Право /1.История государства и права.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М., ЗҚТ-015  тобының студенті Батанов Б

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Латын әліпбиіне көшетін уақыт келді

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы Ас­самблеясының ХІІ сессиясында сөй­леген сөзінде, «Латын әліп­биін қарайтын кез келді. Бұл мә­селені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліп­биі бүгін де телекоммуникация­лық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы кеңес­тік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс. Біздің балаларымызды ағыл­шын тілінде оқытудың өзі латын әліпбиімен байланысты. Ал, біз қа­зір барлық мектептерде ағылшын ті­лін оқытамыз. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ», - деген болатын. Араға біршама уақыт салып, бұл мәселе Елбасымыздың биылғы халыққа Жолдауында да қайта көтерілді. Яғни, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады»,- деген болатын [1.1]

Президенттің бұл бастамасы өте дұрыс деп ойлаймыз. Бүгінде мемлекетімізде латын әліпбиіне көшуге қажетті барлық алғы шарттар жасалған деп санауға болады. Өйткені, елімізде бір әліпбиден екінші әліпбиге көшудің бір емес, екі бірдей тәжірибесі бар. Мысалы, 1926 жылы Қазақстанда араб графикасынан латын әліпбиіне көшу 20 күннің ішінде жүзеге асырылды. Ал латын әліпбиінен бүгінгі кириллицаға көшу 1937 жылы басталып, ол 1940 жылы толық аяқталған болатын.

Елбасы латын әліпбиіне көшу мәселесіне өзі қолдау білдіріп отырғанда, ендігі арада бұл мәселені соза бермей жан-жақты сараптамадан өткізу қажет. Байтұрсынов атындағы тіл институты латын әліпбиіне көшудің жобасын әзірлеп те қойған. Бұл институт мамандары ең әуелі өз еліміздің тарихындағы әліпби реформасының сонымен қатар, өз тәуелсіздіктерін алғаннан кейін кириллицадан латынға көшкен Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және басқа да елдердің тәжірибелерін зерттеп және де осы реформаның бұлардағы оң тұстары мен жіберілген кемшіліктерінің бәрін де зерделеп, жинақтап отыр. Көрнекті қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және ғалымдар латын әліпбиіне көшуді қолдап қана қоймай, олар мұны әлемдік өркениет жетістіктеріне алып баратын бірден-бір төте жол деп есептейді.

Бұл реформаның саяси салмағы да бар. Яғни латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түрік әлемімен жақындасуы одан әрі арта түседі. Еліміздің мемлекеттік мәртебесіне зор ықпал етеді. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдете түсер еді. Латын қаріптері кеңінен таралғандықтан біз де оған өтсек  шетелдегі қандастарымыз қолына түскендермен толық оқып таныса алады. Бұл әліпби біздің компьютер тіліне көшуімізге толық мүмкіндік береді. Латын әліпбиіне көшудің алғашқы кезеңінде оған едәуір қаржы жұмсалғанымен, кейін ол өзін-өзі ақтайтын болады. Үнем жасау жағынан экономикалық тиімділігін де әкеледі. Ақпарат және телекоммуникациялық саладағы қолжетімділік арта түседі. Бұл арада ең бастысы латын әліпбиі дегеніміз, ағылшын әліпбиінің негізі екендігін ескергеніміз абзал. Ал, ағылшын тілі болса, ол ең ірі халықаралық тіл болып саналады. Сондықтан да келесі оқу жылынан еліміздің барлық орта мектептерінің 1-ші сыныптарынан бастап, ағылшын тілі міндетті түрде оқытыла бастайды [2.1]

Латын әріпі әсіресе, сауда мен экономика саласында жұмыс істейтін қызметкерлерге жақын мәселе. Себебі, шетелден келетін күнделікті тұтыну тауарларынан бастап азық-түлік өнімдеріне дейін, соның ішінде бренд өнімдерінің барлығы дерлік атауы латын графикасымен жазылған. Біз күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде сағат сайын, сәт сайын осы мәселемен ұшырасамыз. Мысалы, Mersedes, Toyota, Land Cruzier деген атаулардың барлығын айна-қатесіз оқып, қиналмастан оның қандай маркалы автокөлік екендігін жазбай танимыз. Сонымен қатар, тұрмыстық техника құралдарын алатын болсақ LG, Samsung, Panasonic, Sony тағы басқаларының барлығының аты латын графикасымен жазылған. Бұл - әлемдік стандарт атаулыларының барлығына латын графикасы тән екендігін, атаулардың барлығы латын әрібінде жасалғандығын көрсетеді. Күнделікті өмірімізді латын жазуынсыз елестету мүмкін емес. Кеңсе техникаларын, оның ішіне орнатылған компьютерлік бағдарламаларды алайық, барлығы латын графикасында жазылғандығын байқау еш қиын емес. Мұны бір деп қояйық. Екіншіден, латын  графикасында әріп-таңбалар саны әлдеқайда аз, 26-мен шектеледі. Ал, қазір қазақ тілінде 42 әріп бар екендігін сіздер жақсы білесіздер. Қазақтың баласы 42 әріпті оқып жаттап үйренгенше, ағылшын немесе Еуропа жұртының балалары әріппен әріптің басын қосып дыбыс шығарып, дыбыстан буын құрап сөз жасап жатқандығына жер жүзі куә.  Үшіншіден, аталған шара латын графикасына  көшу емес, қайта оралу. Латын графикасы біздің тарихымызда болған. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары халқымыз осы жазу жүйесін пайдаланған.  Біздің талай мәдени мұраларымыз осы латын графикасында жасалған және жазылған. Сондықтан көшу емес қайта оралу, тарихымызбен қайта табысу деп түсіну қажет [3.1]

Кез келген жағдайды екі жақты қарастырған жөн. Ел үшін, ұлт үшін маңызды мәселе болғандықтан халық санасында бір жақты пікір қалыптастырмау керек. Ең алдымен, латын қарпіне көшуді латын тіліне көшумен шатастырмаған дұрыс. Алайда, оның жазу жүйесі бүгінгі заманға ыңғайлы болып тұр. Жаһандану деп жар салған ХХІ ғасыр технологияның дамыған заманы. Дамыған елдердің көшінен қалмау үшін мемлекетіміз ақпараттық технологияны толық меңгеру қажет. Ал қазіргі технология тілі латын қарпіне негізделген. Демек, латын әліпбиі біз үшін қажет.

Қазіргі таңда бүкіл түркі жұртшылығы біртіндеп латын әліпбиіне көше бастады. Демек, бұған сұраныс бар деген сөз. Ал қазақ тілінің өзімізде мемлекеттік тіл ретінде әлі мойындалмай отырғандығының бір себебі – терминологиялық базасының әлсіздігі. Бұған қоса, бүгінгі қазақтардың басым бөлігі қазақ тіліне ғана тән кейбір әріптердің өзін дұрыс айта алмайды әрі оқи алмайды. Латыншада мұндай психологиялық кедергілер болмайды. Техника жағынан келетін болса, әсіресе, интернет жүйесіндегі қазақ тілінің қолданыс аясы өте тар. Осы тұрғыдан алғанда, ақпараттық технология саласында біз көп мемлекеттерден артта қалып келеміз. Сондықтан да латын әліпбиінің мүмкіндігі мол екенін мойындауымыз керек [4.1]

            Қазақ жазуын латын графикасына көшіруге билік шешім қабылдады. Енді соған мына біз өзіміз дайын болуымыз керек. Қашаннан да қабілеті жоғары, жаңалыққа жаны құштар қазақ халқы мұны тез игеріп кетеді деген сенім мол. Солай  дегенмен кезінде көрерміз деп жүріп алмай, біз өзімізді өзіміз бүгіннен әзірлеп барғанымыз жөн болар. Кезінде латын қарпімен сауатын ашқан көнекөз қариялардың сауаты  бар. Олар бұған қиналмас. Мектептерде шет тілін оқығандардың негізгі дені осы графикамен білім алған. Олар да  жатырқамай, тез-ақ іліп әкетер. Ал, бұл қаріптермен таныс емес топтың қазірден бастап оған көңіл бөле бастағаны артық болмас еді. Қай кезде де қолға алған іске өзіміз ынталы болғанда ғана нәтижелі болары сөзсіз. Сонымен қатар, бұл бір науқандық, немесе бірер жылдың ісі емес. Қолға алынғаннан кейін де біраз жылдар латын әліпбиімен кириллица қатар қолданыста болады. Асығыс емес, біртіндеп, жүйелі түрде жүргізілетін болғандықтан аса қиындығы бола қоймас. Дегенмен келешек латын қарпінің еншісінде екенін қаперіңізге ала жүргеніңіз жөн болар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.      www.serke.org/news/latyn-elіpbiі-bіlіm-–-elemdіk-terbie-–-ulttyk

2.      www.zamandas.com › 

3.      http://mtdi.kz/til-bilimi/dybys-juiesi/411-latyn-grafikasy

4.      alashainasy.kz/qwestions/19434/