п.ғ.к., доцент Досанова А. Ж.
Тарих және
қоғамдық ғылымдар академиясының академигі
«Ресей
когнитолог-лингвистер Ассоциациясының» корреспондент мүшесі магистрант
Ибраева Г. Б.
С.Сейфуллин музейінің
экскурсиялық-бұқаралық бөлім меңгерушісі
«Тұран-Астана» университеті,
Қазақстан
С.Сейфуллиннің
қазақ ауыз әдебиетіне қосқан үлестері
С.Сейфуллин шығармашылығы ауыз әдебиеті үлгілері
мен жекелеген ақындардың мұраларын жазып алып,
жариялауынан бастау алды. Сәкен жас
кезінен-ақ ел аралап, аңыз-әңгімелерді, ертегілерді
көптеп жазып алып, ауыз әдебиетінің үлгілерін, небір қиссаларды хас шеберлерге айтқызып, аса
қажеттілерін, құндыларын қағаз бетіне түсіріп отырған.
Оның жастайынан халық
шығармашылығына құмарлығы артып, ауыз
әдебиеті үлгілерін анасынан естіп отырған. «Ақындық
маған анамнан келген қасиет, - деп отыратын ол. Шынында, ауыз
әдебиетінің ел ішіндегі небір тамаша нұсқаларын – ертегілерді,
жырларды, шежіре, шешендік сөздерді Сәкен бала жасынан бастап
өз анасының аузынан естіді» деп жазған Мәжит
Сейфуллиннің естеліктерінде. Сәкен бала кезінен
зерек болып, елден естігендерін жадында сақтаған. Біржан сал, Ақан сері,
Балуан Шолақ ұрпақтарымен кездесіп, біраз деректер
алған. Үкілі
Ыбырайды, Жамбылды, Кененді, Иман Жүсіпті, Ғазизді
тыңдаған. Сәкен
халық ауыз әдебиетінің мұраларын, жеке
ақындардың шығармаларын, айтыстарын жинағанда
өзіне үлгі болар Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Б.Радлов,
Г.Потанин, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, т.б.
сынды ғұлама азаматтардың жәдігерлігін естен
шығармаған. Сонымен қатар, XX
ғасыр басында қазақтың зиялы қауымы,
әсіресе, А.Байтұрсынов, X.Досмұхамедовтердің
әдебиет үлгілерін жинап, бастырулары Сәкенге әсер етпей
қалмады.
Сәкен мәдениетіміз
бен ғылымымызды өркендету жолында қол қусырып отыра
алмады. Мүмкіндік бола қалған кезде әдебиет пен өнердің
қыр-сырын ашып, ел аралаған кездерінде әдебиеттің
үлгілерін жинауға тырысты. Т.Кәкішев еңбегіндегі мына
деректер соның дәлелі: «Зәрулік келген кезде елден
қолжазба, текст келеді деп күтіп отырмай, университеттегі
кабинеттің мәнді бір жұмысын орындау және қызылкөздерден
тасалана тұру үшін Cәкен алты айға
Сарыарқаға фольклорлық экспедицияға шықты».
Сондай-ақ, Сәкен
Қарқаралыға Қоянды жәрмеңкесіне
барған кезінде де осы мақсатты көздеген. Қоянды
жәрмеңкесінде ел-жұрт тек сатып алу ниетімен ғана емес,
сауық-сайран салып, ойын-той көру үшін, өнер, білім
жинау үшін келетін. Оған мықты дәлел – Қалыбек
Қуанышбаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қали
Байжанов, Қайып Айнабеков, Доскей Әлімбаев, Шашубай,
Иманжүсіп, Ғазиз, Қажымұқан,
Жарылғапберділердің басы осы жәрмеңкеде қосылып,
қазақ сахарасын өлең-жырға,
ойын-сауыққа кенелткен кездерін еске алсақ, Сәкен
біртіндеп болса да іргесі жиыла бастаған дәстүрдің
жалғасын іздеп барғаны даусыз. Жан-жақты жиналған
жәрмеңкешілердің ішінен талай шешендер, ел жырын
көкейіне құйып алғандар табылатынына Сәкен
имандай сенген.
20 жылдардың аяғы мен
30 жылдардың басында жоғары оқу орны былай тұрсын,
мектеп оқушыларының қолына ұстайтын кітабы өте аз
екендігін көрген Сәкен қызметке орналаса сала, 1929 жылы «Еңбекші
қазақ» газеті арқылы қазақтың зиялы
қауымына әдебиет туралы «Ашық хат» жазады. Ол хатында: «Халық
тарихын, әдебиет тарихын тәртіппен жазып шығаруға әдебиет
тарихының дерегі керек. Қазақ елінің әр
түпкіріндегі әлеуметшілік сезімі бар азаматтардан
жоғарыдағы айтылмыш қазақтың ескі тарихи
мағлұматтарын: шежіре, билер сөзі, батырлар
әңгімелері, жырлары, тақпақтар, ертектер,
қиссалар, әдет-ғұрып жырлары (бет ашар, ау-жар,
жоқтау айтыс) үгіт-насихат, болжау, тағы да осы тәрізді
сөздерді жазып, жинап, университетке жіберулерін өтініш қылды.
Өте-мөте керек болып отырған мағлұматтар: Асан
Қайғы сөздері, Бұхар жырау, Шортанбай, Ақмола
ақын, Мәшһүр Жүсіптің сөздері, әсіресе
«Хал-ахуалы», Ақан серінің сөздері, өлең -
күйлері, Жаяу Мұса өлеңдері,
Маңмаңгердің Ыбырайының, Балуан Шолақ, Мәди,
Омар Қарашев өлеңдері, әсіресе «Терме» деген
өлеңі,- деп көрсетті С.Сейфуллин. Қазақтың
әндерінің, күйлерінің тарихтары, мәселен,
Бозайғыр, Бозінген, Балбырауын, Ақжелең, Сарыжайлау,
Қосбасар, Терісқақпай, Қорқыт күйі,
Ықылас, Балабақсы, Дайрабай, той күйлері т.б. Осылардың
бәрі қазақтың тарихына, мәдениет, әдебиет
тарихына керек мағлұматтар»,- деп жазып, материалдарды өз
үйіне жіберуді өтінді. Ақынның «Ашық
хат» арқылы көпшіліктің көмегіне сүйенуі халық
мұрасын жинаудағы қызметін, еселі еңбегін танытса, енді
бір сала
еңбегі сол мұраларды бастырып, жариялап, насихаттауымен де
тағылымды тың ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің
халықтық сипатын ашу болды. Қазақ ауыз
әдебиетінің тарихын оқулық ретінде қарастырып,
оны қолға алған С.Сейфуллин, 1931 жылы «Қазақтың
ескі әдебиет нұсқалары» атты хрестоматиясын
құрастырып, 1932 жылы «Қазақ әдебиеті. Билер
дәуірінің әдебиеті» деп аталатын қазақ ауыз
әдебиетінің тарихын баяндауға арналған ғылыми-зерттеу
еңбегін басып шығарады. «Сәкеннің ауыз әдебиеті
үлгілерін жинау жөніндегі ізденістері өнімді болды. 1933 жылы
«Батырлар жырлары 1-бөлім» жинақтарын шығарды. Оның
ең ұлы нәтижесі – «Қазақ әдебиеті»
оқулық-хрестоматиясы. С.Сейфуллиннің «Қазақ
әдебиеті» оқулығын Т.Кәкішұлы 1964 жылы латыннан
аударып, құрастырған. Алғы сөзін
С.Мұқанов жазған. Сәкен жазған бұл
«Қазақ әдебиеті» зерттеу еңбегінің қазақ
әдебиеттану ғылымында мәні зор. Сәкен осы
еңбегінде қазақтың ауыз әдебиетін ғылыми
жүйемен талдап, дұрыс қорытындылар жасады. Ауыз
әдебиетінің жанрларын саралып, батырлар жырының туу,
өркендеу барысын халық тарихымен сабақтастыра зерттеді.
Бұл туынды-күні бүгінге дейін өзінің ғылыми
да практикалық мәнін жоймаған, қазақ
фольклористикасының негізін қаланған шығарма. Бұл
еңбек-қазақ әдебиеттану ғылымының
қалыптасуына Сәкеннің қосқан үлесінің
зор екендігін танытатын зерттеу. Алматы
қаласындағы Ұлттық кітапхана қорынан
С.Сейфуллиннің ауыз әдебиетіне қатысты «Батырлар жыры»
және «Билер дәуірі әдебиеті» еңбектерінің
көшірмесі түсіріліп, ол Астана қаласына алынып, бүгінгі
күні С.Сейфуллин мұражайының экспозициясында тұр.
«Батырлар жыры» жинағының түпнұсқасы
мұражай қорына жақында тапсырылды. Аласапыран кезеңде
әр жерге жасырып сақтағаны, кітаптың күйінен
көрініп тұр. Латын әрпімен басылған. Мұқабасы қалың қоңыр кітап. Бірінші бетінде, сиямен кириллица әліпбиінде жазылған жазуы бар: «Батырлар жырларының жинағы, жинаған Садуақас Сейфуллаұлы Сәкен». Мұражай қызметкерлері кітапты белгілі
ғалым сакентанушы Т.Кәкішевке көрсеткенде, бұл
кітаптың түпнұсқа екенін растады. Ташкент архивтерінде бір данасын көргенін айтты.
Мұндай деректерді түсініп оқу үшін, латын графикасын
жете меңгеру керек. Осы тұста, Н.Ә.Назарбаевтың латын
әліпбиіне көшу туралы көтерген мәселесі, осындай
мұраларымызды жете түсініп, оқып, зерттеп, талдауға
үлкен мүмкіндік туғызады. Бұл құнды
мәліметтерді мектеп оқушыларынан бастап оқыту мәселесі
қолға алынса, әр туындыны көзбен көріп,
қолмен ұстап, түсінуге және талдау жасауға, кириллицамен
жазылған нұсқасымен салыстырып зерттеуге жол ашылады. Ауыз
әдебиетінің құндылықтарын бағалай білуге
үйретеді.
С. Сейфуллин ауыз әдебиет
үлгілерін жинастырып, бір жүйеге келтірген. Ақынның халық мұрасын жинауға кіріскенде алдына
қойған мақсаттары: біріншіден, халық мұрасын жоғалып
кетуден сақтау, қағазға түсіру болса, екіншіден,
талғап-таразылап, ой елегінен өткізіп,
уақыт кәдесіне жарайтындарын жарыққа шығару, үшіншіден,
заман талабына сай қажеттіліктерді өтейтін
және мектептер мен жоғарғы оқу
орындарын хрестоматия, оқулықтармен, қазақ
әдебиетінің тарихын баяндайтын
еңбектермен қамтамасыз ету еді.
Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу
негізін Сәкен Сейфуллиннің ғылыми-зерттеулерінен,
әсіресе, фольклорға арналған еңбектерінeн көруге
болады. Соның ішінде, қазақ әдебиеттану
ғылымының алғашқы зор қадамы болып есептелетін
«Қазақ әдебиеті» атты оқу құралының қазақ
ауыз әдебиеті тарихында алатын орны ерекше. Қазақ
әдебиеттану ғылымында Сәкен жазған « Қазақ
әдебиеті» атты зерттеу еңбектің мәні зор. Бұл
кітап – жоғары оқу орнына арналған оқу құралы
болуының үстіне дәуір таңбасын берік сақтаған,
қазақ кеңес әдебиеті мен әдебиеттану
ғылымының өркендеу процесінің көптеген
шындығын айқын көрсететін туынды. Маркстік-лениндік
методологияға сүйіне отырып, Сәкен осы еңбегінде
қазақтың ауыз әдебиетін ғылыми жүйемен
талдады, дұрыс қорытындылар жасады. Ауыз әдебиетінің
жанрларын саралап, батырлар жырының туу, өркендеу барысын
халық тарихымен сабақтастыра зерттеді. Бұл туынды –
күні бүгінге дейін өзінің ғылыми да
практикалық мәнін жоймаған, қазақ фольклористикасының
негізіне қаланған шығарма және қазақ
әдебиеттану ғылымының қалыптасу процесіне
Сәкеннің қосқан үлесінің зор екендігін
танытатын зерттеу еңбек .
Әдебиеттер:
1.
С. Сейфуллин, Ө. Тұрманжанұлы. Көркем әдебиет,
1935.
2. С.
Сейфуллин. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары,
1931.
3. С. Сейфуллин.
Қазақ әдебиеті (Билер дәуірінің әдебиеті),
1932.
4. М.Сейфуллин. Естеліктер.
5. Т.Кәкішев. Өнегелі
өмір. –Алматы, 1975.