“Право”/8.Конституционное право
Магистрант- Сахарбаев А.А.
Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университеті
Қазақстанда өмір сүру
құқығының мазмұны және кейбір
мәселелері
Отандық
заң әдебиеттерінде, әр адамның өміріне
жасаған қаскөйліктен қорғауға кепілдік беру
міндетін мемлекет өз мойнына алуы тиіс екендігі туралы жие айтылып келе
жатыр [1, 178 б.]. Мемлекеттің осы міндеті тиісті
құқықтық механизмдер арқылы жүзеге
асырылады. Бірақ, адамның өмір сүру
құқығын жүзеге асыру механизмдерін талдау алдында
әдістемелік сипаты бар мәселелерге көңіл бөлуіміз
қажет. Олардың ішінде «өмір» және «өмір
сүру құқығы» ұғымдарын, олардың
арақатынасын анықтаған жөн. Осы мәселелерге
қатысты салаларды зерттеген ғалымдар «өмір»
ұғымының әртүрлі ғылым шеңберінде
қолданылатынын айтады. Мысалы, заң ғылымына келетін
болсақ оның әртүрлі салаларында осы
түсініктің пайдаланылатынын көруге болады.
Қылмыстық құқық ғылымында
«өмір» ұғымы ең маңызды
құқықтық қорғау объектілерінің
бірі болып есептеледі. Әлеуметтік қамсыздандыру және
еңбек құқығы ғылымында адам өмірін
сақтандыру мәселесіне көп көңіл бөлінеді.
Сол сияқты «өмір» ұғымы конституциялық,
халықаралық және өзге де құқық
салаларында ерекше талданатын мәселелерді бірі.
Заң
саласымен қатар «өмір» ұғымы биология, медицина,
әлеуметтану және т.с.с. ғылымдарымен зерттеледі. Әрбір
сала өкілдері «өмір» ұғымына өз анықтамасын
береді, бірақ олардың әлі де болса бір ортақ
ұғымға келе қоймағаны да белгілі. Мәселен,
ресейлік заңгер-зерттеуші А.Н. Головистикова осы проблемаға
көңіл бөле отырып «әртүрлі ғылымдардың
өкілдері өмір ұғымына толық сипаттама бере алмай
отыр, өйткені олардың көзқарастарында бірлік
жоқ», - дейді [2, 13-14 бб.]. Осы орайда бұл ғалым
«өмір» ұғымына ең бірінші болып анықтама берген
Ф. Энгельстің сөздерін келтіреді: өмір дегеніміз «белок
түйіршіктерінің тіршілік ету тәсілі және осы тіршілік
ету тәсілінің мәні олардың химиялық
құрамдас бөліктерінің қоректену және
бөліну арқылы үнемі жаңарып отырғаны арқылы
көрініс табады». Бірақ А.Н. Головистикова осы
анықтаманың толық еместігін көрсететін тағы бір
сөздеріне де құлақ түрген, яғни:
«Өмір ұғымына анықтама беретін біздің
дефинициямыз жеткіліксіз, өйткені ол өмірдің барлық
құбылыстарын қамтудан алыс, тіпті керісінше олардың
арасындағы ең қарапайым да жалпы болып келетіндермен
ғана шектеледі... Өмір туралы шынайы толық
көзқарас қалыптастыру үшін оның ең
төменгісінен бастап, ең жоғарысына дейін көрініс
табатын барлық формаларын зерттеуіміз керек болар еді...» [2, 13-14 бб.].
Философиялық
тұрғыдан өмірге мынадай да сипаттама беріледі:
-
біріншіден, өмір дегеніміз
тұрақты және үзіліссіз жүріп отыратын процес,
яғни ол ерекше заңдарға сүйене отырып пайда болады,
дамиды, ескіреді және жойылады. Барлық процестер өзара
байланыста жүреді және олардың бірде біреуі дербес
түрде жүрмейді. Мұндай күрделі байланыс бұл
процесті іштей өзін-өзі реттейтін процеске айналдырады – кез-келген
тірі жүйе өзін-өзі реттейді, көбейтеді, жаңартады
және осылар арқылы өзін өзі сақтайды;
-
екіншіден, өмір дегеніміз тірі
жүйелер дамуының ең жоғары сатысы. Адамның даму
кезеңі кезінде үзіліссіз жоғары психикалық функциялары
қалыптасып отырған (мысалы, санасы, ойлау қабілеті). Адам
табиғаты бірте-бірте «адами» сипатқа ие бола бастаған сайын,
тірі жүйенің барлық элементтері адамдық
қаситеттерге қол жеткізіп адам өмірінің өзі
әлеуметтік жағынан интеграциялана бастаған. Адамның
әлеуметтік табиғаты (еңбек, сана, ойлау және
сөйлеу қабілеті және т.с.с. адамның айрықша
белгілері) эволюция барысында биологиялық өмірді тірлік етуге
неғұрлым қабілетті етіп, оған жаңа сапа берді;
- үшіншіден,
өмір дегеніміз ашық өтіп жатқан процес, яғни
ықпалды, өзгертетін сипаты бар қоршаған ортамен
өзара байланысты процес. Өмір қоршаған табиғи
және әлеуметтік ортадан тыс өте алмайды [2, 15-16 б.].
Осындай
сипаттарға сүйене отырып орыс ғалымы Л.Н.Линик адам
өмірін «ең жоғары күрделілікке ие көп
деңгейлі тірі жүйе негізінде жүріп отыратын өзін
өзі реттейтін, әлеуметтік жағынан интеграцияланған,
қоршаған ортамен өзара байланысты процес» ретінде
анықтайды [3, 33 б.].
Материалистік
тұрғыдан «өмір» адамның не басқа да тірі
организмінің биологиялық тіршілік етуімен түсіндіріледі.
Әрине жануар мен адам баласының өмір сүруі арасында
айырмашылық бар, өйткені адам тек биологиялық тіршілікпен
ғана шектелмейді.
Осындай
ойларды ескерсе керек, ғалымдар адам өмірін екіге бөліп
қарайды. Мысалы, белорус зерттеушісі С.М. Сивец адам өмірін
биологиялық және әлеуметтік деп бөліп
қарастырады: «биологиялық өмір» ‑ даму барысында
белгілі бір жағдайларда пайда болып отыру заңдылығы бар адам
материясының ең жоғары тіршілік ету формасы.
Биологиялық өмірдің міндетті белгілері ретінде зат алмасу,
көбею, өсу, өз құрамы мен функцияларын белсенді
реттеу, қозғалудың әртүрлі формаларына,
ортаға бейімделу қабілеті табылады. «Әлеуметтік өмір» ‑
әртүрлі қоғамдық
қарым-қатынастарға қатысу арқылы көрініс
табатын адамның биологиялық өмірін жүзеге асыру формасы
болып табылады. Әлеуметтік өмірдің міндетті серіктері –
басқа адамдармен, сондай-ақ қоғаммен және мемлекетпен
қарым-қатынастар негізінде пайда болатын көптеген
құқықтар мен міндеттер [4].
Демек,
адам өмірінің биологиялық та, әлеуметтік те
өлшемі бар десек дұрыс болады және осы екі өлшем адам
бойында бірдей орын алады, тең дәрежеге ие бола отырып
қатарласып жүреді.
Жалпы
алғанда халықаралық-құқықтық
актілер мен конституциялардағы өмір сүру
құқығының нормативтік бекітілуі бұл
құқықты қысқаша белгілеу (кейде кейбір
ерекше жағдайларды ескеру арқылы) арқылы көрініс табады
және мұндай белгілеу мақсаты – ең алдымен өлім
жазасын болдырмауға бағытталған, - деп қорытындылайды
Т.М. Фомиченко [5, 18 б.].
Жоғарыда
айтылғандарды қорытындылай келе, адамның өмір
сүру құқығы оның басқа
құқықтарының бастамасы әрі соңы деуге
болады. Бастамасы дегеніміз адам баласы өмірге келгеннен кейін ғана
оның құқықтары мен бостандықтары пайда
болады және осы құқықтардың ішінде ең
біріншісі, бастысы өмір сүру құқығы. Өмір сүру
құқығы адам құқықтарының
соңы дегеніміз адамның өмірі тоқтап, өмір
сүру құқығы аяқталғаннан кейін
оның барлық басқа құқықтары да
тоқтайды.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Мемлекет және құқық
негіздері: Оқулық /Құраст. Е.Баянов. – Алматы: Жеті
Жарғы, 2001. – 624 б.
2. Головистикова
А.Н. Конституционно-правовая охрана жизни в Российской Федерации: Дисс… канд.
юрид. наук: 12.00.02. - М., 2004. – 214 с.
3. Линик Л.Н. Конституционное право граждан Российской
Федерации на жизнь: Дисс... канд.юрид.наук: 12.00.02. – М.,
1993. – 195 с.
4. Сивец С.М.
Конституционные основы права человека на жизнь: теория и
практика: Автореф. дисс… канд.
юрид. наук: 12.00.02. - Минск, 1999. - 27 с.
5. Фомиченко Т.М. Конституционно-правовые проблемы обеспечения в Российской Федерации
права на жизнь в свете правовых стандартов Совета Европы: Дисс...
канд.юрид.наук: 12.00.02. – М., 2004. – 222 с.