Филологические науки/Теория и методика исследования языка        

К.ф.н Сұлтанова Б. М.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті. Қазақстан

 Ақын шығармашылығындағы дәстүр және жаңашылдық

         Мағжан Жұмабаев  - ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетін биікке көтере  дамытқан, қазақ өлеңінің мазмұны мен формасына өзгерістер енгізген  сөз шебері әрі өз ұлтының тағдырын ойлап уайым жеген, сол жолда жапа шеккен, өзінің жеке басына келсек, азапты өмір кешкен қайраткер ақын. Өзі ұстанған жолдан, ой-түсініктен таймаған ақын, ақырында, кеңес дәуірі тұсында қуғынға ұшырап, айдалып, абақтыға жабылып, шығармашылық дәуірі енді кемеліне келе бастаған кезде келмеске аттанды.

        Ақынның  көптен-көп айтатыны – халық туралы, тұрмыс-тіршілік, жалпы елдің өмірі жайында болып келеді. Көз қарашығының нұры болсын, тербелген аққайың болсын, толқыған көл болсын, бүткіл кең ғалам болсын, соның бәрі айналып келгенде, ақын жүрегінің бір бөлшегіндей. Бұл жай ақын қиялының байлығын, түйсік қабілетінің  молдығын, ешкімге ұқсамайтын қимыл-кейпін  танытса керек. Мағжан поэзиясының қос қанатындай мұңды, сазды, кейде  қайғылы әрі алға тартатын романтикалық әуендері ақын түйсігінің өзгешелігін, сонылығын дәлелдемек.

        Ұлтты сүю, кісілік деңгейге дейін көтерілу, туған халқының мүддесі үшін құрбандыққа баруға әзірлік – Мағжан Жұмабаевтың өмірлік мақсаты еді. Жас ұрпаққа арналған «Педагогика» оқулығында ол: «Өзінің елін сүю, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, пайда келтіріп зиян келтірмеуді» әрбір адамның қасиетті борышы ретінде атап өтеді.

       Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының ұлы шоғырын топтастырған ортақ мұрат – бодандық бұғауында жаншылған елін құлдықтан құтқару, өзге өркениетті елдер қатарына қосу болғаны белгілі. Мағжан да осы мұратты жүзеге асырудың жолдарын іздеп, басын тауға да, тасқа да соққан. Басқа жұрттың өркениеттің өріне самғай жүзіп бара жатқанда қазақ халқының ұйқыда маужырап жатқанына жаны күйзелген. Сондықтан да «Жатыр...» деген өлеңде ақынның жан күйзелісі айқын аңғарылады.

Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,

Кілтін де өнер-білім ашып жатыр.

Бірі ай, бірі жұлдыз, бірі күн боп,

Жалтылдап көктен нұрын шашып жатыр.

Таласып, өнер-білім алып жатыр,

Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.

От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,

Тәңірінің рақметіне жарып жатыр. -  деп, өзге өркениет көшінде ілгері қарыштап бара жатқанын аңғартса, қазақ жүртының:

Ойламай біздің қазақ текке жатыр,

Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.

Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,

Қазекең таң қаларлық кепте жатыр.

– деп күйзеледі.

– деген, ел ішіндегі келеңсіздіктер екен. Ақын жүрегі осыған күйзеледі, осыған күйінеді. Жұртын өркениет көшіне ілестірудің жолын шарқ ұрып іздейді. Сорлы қазақтың «кең жері күннен-күнге құрып жатқаны» көшпенді тірлік кешкендіктен деп ойлайды. Сондықтан ол халқын қала салып, отырықшы болуға үндейді. Өркениеттің көшіне ілесудің бірден-бір жолы осы деген ойды аңғартады. «Қазағым» деген өлеңде ақын:

Бар жерді күннен-күнге алып жатыр,

Біреулер алып қала салып жатыр.

Қырылып өзді-өзімен қазақ сорлы,

Жерінен аузын ашып қалып жатыр.

Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,

Отырайық жиылып, оңдалайық.

Мың жылғы өткен қумай ата-заңды,

Өнерден кеш қалмайық, ойланайық.

                              Жер қалар, біз жиылып қала салсақ,

Қайдағы оңды жерді таңдап алсақ. – деп, отырықшы тұрмысқа көшіп, қала салуды елді, жерді ешкімге бермей, сақтап қалудың бірден-бір жолы ретінде ұсынады. Мағжан ақынның осы мақсаты бүгінгі заманымыз үшін де маңызды. Мәселен, қазіргі әлемдік қаржы мен ақпарат ағынына шекарамызды ашып, мол мүмкіндік беру, адами аралас-құраластықты ынталандыру өркениетті елдер арасында тең құқықты өмір сүрудің басты шартына айналған жаңа ғасырда кең байтақ жерімізді қалай сақтап қаламыз? Бір жағынан, ұлттық қазақы қалпымызды жоғалтпау, өзге мәдениеттер ықпалымен жұтылып кетпеу, екінші жағынан, әлем елдерімен тығыз саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени қарым-қатынасты дамыту мүмкін бе? Дәл осы мәселелердің жауабы бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Мағжанды да толғандырған. Мағжанның ауылға деген махаббаты қазіргі біздің бойымыздағы сезімнен кем болды деп айта алмаспыз, сірә! Керісінше, қаладағы тұрмыс, қалалықтардың мінез-құлқы әуелгіде ақынды қатты шошындырды емес пе:

Осы Мағжан, қалалықтардың мінез-құлқының бәрінен жасандылықтың белгісін байқаған, далалықтардың табиғи бұла сезімінің ұлылығын асқақтата жырлаған ақын енді келіп «жеріңді сақтағың келсе, қала сал», «бір жерге жиылып, қалада тұр» деп үндеу тастайды халқына.

         Жалпы қазақтардың «қалалықтануы» немесе қалалардың «қазақылануы» - дербес мемлекеттігін орнатқан ұлт мүддесінің айқын бедерленуіне қажетті шарттардың бірі. Мысалы, еліміз ішіндегі қазіргі саяси кеңістікте, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде, әртүрлі жиындарда қазақ ұлтының мүддесін көздеген топтардың үні неге бәсең? Мұның себебі мынада: кез келген елде, кез келген заманда үлкен

саясат үлкен қалаларда жасалады, содан да қалалықтар ең ықпалды әлеуметтік топ болып табылады. Еліміздегі мемлекетті құрушы ұлт болып саналатын қазақ халқы өкілдерінің қалалықтар арасында санды басымдыққа ие болмауы ұлттық мүдденің батыл білдірілмеуінің себебі болып отыр. Қазірдің өзінде бел ала бастаған қалалардың «қазақылану» процесі бұл олқылықтардың орнын толтырып, әлемнің барлық мемлекеттері үшін қалыпты жағдайдың біздің елімізде де орнығуына жеткізеді. Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Мағжан айтқан «жеріңді сақтағың келсе, қала сал, қалаға жинал» деген ойдың мәні, міне, осында.

          «Сезінбей өзгенікін, өзінікін Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр», - деп жазады Мағжан алғашқы өлеңдерінің бірінде. Сол кездегі жап-жас жігіт қазақ зиялы қауым арасында кейін меңдеген дертке айналар қатерлі құбылысты қалай аңғара білген десеңші?! Иә, «өзінікін өзгенікінен айырмаудың», яғни маргиналдық құбылыстың зиялы қауым ортасынан басталып, бүгінгі күні қазақ қоғамының бірлігіне сызат түсіре бастағаны өтірік емес. Бұл дерттен қалай жазыламыз, іштен қоғам бірлігін қалай сақтап қала аламыз, ол енді басқа мәселе.

Әдебиеттер тізімі:

1. Т.Кәкішев. Ақыл-парасатқа азаттық. –А. 2006.

2. С.Құдаш. Жастық шақ ізімен. Мәскеу. 2008.

3. Елеукенов Ш. Жаңа жолдан. –А., 2005

4. Мәжит Дәулетбаев «Тоқсанның тобына жыр». «Еңбекші қазақ» 1927. 12 қыркүйек

5. С. Мұқанов. «Байдың толғағы», «Еңбекші қазақ» газеті, 1927.

6.С. Мұқанов, «Терең қарауды тілейді», «Еңбекші қазақ» газеті, №7, 04, 1925.