ӘӨЖ 894.342
Н.Б.
Ақжүнісова п.ғ.м., оқытушы
Н.А. Конурова оқытушы
Л.Г.Ракишева
оқытушы
Қарағанды
мемлекеттік медициналық университеті, Қарағанды қаласы,
Қазақстан
Республикасы
C. СМАТАЕВТЫҢ «ЕЛІМ-АЙ» ТРИЛОГИЯСЫНЫҢ ТАРИХИ ТУЫНДЫЛАРЫ
Софы Сматаев - М.
Әуезовтан кейінгі ұлы толқынның рухани аманатын
көркем әдебиетте толық қалдырған қаламгерлердің
бірі. Елдік, тәуелсіздік идеясы
ең алдымен оның басты шығармасы «Елім-ай» романында жүзеге асты.
Қазақ
әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит
тектес тереңдікпен толғаған «Елім-ай» роман-трилогиясының
авторының ұлы даланың өмірі, оны қорғап
өткен тарихи тұлғалардың бейнесі мен ортасы туралы
шығарма жазуының өзі сол өзі сомдаған кейіпкерлер
жасаған ерлікпенен тең десек, қателеспес едік. Абылай заманының
сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат тартыстарын,
дәлді оқиғалар, аңыз-әңгімелерді
даланың жезтаңдай, ескі көз, құйма
құлақ адамдары кейде сол күйінде, кейде мың
құбылтып жеткізген.
Романда
қаламгердің бұрынғы шығармаларындағы
әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа
сападағы көркем ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ
тілінің адам психологиясын, әлеуметтік қайшылықтарды
ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп, жанрдың
ең жоғары талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктері ашылған.
С. Сматаевтың тұрмысы, тарихи материалдар негізінде реализм талаптарына дөп келетін тарихи
роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің
деңгейін жоғары әлемдік дәрежеге көтеріп,
қаламгерлікке тән ерлік жасады.
Трилогия
қазақ қоғамының кезіндегі әлеуметтік,
тұрмыстық ғұмырын мейлінше дәл, айқын
бейнелейді. Хандардың өмір сүрген кезеңі, батырлар,
билер өмірі түгелдей дерлік – бірімен-бірі жалғас,
үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі
қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас,
жалғас қалпында көрініс табады.
Романдағы
негізгі соқталы оқиға, бас майдан – ақтабан
шұбырынды кезі. Жазушы сол кездегі ел жайлаған ортаны бейнелеу
арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда
көшпенділер мәдениетін түгел көрсетіп беретін биік
деңгейге көтеріледі [1,56 б.]
Көшпелі
өмірдің көбесі сөгіліп, қазақ елі жоңғардың
табанына түсе жаздайды. Сондықтан қырда басталған бітімсіз
күрес, лап еткен өрт түптің түбінде ерлерді
тудырады. Жазушы негізінен өмірдің табиғи ағымын,
уақыттың ілгері жылжу құбылысын көрсетеді. Кейіпкерлердің
қазіргі өмірі мен бұрын өткені көптеген оқиғаларды
еске түсіру арқылы белгілі болады.
Роман бірінші бетінен
бастап соңғы жолына дейін сұсты өмірдің
қатал шындығына суарылған. Абылайдың, Төле,
Қазыбек билер мен Бөгенбай, Қабанбай тәрізді
батырлардың азамат, қайраткер ретіндегі жетіліп-толығуы қолбасшылық, шешендік дарынының
түйін тастап, бүршік атып, гүл шашып, жапырақ жаюымен
қатар егіз отырады. Кейіпкерлерін түрліше сынау – Сматаев поэтикасындағы
ерекше шебер қолданылатын өнімді көркемдік
тәсілдердің бірі екенін, әсіресе, Абылай характерін сомдау
принципінен көреміз.
Софы
Сматаевтің қаламынан туған хандар, батырлар, ру басылары,
билер, мансап ұстаған адамдар кескін-келбеттерімен, мінез
қалыптарымен, сөйлеген сөздерімен арғы-бергі замандардағы
небір іргелі елдердің басшыларынан патшалардан, корольдерден,
хандардан, дипломаттардан асып түспесе, кем соқпайды. Аспан,
зәулім, биіктік, шыңырау, тереңдік. Іштерінде алтын ертоқымды
арғымақ жатса да титтей сыр бермейтін беріктікке, бір ауыз
әділ сөзге тоқтайтын мәрттікті, қажет жерінде
руымен у ішетін ынтымақты қосыңыз.
Қас-қабақ, ым-жым, емеурін, жүріс-тұрыс, киім
киіс, сөз саптау, билік айту, ел басқару – мұның
бәрінде мыңжылдық көшпелі мәдениет
қалыптастырған тапжылмайтын, әбден орныққан
берік салт-дәстүр бар [2,17 б.]
Тарихи
тұлғалар бейнесін жасауда олардың өмірінің
белгілі оқиғалары кеңінен суреттеледі, әуез-сарындар,
мотивтер, идеялар пайдаланады. Бірақ жеке өлеңдерге
иллюстрация, жалаңаш еліктеу, қайта баяндап беру дегеніңіз
атымен жоқ, олардың айтқан сөздері, диалогтағы,
монологтағы лебіздер түп-түгел лексикасын, синтаксисті
ескере отырып, тыңнан жасалған. Адамдар рухының мың
сан өзара шарпысуын кең көлемді, терең
психологиялық талдау арқылы ашып берген күрделі
романдағы ең үлкен сезім ағыстарының бірі –
сан-салалы махаббаты алуан түрлі құлпырған көрік
бояуымен, сәт кезеңдегі әуез-сарынымен, бұлқына
жосыған күй-толқынымен бейнеленген. Көлденең
көк аттыға елеусіз ғана көрінетін туған
жердің тау-тасы, өзен-көлі, аймақ-даласы жазушының
шабытты қаламында қайтадан жаратылғандай болып,
құлпырып, жайнап, небір ғажап қалыпта көрінеді,
қыс, көктем, жаз, күз – бәрі бар. Нөсерлетіп
жаңбыр жауады, ат құлағын көрсетпей боран
соғады.
Көшпелі
мәдениетке тән этнографиялық, тұрмыс-салттық,
сенім-нанымдық, құқықтық,
әскери-саяси, адамгершілік-моральдық көріністердің
барлық белгілерін толық та кең, терең де дәл
қамтыған шығармада ерекше ықшамдылық, лаконизм
бар.
Іштей
өзін-өзі ғажап, екіұдай болып арпалысып, ой
ұшығына жете алмай, қате қадам басып, бармақ
шайнап, от басынан опық жеп, ортасына сыймай, шідер үзіп кетіп,
басты тауға, тасқа соғып, ұрт қимылға
барып, содан таяқ жеп, қылмысты атанып, жазықсыз жаза шегіп,
көп уақыттан кейін туған жерге оралып, саналы әрекетке
көшкен Әбілқайырдың іші-сыртын жазушы тамашалай
отырып, іш тартуын жасырмай, ашық пейілмен жарқырата
көрсетеді.
Жазушы
кейіпкер келбетін сомдау үшін авторлық баяндау, персонаждың
өткен күндерін еске түсіру, өзіндік сөздік
сипаттама, басқалардың берген бағасы, психологиялық
саралау, ой ағымы, диалог, монолог, полилог секілді көркемдік құралдарды
мейлінше еркін қолданады. Қаһарман оңаша күйде,
екеуара, топ ортасында, мәжіліс үстінде, әрекет-күрес
басында, қолма-қол шайқаста, бір қуаныш, бір
қайғыда, барлық болмысымен толық ашылып, оқырман
назарына түседі. Әрбір кейіпкердің мойнына жүктелген
көркемдік мақсат, идеялық салмақ бар. Романның
басынан аяғына дейін көрініп, характерлік даралығымен
толық ашылатын ұлы қаһармандар бір төбе болса,
жеке оқиғаларға, эпизодтарға ғана қатысатын
кейіпкерлер де бар [3, 22 б.]
Өмір
сахнасына бір буын келіп, өсіп, жетіліп, күресіп, шайқасып,
жақсылы-жаманды тіршілік кешіп, мерзімді уақыт өткен
соң, ажал тармағына ілінді. Көшті келесі ұрпақ
жалғастырады. Тағы да қуаныш, тағы да
қайғы. Тағы да талас, тағы да күрес. Сол
мәңгілік майданның әлеуметтік
психологиялық-философиялық роман беттеріне түскен
ақиқаты, шындығы оқырманды эстетикалық
ләззатқа бөлеп, сан тарау тебіреністе ойға жетелейді. Бір
қарағанда, орасан зор көлемді болып көрінетін
шығармаға жітірек назар салсаңыз, ықшамдылық,
келісім, гармония заңдылықтарына ерекше мән берілгеніне
көз жеткізесіз.
Қазақ
әдебиеті қазынасына ерекше қымбат
көркемдік-эстетикалық игілік болып қосылған «Елім-ай»
трилогиясының шығармашылық тарихында, жазушының
ұстаханалық баянында бірнеше оқшау белгілі қасиет-сапа
бар.
Мұның
үстіне жазушы көптомдық шығарма тудыруға бел
байлаған соң, өзі бейнелейтін дәуірдің басты
кісілері, басты оқиғалары туралы тарихи құжаттарды,
сол кезеңді көрген, білген адамдардың жадында
қалған ескі сөздерді арнайы теріп, жинап, екшеп пайдаланған.
Осыларға
қоса әлемдік реалистік проза үлгілері, классикалық
тарихи романдар тағылымы, қазақ қарасөзінің
өз мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылып, терең
зерттеліп, автордың эстетикалық мұраттарына бағындырылып,
батыл шешіммен, соны шеберлікпен қаламгерлікпен нақты тәжірибеде
ғажайып жемістерін берді. Сөйтіп, Софы Сматаев жауынгер адам мен
халық тағдырын тұтас бірлікке көрсететін зор реалистік
шығарма жазудың жаңа көркемдік мектебін ашты [4,33б.]
Жазушының
бас шығармасында бейнеленген негізгі тартыс-әділет пен
зорлық, тұтастық пен алауыздық майданында
түптің түбінде жарқын өмірдің, нұр
сәуленің, береке-бірліктің жеңетінін
мадақтаған, өзі құлай сүйіп, сол
жолға барлық қайрат-жігерін, өр талантын, сапалы
ғұмырын арнаған – қазақ халқының
өрісті келешегі мәңгілік деген асқақ арманды
үміттің оты маздап жанып тұр. Міне, осының бәрі –
қазіргі жастар үшін өте қажетті қасиет, табылмас
байлық қой.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қабдолов
З. «Арна». Алматы-1986
2. Сматаев С.
Елім-ай. Трилогия. 1-ші, 2-ші, 3-ші кітаптар.Алматы: Ел шежіре, 2008.
3. Бекниязов Т. Тарихи шындық. //Әдебиеттану
терминдер сөздігі. – Алматы: «Ана тілі», 1998.
4. Ысмақова А. Тарихилық. //Әдебиеттну
терминдер сөздігі. – Алматы: «Ана тілі», 1998.