ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІ ТІЛІНДЕГІ ОҚШАУ СӨЗДЕР

 

Искакова Гульнара Абубакировна

Қазақстан Халықтар Достығы университеті, Казахстан

 

         Қазақ тіл білімінде «оқшау сөздер» деген терминмен қаратпа, қыстырма, одағай сөздерді атап жүрміз.

         Ертегінің мәтіні дәстүрлі желіге бөлінулі болады. Ал дәстүрлі желілер  барлық ертегілерде дерлік бұзылмай, қайталап келіп отырады. Ертегіні – автор ертегі кейіпкерінің тууынан, мұратына жетуіне дейінгі әрекетін жүйелі тізбекке (желіге) құрып айтады. Осы тізбек (желі) ертегілерде негігінен сақталып отырады. Осыдан келіп ертегілерде сюжет желісінің, тақырып тізбегінің дәстүрлі моделі жасалған. Ертегі желісіне тән осы дәстүрлі модель, стандарттылық олардың тіліне де өзінің таңбасын түсірген. Яғни ертегінің әрбір желісіне лайық өзіндік стандартты баяндау тәсілдері жасалған, тілдік тәсілдер жасалған, тілдік модельдер жасалған.

         Ертегілерде кейіпкерлерге тән диалогтың бір тобы тілдесу, жөн сұрау, жөн айту формуласы түрінде келеді, ал бұл формула ертегі кейіпкерлері жалғыз жүріп, жоқ іздеп, белгісіз мекенге аттанатындықтан, жолай бөтен кісілерге жолығатындықтан, білуге тән сұрау сөз болып келеді.

         Ертегі кейіпкері өзінің күйініш-сүйінішін, айтпақ ойының кімге арналғанын тағы басқа оқшау элементтер арқылы білдіріп отырады.

         Қазақ ертегілерінде қаратпа сөздер мен одағай сөздер сан жағынан мол екені көзге түседі. Қазақ ертегілерінде дәстүрлі қаратпалардан – адамдар, «құдай», патша, хан, алдияр, жігітім, әке, уәзірім, ағам, қарағым, шырағым, тақсыр, балам, шеше, тамырым, досым, шешеке, балдыз, қарындас, һаншазада, ханша, қатын, тазша, қарт, қызым, құда, мырза, қонақ, бәйбіше сияқтылар өте жиі қолданылады. Мысалы:

-        Әке, мынаны бақ! (Жерден шыққан Желім батыр, 72 б)

-   Қарағым, 40 күнге толмай қалыңдығыңның қасқыр кебенегін алушы болма. (Жігіт пен өнерлі қыз, 83 б)

     «Әке, әке! Туайын ба?» - деді.

     «Шырағым, туа ғой», - деді. (Р., ІІІ. Дқ, 70 б)

  Ертемен тұрып Жылан баба сұрады:

  «Тамырым, не сұрай келдің?» (ҚСЖ., 87. Р, ІІІ)

- Шеше, әне бір жалтыраған не нәрсе? – дейді. (Кедейдің үш баласы, 50б)

- Аһ, дариға, көлде ойнап жүргенде кіші сіңлім жоғалған еді, соның орамалы екен ғой. – дейді. (Бар онда, әкел мұнда, 174 б)

  Еркам Айдар келіп:

- Е, қарағым, шырағым, тар құсақты жатысқан, талас емшек бірге еміскен қарағым, саған не болды, - деді. (Еркам Айдар, 129 б)

- Е, қарағым қарындасым, сенің үшін жүдеп болдым, маған бір жақсы ас бере көр! (Еркам Айдар, 134 б)

- Шырағым, Нарынжан, ауруың қалай? (Еркам Айдар, 131 б)

         Еркам Айдар айтты:

- Е, шырағым, Нарынжан, сен өлсең, мен жалғыз қайда барамын? ... Нарынжан шырағым, ұрғашы адам кәрі құлақты болушы еді, саған не ем керек болар. (Еркам Айдар, 131 б)

Күрделі қаратпа сөздер

         Бұл адам соңынан үйіне келіп, әйеліне: «Е, катын байғұс, мен тағы да патшаның көрген түсін тауып келдім:  депті» (түс көрген патша, 246 б.).

         Таң ертең уәзірлері келіп:

-   Хан тақсыр! Кешегі айтқаныңыз даяр болды, - дейді (Кедейдің үш баласы, 50 б.).

Дудар қыз құла аттың басын құшақтап жылап отыр. «Дудар қыз, жылама! – дейді»(Р,ІІІ, 77 б).

«Балам, Төстік, - дейді, - қасыңдағы ертіп келген кім? - дейді» (Р,ІІІ.Дқ, 73 б.)

Уәзір айтты: «Тақсыр хан! Елімді жау шауып еді...» (Р,ІІІ. Қаракөз сұлу, 81 б.)

Ағасы келді, амандасып көрісті.

«Шырағым, Наранжан ауруың қалай?» - дед» (Р,ІІІ. ЕА, 13 б.)

Қыз келгенін көріп: «Е, ағам Еркем Айдар, шырағым-ай!» - деп алдынан шығып жүгіріпті (Р,ІІІ.Еркем Айдар, 136 б.)

Еркем Айдар келіп: «Е, қарағым, шырағым, тар құрсақта жатысқан, талас емшек еміскен қарғым, саған не болды, » - деді (Еркем Айдар, 129 б.)

Олар тағы да патшаға келіп былай дейді:

-         Зор мәртебелі патша ағзам, дәрежеңіздің бұдан да жоғары болғанын шын ниетпен тілейміз... (Алтын балық, 127 б.).

-         Қане, жылаған халық, осы үш ханның қайсысы алуға тиіс, - деп, ханның қонағы көпке сөз беріпті (Ханның тілсіз баласы, 96 б.).

Қазақ ертегілерінде одағайлар да модальдық қызмет атқарып, айтылған ойға ертегінің әр алуан қатынасын білдіреді.

     Ертегілерде одағайлардан әсіресе қаратпа реңк беретін ей, е, ой, әй, ау, уа тәрізді одағайларды қаратпа сөздерсіз жеке өздері де, қаратпа сөзбен қатар да келтіреді.

         Одағай сөздердің қаратпа сөздерсіз, жеке қолданылуы.

         Кешке Жұмакелді аңнан келсе, әйелі жылап отыр.

-   Е, не болды? (Кедейдің үш баласы, 49 б).

-    Е, сен мені күндеп жүр екенсің ғой, әкеме айтып дарға айырам, - деп әкесіне келіп шағым етті (Мал хуан сұлу, 69 б).

Қатынға айтты: «Е, тазшам ханнан не тілес сұрайсың?» - деді (Р,ІІІ.Ханның қызы).

-   Ей, ақымақ, ажалды өзің сұрама (Төрт  дәруіш, 154 б.)

Үшеуі бір түйешіге келді «Е, түйеші, деді, - Бір түйе сат бізге» (Р,ІІІ.Таяу,68 б.).

Ханның қызы айтты: «Е, уәзірім! Қайда бара жатырсың жаяу?» - деді (Р,ІІІ.Ханның қызы, 144б.)

Ортаншы  ұл айтты: «Е, бала, ағамды жібер» (Р,ІІІ.Ханшентей, 115 б)

-   Ей, жолбарысым, өзіңе берген мұрт пен шақпақты жаныңнан тастама (Түсін іздеген жігіт, 154 б.)

Шал келіп: «Ау, кемпір, сүйінші бер! Жерік асың табылды!» - депті (Жылан қабықты жігіт, 14 б.).

Абыз: «Уа, ұлым, қайда аттандың?» - деп сұрапты (Ат астындағы Айбарша сұлу, 236 б.).

«Е, жаным қайда барасың?» - деді (Р,ІІІ. Ханның қызы, 147 б.).

-   Ой, қарағым, мен жыламай, кім жыласын? (Кедейдің үш баласы, 51 б.

         Жанды заттардан жолбарыс, балық, ит, қарға, түлкі, торғай, бозторғай, қарлығаш, Шалқұйрық тәрізділерге қарата айтылады. Ал жансыз, әсіресе абстракт ұғымдарға қаратпа айтылу тіптен аз. Тек «дүние боқ», «дариға» деп дерексіз затты пайдаланған.

- Ей, жолбарысым, өзіңе берген мұрт пен шақпақты жаныңнан тастама. (Түсін іздеген жігіт, 154 б)

         Жігіт айтты: «Сол жерден зымырық тасты табармысың, балығым?» (Р., ІІІ. ҚсЖ., 85 б)

         «Аш көзіңді, түлкім», - дейді. (Р.,ІІІ. Та, 69 б)

         Мысық итке айтты: «Итім, сен осы арада жата тұр! Мен ауылға барып келейін. (Р., ІІІ. ҚсЖ., 83 б)

         Бала қарғаға:

- Ау, қарғалар, қарғалар, қанатымен жорғалар. Жайлаудағы бес төбетіме айта кет, мені жалмауыз кемпірден арашалап алсын, - дейді. (Алтын сақа, 13 б)

- Е, түлеке, қайдан жүрсің? (Қанатты қара қасқа ат, 94 б)

  Күнде мені күндіз бір ұстап: «А, торғайым, жеттің бе», - дейді. (Ағыбай шал, 121 б)

  Қазақ ертегілерінде –ау, -ай сияқты демеулік шылаулар қаратпа сөздерге тіркесіп келіп, қаратпа сөздердің мағыналарына қосымша күшейткіш мән (рең) жамау үшін жұмсалады. Мысалы:

- Шеше-ау, ол не? Қалай болады? - дейді келіншек. (Кедейдің үш баласы, 48 б)

- Ой, қарағым-ай, сұрап не қыласың? (Кедейдің үш баласы, 48 б)

- Әже-ау, балаң өліп қалыпты, - деді. (Кедейдің үш баласы, 49 б)

- Шеше-ау, ол маған жанының қайда тұратынын айтушы ма еді? – дейді Зәузәмір (Ұшар ханның баласы, 63 б)

- Ойбай, қарағым-ай, сіңлімнің баласы екенсің ғой – деп жылап-еңіреп, құшақтап сүйіп, аттан түсіріп алды. (Әбдірахман патша, 196 б)

         Қазақ ертегілерінде әр түрлі көңіл-күйін білдіретін қап, апырмай, япырмай, ойбай, пай-пай, хош, құдай-ау, әттең тәрізді одағайлар жиі қолданылған. Мысалы:

         Қасқыр тұрып:

- Япырмай, осы араның шөбі де, суы да тамаша, кем-кетігіңді түзеуіне, жоғыңды табуыңа, тамақтануыңа – бәріне де шипа ет, - деді. (Малхуан сұлу, 69 б)

- Апырмай, қиналмас жерден, Жәке-ай, қинадың. Болмас, берейін. (Қанатты қара қасқа ат, 94 б)

- Е, құдай-ай! – деді. Ит пен екеумізге тағы бір серікті берер». (Р., ІІІ. Қсж, 83 б)

         Жігіт бір уақытта оянды, түрегелді. «Ойбай, күн кеш болып барады екен. Мен жүрейін». (Р.,ІІІ. Дқ, 76 б)

         «Әттең, екі әйеліңді бүгін алсам», - деп тістеніп қояды. (О дүниеге барып қайтқан жігіт, 149 б)

Қазақ ертегілерінде сөйтіп, сірә, мүмкін, әрине сияқты қыстырма сөздер ғана қолданылады. Мысалы:

         Сөйтіп, жалмауыздан мәңгі құтылады. (Алтын сақа, 81 б)

- Ей, әке! Бұл жолы барлық ақшамды беріп, тамаша бір құс сатып алдым, сірә, бұл құстан құс қалдырмайтын қыран болу керек, - дейді. (Сиқырлы тас, 93 б)

         Сөйтіп, жолаушылар одан да әрі жол шегеді. (Қарақұсбай, 129 б)

         Сол қыз келсе, әрине, бұл сарайыңыз мұнан да артық гүлденер еді. (Төрт дәруіш, 156 б)

 

ƏДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.     Алтын сақа. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері. А., 1983 ж.

2.     Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі: Синтаксис. — Алматы, 1966. — 3, 5-б.

3.     Борковский В.Н. Синтаксис сказок. М., Наука, 1981 г.

4.     Виноградов В. Вопросы грамматического строя. — М., 1955. — С. 389.19

5.     Қазақ тілі: энциклопедия. — Алматы, 1998. — 236-б.

6.     Қазақ грамматикасы. — Астана, 2002.

7.     Лютин Я.Я. Киргизская хрестоматия. Ташкент, 1883 г.

8.     Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен... Спб., 1870. Ч.3.