Филологические науки / 5 методика  преподавания языка и литературы

 

Қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы Абдукеримова Тұрғанай

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

 

ҚАЗАҚ ЛЕКСИКОГРАФИЯСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

      Қоғамдық сананың көрінісіндегі, ұжымдық тәжірибені тұрақты түрде бейнелейтін ғылыми шығармасындағы лексикографиялық туындыларды түзудің ғылыми-теориялық мәселелері тіл білімінің әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным салаларына қатысты. Лексикография басқа ғылым салаларымен өзара байланысты, әртүрлі жағдайларда осы ғылым салаларының қатарында, аймағында дамып келетін ғылыми пән болып табылады. Лексикография теориясы ұғымның, зат пен құбылыс атауларының мағыналарына сипаттама беру тұрғысынан семасиологиямен, тілдегі сөздік құрамның жиынтығында лексикологиямен, ғылыми апарат пен метатіл мәселелері тұрғысынан логикамен, тіларалық коммуникацияға қатысты аударма теориясымен, басқа да біршама ғылым салаларымен тығыз қатысты. Сөздік атаулының, біріншіден, ғылыми өнім, екіншіден, ақпарат көзі, үшіншіден тілді үйрететін дидактикалық туынды болып саналатыны айқын. Тілдің табиғатын зерттейтін жан-жақты ғылым саласы барысында лингвистиканың дидактикамен тоғысатын қырлары көп. Осы екі ғылым саласының ара-қатынасында пайда болып келген ғылыми пәндер де айтарлықтай. Солардың бірі – лексикографиядағы жаңа салалардың бірінен табылатын оқу лексикографиясы.

Саналы адам баласының тілі - негізінен сөздерден құралатын тіл. Осыны білгендіктен Ф.Соссюр «сөздердің тіл механизмінің өзегін құрайтындығын» жазған. Осыған ұқсас «Сөз – тілдегі сөздік құрамның негізгі бірлігі ғана емес ол, сонымен бірге, жалпы әлем тілінің орталық өзегін құрайтын бірлік» деген тұжырымды орыс ғалымы А.И.Смирницкий де айтқан екен [1].

Лексикография – лингвистикалық қызметтің барлық қорытындыларын жарыққа шығарып, жарыққа шығаратын негізгі канал болып саналады (В.В.Морковкин). Оның үстіне, тіл білімі ғылымында сөздің толықтай қасиеттерін жинақты түрде бағалайтын бірден-бір саланың да лексикография болып табылатындығы анық. Осы тұрғыдан лексикографияны тіл туралы ғылым санатындағы лингвистика мен тілді танып білуге ықыласты қоғамның арасын жалғайтын тілдесім қызметі деуге келеді.

Француз лексикографы Ж. Рей-Дебов Я. Малкилдің, Т. Себеоктың, т.б. біраз ғалымдардың жіктемелерін қорыта келіп өз жіктемесінде төмендегі айырым белгілерді нұсқайды: 1) дидактикалық шығарма (автордың жеке пікірі байқалмайды); 2) анықтамалық ретінде пайдалану үшін жасалған (сөздік кірістер белгілі жүйе бойынша кодталған, ақпарат берудің арнайы бағдарламасы бар); 3) екі құрылымды: макроқұрылымы (номенклатурасы, яғни сөзтізбесі) және микроқұрылымы (сөздік мақалалардағы ақпараттар жиынтығы) бар; 4) материалдың ерекше орналасымы (тұлғасы немесе мазмұны бойынша); 5) сөздік бірлігі (кіріс сөз) құрылымы жағынан әріп пен фразадан жоғары бірліктер аралығында; 6) ақпараттардың реттеліп, бірақ бір-бірінен бөлектеліп орналастырылуы; 7) сөздіктің номенклатурасы – реттелген, иерархиялық тұрғыдан құрылымданған көпшілік; 8) сөздіктегі айтылым (сипаттама) екі мағынаны біріктіреді: таңбалар туралы айтылым және заттар туралы айтылым. Ғалым аталған мәселелерді терең зерттеп, талдаумен айналысатын ерекше лингвистикалық пәннің – теоретикалық лексикографияның жасалуы қажеттігін жазады [2].

     Француз ғалымдары К. Дюбуа мен Ж. Дюбуа лексикография теориясының қарастыратын мәселелері ретінде сөздіктер типологиясы мен сөздіктің құрылымдық элементтері туралы ілімді атайды. Яғни ғалымдар бұрыннан белгілі типология мәселесіне сөздіктің ішкі құрылымдық элементтері мәселесін қосады. Орыс ғалымы П.Н. Денисов лексикография теориясының негіздерін зерттеген еңбегінде осы тұжырымды жөн санайды. Оның пікірі бойынша, сөздіктердің жіктемесі дегеніміз – белгілі бір мәдени ареалда немесе белгілі бір ұлттық лексикографиялық дәстүрде тарихи тұрғыдан қалыптасқан сөздіктер мен олардың жанрларының практикалық жүйеленген түрдегі сипаттамасын жасау [3].

Сөздіктің элементтері деп оның ішкі, сыртқы құрылымдық бөліктерін айтады. Лексикография теориясында сөздіктер типологиясынан кейін сөз болатын осы сөздік элементтері. П.Н. Денисов бұл туралы: «Лексикография теориясында құрылым туралы ілім, сөздіктің құрамдас бөліктері (элементтері) деп аталатын бөлік, автор мен оқырман арасындағы басты байланыс каналы ретіндегі сөзтізбенің құралуы, сөздік мақаланың құрылымы проблемаларымен айналысады» деген тұжырым жасайды.

     Әлемдік тілдердегі түрлі типті сөздіктерді талдау нәтижесінде Ю.Н. Караулов тарапынан анықталған лексикографиялық параметрлердің жалпы саны – 65. Солардың ішіндегі қазақ тіліндегі сөздіктері үшін маңызыдары төмендегідей: «Тілдер саны. Сөздік кірісі (әліпбилік,- тура және кері; мағыналық; сөздің ұзындығына байланысты; әліпбилік-хронологиялық; транскрипциялық, т.б.). Хронологиялық параметр (сөздің бірінші жазбаша тіркелу уақыты, сөздіктің хронологиялық рамкілері). Сандық параметр (сөздіктегі сөздердің саны). Орфографиялық (әрбір әріп бойынша, әліпбилік). Сөздің ұзындығы (әріптер саны). Екпін. Айтылым. Буынға бөліну. Сөз табы. Жекеше/көпше. Сын есімдердің шырайлары. Сабақты/салт етістік. Етістер. Райлар. Тұйық етістік. Көптік, жіктік, септік, тәуелдік жалғаулар. Көмекші етістіктер. Есімше. Етістіктің шақтары. Сөздің морфологиялық құрылымы. Семантема (семантикалық эквивалент, дефиниция). Мағынаның транспозициясы. Ареалдық параметр. Синтагматикалық тіркес (еркін тіркесім).Фразеологиялық тіркес (тұрақты тіркесім). Лексикалық тіркесімділік. Иллюстративтік параметр. Стилистикалық параметр. Эмоционалды-бағамдық параметр. Нормативтілік пен вариациялық. Статистикалық (сөздің қолданым жиілігі). Лингвотарихи параметр (сөз тарихы). Лингвоелтанымдық (этномәдени-тарихи) параметр. Ономастикалық параметр. Терминологиялық параметр. Тектестік (этимологиялық, генетикалық біртектілік) параметрі. Кірмелілік параметрі. Синонимдік параметр. Антонимдік параметр. Омонимдік параметр. Паронимдік параметр. Ассоциативтік параметр. Семантикалық өріс.  Тақырыптық топ. Библиогрфиялық (сөз туралы зерттеулерді көрсету) параметр. Лексикографиялық параметр (сөз туралы қажетті дерек алуға болатын сөздіктерге сілтеме)» [4].

     Жоғарыда санамаланған лексикографиялық параметрлерді оқу сөздіктерінің құрылымына қатысы қарастыратын болсақ, олардың көпшілігінің оқу лексикографиясында жасалатын сөздіктерге тікелей қатыстылығын байқаймыз. Оқу лексикографиясындағы ғылымға белгілі тоғыз аспектіні бейнелейтін тоғыз оқу сөздігінің түрлерінде (түсіндірме, идеографиялық, фразеологиялық, лингвоелтанымдық, грамматикалық сөздіктер, синонимдердің, антонимдердің, омонимдердің, паронимдердің оқу сөздіктері) көрсетілген параметрлердің басым көпшілігі қолданылады.

Лексикографиялық құрастырма негіздері туралы Р.Түсіпқалиева былайша жазады: «Үлкенді-кішілі сөздіктерді жасауда атқарылатын қызметтің, істелетін істің біртекті болмайтындығына әліге дейін жеткілікті назар аударылмай келеді. Мысалы, сөздікті түзудегі атқарылатын қызметтің бірі  - таза филологиялық қызмет. Мұнда әртүрлі атаулық бірліктерге анықтама беріліп, талдау жасалады. Екінші қызмет - осы филологиялық деректердің түрлі қасиеттерін мақсатты түрде тұтас жүйеге айналдырып, ашып көрсету арқылы жаңа сапада қайта ұсынуды қамтиды. Бұл жерде сөздікшінің тек қана тілші емес, оған қосымша құрастырма жұмыстарының маманы, сөздікші-инженер болуына тура келеді. Сөздікті құрастыруға байланысты жұмыстар лексикографиялық құрастырма деп аталады. Лексикографиялық құрастырма – үлкенді-кішілі сөздіктерді, сөздіктің жүйелері мен серияларын ойлап шығарумен, олардың мақсатқа сай ең тиімді түрін, компоненттік құрамын белгілеумен, сондай-ақ, құрылымдық жаңартулар көмегімен сөздікке максималды ақпараттық құндылық беретін, пайдалануға ыңғайлы етіп жасайтын инженерлік-филологиялық қызметтің түрі». Бұл жерде құрастырманың кем дегенде үш түрі туралы сөз болып отырғандығын баса айту қажет. Оның бірінші түрі – кез келген сөздікті құрастыру әдісі және оны құрастыруға қатысты құрылымдық мәселелердің жиынтығы. Яғни бұл ұғым бір сөздік көлеміндегі, сөзтізбе мен сөздік мақаланың құрылымына қатысты, сөздіктің ішкі құрылымына қатысты құрастырма мәселелер көлемін ғана қамтиды. Екінші түрі – лексикалық құрамы тілді үйренудің деңгейіне байланысты бірте-бірте күрделеніп жасалатын, бірнеше кітаптан тұратын сөздіктер сериясын құрастыруға қатысты. Мұндай сөздіктер оқытудағы сатылылық (градуалдылық) ұстанымына негізделіп түзіледі. Үшінші түрі – белгілі бір тілдің құрамы мен құрылымын толық ашып көрсету мақсатында немесе тілді жан-жақты меңгерту мақсатында әртүрлі сөздіктерден құралатын сөздіктер жүйесін жасауға байланысты [5].

Қазіргі таңда лексикография ғылым мен білім, техника, өнеркәсіп салаларының бәріне де қатысты, қолданым аясы өте кең пәндердің бірінен саналатыны белгілі. Сол себепті лексикографиялық туындыларды түзудің ғылыми-теориялық мәселелерін зерттеуде таза лингвистикалық факторлар да, алуан түрлі ғылым салаларының ерекшеліктерінен туындайтын экстралингвистикалық факторлар да ескерілуі тиіс екенін тәжірибе көрсетіп отыр.

Нәтижесінде базалық лексиканың тілүйренім сөздігі тіл құрылысындағы тиімділігі жағынан іріктеліп алынатын құрылымдық сөздерден, қолданым жиілігі бойынша сұрыпталып алынатын жиілік тізбеден және тілдік жүйені қамтитын негізгі атаулар бойынша жасалатын тақырыптық тізбеден  тұратын төрт мың лексикалық бірліктен құралатыны анықталды.

 

Әдебиеттер

 

1. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы: Сөздік Словарь, 2005. 440 б.

2. Түсіпқалиева Р.  Қазақ лексикографиясы: екітілді шағын сөздіктердің құрылымы. Фил. ғыл. канд. дис. автореф. Алматы, 2007. 24 б.

3. Малбақов М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің  құрылымдық негіздері. Алматы: Ғылым, 2003. -357 б.

4. Малбақов М. Сөздіктің тілі туралы // Профессор С.М.Исаев: қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың теориялық және әдістемелік мәселелері. I том. Алматы, 2008. 148-154 бб.

5. Малбақов М. Шағын тілүйренім сөздігінің минимум құрамы туралы // Тілтаным, 2008. №1.