Қазақ тіліндегі гендерлік лексиканың
зерттелуі
Кенжебекова Гульназ
Магистрант 2 курса КазНПУ им.Абая
Қазақ тіл біліміндегі
гендерлік лингвистика өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап
дамып, өркендеп келе жатқан тың сала. Бұл бағыт әлеуметтік лингвистика (тіл мен
қоғам арақатынасын зерттейтін сала), психолингвистика (индивидтің тұлғалық
мінез-құлқы мен ұғымды қабылдау, оны санада
өңдеу қасиеттерінің тілде көрініс табуы),лингвомәдениеттану (тіл мен
мәдениеттің өзара қатынасы негізінде ұлт
мәдениетінің тілде сақталуы, тілде көрініс табуы, сол
тіл арқылы ұлтты, оның мәдениетін таныта білу
ерекшеліктер), этнолингвистика
(тілдегі ұлттық бірліктердің мазмұны мен мәнін
ұлттың тарихынан, халықтың рухани мәдениетінен,
халықтың менталитетінен, халықтың
шығармашылығынан іздеу) сияқты салалармен тоғысады.
Қазіргі кезеңдегі лингвистикалық зерттеулерде
басымдылыққа ие бола бастаған антропоцентристік бағыт адам қызметінің
тұлғалық және әлеуметтік қырларына деген
қызығушылықты арттыра түсті. Соның
нәтижесінде тілдік болмысты таныммен байланыстыра, сол тілді
тұтынушы адаммен, субъектімен сабақтастыра зерттеудің
заңды құбылыс екенін осы саладағы зерттеулер
дәлелдеп отыр.
Гендерлік зерттеулердің
басты назарға алатын мәселелері – қоғамдағы ерлер
мен әйелдерге деген қарым-қатынасты айқындайтын
мәдени және
әлеуметтік факторларды
анықтау, индивидтердің белгілі бір жынысқа жатуына байланысты
мінез-құлық ерекшеліктерін, олардың еркекке және
әйелге тән негізгі қасиеттерінің стереотиптік
сипаттарын ашу.
Қазақ
халқының сөйлеу тілі бағзы дәуірлерден, ежелгі
кезеңнен бері келе жатқан ең ұлы тілдердің бірі.
Тоныкөк пен Күлтегін ескерткішіне қашалып жазылған
жолдардан біз қазіргі тілімізге қатысты көптеген
ұқсастықтарды табамыз. Одан кейінгі орта
ғасырлардағы көне шағатай тілінің де
бүгінгі тіліміздің қалыптасуына ықпалы, әсері мол
болғаны айқын. Түркілік уақыттан сақталған
құнды жәдігерлерде көшпенді халықтың
дүниетанымын айқындап беретін жолдар да аз емес. Жалпы сөздік
қор, көркемдік қана
емес, гендерлік тұрғыдан алғанда да бұл тілдің
асыл қасиеттері бірден танылады. Себебі қазақ тілінде араб
тіліндегі, еуропаның көптеген тілдеріндегі сияқты
әлеуметтік жікке бөлінушілік мүлдем жоқ. «Бұл
ерекшелік түркілік менталитетке, тіл логикасына да тікелей ықпал
еткен. Мысалы, басқа көптеген тілдерде кездесетін “средний род,
мужской род, женский род” сияқты айырмашылық жалпы түркі
(қазақ) тілдерінде кездеспейді. Өйткені, түркілік
дүниетанымда әлем біртұтас үйлесімділікте
қабылданады. Сондықтан да жыныстық тұрғыдан
әйел-еркек деп бөлектеу құбылысы олардың дініне,
діліне, тіліне де жат нәрсе». Ер мен әйелдің сөйлеу
тілінің арасындағы айырмашылық тек нәзік, көзге
шалына бермейтін тұстарда ғана ашылады. Осыған сәйкес
тілімізде «Әйелдің аты – әйел» деген қалыптасқан
тіркес бар. Аталған тіркесті қазақ халқы бір
жақты ұғынбайды.
Біріншіден,
әйел – әлем жаратылысындағы тіршіліктің
алғашқы бастауы, өмір әкелуші, ұрпақ
жалғастырушы, дәстүрлі құндылықтарды
өндіреді, соған орай әйел– ана,әйел – әдемілік, әйел
– нәзіктік, әйел – сұлулық,
әйел – сезімталдық, әйел –
сыпайылық, әйел – әдеп, әйел – үйлесім,
әйел – жарасым... деп танимыз.
Екіншіден, әйел – төменгі әлемнің, күнәның,
опасыздық пен жамандықтың, ретсіздіктің символы.Қазақ
мәдениетінде әйелге қатысты жағымсыз
коннотациядағы ассоциациялар кездеседі. Әйелге байланысты
әсіресе ауызекі тілде көп қолданылатын шүйкебас, төмен етекті, шөпжелке,ұрғашы сияқты
кемсіту мағынасындағы сөздер бар. Әйелді «ақылы
шолақ, сөзі көп» деп еркектен кем санайтын түсінік
қазаққа да тән екені көрінеді.
Дәстүрлі
қазақ дүниетанымында тұлғалықты,
даралықты білдіретін төл категориялар бар. Осындай
ұғымға «тектілік» жатады. Тектілік ерге де, әйелге де,
байға да, кедейге де тән қасиет. Ол кез келген адамда
болмайды. Халық аңыздары мен жырларында, тарихи хикаяларда,
шежірелерде, ұлттық салт-дәстүр,
әдет-ғұрыптардан ата-бабаларымыздың ең алдымен
ана тегіне ерекше назар аударғаны жайлы деректерді жиі кездеседі.
Бұл туралы Л.Н.Гумилевтің: «...Анасының шыққан
тегіне айрықша маңыз берілген. Мәселен, Ханзада Төременді
тақтан тайдырудың себебі «шешесінің шыққан
тегінің төмендігі болады. Әрине, бұл желеу, оның
саяси жауларының айла-амалы ғана, бірақ сол
дәлелінің қызықтығына қараңызшы», –
деп жазуы тегін емес [1, 72].
Осы
үш қасиет негізінен әйелдерге тән болса, ер адамдар
негізінен қайраттылықтың, батырлықтың символы
ретінде сипатталады. Ерлерде де осындай өздеріне сәйкес мінездері
бөліп алынады.
Мәселен, ер адамдар Отан
қорғайтын, ел шетіне жау келсе, оған қарсы шығып,
жанын құрбан ететін жандар. Қазақ тарихының
өн бойында тәуелсіздік үшін жүргізілген соғыстарға толы. Осылардың
бәрінде билік айтатын, отбасын асырайтын қасиеттері оларда туабітті
қалыптасқан. Бірақ Қазақ қоғамында
әйелдің ерлермен бір сатыда тұрғанын жоққа
шығаруға болмайды. Г.Д.Гачевтің көрсетуінше,
көшпелі халық отырықшыға қарағанда
әйелдерді жоғары бағалайды. Ол: «... өзбектерде,
қазақтарда ислам дінін қабылдады. Алайда қазақ
әйелдері жүзін паранжамен жасырған емес, олар барынша
көп мәселені өздерінше шеше алатын белсенді
тұлғаға айналды» деп жазады [2, 67-69] .
Көшпелі қоғамда
әйел тек қарапайым үйдің ғана емес,
көшіп-қонатын, қайта жығылып, қайта тігілетін
шаңырақтың сақтаушысы болды. Оның дүниені қабылдауы
жалаң тіршілік кешумен ғана емес, өзіндік сана-сезіммен,
ең бастысы табиғилықпен астасып жатыр. Осымен байланысты
қазақ әйелдері ерлеріне ежелден құрметпен
қарайды, алайда ол құлдық санадағы
табынушылыққа жатпайды.
Осы мәселелерге
бағытталған лингвистикалық еңбектердің арасында
гендерлік зерттеулерге айтарлықтай мән берілуде. Ғалым
A.Чекалинаның көрсетуінше, «гендер – әлеуметтік психологиялық мағынадағы
жыныс, әйелдер мен еркектердің әлеуметтік мінез-құлқын
анықтайтын арнайы мәдени және мінез-құлықтық
сипаттардың жиынтығы. Гендер аясында әйел және еркек
жынысына қандай психологиялық қасиеттер тән,
әйелдер мен ерлерге қатысты қандай мінез-құлық
қалыпты, күдікті немесе нормадан ауытқушылық саналады,
сондай-ақ
жыныс әлеуметтік жағдайға, жеке тұлға
мәртебесіне қалай әсер етеді деген тәрізді
мәселелер қарастырылады» [3, 30-31].
Демек, гендер – тек әйел мен еркекке қатысты жалаң
ұғым ғана емес, олардың арасындағы
қарым-қатынасқа, сол қатынастардың
әлеуметтік жағынан қалай құрылғанына байланысты
ұғым. Ал гендерлік рольдер –жеке тұлғалардың
белгілі бір жынысқа жатуына байланысты қызмет, мәртебе,
құқықтары мен міндеттері жағынан ажыратылуы.
Алайда
гендер рөл және жынысқа байланысты қоғам талап
еткен рөлдер жиынтығынан ғана тұрмайды. Сонымен
қатар жыныстың мәдени құрылымының
түрлі көрінісін танытатын «гендерлік дисплей» ұғымы
ендірілген болатын. Гендерлік дисплей қоғамда әйел мен
еркекке танылған норма көрінісінің алуан түрлілігі,
олардың әлеуметтік қарым-қатынаста өзін танытатын, көп
жағдайда айқын байқалмайтын мәдени кодтар болып
табылады [3, 34].
Демек, гендер – білім,
кәсіби қызмет, билікке қол жеткізу, жыныстық
тартымдылық, отбасылық роль мен ұрпақ
жалғастырудың жеке тұлғалық мүмкіндіктерін
анықтайтын әлеуметтік мәртебе. Ал әлеуметтік
мәртебелер аталған қауымдастықтың мәдени
кеңістігі аясында өмір сүреді. Бұл гендерге гендерлік
мәдениет ұғымы мәртебе ретінде сәйкес келетінін
білдіреді [4, 16].
Қазақ тіл білімінде
антропоөзектік бағыттағы зерттеулердің арасында тіл
мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастырған
еңбектердің қарасы молайғанын атап өткен жөн.
Олардың қатарына профессор Б.Хасанұлы, Г.Мамаева,
Қ.Жанатаев, Г.Шоқым, М.Ешимовтің т.б. зерттеулерін
жатқызуға болады.
Б.Хасанұлы
қазақ тіл білімінің негізін салушы
Қ.Жұбановтың ғылыми мұраларын гендерлік
қырынан зерттеп, бірнеше ғылыми еңбек жариялады.
Жалпы қазақ тіл
білімінде гендерлік сөйлеу ерекшеліктері туралы Тұрдалиева Г.С.
«Көркем мәтіндегі гендерлік сипат: психологиялық талдау»,
Мамаева Г.Б. «Ерлер мен әйелдердің сөз қолданысындағы
ерекшеліктер», ауызекі стильдегі гендерлік ерекшеліктер хақында Демеубекова
Қ.Қ «Орысша ауызша сөйлеудің гендерлік-синтаксистік
моделі» атты зерттеу еңбектері белгілі. Ауызекі сөйлеу тілі туралы
ғалым Р.Әміровтің «Ауызекі сөйлеу тілінің
синтаксистік ерекшеліктері» атты зерттеу еңбегі жарық
көрген.
Гендерлік лингвистика саласына қатысты зерттеу жүргізіп
жүрген белгілі ғалым Б.Хасанұлы: «Гендерлік фактордың
көрінісі тілдің барлық деңгейінде зерттелуі шарт,» –
дей келіп, қазақ тіл білімінде гендерлік бағытты
қалыптастырудың жолдарын былайша атап көрсетеді:
1.
Салыстырмалы және салғастырмалы гендерлік лингвистика (мысалы,
морфология деңгейінде адамның есімі мен тегіне,
әкесінің атына белгілі бір жұрнақтың, жалпы
жұрнақ атаулының бір түрінің
қолданылу-қолданылмауы, тек (род) категориясының
қазіргі тілде, оның тарихында болу-болмау белгісі т.б)
2.
Гендерлік паралингвистика. Бұл бағыт қазақ
тіліндегі ым-ишара белгілері негізінде қалыптасуы тиіс.
Қазақы гендерлік паралингвистика тұрғысынан
жүргізілген зерттеулердің өмірдің түрлі салаларын
(өнер, көпшілік алдындағы сөз т.б.) дамытуға
септігі тиер еді.
3.
Гендерлік лексикография. Бұл бағыт қазақ тілі мен
өзге тілдердің негізінде жүзеге асуы тиіс.
4.
Гендер және тіл игеру. Бұл бағыттағы зерттеулер
тілді жоспарлау ісіне аса қажет [6].
Сонымен,
гендер әлеуметтік белгілерде; еркектік және әйелдікке
қатысты мәдени стереотиптерде; тілдік қарым-қатынаста
көрінетін әлеуметтік-мәдени құрылым болып
табылады.
Жалпылама қорытындылай
келгенде, қазақ тіл білімі саласында гендерлік зерттеу әйел
мен еркектің дәстүрлі қоғамда алатын орнына
қатысты тілдік бірліктерге, әйелдің тілдік сөйлеу
қорына, психолингвистикалық ерекшеліктеріне, олардың
гендерлік сипатының көркем әдебиеттерде кездесетіндігіне
қатысты жүргізілгендігін көреміз. Ауызекі сөйлеу
стиліндегі гендерлік белгілерді зерделеу әлі кенжелеп келе
жатқандығын аңғарамыз. Сондықтан осы
бағытта тың зерттеулер жасап, ауызекі сөйлеу тілінің
маңызын ашудың мәні зор.
Пайдаланылған
әдебеттер:
1.
Гумилев Л. Көне түріктер. – Алматы: Білім, 1994.
2.
ГачевГ.Д. Национальные образы
мира: Евразия космос кочевника, земледельца и горца. – М.; Институт ДИ-ДИК,
1999.
3.
Чекалина А. А. Гендерная психология. – М.; «Ось 89», 2006.
4.
Байғұтова А. «Қазақ әйелі»
концептісінің этномәдени сипаты.
Фил.ғыл.канд.ғыл.дәр алу үшін дайындалған
диссертация. – Алматы, 2008.
5.
Горошко Е.И. Функциональная ассиметрия мозга, языка и пола: Аналитический
обзор. – Харьков, 2003
6.
Хасанулы Б. Проблемы развития гендерных исследовании в казахском
языкознании и вопросы женского языка // Язык и культура: функционирование и
взаимодействие. Материалы международной конференции.– Шымкент, 2003.