Г.Ж.Пірәлі, филология
ғылымдарының докторы,профессор
Қазақстан
тарихының оқу құралдары сапалы болса ұтарымыз мол
Қазақстан тарихы қазір күрделі кезеңді бастан кешуде. Еліміз
тәуелсіздік алып, президент басқаратын демократиялық мемлекет, азаматтық қоғам,
саяси бостандыққа ие болғалы
түрлі жекелендіру жұмыстары жүріп ,
нарықтық қатынас орнады. Қазақ
халқының тарихы тек қана хронология жағынан ғана
емес, жалпы мағыналық
мазмұны мен сапалық сипаты жағынан да соны өзгерістерге
ұшырады.Сөз жоқ, бұл жол әрі ауыр әрі
күрделі болды. Бірнеше ғасырлар бойы отаршылдық сана
мысымызды басып, еңсемізді езгені сонша егемендікке ие болсақ та оны игеруге икеміміз
келмей, кемшіліктерге жол бердік. Саяси, экономикалық және рухани
өмірде де тоқырау құбылыстары байқалды.
Жаңа әлеуметтік-саяси және экономикалық
ахуал халықтың өзін
өзі , яғни төл тарихын тануына мүмкіндік тудырды,әлемді
тану өзгерді.
Тарих-бұл халықтың жады.Оны өзгертуге,
түзетуге, жаңартуға болмайды.Біз оны сол қалпында
тұтас қабылдауымыз керек.Қай халық болсын тарихты
өзгерте алмайды.Біз тарихты сол сан алуандығымен, көп
қабаттылығымен,барлық қайшылығымен,оның
ерлік және қасіретті беттерімен т.б қабылдауымыз керек.
Ауыспалы кезең осындай қиындығымен және
қым-қиғаш қақтығысымен, сан алуан
қайшылығымен өз тарихын таңбалады. Біздің бүгінгі әрбір күніміз
ертеңгі тарих беттері екендігін ескерсек, ауыспалы кезеңдегі
өзгерістер де ұлттық тарих ғылымының алдына көп міндеттер жүктеп, жаңа
талаптар қойды. Және оларға жан-жақты талданып,
тереңнен толғанып, кеңінен қозғалған
,асықпай қорытындыланған ,ғылыми жауап күтті.
Алайда, демократия мен жариялылықтың жөні осы екен дегендей
төл тарихымызды бүгінгі еркін ой-сана, тәуелсіз таным
тұрғысынан қайта жазамыз дегендей жалған
ұраншылдыққа ұрынған кездер де болмай
қалмады. Қазақстан тарихы туралы әртүрлі пікірлі
әдебиеттер тасқыны көбейді. Ортақ мүдде,
ұлт мақсаты тұрғысынан талданып жазылудың орнына
жеке адамның эмоциясына жол берген субьективті пікірлер көбірек бой
көрсетті. Ондай еңбектердің авторлары тарих
ғылымының өз ғылыми заңдылығы,
методологиялық принциптері, пәндік талабы мен міндеттері бар
екендігін ескере бермеді. Төл тарихымыз енді басталды,
сондықтан бәрін басыннан
қайта жазу керек деген ниетте
болды.Соның жолында түрлі амал- тәсілдерді,
адастыруларды,сенсацияларды пайдалануға арланбады.Алайда, тарих
ғылымы шыншыл талдауды, салмақты
саралауды , ғылыми фактіні дәл беруді керек етеді.
Соңғы жылдары ғана тарих
ғылымында бастапқы сенсациядан арылу, жеке эмоциялық сезімдер
мен көзқарастарға берілу , т.б сияқты кемшіліктер
кемшін тартып, оның орнына ойлы, мазмұнды, ғылыми
мәліметі мен тарихи нақты деректері мол, жоғары деңгейде жазылып, кәсіби
тұрғыдан талданған
теориялық еңбектер қатары көбейді. Кәсіби
тарихшылар жаңа методологиялық
әдіске бой ұрып, тарихи үрдісті сол табиғи
қалпында көріп, тануға деген талпыныс пайда болды.
Бұрындары беймәлім болып келген, тіпті құпия
сақталынып келген
мұрағаттар қоры ашылып, өз тарихымыздың
көне дәуірлеріне көз жіберуге, оларды егжей-тегжейлі
зерттеуге мұқтаждық туды.Соның нәтижесінде
төл тарихымыздың дәуірлеу кезеңдерінің тамыры тереңге
кетіп, бірнеше ғасырға кейінге шегінді. Қазақ тарихтануындағы жаңаша
көзқараста жазылған зерттеулерде шындықтың шырайын ендірген ақиқаттар алға шықты.
Археологтардың , антропологтардың ,этнографтардың, т.б
басқа ғылым салаларының соны жаңалықтары қазақ халқының
тарихын тұтас қарастыруға мүмкіндік берді.
Жаңа құжаттар, КНБ
және ҚР ІІМ , Мемлекеттік
Орталық музей т.б қорларындағы бұрындары
құпия сақталған тарихи деректер ғылымти айналымға түсе
бастады. Бұлардың бәрі өткенді терең тануға
,тарихи жадты жаңғыртуға жол ашты. Қазақстан тарихын, бүкіл әлемдік
өркениеттегі қазақ тарихының орны мен ролін
ашуға,түркі әлемі халқының тарихы ретінде
қарастыруға кәсіби мамандар тырысты.
Қалай болғанда да өмір
өзгерді,қоғам жаңарды,соған сәйкес адам
санасы да жаңа өмір талабына сай жаңартылып
жатыр.Тәуелсіздік біздің әлеуметтік, саяси, рухани салаларымыздың
бәрінен жаңа көзқарас, жаңаша сараптама талап
етті. Әсіресе, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақстан
тарихын қайта жазу,қайтадан егеменді ел ретінде қайта қорыту
жаңа тарихи таным тұрғысынан тану уақыт
талабы.Бүгіндері жазылып, оқу үрдісінде қолданылып
жатқан мектеп және
жоғары оқу орындарындағы тарих пәнінің
оқулықтары да жаңа тарихи деректермен толықтырылып, биік интеллектуалды
деңгейде жазылғандықтан біздің жаңа ойшыл
жеткіншектеріміздің қызығушылықтарын тудыруда.Бұл
әрбір азаматтың өз Отанының тарихын тануға,
білуге деген табиғи талабын танытады. Өйткені,отан тарихын білу тек
қана танымдық және ғылыми маңызы ғана саяси
да маңызы бар нәрсе.
Алайда, осындай
жақсы жетістіктермен қатар ұлттық тарих ғылымында
кері кеткен кемшіліктер де бар екендігін жасыруға болмайды.
Әсіресе, соңғы жылдары тарих пәнінің
оқулықтарының сын көтермейтіндері жөнінде орынды сындар айтылып жатады. Өйткені,
«бала-біздің болашағымыз болса», ертеңін ойлайтын елді
ең бірінші сол бала
білімінің іргесін қалай қалану керек деген ой мазалауы да
заңды.
«Баланы жастан »деп атам қазақ айтқандай, баланың
әліппеден басталар білімі осы оқулық негізінде жүзеге
асырылып, сәби санаға сіңірілері де сөзсіз. Олай болса,
әрбір ата-анадан бастап, оқытушы мұғалімдер,
әрбір елдің ертеңіне алаңдар ұлт өкілдері
мен зиялыларының, депутаттардың, халық
өкілдерінің , әрбір мемлекет басшыларының,
әсіресе ҚР Білім және ғылым министрлігінің
күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселесі
екендігін ескерген жөн. Алайда, осы оқулықтардағы
олқылық мәселелесінің
жәйі көтерілген сайын кемшіліктер саны көбеймесе азаяр
емес.Неліктен?
Өйткені, жыл бойына
баспасөздерде, әр жылғы Ұлттық
Біріңғай тестілеу кезінде алдымыздан шығып жататын тарих
пәнінің оқулықтарындағы олқылықтар
жөніндегі сыни пікірлерге
кәсіби маман иелері , Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрлігіндегі жауапты қызметкерлер,
республикалық «Оқулық» ғылыми зерттеу орталығының
басшылары , оқулық авторлары т.б секілді осы істерге жетекшілік
жасайтын жандардың кәсіби біліктіктері жетіспей жатады. Осы орайда,
соңғы жылы Қазақстан тарихының оқу
құралдары мен тарих пәнінің
оқулықтарының олқылықтары жөнінде ой
бөліскен мерзімді баспасөз
беттеріндегі жарияланымдарға шолу жасар
болсақ, ойланарлық жәйттердің көп екендігіне еріксіз көз
жеткізуге болады.
Және бір назар аударарлық жәйт-
оқулықтарға айтылар кемшіліктердің көпшілігі жалпылама, бір ізді, үнемі айтылып
жүрген бір сарынды болып келеді.
Нақты мәтін негізінде
қай оқулықта қандай олқылықтар бар ,
оның жетістігі мен кемшілігі
неде, олар неге жыл сайын қайталанып отыр, айтылған сыннан неге
қорытынды шықпайды,осы салаға жауап беретін басшылық
қызметкерлері қайда қарап отыр деген қарапайым
сауалдарға жауап таба алмай
таң қаласың. Жауапкершіліктің жоқтығы
ертеңгі ұрпағымыздың алдында ұятқа
қалдырып, бүкіл ұлттымызды екіұшты тарихқа
таңып қоярына таң қалмасқа болмас.
Мұнда білім, инновациялар
және оларды іс жүзінде қолданудың тәсілдері
барған сайын табыстың көзіне айналып бара жоқ па деген
қорқыныш та жоқ емес.Отанымыздың адам дамуы индексі
бойынша алдыңғы орында екендігін , ұлттық білім беру
жүйесін дамытуға мемлекеттік бюджеттен көптеген мол
қаржы (соңғы бес жылда 2,5 триллион теңге) бөлініп
жатқандығын ескерсек, т.б
неге сол мол қаржыны оқулықтарды сапалы етіп
шығаруға,балаларымыздың әлемдік деңгейдегі білім
алуына бүкіл жағдайды жасамасқа? Ұлтымыздың зиялы
болуы тап сол ұрпағымыздың жоғары білімді болуына
тікелей байланысты екендігін естен шығармасақ керек-ті.