п. ғ. к., доцент Досанова А.
Ж.
тарих және қоғамдық ғылымдар
академиясының академигі
«Ресей когнитолог-лингвистер Ассоциациясының» корреспондент
мүшесі
Мукушева Г. Б.
«Тұран-Астана» университетінің магистранты,
Қазақстан
Жазбаша тіл дамытуға қойылатын талаптар
Тіл дамыту
мәселелерінің педагогикалық маңыздылығы
бұрыннан белгілі болса, оның өзектілігі
бұрынғымен салыстырғанда қазір ерекше сипат алып отыр.
Біз осы мәселеге байланысты негізгі критерийлерге байланысты
тоқталғанда, ғылымға, яғни ол туралы
айтылған ғылыми еңбектерге, талдауларға сүйендік.
Ғылыми еңбектерде оқушылардың тілін дамыту және
тіл ұстарту жұмыстары әр қырынан сөз болады.
Оқушылардың жазба тілін дамытуда, сөздерді байланыстырып
сөйлем құрастыруда алуан түрлі мазмұндама,
шығарма жазу жұмыстары басты тілдік материалдар болып саналады. «Қай халықтың
болса да, қоғамдық өсу-өркендеу жолында
көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде
сақталып отырады. Қай халықтың болса да ақыл-ой
тереңдігі көп салалармен тармақтала, молыға келіп,
тағы да сол ана тілінің алтын қорына қосыла береді,-
дей келе, академик Ғ.Мүсірепов тіл, жалпы сөз жайында, ойдан
– әрекет, әрекеттен – тіл, әрекет пен тіл ағалы-қарындасты
егіздің сыңары екенінде дау болмасқа керек» - деген
салмақты тұжырым жасайды [1].
Тіл байлығының
ең басты белгісі – сөз байлығы. Өйткені барлық
білгеніміз бен білуге тиістіміз тек сөз арқылы ғана
белгіленеді. Сөз – тілдің негізгі элементі. Бірақ тіл байлығы
сөздердің жалаң санымен ғана емес, оның
санасымен, мазмұнымен, ішкі мүмкіншілігімен де өлшенуі тиіс.
Тіліміздегі мыңдаған сөздер заттың,
құбылыстың атауы ретінде бір көрінсе, олар өзара
тіркесуімен, тілдік қатынас аясында тіл байлығын еселей
түседі.
Тіл адамзаттың
бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін, сөйлесуін қамтамасыз ете
келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады.
Сөздің негізгі екі қасиеті: формасы мен мазмұны,
яғни дыбыстың таңбасы мен мағынасы да
қатысымдық процесте қарастырылады. Сөз – сөйлеу,
пікір алысу үрдісіндегі ең басты тұлға. Сөз жеке
тұрғанда, заттың, сынның, қимылдың т.б.
атауы болып номинативті қызмет атқарса, тіл арқылы
қарым-қатынаста белгілі бір жағдайға, ортаға
байланысты жұмсалып, қарым-қатынастық қызмет
атқарады. Тіптен контекссіз дербес қолданылып, грамматикалық
тұлға ретінде әр түрлі дауыс ырғағымен
айтылса да, әрі хабарлау, әрі қабылдау мәніне ие
болады. Н.И.Жинкин предикативтік құрылым арқылы
мәтіндердің мағынасын анықтауға болатынын
көрсетеді [2]. Предикаттар мағыналық бірліктер жүйесін
құрып, мәтіннің негізгі ойын ашуда маңызды
рөл атқарады. Сөз мағынасын түсіндіру, ашу,
нақтылау – мәтінмен жұмыс істеудің негізгі бір
маңызды түрі деп білеміз. Сөздік жұмысы аранайы
сабақ болып, әдейі өтілмейді. Бірақ сөздік
жұмысы сабақтың өн бойынан орын алады. Сөздік
жұмысы мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен
ұғымдарды түсіндірумен ғана шектелмейді, таныс
сөздердің мәтінде қолданылған
мағыналық реңкіне көңіл бөлу, олардың
мағынасының түрлі реңкі, мәні болатынын
түсіндіру өте қажет. Ол баланың ойын, сөздік
қорын дамытады. Мәтіннің типологиясын тану арқылы
ауызекі сөз бен жазба мәтіннің өзара ерекшеліктері
ғана емес, сонымен қатар жасалу жолдары, байланыстары мен
қатынастары да айқындалады. Негізгі мәселелер қатарында
мәтін типтеріне сай болатын тұрақты композициялардың
болуы мен олардың сақталу дәрежелері және ондай типтік
композициялардың өзгеруі мен даму жолдары да аталады [3].
Мәтіндегі түсініксіз сөздермен жұмысты осы үш
кезеңің қайсысында өткізуді түрліше белгілеуге
болады. Дегенмен оны немқұрайды шеше салуға болмайды, ол
мәтіндегі түсініксіз сөздерге байланысты шешіледі.
Сондықтан бұлардың әрқайсысына жеке-жеке
тоқталу қажет. Мәтінде таныс емес сөздер көп
болғанда, оны мәтінді оқу кезінде түсіндіруге болмайды.
Мысалы, жоғарыда келтірілген ғарыш жайлы өлеңде
жаңа сөздер көп, оны түсіндіруге бірсыпыра уақыт
керек. Өлеңнің әр жолын оқыған сайын
тоқтап, таныс емес сөздерді түсіндірсе, желісі үзіліп,
ой шашырап, өлеңді ұға алмайды. Өлеңді оқудың
сәні, мәнері бұзылып, ол өзінің
тартымдылығынан айрылады. Сондықтан мәтінде таныс емес
сөздің көп болуы, оның түсіндірілуінің
мәтінді оқу кезінде емес, мәтінді оқудан бұрын
өткізілуін қажет етеді. Екі түрлі жалғаудың
тысқарғысы сөйлегенде, жазғанда сөздерді
біріне-бірін қиылыстырып тізу үшін қажет, ішкергісі бір
мағыналы сөзден екінші мағыналы сөз шығарып, сөзден
сөз туғызып, көбейтіп тілді байыту үшін қажет.
Ішкергі жалғаудың бірсыпырасы осы бірінші жылдық «Тіл –
құралда» сөз тұлғасын сөйлеген орындарда
көрсетілді. Тысқарғы жалғау туралы екінші жылдық
«Тіл – құралда» айтылмақшы. Сөзді дұрыс тізіп
сөйлеу, әсіресе дұрыс тізіп жазу туралы үшінші
жылдық «Тіл – құралда» айтылмақшы» - деп саралап
көрсеткен [4].
Мұғалім
мәтіннің мазмұнын айтқызу жұмысына жеткілікті
мән беріп, әдістемелік жағынан толық ойластырып саналы
түрде шеберлікпен жұмыс жүргізсе ғана, тіл дамытуда
жақсы нәтижеге жетуге болады.
Тіл
дамытуда мазмұндама мен шығарма жұмыстарын осылай
топтастырудың да маңыздылығы жоғары. Бұл ең
алдымен, оқушылардың жазу жұмыстарына дайындықтарын
белгілі оқу кезеңдеріне бөліп-бөліп орындауларына
мүмкіндік береді. Шығарманы жаздырудың бірінші міндеті –
тақырыпты түсіну. Бұл үшін әуелі жоспар
құрып, шығарманың негізгі ойын ұғыну керек.
Оқушымен жұмыс белгілі тақырыптың негізгі ойын
анықтаудан басталуы керек. Тақырып сұрақ бойынша
шығарма идеясын қалыптастыруды үйрете отырып
меңгертіледі.
Шығарма
жазуға қойылатын негізгі талаптар:
-
тақырыпты өз ойы және өз сөзі арқылы
(оқулықтан көшірмей) толық аша білуі;
-
жазып отырған тақырыптан алшақтамай, оның
мазмұнын нақты ашуға талпыну;
-
артық баяндау, қажетсіз дәлелдемелер мен
көпсөздікке жол бермеу;
-
шығармада сөз болған жайды басқаларға да
түсінікті болатындай орамды тілмен, аз сөзге көп мағына
сыйғыза баяндауы;
-
шығарманың барлық бөлімдерінің бір-бірімен
тақырып, негізгі ой арқылы шебер байланысуы;
-
шығармада әр түрлі көркем шығарма кейіпкерлерін
салыстыра отырып, орынды жерде дәйексөз келтіруі, ауыз
әдебиеті үлгілерінен, сын мақалалардан, әдебиеттану
еңбектерінен өте шағын үзінділерді қисынымен
қолдануы;
-
шығармада қолданылған дәйексөздің
қайдан алынғандығы айқын көрсетілуі және ол
оқушының ойын қайталамай, оны дәлелдеуі,
жалғастыруы қажет;
-
шығармада жазушының өмірбаянында, әдеби
шығарманың жазылу тарихына, тарихи оқиғаларға,
кейіпкерлерге қатысты қателіктер жіберілмеуі;
-
оқушының жұмысы стильдік біртектілігі мен тіл шеберлігіне
(сөздік қоры, сөйлем құрылысы, материалды
берудегі көрікті ой, көркем тілі, тілінің образдылығы,
ой сергектігі, сезімталдығы) бағаланады.
Шығарма
жазудың өзіндік біліктері:
-
шығарманың негізгі ойын тану мен тақырыбын түсіну;
-
шығарма жазу үшін материал жинау;
-
жиналған материалды жүйелеу;
-
тілдік категориялар ережесін білу (сауаттылық);
-
шығармада өзіндік көзқарас, ұстаным
көрінуі.
Қорыта
айтқанда, мәтіндегі сөздердің ішіндегі
оқушыға түсініксіз сөз елеусіз қалмауын
қадағалап отыру керек. Таныс емес сөздерді, жаңа
сөздерді оқушы тіліндегі белсенді сөзге айналдыру –
мұғалімнің міндеті. Мұғалім ол үшін
оқушымен сөздік жұмысын өте
ұқыптылықпен, шеберлікпен жүргізуге тиісті, сонда
ғана біз оқушы тілін дамыта аламыз.
Әдебиеттер:
1 Мүсірепов Ғ. Ана
тілін анамыздай ардақтайық // Өнер алды қызыл тіл.
-Алматы: Жазушы, 1986.
2 Жинкин Н.И. Речь как проводник
информации. – М.: Наука,1982.
3 Әбдікәрім. Т.М.
Мәтін теориясы. – Павлодар, 2006.
4 Байтұрсынов А. Тіл
құрал. – Қызылорда: Казмембас, 1925.