Уанбаев Е.К. п.ғ.к., Уанбаева Ф.Ж.
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ,
Қазақстан
Д. Серікбаев атындағы ШҚТМУ,
Қазақстан
КЕҢЕС
КЕЗЕҢІНДЕГІ АУЫЛ ЕРІКТІ СПОРТ ҚОҒАМДАРЫНЫҢ СПОРТ
ЖҮЙЕСІНДЕГІ ОРНЫ
Социалистік құрылым кезіндегі ауыл
шаруашылығының дамуы, ауыл адамдарының тұрмыс
жағдайларының, мәдениеттерінің жоғарылауы,
олардың дене мәдениеті және спорт саласындағы
талаптарын қанағаттандыратын қоғамдық спорт
ұйымын құру мәселесін тудырды.
40-шы жылдары, ең
алғашқы болып осы мәселені қозғап, «Колхозная
нива» атты ауылдық жерлердің ерікті спорт қоғамын
құрған Украина Республикасының Винницк облысы болатын.
1950 ж. осы бастаманы қолдаған Украина Үкіметі мен
Коммунистік партия республикалық ауыл ерікті спорт қоғамын
құру туралы шешім қабылдады. Ауыл ерікті спорт қоғамы
«Колосник» деп аталды.
Украина Республикасының бастамасын қолдап
басқа Одақтық Республикалар да ауыл ерікті спорт
қоғамдарын (ЕСҚ) құра бастады. 1962-1970 жж.
Ресей ФКСР-ы, Белорусь КСР-ы «Урожай», Азербайжан КСР-ы «Мехсул»,
Қазақ КСР-ы «Қайрат», Латвия КСР-ы «Варпа», Литва КСР-ы
«Нямунас», Тәжік КСР-ы «Хосолит», Түркмен КСР-ы «Колхозшы» атты
кәсіподақ-кооперативтік ауыл спорты қоғамдарын
құрды [1].
Орталық партия Пленумының 1968 ж. қазан
айындағы «ауылдық жерлердегі спорт және
бұқаралық спортты дамыту туралы» шешіміне сәйкес,
Кеңес Одағының Министрлер Кеңесінің
жанындағы дене мәдениеті және спорт комитетінің
коллегиясы бұл ауылдық жерлердегі дене мәдениеті
қозғалысын қолдап, Одақтық кәсіподақ
жүйесіне кіргізуге қарар қабылдады.
Коммунистік партияның XXIII съезінің «колхоз,
совхоздарда, ауылдық жерлерде стадиондар, спорттық базалар
және басқа спорттық құрылыстарды көбейту
шаралары» туралы шешіміне байланысты ауылдық жерлерде салынған
клубтар спортзалмен, жанында спорт алаңдарымен бірге
тұрғызыла бастады. Ауылдық жерлердегі дене мәдениеті
мекемелеріне спорт және көпшілік спорт жұмыстарын жандандыру,
қоғамдық спорт нұсқаушыларын дайындау, ауыл
жастары айналысуға ыңғайлы спорт түрлерінен
жаттықтырулар ұйымдастыру, мәдени және
халыққа білім беру мекемелерімен бірігіп колхоз, совхоздарда, аудан
орталықтарында тұрақты жарыстар өткізіп тұру
талаптары қойылды.
ІІІ Бүкілодақтық колхозшылардың
съезінде үлгі ретінде қабылданған колхоз жарғысында:
«Колхоз, шаруалардың мәдени-тұрмыстық жағдайларын
тұрақты жақсарту шараларын жасап тұрады.
Колхозшылардың, отбасы мүшелерінің денсаулықтарын
нығайтуға, дене тәрбиесі және спортпен айналысуға
жағдай жасайды. Ол үшін колхоз клуб, кітапхана, спорттық
құрылыстар салады, құрал-жабдықтар алады, дене
мәдениеті және спортты дамытады», – деп көрсетілген [2].
Сол кездерде
құрылған ауыл ерікті спорт қоғамдары өз
жұмыстарын жалпы жиналыста, конференцияда қабылданған
жарғы бойынша орындады. Жарғыда әр Республиканың
ерекшеліктері, әдет-ғұрыптары, дене мәдениеті
және спорт жұмыстарының жағдайы ескерілді. Ауыл ерікті
спорт қоғамдарының негізгі міндеттері: өз
құрамына, мүшелігіне көп адамдар тарту,
тұрақты дене тәрбиесі және спорт жаттықтыруларын
жүргізу, денсаулықтары мықты, жан-жақты жетілген,
еңбек етуге, Отанды қорғауға дайын адамдарды тәрбиелеу,
ауылдық жерлерден мықты спортшылар шығару, жарыстар,
спартакиадалар, мейрамдар, эстафеталар, үгіт-насихат, сауықтыру
дене тәрбиесі, көпшілік спорт шараларын өткізу, спорт
мамандарын, нұсқаушыларын дайындау, олардың кәсіптік
шеберліктерін жоғарылататын курстар, семинарлар өткізу болды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелерімен бірігіп,
жаттықтырулар жасаушы, жарысқа қатысушы спортшыларға
тұрақты дәрігерлік бақылау жасау, спорт
құрылыстарын салу, құрал-жабдықтармен
қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізді.
Ауыл ерікті спорт қоғамы (АЕСҚ)
мүшелігінің жеке және ұжымдық деген екі
түрі болды. Жеке мүшелер құрамына: 14 жасқа
толған колхоз, совхоз жастары, шаруалары, жұмысшылары,
қызметкерлері, «Сельхозтехника», «Колхозқұрылыс»
мекемелерінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің
өнеркәсіптері мен мекемелерінің жұмысшылары,
қызметкерлері, ауыл зиялылары мен олардың отбасы мүшелері
қабылданды. Мүшелік жарна – жылына 30 тиын деп белгіленді (Ол
кездегі 1 сом мөлшері 0,97 Американ долларына сай келетін. Сонда
қазіргі теңгемен салыстырсақ, 30 тиын мөлшері 40
теңгеге сай келеді екен).
АЕСҚ-ның заңды мүшесі:
ауылдық жерде орналасқан колхоз, совхоздар, тұтынушы
кооперацияның, «Сельхозтехника», «Колхозқұрылыс»,
құрылыс және басқа Ауыл шаруашылық Министрлігінің
мекемелері болды.
Ұжымдық мүшелердің негізгі
міндеттері – ауылдық жерлердегі дене мәдениеті және
спорттың дамуына қаржылық көмектер көрсету. Ол
көмектер: жарыс кезінде сыйлықтар тағайындау, өз
ұжымының белсенді спортшыларын марапаттау, ұжымдық
мүшелік жарна төлеу, спорт құрылыстарын салу,
құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. АЕСҚ негізі
ауылдық жерлердегі колхоз, совхоз, өнеркәсіптердің,
мекемелердің – дене мәдениеті ұжымы. Ұжым дене
тәрбиесі және спортпен айналысқысы келген 20-дан артық
адамнан құрылды. Ұжымның жоғарғы
басқару органы – жиналыс. Жиналыс жарғыда көрсетілген
уақыт бойынша өткізіліп тұрды. Жиналыс арасындағы
жұмыстарды 2 жылға сайланған ұжымның Кеңесі
басқарып, ұйымдастырды. Совхоз, колхоздың
бөлімшелерінде барлық жаттығушылар бір топқа
біріктіріліп, ол топты 1 жылға сайланған дене тәрбиесі
ұйымдастырушысы басқарды.
Барлық дене мәдениеті ұжымдары аудандық
АЕСҚ Кеңесіне бағынды, аудандық Кеңестің
жұмыстарын облыстық, облыстық Кеңестің
жұмыстарын Республикалық Кеңес бағыттап, басқарып
отырды.
АЕСҚ-ның қаржысы жеке және
ұжымдық мүшелік жарналардан, кәсіподақтан
бөлінген бюджеттік, кооперациялық қаржылардан, спорттық
шаралардан және басқа түскен ақшалардан
құрастырылды.
Осылайша ұйымдастырылған Республикалық
ауыл ерікті спорт қоғамдары Бүкілодақтық спорт
қоғамына бағынғанымен, әр Республикада
ұлттық ерекшеліктеріне, әдет-ғұрыптарына,
ұлттық спорт түрлеріне байланысты өзіндік дене
мәдениеті және спорт жұмыстары жүргізілді.
Бүкілодақтық ерікті спорт қоғамдары
кәсіподақтық және ведомствалық деп бөлінді.
Ауыл ерікті спорт қоғамдары кәсіподақ арқылы
қаржыланғандықтан, кәсіподақтық спорт
қоғамдары қатарына жатқызылды. Кәсіподақ
спорт қоғамдарының Республикалық құрама
командалары спорт түрлері бойынша Бүкілодақтық
кәсіподақ жарыстарына қатыстырылып отырды.
Кеңес Одағы кезеңінде
кәсіподақтық спорт қоғамдары жалпы дене
мәдениеті қозғалысында үлкен жұмыстар атқарды.
Бүкілодақтық кәсіподаққа 15
республикалық аймақтық ерікті спорт қоғамдары, 5
Бүкілодақтық ерікті спорт қоғамдары, 9
ауылдық кәсіптік-кооперативтік спорт қоғамдары біріктірілді.
15 республикалық аймақтық ерікті спорт қоғамдары:
Қазақстанда «Еңбек», Ресейде «Труд», Қырғызстанда
«Алға», Азербайжанда «Нефтчи» т.с.с. және 5
Бүкілодақтық ерікті спор қоғамдары:
«Буревестник», «Спартак», «Локомотив», «Зенит», «Водник», ауыл ерікті спорт
қоғамдарын жоғарыда атап өттік.
Кәсіподақ спорт қоғамдары 1969 ж.
дене мәдениеті және спорт жұмыстарына (құрылыс
нысандарын есептемегенде) 390 млн артық ақша жұмсады. Олар
кәсіподақ есебінен салынған көптеген стадиондар,
жүзу бассейндерін, спортзалдарын қабылдады. Кәсіподақтар
4 мыңнан артық жаздық сауықтыру лагерьлерін және
базаларын салды.
Осы Бүкілодақтық 29
кәсіподақтық спорт қоғамдары 104762 дене
мәдениеті ұжымдарын, өнеркәсіптердің спорт
клубтарын, арнайы орта оқу орындарын, ауылшаруашылық мекемелерін
біріктірді. Ол ұжымдарда әртүрлі спорт түрлерімен жалпы
25250,9 мың адам айналысты. Мысал ретінде алсақ, осы
кәсіподақ ерікті спорт қоғамдары 1969 жылы ғана
51 халықаралық спорт шеберлерін, 3354 спорт шеберлерін, 9132 спорт
шеберіне үміткерлерді 90900 бірінші дәрежелі спортшыларды, 4876
мың ІІ, ІІІ және жасөспірім дәрежелі спортшыларды, 154
мың қоғамдық спорт нұсқаушы мен спорт
төрешілерін дайындады. Ал денсаулық нығайту, аң
және балық аулаушылар топтарына, туристік үйірмелер мен
клубтарға 7,5 миллионнан астам адамдар тартылды. Жұмыс кезіндегі
өнеркәсіп гимнастикасымен 13,5 миллион адам шұғылданды.
1971ж. Кеңес Одағының V Спартакиадасында
Республикалардың құрама командалары сапында 60% шамасында
кәсіподақ қоғамдарының спортшылары болды. Олар 17
әлемдік, 19 Еуропалық рекордтарды жаңартып, 24 спорт
түрлерінен 17 бірінші орынды иеленді. Осындай жұмыстарымен ерікті
спорт қоғамдары кеңестік дене мәдениеті
қозғалысына елеулі табыстар әкелді [3].
Осы Кеңес Одағы дене мәдениеті
және спорт қозғалысындағы ерікті спорт
қоғамдарының тәжірибесін қазіргі
Қазақстан және басқа тәуелсіз мемлекеттер жағдайында
да пайдаланып, мол табыстарға жетуге болады. Бірақ бір
өзгешелігі нарық экономикасы кезеңі Кәсіподақ
комитетіне Кеңес Одағы секілді колхоз, совхоздардың
жұмысшылары, шаруалары мүше емес. Олар өз беттерімен
ұсақ шаруа қожалықтарына бөлініп кеткен.
Кәсіподақ комитеті оларға ақша бөле алмайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Бунчук
М.Ф. Организация физической культуры. – М.: Физкультура и
спорт, 1972. – 224 с.
2. Токарев М.И. Колхоздың
үлгі ретіндегі жарғысы. –М.; Колос баспасы, 1970. -16 б.
3. Матвеев Л.П. Советская
система физического воспитания (Состояние, перспективы развития). – М.:
Знание, 1979. – 64 с.