САЛ-СЕРІЛЕР БОЛМЫСЫНДАҒЫ
ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМПАЗДЫҚ
Ж.А. Кенжебекова, С.С.Балкеева
Қазақстан Республикасы
Академик Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды
мемлекеттік университеті
Егер ұлттық
әдебиетіміздің тарихында ХХ ғасырдың 60 жылдарынан басталатын кезеңді ерекше бір
өнімді кезеңге жатқызып жүргеніміз ақиқат
болса, сол кезеңдегі әдеби процестің басым бөлшегін
тарихи сипаттағы шығармалар
құрайды екен. ХХ ғасырдың елуінші жылдарының
соңынан бастап қоғамда хрущевтік «жылымық» басталды.
Әрине, бұл процесс ұзақ уақыт салтанат
құрды деп айту қиын. Бірақ уақыт тізгінді
босатыңқыраған билік көп ұзамай
айыл-тұрманды қысыңқырағаны анық. Алайда шамалы
уақыт болса да санада пайда
болған сілкініс пен серпіліс өз жемісін берді. Қазақ
халқының ұлттық рухани болмысында сал-серілердің
тұлғасы ерекше орын алады.
Сал-сері феноменіне
алғаш рет анықтама берушілердің бірі ғалым Е.Ысмайылов
былай деп жазады: «Әнші ақындар негізінде сал, сері,
күлдіргіш өнерпаз ақындар. Бұларды тек әнші
ақын демей, халықтық искусствоның адамдары деп
таныған жөн. Сал-серілерде ақындықпен қатар,
әнші, күйшілік, композиторлық, би, спорт өнерлері де
бар. Артистерше сырттай жарқ-жұрқ әшекейлену, елден
ерекше сәнді, көз тартарлық кескінмен жүріп-тұру
– әнші ақынға тән негізгі салттың бірі. Серілердің
салға қарағанда сыпайылығы, сәнділігі
тұрақты. Олар онша оғаш, ерсі бола бермейді, елден ерекше
қызылды-жасылды, жарқ-жұрқ етпе киінгенімен, жалпы
елдің ортақ дәстүрлерін көп бұза бермейді,
өздері жастармен, топпен
араласқанда сыпайыгершілік, әдептілік, нәзік сезімділік
мінездерді көбірек білдіріп, ақындық әншілікті негізгі
өнер жолы деп қарайды, соған көбірек беріледі. Шын
салдық дәстүр, өнер сол салдың барлық
тіршілігімен біте қайнасып кетуі тиіс» [1, 51-52].
Табиғи
жаратылысында талантты, өз ортасында оқшау, өнерде биік тұратын ел еркесі болған сал,
серілердің ара жігін анықтауда олардың өзара ұқсастығы мен
айырмашылығы жайында әртүрлі көзқарас, пікірлер
бар. «Тек ХІХ ғасырдағы
ғана емес, қазақтың ескі заман, көне рухани
өміріндегі өзіндік сыпаты
мол арнаның бірі – салдар мен серілер өнернамасы болды. Сал мен сері суырып салма ақын,
әрі сыршыл композитор, оның үстіне әсем де асқақ дауысты әнші болу шарт еді.
Бірақ сал мен сері – жай ғана
ақын немесе композитор, яки әнші емес, осы үш
қасиет бойына тоғысқан
жан-жақты өнерпаз еді, бұл тұрғыдан
алғанда оларды сақараның
саңлақ артистері деуге болады. «Сырттай
қарағанда ұқсас көрінгенімен, сал мен
серінің өнерпаздық тұлғасында бірталай айырма
бар. Бұл олардың өнер
туындыларына да, өмір кейпіне де қатысты. Сал, әлбетте
дулы күн кешеді,
төңірегі қосшы серіктер – әнші, күйші,
масқарампаз, күлдіргі немесе жай ғана қошеметші
жұртқа толы болады. Салдың өзі бастап, барлық
серіктері әлем-жәлем, ерекше пішімде киінеді, бұлардың
мінез-құлқы, жүріс-тұрысы тегіс еркелікке,
әуейілікке бейім, тіпті тентектікпен астас, қайткенде де
әдепкіден өзгеше келеді... Ал, сері сән мен әсем,
әрі қымбат киінетін, төңірегіне әнші,
күйшімен қатар, балуан, мерген, құсбегі, атбегі жігіттерді топтайтын» [2, 255-256].
Ал зерттеуші Е.Тұрсынов
сал-серілердің пайда болуының түп-төркінін
мифологиялық жаңғыру және құпия
одақтардың тартылуымен байланыстыра түсіндіреді:
«Түркі-моңғол халықтарының ішінде
қазақтан басқа ешқайсысында сақталмаған,
фолкьлор үлгілерін өндіріп сақтаушы, әрі өндіріп
таратушы типтерінің ішінде ерекше орын алатын сал типінің пайда болу тарихы құпия
одақтардың ыдырау процесімен байланысты болса керек. Салдарды ыдырай бастаған ырыми
құпия одақтардан өрбіген актерлерменен жақындастыратын жайттар өте көп.
Ареоилер мен қазақ салдарына тән ерекшеліктерді қатар
салыстырып өткенде бұл жақындық өте айқын болып көрінеді.
...Ареоилар. Ел кезіп жүргенде ешқашан жалғыз жүрмейтін, қастарына би билеуге,
ойын көрсетуге қатысатын
фанаунауларды ертіп жүретін. Сал. Қазақ салдары да
жалғыз жүрмейтін. Әр салдың қасында
ақындар, балуандар, серілер, өлеңшілер, домбырашылар еріп
жүреді. Фанаунаулар сияқты олар да салдармен қоса өнер көрсетіп, той-думанды
қыздыратын» [3, 142-143].
Белгілі бір тарихи
оқиға, құбылысты бейнелегенде оны сол
тұстағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси
жағдаяттардан, рухани өмір санасынан бөліп алып қарау
мүмкін емес. Адамдар тобы қоғамды құрайды. Сол
қоғамда өзіндік заңдылықтар қалыптасады.
Ендеше, тарихи сипаттағы көркем шығармалардың
танымдық, тағылымдық мәні ерекше. Жарты ғасырдан
астам дәріптеліп келген коммунистік жүйе ұлт
тәуелсіздігінің, жекелеген
ұлттың жойылып кету
қаупін туғызды. Уақыт өткен сайын коммунистік
партия саясаты, шовинистік идеяның тар шеңберінде біртұтас
мемлекеттің, ұлттың болашағы үшін күрескен
қазақ қоғамындағы ірі тұлғалар есімі жалаң, жалпылама түрде
айтылып келді. Ендеше ұлт тәуелсіздігі жеке тұлғаны
қалыптастырған қоғамдағы тарихи шындықты, рухани
сабақтастықты заман
талабына сай көрсете білді.
«Көне замандардан
бері әдебиет өзінің материалын тарихтан алып, оны
көркем суретке айналдырып, өсіп, жетіліп келеді. Әдебиет
өзінің зерттеу объектісі – адамды белгілі дәуірде, тарихи
ортада алып суреттеу арқылы сол
кезеңнің шындығын да,
бейнесін де ашады. Адам тағдыры
арқылы тарихи
ой-сананың қалыптасуын
көрсетіп, оқырманға өмір танытады, оны
тәрбиелейді, адамгершілікке баулиды, тарихтың біз үшін
эстетикалық сабағы да
осында» [4, 21].
Ғалым
Р.Нұрғали ХХ
ғасырдағы қазақ
әдебиетінің қазақ қоғамындағы рухани
құндылығы, шынайлығы
тұрғысында «Саясаттан қашу, тоталитаризм
құрығынан құтылу үшін қаламгерлер
шыншыл сөз өткізудің сан алуан тәсілін тапты:
бүгінгі тақырыптардан кетіп, тарих қойнауына
сүңгіді: астарлы емеурін ой айту амалдарын меңгерді:
сөз өнерінің
табиғатына жат сарындардан безді. Көкейкесті сырларды бейнелі, суретті, ишара сырлы сөзбен айта білген үздік шығармалар халық махаббатына бөленді, ұлттың
рухани игілігіне айналды: еліміздің
тұрмыс-салтын, тарихын, мінез-құлқын өзге
жұрттарға таныстырды», -
деп пайымдау жасады [5, 8].
Заман талабы
халықтың да санасын оятты, бүгінгі уақыт еншісінде
өткенді зерделеу арқылы тарихқа, ұлттық
әдебиетімізге деген жаңа
көзқарастар пайда болды. сал-серілер тұлғасы –
ғасырлар бойы ұлт мақтанышы болатын, жаратылысында
дарынды, қазақтың өзгеге ұқсамайтын
дара болмысын жаһандану үрдісінде жарқырата көрсететін
сегіз қырлы, бір сырлы, импровизаторлық, синкретті
өнерді дәріптеуші, дарынды өнер иелері. Ұлт
әдебиеті қазақтың халықтық музыка мәдениетінде өзіндік орны
бар ХIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың
бірінші жартысында өмір сүрген
Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Үкілі Ыбырай,
Құлтума, Естай, Қанапия т.б.
Ұлттық әдебиет пен халықтық
музыка мәдениетінің
көрнекті өкілдері –
сал-серілер мұрасы мен дәстүрі ерте дәуірден осы заманға дейін
сақталған. Сал-серілер дәстүрді ұстанған,
адамзаттық құндылығы бар, танымдық,
тағылымдық мұраларға
бай жан-жақты өнер иелері – қазақ
сахарасының рухани келбеті.
Дәл нақты кезеңі белгісіз, сал-сері типі ескі дәуірден
сақталған. Тарихи-археологиялық мәліметтерге
сүйенген Е.Тұрсыновтың
зерттеуінде андронов дәуірі кезеңінде, б.з.б. ХIҮ–XIII
ғасырларда ру, тайпалардың
өз ішінде отау құрып,
даралау болған. Үлкен отаулар рудан бөлініп, аруақтарды қастерлеу, ас беру салтын
ұстанған. Бұдан шығатын қорытынды сал
және сері типінің
пайда болуы
мифологияның
жаңғыруы
нәтижесінде «даралану», яғни құпия одақтардың, тотем-ру атасының болуы төркінінде
жатса керек.
Сал-серілердің даму
эволюциясы қазақ музыкасымен, драмалық, сонымен қатар
спорт, жонглер, плоди өнерімен
тығыз байланысты. Сал-серілер импровизаторлық,
жыршылық, орындаушылықпен қатар драмалық элементтерді
ұштастырған. Мимика, жесть, яғни бет-жүзін
құбылту, бас терісін қозғалту, бір орында тұрып
бірнеше қимылды кезекпен
сәтті орындау негізінен
салдарға тән құбылыс. Адамзат баласы өмір
сүрген уақыт, өткен дәуір тарихи фактілерімен
құнды.
Хас
таланттардың өзіндік
дүниетанымы, эстетикалық
талғампаздығы, табиғи жаратылысындағы ерекше
дарындылығы – өнердің
бірнеше түрін
меңгеруде. Олардың әрқайсысы
халықтың рухани тұрмысында өнерді насихаттап қана
қойған жоқ, әлеуметтік тұрғыда ой
қозғап, қоғамдық проблемалар көтерді.
Ұлт бірлігін, жерін сақтау, өнерді қастерлеу –
ғасырдан ғасырға жеткен
сал-серілер өнернамасының
негізі болмақ.
Сал-серілік
дәстүрден, олардың өнер жолынан өткен дәуір
оқиғасын бүгінгі күн тұрғысында зерделеу,
ұлттың асыл қасиеттерін биікке көтеру –
ұрпақтың еншісі. Ғалым А.Сейдімбектің пікіріне
сүйенсек, халық өміріндегі елеулі оқиға, рухани
сабақтастық ешуақытта өз маңызын жоймайды. «Тарихта болған, жекелеген
оқиға халық өміріндегі маңызды, күрделі
басқа құбылыстармен тығыз байланыста,
сабақтастықта бейнеленеді. Халықтың өткен
өмірінде айтарлықтай үлкен маңыз-мәні жоқ
шағын оқиға ірі құбылыстармен байланысты,
сабақтастықта бейнеленіп қана қоймайды, сол байланыс
пен сабақтастықтың нәтижесінде өмір
құбылыстарына тән ең басты, мәнді белгілерді
айқындап, толықтырып, ажарын аша түсуге қызмет етеді» [6,
40].
Сал-серілер заман
ағымымен, әр алуан тағдырымен сыр шертеді, өнер
туындылары өзекті оймен гуманизм тұрғысында шынайылықты
білдіреді. «Ерте кезде өткен салдардың асқан ерекшелігі –
олардың сыртқы қияпатының өзгеше болып
көрінуі. Олардың сыртқы сипаты, киім киісі,
жүріс-тұрысы, қарапайым кісіге ұқсамайтын. Олар
жүргенде ылғи қойқаңдай басып, кербез
жүреді. Сөзі асқақ, еркін, өзінен басқа жан
бар деп ойламайды, болса да олардан иығы асып отыруына кәміл
сенеді. Салдарды қазақ халқы өте еркелетіп
өсірген. Ол өте нәуетек, кербез, бойкүйез, паң,
онымен қатар мінезі өте жайдары, ашық ер көңілді
келеді. Шоң, Торайғыр би, Дәулеткерейлер бұрынғы
ата дәстүрі бойынша салдардың кейбір асқан мінезіне
бөгет болмай, оларды еркелетіп қызық көрген...
Салдардың киім киюінің өзі бір өзгеше нәрсе. Олар
әдемі, сұлу киім киген. Өзгелер кие алмайтын қымбат
киім алу үшін өзінің мал-мүлкін аямаған. Киімді
кең, мол қылып тіктіруді әуес еткен. Ауқатты
салдардың киетін мауыты шекпен, қамқа тон, қырмызы не
жасыл шапан, олардың етегін, арқасын, жеңін тегіс кестемен
өрнектеп, әшекейлеп қойған... Ауқатты салдар елді
бір аралап шыққанда жүз метрдей жібек артып жүрген.
Жібек неғұрлым ұзын болса, ол солғұрлым
салдық атын ел арасына көп таратқан» [7, 176].
Сал-серілер
тұлғасынан олар өмір сүрген кеңістік –
қазақтың ұлы даласын, өзгеге
ұқсамайтын төлтума мәдениетті, ұлттық
болмыс тұтастығын көруге болады. Бұл ретте ғалым
Ш.Ыбыраев «Уақыт пен кеңістік ұғымдарының
дәстүрлі ұлттық сипатта, алдымен фольклорда
сақталатыны айтып, көркемдік ойлаудың тарихынан уақыт
пен кеңістік туралы ұғымдардың қалыптасу тарихын
бөліп алуға болмайтынын ескертеді» [8, 14]. Ерте дәуірден
басталған сал-серілер өмірі ХІХ ғасырда жалғасты.
Уақыт адам санасына өзгеріс, жаңалық әкеледі.
Уақыт пен кеңістік аясында өмір сүрген сал-серілер – тіршіліктің
иесі – адам. Қоғамның жаңғыруы,
уақыттың алмасуы сал-серілер өміріне әсерін тигізбей
қоймайды.
Сал-серілер қашанда
халықтың ойын-сауық өнерін жаңа көркемдік
сипатта дамыта отырып, ұлт мүддесіне, халық игілігіне
жаратты. Сұлулықты сүю, жан сұлулығын сезіну – сал-серілерге
тән қасиет. Табиғатынан ерекше, текті өнер
адамдарының сыртқы келбеті мен жан әлемінің кіршіксіз
тазалығының үйлесуі заңды құбылыс. Ел
алдында актер болып, сайқымазақ ретінде әзіл мен
қулық элементтерін жетік меңгерген сөз тапқыш,
суырып салма, яғни өнердің хас шеберлері ел аралап, биік парасаттылықты,
адамгершілік негізін, ұлт келбетін көрсете білген. «Образ сомдауда,
характер жасауда, идея айтуда жатсынудың үлкен бір
әлеуметтік-көркемдік мәселеге айналуы –
қаламгердің өзі өмір сүріп отырған
қоғамнан, адаммен рухани адами қасиеттердің
жетіспеуінен, сезінбеуінен болады», - деп жазады зертеуші М.Молдабеков [9, 26].
Адам – рухани
құбылыс. Адамның шынайы болмысына үңілу, тану
арқылы адамның ортамен, қоғаммен байланысы туындайды.
Ежелгі Грецияда ақиқат өмірге, өнерге еліктеу ретінде
көзқарастар болған, яғни өнердің
шығуын адам мен қоғам, адам мен табиғаттың
ажырамас бірлігінен іздейді.
Е.Ысмайылов әні мен
сәні келіскен сал-серілер жайлы: «Дайын театры жоқ, дайын
профессионалдық артистері жоқ қазақтың көшпелі
кезінде ақын, әншілер елдің ойын сауығының
дарқан еркесі, көңіл ашар өнерпаз бұлбұлы
болды. Сонда халық, әсіресе жастар бірыңғай
түйдектеп айтылған сөзге місе тұтпай бір мезгіл басына
құндыз бөрік, үстіне жібек шапан, кең
балақты ұзын шалбар киініп, сән-салтанатын түзеп,
шырқап ән салған әншіні тыңдауға
құштар болады. Біржан сияқты сал-серілер халықтың
осы бір көркемдік толғамын толық ескеріп поэзиямен музыканы,
әшекей, қимыл өнерлерін ұштастырып, дамыта отырып, сол
сері пішіндегі ақынның салтын қалыптастырған... Біз
сал-серілердің орта ғасырдағы Европаның сал-серілерімен
(рыцарь, трубадур) ұқсастығы да жоқ емес деген кейбір
болжамдарды еске түсіргенбіз» деп құнды пікір айтады [1, 66].
Сал-серілердің
тұтас бейнесінен жалпы ұлттың болмыс-тұтастығын
ешкімге ұқсамас даралығын, рухани дүниенің бір
кезеңнен екінші кезеңге өтуін көруге болады.
Сондай-ақ, сал-серілер тұлғасы адамзат тағдырын
бейнелейтін тарихи прозаға өзіндік үлесін қосты. Олай
болса, жеке адамдар тағдырын, ұлт бейнесін, дәуірді
бейнелейтін сал-серілер тұлғасы – шындықты айқындайтын
таланттар бейнесі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Ысмайылов Е. Ақындар. Алматы, 1956, 325 б.
2.
Мағауин М. Ғасырлар бедері: Әдеби зерттеулер. Алматы,
Жазушы, 1991, 432 б.
3.
Тұрсынов Е. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың
байырғы өкілдері. Алматы, Ғылым, 1976, 200 б.
4.
Қирабаев С. Ұлт
тәуелсіздігі
және әдебиет. Алматы,
Ғылым, 2001, 448 б.
5.
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын
ғасыры. Зерттеу. Астана, Күлтегін, 2002, 528 б.
6.
Сейдімбеков А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау.
Оқу құралы. Алматы, Санат, 1997, 464 б.
7.
Марғұлан Ә. Күйді ерттеп, әнді мінген
кемеңгерлер... Қазақтың сал, серілік
дәстүрі. //Жұлдыз, 1983, №9
8.
Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. Алматы, Университет, 1997, 300 б.
9.
Молдабеков М. Адам құпиясы және қабілеті.
//Ақиқат, 1993, №3