Ж.Қ.Балтабаева, п.ғ.д.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры

К.С.Ныязбекова, п.ғ.к.,

 Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті

 

ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА МАМАНДЫҚ МӘТІНДЕРІН

ҚОЛДАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ

 

       Көп ұлтты елімізде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін  мамандыққа байланыстыра оқытуда мәтінмен  жұмыстың мәні үлкен:

       - мамандыққа  байланысты мәтіндер тіл үйренушіні қызықтырады;

       - мамандық мәтіндерін тіл үйренуші жақсы қабылдайды. Оның мынадай себептері бар:

1) тіл үйренуші өз мамандығын жақсы көреді, сондықтан өз мамандығына қатысты деректердің бәрін оқып білуге тырысады, ол мамандығына қатысты мәтінді оқуға жетелейді;

2) мамандық мәтіндерінде, оқулықтарда жоқ деректер беріледі, оны тіл үйренушінің білгісі келеді;

3) мамандық мәтіндері – тіл үйренушінің білімін толықтырады;    

4) мамандық мәтіндері тіл үйренушінің қабылдауына қолайлы, жеңіл болады;

5) мамандық мәтіндері тіл үйренушінің өз мамандығын ардақтау сезімін арттырады.

       ХХІ ғасыр жоғары интелектуалды, мәдениетті, жан-жақты білімді азаматтың заманы екені белгілі. Сондықтан да әр елде бірнеше тілді білу қолға  алынып  жатыр. Мұны  қазіргі  заманның  мәдениетті, сауатты алдыңғы қатардағы азаматына қойылған талап деп түсіну керек.

         Осы мақсатқа жетудің бір кілті – тілді мамандыққа байланыстыра оқыту. Тілді мамандыққа байланыстыра оқыту  әскери қызметшілердің қазақша сөйлеуін қалыптастыру әдістемесін жасауда да тиімді әдіс болып табылады.

       Әскери қызметшілер – өз мамандығына берілген, Отаншыл, білімді, сауатты азаматтар. Бірақ олардың бірсыпырасы қазақтың Отан қорғау тарихымен таныс емес, немесе жеткіліксіз таныс. Осындай жағдайда қазақтың  елін  қорғаған  батырларын, олардың ерлік үлгілерін білу өте қажет. Ол әскери қызметшілердің білімін толықтырады. Қазақ елін, жерін қорғаудағы батырлық, ерлік үлгісі – толассыз жалғасып отырғаны тарихи дәстүр. Қазіргі әскери қызметшілер Отанды қорғаған батырлық дәстүрді біліп, оны жастарды тәрбиелеуде үлгі ету керек. Бұл отаншылдыққа тәрбиелеудегі тамаша үлгі. Сондықтан қазақ батырлары туралы мәтіндер әскери қызметшілерді қазақ тіліне үйретуде кеңінен қолданылуы тиіс.

       Бұл мәтіндердің қажеттігін дәлелдейтін тағы бір жағы – олар әскери қызметшілердің сөздік қорын байытады. Ерте замандардағы батырларға арналған мәтіндерде сол замандағы қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары қазір сирек кездеседі. Бірақ әскери қызметшілер өз мамандығы бойынша әскери лексиканы білуі керек. Сондықтан Отан соғысы кезіндегі батырлар туралы мәтіндер отаншылық  тәрбие, ерлік, батырлыққа тәрбиелеумен бірге, әскери терминдермен тіл үйренушілердің сөздік қорын байытады.

       Қазіргі заман талабына сай болу үшін әскери қызметші қазақ тілінің ғылыми стилінде жаза, сөйлей білуі керек. Мамандық мәтіндері ғылыми стильді меңгеруге де көмектеседі.

       Мамандық мәтіндері арқылы әскери қызметшілерге түрлі-түрлі ақпарат беруге болады. Олар ғылыми, тарихи, мәдени, әлеуметтік-қоғамдық, өнер саласынан, спорт жайлы т.б. адамды жан-жақты тәрбиелеуге қатысты түрлі мәтіндер де қолданылу керек. Әскери мамандықтың іштей салалары да көп. Мәтіндердің мол ақпараттық қасиеті олардың тілді барлық мамандық бойынша қазақ тілін оқытуда қолдануға мүмкіндік берді.         

       Мамандық мәтіндері мамандар білімін нығайту, толықтыру, дамыту қызметімен бірге, қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастырудың негізгі құралы деуге болады. Өйткені мамандық мәтіндері – қазақша әдеби тілде сөйлеудің үлгісі. Тілді оқытуда үлгі арқылы оқыту алғаш еліктеу ретінде болса да, кейін ол қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Өйткені тілді оқытуда мәтін жиі қолданылады. Бұл – қазақша сөйлеуге жаттықтыру, қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастыруда мәтіннің мүмкіндігіне байланысты. Өйткені оқу мәтіндері арқылы алуан түрлі жұмыстарды жасауға болады. Мәселен, сөздік қорды байыту, қазақша сөйлеуді қалыптастыру бағытындағы түрлі жұмыстар. Осымен байланысты қазақ тілін оқыту әдістемесінде мәтін негізгі орын алады.

 

Әдебиеттер:

1. Ныязбекова К.С. Кәсіби лексиканы оқыту әдісі.// «Перспективные  научные исследования» VIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Болгария (София), 17.02.-25.02.2011 ж., том №8. – 52-54 б.

2. Ныязбекова К.С. Кредиттік технология жүйесінде кәсіби лексиканы оқыту әдістемесі. Оқу құралы. – «Ұлағат» баспасы, Алматы, 2013. – 212 б.