“Право”/8.Конституционное право

 

Магистрант- Шопанов С.

Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университеті

Төтенше жағдайлар жөніндегі органдар қызметінің конституциялық – құқықтық негіздері

 

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін барлық қоғамдық саяси  маңызы бар мәселелерді, өз алдына жеке шешуге қол жеткізген болатын. Соның бір көрінісі - Қазақстанның өз тәуелсіздігін баянды етуі үшін ішкі және сыртқы саясатының бағыттарын айқындап, оны өз алдына дербес жүргізе алуы болатын. Бұл еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан: 2030” бағдарламасында былай деп түйінделген: “Адамзат дамуының бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекеттің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың бастауында оның қауіпсіздігі мен мемлекеттілігінің сақталуы тұрғанына куә. Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет. Біздің ұрпақ еңсере алмай, өздеріне қалдырған ауыртпалықтар, қиыншылықтар мен проблемалар үшін болашақ ұрпақ кешірер. Егер біз өз мемлекетімізден айрылып, егемендігіміздің стратегиялық негіздерін, өз жерлеріміз бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ. Әрине, болашақты бағамдаудың мұндай қисыны кез-келген ішкі және сыртқы жағдайларда ұзақ мерзімді кезеңге арналған. Қазақстан саясатының стратегиялық бағыты үшін уақыты жағынан үздіксіз болуы керек. Бұл Қазақстанның 2030 жылға дейінгі дамуының бірінші стратегиялық басымдығы болуға тиіс” [1, 15 б].

Мемлекет қызметіндегі аса маңызды шаралардың қатарына төтенше жағдайлардың тәртібін, оны енгізудің жолдарын және төтенше жағдайларда туындаған салдарды жоюдың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыруды жатқызуға болады. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар мәселесіне байланысты және оны реттеуге арналған кең көлемдегі нормативтік құқықтық актілер жүйесі де қалыптасып үлгерді.

Еліміздегі төтенше жағдай мәселесіне қатысты нормативтік актілердің ішінде 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының алатын орны ерекше болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясында төтенше жағдайлардың талаптары көрініс тапқан. Нақты айтқанда Конституцияның 44-ші бабының 16-шы тармақшасында Қазақстан Республикасының Президенті “Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төнгенде, мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған жағдайда, Премьер-Министрмен және Республика Парламенті палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялар алысқанан кейін бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді, Республиканың Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететін шараларды қолданады” [2, 18 б]. Қазақстан Республикасы Конституциясының төтенше жағдайлар мәселесіндегі маңызы Конституцияның төтенше жағдайлардың негізін белгілеп, басқа осы мәселені реттейтін арнайы заңдарға мұрындық болатындығында.

Қазақстан Республикасының Конституциясы сонымен бірге, төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік органдардың құрылуының және олардың қызмет етуінің принциптерін де бекітеді. Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік органдар өздерінің қызметтерінде осы конституция талаптарын сақтап орындап отыруы қажет. Конституция талаптары еліміздегі барлық мемлекеттік органдардың, оның ішінде төтенше жағдайлар саласындағы органдардың қызметінің нормативтік-құқықтық бастауы, әрі негізі болып табылады.

Республикадағы төтенше жағдайлар мәселесін реттейтін  негізгі заңдық құжат “Төтенше жағдайлар туралы” 2003 8-ші ақпандағы  Қазақстан Республикасының заңы болып табылады. Бұл заң республика аумағында төтенше жағдайларды енгізудің және оның күшін жоюдың шарттары мен негіздерін, тәртібін белгілейді. Сонымен қатар, бұл заңда төтенше жағдайлар кезіндегі арнайы мемлекеттік басқару органдарының құқықтары мен міндеттері, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар кезінде қолданатын шаралар мен уақытша шектеулер, төтенше жағдай кезіндегі жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың құқықтық кепілдіктері мен жауапкершіліктері белгіленген. “Төтенше жағдайлар туралы” заң 25 баптан 6 тараудан тұрады. Аталған заңда төтенше жағдай мәселесіне қатысты мынандай негізгі ұғымдарға: төтенше жағдай, коменданттық сағат, жергілікті жердің коменданты,  комендатура, төтенше жағдай енгізілетін жерлердің шекаралары т.б. [3, 44 б.] түсініктеме берілген. Заңның негізгі мақсаты төтенше жағдайлардың құқықтық режимінің негіздерін белгілеу болып табылады.

Жоғарыдағы төтенше жағдайлар жөніндегі заңнамаға берілген сипаттамаға қарайтын болсақ, еліміздегі төтенше жағдайлар саласында кең көлемдегі заңдардың легі қалыптасуда, бұл бізден болашақта осы саладағы заңдарды бір жүйеге келтіруді, тәртіптеуді талап ететіндігі сөзсіз. Сондықтан да, осы саладағы заңдардың қолданылуының тиімділігін арттыру үшін оларды жүйелеу қажет.

Қазақстан Республикасы техногендік сейсмологиялық тұрғыдан алғанда өте қауіпті аумақтардың біріне жатады. Сол себепті де төтенше жағдайлар мәселесіне қатысты шаралар деңгейінің жоғары ұйымдастырылуы және әрқашанда сақадай сай тұруы қажет. Аталған жағдайлардан шығатын қорытынды біздің осы бағыттағы заңнамамыздың алдын-алу, оны болдырмау және оның салдарын дер кезінде жою осы заңдарға тікелей байланысты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Қазақстан -2030. –Алматы: ЮРИСТ, 2003. – 131 б.

2.     Қазақстан Республикасының Конституциясы. - Алматы: Қазақстан, 2012. – 90 б.

3.     “Төтенше жағдай туралы” Қазақстан Республикасының заңы. 8 ақпан 2003 ж. №387 // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z030000387_