Уразгалиева
С.Б.
аға
оқытушы, филология магистрі,
Хасенова Ж.У.
қазақ филологиясы мамандығының 3 курс
студенті
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан,
Қостанай қ.
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ
ТАТАР-БАШҚҰРТ ХАЛЫҚТАРЫ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ
ҰҚСАСТЫҚТАР
«Достық
пен ағайындық байлықтан қымбат» демекші, тарихымыздың
деректері көрсетіп отырғандай, қазақ пен татар
халықтары бір-бірімен 400 жылдан бері араласып келеді. Тығыз
қарым-қатынас арқасында біздің халықтарымыз
нағыз туыстас халықтарға айналған іспеттес. Деректерге
сүйенер болсақ, қазіргі таңда Қазақстанда
тұратын татарлардың саны едәуір өсіп, 79758
адамға жеткен екен. Соңғы өткізілген халық
санағы Қазақстанда татар халқының 327982 өкілі тұратынын
көрсетті, оның 45811- і Қостанай мен Қарағанды
облыстарын мекендейді екен. Біздің Қостанай облысына татар
халықтары ертеден-ақ қоныс тепкендіктен, өз арамызда
олар сіңісіп, кірісіп кеткені сонша, нағыз ұлтаралық
қатынас пен мызғымас достықтың орнағаны
қазіргі таңда біз үшін қалыпты жағдайға
айналып кеткендей. Бұл, әрине, қатты қуантады, себебі
біздің қонақжай қазақ халқының
өз достарын құшақ жая қарсы алатын дәстүрінің
қазіргі таңда да жойылмауының өзі үлкен бір
жетістік деп санаймын. Сонымен
қатар, дархан қазақ халқымыз ертеден бері
башқұрт халқымен де тығыз байланыста екеніне де
көзіміз жетті. Башқұрттар – бізбен туыстас, ежелгі
халықтардың бірі. Бір қызығы, олардың
әуелгі атауы – башқорт болған екен. Башқұрт тілі,
қазақ тілі сияқты түрік тілдер қатарына жатады.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы башқұрт
диаспорасы өкілдерінің саны 23225 адамға жеткен,
олардың көп бөлігі біздің Қостанай және
Қарағанды облыстарында тұрады. Осының нәтижесінде
Қазақстанда ұлттық орталықтардың
алғашқыларының бірі болып осы облыстар аймағында
татар-башқұрт ұлттық мәдени орталықтары
құрыла бастаған екен. Облыстық
татар-башқұрт мәдени орталықтарының
құрылу тарихына тоқталсақ, 1994 жылдың сәуір
айынан бастау алады. Осы мәдени қоғамдық ұйымдар
тіркелгеннен кейін көптеген ұлттық іс-шаралар
өткізіліп, өз мәртебесіне ие болған. Тағы бір
қуантарлығы, осы мәдени орталықтардың
белсенділері құрылғаннан кейін бірінші күннен бастап
Татарстан және Башқұртстанмен тікелей байланысты нығайтуға
ерекше көңіл бөлген. Бұл біздің елдеріміз
арасындағы байланысты тек тарихи жағынан ғана емес,
болашақта да одан әрі жалғасын табар деген мақсатпен
жасалған игі іс. Татар-башқұрт халықтарының
өте өнерлі екендігін осы орталықтарда көркем
өнерпаздар ұжымының пайда болуынан айқын көреміз.
Бұл ұжым, қуанышқа орай, облыстардың барлық
ұлттық және басқа да мерекелеріне белсене қатысып
жүр. Мысалға алсам, жақында белгілі ақын, Ұлы
Отан соғысының батыры, қаһарманы Мұса Жәлел
атамыздың 90-жылдығына арналған әдеби сазды кеш
өте керемет, табысты өтті. Ол кеште айтылған сазды
әндер, өлеңдер, олардың мәні мен мазмұны,
мақсаты мен мұңы қазақ халқы мен
татар-башқұрт халықтарының туыстастығын
тағы да бір рет дәлелдегендей көрінді. Ал Қостанайдағы
«Дуслык» деп аталатын татар-башқұрт ұлттық-мәдени
орталығының құрылғанына биыл 18 жыл толып отыр.
Бұл орталықтағы тілі болса түркі, діні болса ислам,
қазақпен түбі бір туыс халық өкілдері
біздің қаламыздағы, еліміздегі ұлтаралық
татулық пен тұрақтылықтың орнығуына
өте зор үлес қосып келетінін ерекше айтуға болады.
Қостанайдың татарлары өздерінің
қоғамдық жұмыстарын тоқсаныншы жылдары,
яғни еліміз егемендік алған тұста бастағанын білеміз.
Олар алдымен түрлі мерекелік іс-шараларға атсалысып, өз
халықтарының ұлттық құндылықтарын
насихаттады. Соның айғағы ретінде, 1995 жылы осы
ұлттық-мәдени орталық құрылды. Бұл
орталықтың негізгі міндеті кейінгі өскелең ұрпаққа ұлттық
салт-дәстүр, туған тілді үйрету. Әсіресе
«Сабантой» мен «Ашық сандық жанында» атты танымдық
мәдени шаралар әр жыл сайын аталып өтеді. «Ең басты
мақсат -
Қазақстандағы өзге халықтар арасында
татулық қарым-қатынасты дамыту», – дейді «Дуслык»
орталығының төрайымы Зәкия Мухсинова. Ол кісі
татар-башқұрт қауымын құрылған кезінен
басқарып келеді екен. 18 жыл ішінде «Дуслык» олардың
бәрінің басын қосқан шынайы рухани
орталыққа айналғанын айқын көреміз.
Қазақ халқы мен татар-башқұрт
халықтарының тарихы, мәдениеті мен әдебиеті де бір
арнадан аққан қайнар бұлақтай
ғасырдан-ғасырға жалғасын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа
беріліп келе жатқан асыл мұра. Тарих демекші, негізі татарлар – тарихы терең,
түркі тілдес ұлт, Ресей Федерациясы құрамындағы
Татарстан Республикасының байырғы тұрғындары. Кейбір
ғалымдар оларды бөліп: Қазан Татарлары, Қырым
Татарлары, Сібір Татарлары, ноғайбақтар деп қарастырады екен,
қалғандары оларды біртұтас ұлт санайды. Біршама
зерттеулерден кейін татарлар, қазақ халқы сияқты ислам дінінің сүннит
тармағын, аз бөлігі христиан дінінің православие
тармағын ұстанатынын байқаймыз. Татарлардың
ұлттық музыкасы өте мәнді, қазақ,
башқұрт, ноғай халықтарының музыкасымен сарындас
екені байқалады. Бір қызығы, ертеректе татар музыкасы
аспапсыз орындалатын бір дауысты ән негізінде дамыған екен.
Әнмен, бимен, өлең-тақпақ араластырып орындалатын
әзіл-сықақ әндер көбірек шырқалған, бұл
әсіресе біздің халқымыздың фольклорлық
мұрасына өте ұқсас. Музыка аспабына қурай деп
аталатын сыбызғы немесе флейта тектес үрлемелі аспап,
қазақтың шаңқобызы іспетті қобыз аспабы,
гармонь, мандолина, қазақ домбырасына ұқсас добра,
және де гусли, скрипка жатады екен. Татар фольклорында, қазақ
халық ауыз әдебиетіндегідей батырлар жыры елеулі орын алатыны
таң қалдырады. Ежелгі көне жазба әдебиеті де бар екен
[1, 23]. Туысқан татар халқының, әсіресе,
қазақ ақыны, ойшылы, ағартушысы Ұлы Абайды
өзінің Ғабдолла Тоқайыңдай ардақтап,
құрмет тұтатыны ерекше әсер етеді. Абайдың: «Татарларға қараймын. Олар жаугершілікке
де көндіккен, кедейшілікке де шыдамды қайғыны да көтере
біледі және Аллаға да бас иеді... Бұл көршіге тату,
бейбіт халық. Олар - өз еңбегімен игілікті береке жасай алатын
еңбекқор халық» - деген сөзі бар екен.
Шағын зерттеуден кейін, қазіргі таңда Абай мен
Тоқайдың тікелей шығармашылық қатынаста
болғанын растайтын дерек жоқ. Абайдан кейін тоғыз жыл
өмір сүрген Тоқайдың қолына оның 1909
жылғы жинағы түсті ме, түспеді ме - жауабы жоқ
сауалдың бірі осы. Әйтсе де, Қазақстанда, атап
айтқанда Текеде (Орал облысы) 12 жыл тұрған зерделі де
алғыр ақын Ғабдолла Тоқайдың қазақ
поэзиясымен таныстығына шүбәсіз сенеміз. Екі түрлі
аймақта, екі түрлі ортада ғұмыр кешкен осы екі
алыптың бірін-бірі көрмесе де, шығармашылық
бағытындағы үндестік, сарындастықты сезінбеу
мүмкін емес. Ол көбінесе, туындыларының нағыз
ұлттық, халықтық сипатынан, шыншыл, сырлы лебіздерінен, өз замандастарын
өнер-білімге шақыру ниетінен өрбіген өлеңдерінен
байқалады. «Жазғаным көпшілікке ұнар ма екен?
Ұнаса, ұғынатын болар ма екен?..» - деп келетін Тоқай
тармақтары [2, 54] Абайдың
бозбалаларға арналған өлең сөздерімен астасып
жатыр: «Мұны жаздым ойланып, Ойда бардан толғанып, Кірсе
ішіңе оқи бер, Бозбалалар, қолға алып...» [3, 143].
Абай мен Тоқайдың табиғат құбылыстары, өмір
мен өлім жайындағы тебіреністерінде біріне-бірі жуықтайтын,
үндесетін кестелі, мәнді тармақтары аз еместігіне көз
жеткіземіз. Абайдың татар жұртшылығы алдындағы биік
беделін мен Тоқайдың ізбасарлары айтқан пікірлерден,
баспасөз бетінде жарияланған мақалалардан айқын
аңғарамыз. Ол үшін Ғалымжан Ибрагимовтың, Шейх
зада Бабичтің, Ғұмар Башировтың, Мұхамед
Ғайнуллиннің, Сибғат Хакимнің, Хатип Усмановтың,
басқа да татар ақын-жазушыларының, ғалымдарының
лебіздеріне құлақ түру әбден жеткілікті. Тіпті,
Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының татар тіліне
аударылуының өзі татар халқы үшін ұлы
ақынымыздың тұлғасын тереңірек
ұғынуға үлкен әсерін тигізгені хақ. Башқұрт халқын айтар
болсақ, олар да татар халқы сияқты Ресейде, Челябі, Қорған, Орынбор, Пермь, Свердлов, Саратов облыстарында,
ал шағын тобы Қазақстан мен Орта Азияда тұрады. Қазақ халқының этногенезінде, яғни
ата тегінде шешуші орын
алатын түркі тайпаларының басым көпшілігі башқұрт
халқының құрамында да кездеседі екен, яғни
арғы аталарымыз бір тайпалардан таралуы әбден ықтимал. Тілі мен мәдениеті,
қоршаған ортасы татарларға жақын болғанымен,
ұлттық тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрінде
қазақ халқына ұқсастық басым екендігі
таң қалдырады. Мысалы, қайыстан, теріден жасалған
бұйымдар, ер-тұрман, үй
жиһазы, ыдыс-аяғы, киіз басу, кілем мен алаша тоқу кәсібі қазақ қолөнеріне
өте ұқсас. Ұлттық тағамдары да
қазақ халқының ұлттық тағамдарына
ұқсайды екен: айран, құрт-ірімшік, қаймақ, қымыз. Жыл сайын ислам дінінің ораза мен құрбан
айты, киелі Наурыз мейрамы,
көктемгі егіс жұмыстарынан кейін сабантой тойланады [4, 89].
Бұның барлығы біздің халықтарымыздың
орналасқан жері, аумағы әр жерде болса-дағы,
қанымыздағы туыстық, жіпсіз байланысымыз мәдениетіміздің етене
жақын болуынан-ақ айқын анықталып тұр. Осыдан
біраз уақыт бұрын Қазақстан халықтарының І
форумында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
елімізде тұратын барша халықтар өз дәстүрін,
тілін, ділін дәріптеуге толық құқылы екендігін
айтқан болатын. Елбасымыздың осы ниеті арқылы бізге,
әрқайсымызға еліміздің өнегелі тарихымызды
сақтай отырып, ортақ Отанымыз Қазақстанда татулық
пен тұрақтылық мәңгілік салтанат
құруына үлес қосуымыз қажет.
Сонымен, төзімділік пен сенім, ұлттық
дәстүрді қастерлеу, мұның бәрі - бірлігіміз
бен тірлігіміздің нығаюының кепілі. Көк туымыз желбіреген
тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатқан
халықтардың мәдениеті келешекте жалғасын тапса,
біздің халықтарымыздың қалтқысыз достығы
мен туыстығы түбі бір тайпадан тарағанымыздың
айғағы ретінде ғасырлардан ғасырларға
жалғаса береді.
Әдебиеттер тізімі
1. Татар поэзиясы антологиясы. Қазан, 1956.
2. Тоқай Ғ. Шығармалары IV том.
Қазан, 1958.
3. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті
тарихының мәселелері. Алматы, 1973.
4.
Харисов Ә. Башқұрт Халқының әдеби мұрасы. Уфа, 1965.