Экономические науки/3.Финансовые отношения.

Джрауова К.С

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік

университеті, Қазақстан Республикасы

 

Сыртқы қарыздың Қазақстанның экономикасына тигізетін әсерін талдау

 

Қазіргі таңда мемлекеттер арасындағы даму сатысының әртүрлілігі  және халықаралық интеграция нәтижесінде мемлекеттің ішкі ресурстары экономикалық өсуге қол жеткізу үшін жеткіліксіз болып отыр.  Дамушы елдерге экономикалық өсімді жеделдету үшін инвестициялар қажет, бірақ оған елдегі ресурстар жеткіліксіз, сол себепті сырттан қарыз алуға мәжбүр. Сыртқы ресурстар жаңа тәуелсіз ел атанған Қазақстан үшін де керек еді. 1992 жылдан бастап еліміз шет елдік инвестиция мен сырттан жәрдем және түрлі қарыз ала бастады. Сыртқы қарыз көмегімен елде үлкен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік туды.

Ел мынадай себептерге байланысты қарыз алады: бюджет жетіспеушілігін жабу үшін, экономикалық өсуді қамтамсыз ету үшін, импорт тауарлар алуға, реформа жүргізуге немесе үлкен жобаларды жүзеге асыру мақсатында. Мемлекеттік қарыз мемлекеттік қаржы алудың үшінші көзі болып табылады.

Сыртқы қарыздың пайызы инвестициядан төмен болған жағдайда ғана пайдалы. Бұлай болмаған жағдайда ішкі ресурстар тек қана шет мемлекеттердің яғни қарыз берушілердің байлығын арттырады.

Мемлекеттік қарыз механизмі елдегі ақша массасын және экономикалық белсенділікті реттейтін механизм және еліміздің  макроэкономикалық саясаты болып табылады. Мемлекеттік сыртқы қарыздардың мақсаттары республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру және төлем балансын қолдау болып табылады.

Мемлекеттің сыртқы қарызы еліміздің экономикалық өмірінің бөлінбес бөлігі болып табылады. Сыртқы қарыздың болуы экономиканың дұрыс жүргізілмеуі емес, тек қана макроэкономикалық саясат. Көп жағдайда мемлекет неғұрлым бай әрі халықтың әлеуметтік ахуалы неғұрлым жоғары болған сайын мемлекеттік қарыз көлемі соғұрлым жоғары болмақ. Бұл әлеуметтік міндеттер мен жүзеге асырылуы тиіс макроэкономикалық бағдарламалардың қосымша қаражатты қажет етуіне байланысты.

Түрлі бағдарламалар бюджет шеңберіне сыймайтындықтан шығындар көлемі артатыны белгілі. Ал басы артық ақшаны тек несие арқылы тартуға болады. Негізі мемлекеттің сыртқы қарызының жоқтығы елдің экономикалық тұрғыда табысы мен жетістігін білдірмесе керек.

Сыртқы қарыздардың ел экономикасына әсерін қарастырғанда қарыз алудың шарттарын ескерген жөн: сыртқы қарыз пайызы, жеңілдік кезеңі, қарыз қайтару мерзімі және мемлекет – технология – тауар – жоба байланысындағы экономикалық алғашарттардың болуы. Сыртқы қарыздардың экономикаға әсерін сандық көрсеткіштермен өлшеу өте зор іс. Тек қана, зерттеу немесе бақылау қорытындылары негізінде тұжырымдама жасай аламыз.

 

Кесте 1. Қазақстан Республикасының сыртқы борышы, млн. АҚШ доллары

 

жылдар

2010

2011

2012

1. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген сыртқы борыш

5 111,4

5 492,6

5 944,47

%%

4,3

4,4

4,3

2. Мемлекет кепілдік бермеген сыртқы борыш

113 111,3

119 702,4

131 106,5

%%

95,7

95,6

95,7

ЖИЫНТЫҒЫ

118 222,8

125 195,0

137 051,0

Е С К Е Р Т У- мәліметтер www.minfin.kz сайтынан алынған

 

Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша 2011 жылғы берешек 125,2 миллиардтан асып, 2012 жылдың үшінші тоқсаны көрсеткіштері бойынша 134,9 миллиардқа өскен. Соның ішінде есепті жылы қысқа мерзімді борыш - 15,1 %-ға – 10,6 миллиард долларға, ұзақ мерзімді борыш - 7%-ға – 124,2 миллиард доллларға өсті.

2012 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы  бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген борыштың үлесі 4,1%-ға өсті немесе 5,5 миллиард долларды құрады. Қазақстаннның банк секторының міндеттемелері 2012 жылы 0,578 миллиард долларға қысқарып, 14,02 миллиард доллларды құрады. Фирмааралық берешек жалпы соманың 48,8  %-ын немесе 65,8 миллирад долларды құрады, өсім – 5,5 миллиард долларға жуық.

Республикада жалпы сыртқы борыштың өсу үрдісі сақталуда, 2012 жылдың үшінші тоқсанында оның көлемі 134,9 млрд. долларды құрап, ЖІӨ-ге шаққандағы оның үлесі 67,3% болды, бұл ретте оның шекті мөлшері халықаралық стандарттарда қабылданған шамадан  7,3%-ға  асып  кеткен.  Жалпы  сыртқы  борыш  құрылымында  басқа секторлардың  қарызы  басым  болып  отыр.  2012  жылдың  аяғында  олардың көлемі 129,3 млрд. долларды немесе жалпы борыш көлемінің 95,5%-ын құрады.

Жалпы сыртқы борыштың басым бөлігін Қазақстан резиденттерінің резидент еместердің алдындағы фирмааралық берешегі құрайды. Фирмааралық берешекке акцияны сатып алуды, акционер емес кәсіпорындардың жарғылық капиталына жарнаны салу және қайта инвестицияланған пайданы қоспағанда республикаға келген барлық тікелей инвестициялар кіреді.

Жан басына шаққандағы сыртқы қарыз көлемі шет мемлекеттерде қаншалықты тәуелді екенін көрсететін көрсеткіш болып табылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 8001 АҚШ доллары. Сыртқы қарыздың ең маңызды көрсеткіші - cыртқы қарыздың Жалпы Ұлттық Өнімге  қатынасы. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 67,3% көрсетуде.

Фирмааралық берешек. Жалпы сыртқы борыштың басым бөлігін қазақстан резденттерінің резидент еместердің алдындағы фирмааралық берешегі құрайды. Фирмааралық берешекке акцияны сатып алуды, акционер емес кәсіпорындардың жарғылық капиталына жарнаны салу және қайта инвестицияланған пайданы қоспағанда республикаға келген барлық тікелей инвестициялар кіреді. Мұндай тәсіл жалпы алғанда Сыртқы борыш статистикасы жөніндегі нұсқаулықта берілген методологикалық принциптерге сәйкес келеді. Бірақта республикада сыртқы борыш статистикасынын қалыптастыру ерекшеліктерінің бірі - шетел компанияларының қазақстандағы филиалдарының өздерінің бас компанияларынан алатын қаржыларын сыртқы қарызға қосу. Қазақстан заңы бойынша шетел компанияларының қазақстандағы филиалдары резидент еместер болып табылады, сондықтан шетел компаниялары филиалдарының міндеттемелері құқықтық тұрғыдан сыртқы борыш болып есептелмейді. Методологияға келсек, Сыртқы борыш нұсқаулығында шетел заңды тұлғалар филиалдары өздерінің бас компанияларынан тартатын қарызын капиталға қатысу құралы ретінде жіктеу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл жағдайда егерде осындай займдар белгілі бір шарттарды қанағаттандырса, онда олар сыртқы қарыз болып есептелмеуі мүмқін. Осыған қарамастан қазіргі кезде, қарызды тарту мен қайтару туралы толық деректердің жоқтығына байланысты, тікелей инвесторлардың өз филиалдарына берген займдары сыртқы қарыз ретінде есепке алынады.

Алайда бұдан әрі филиалдар қызметін зерттеу нәтижесінде шетел капиталын тарту шарты туралы егжей-тегжейлі деректер алынса филиалдардың сыртқы берешегін бағалау тәсілі қайта қаралуы мүмкін.

Осылайша, жалпы сыртқы борыштың құрылымындағы «қомақты» үлесі, борышы 90 млрд. АҚШ долларын құрайтын корпоративтік сектордың үлесінде. Олардың ішінде 60 млрд. долларды, тікелей шетелдік инвестициялардың бір бөлігі болып табылатын фирма аралық берешектің үлесіне келеді және резиденттердің олардың шетелдік қатысушылары мен тәуелді (аффилиирленген) кәсіпорындарының алдындағы міндеттемелерін білдіреді.

Осыған орай, фирмааралық берешекті өтеу проблемаларына байланысты сыртқы кредиторлардың тарапынан мемлекетке қысым көрсету тәуекелі өте төмен, өйткені бұл жағдайда кредитор  қарыз алушының қызметін басқаруға қатыса отырып, оның төлемге қабілетсіздігі үшін жауапкершілігін бөліседі.

Сондықтан жалпы сыртқы борышты әдетте фирма аралық берешекті қамти отырып қарастырылады. Бұл жағдайда оның көлемі 64 млрд. АҚШ долларын немесе жалпы ішкі өнімнің 34% пайызын құрайды.

Мемлекеттік борышқа келетін болсақ, онда соңғы жылдардың ішінде оның көлемі қажетті деңгейде тұр. Мемлекеттік борыш индикаторларының іс жүзіндегі деңгейі жол берілетін мәндердің аймағында және қауіп төндірмейді.

Дүниежүзілік Экономикалық Форумның 2011-2012 жылдардағы есебіне сәйкес Ғаламдық бәсекелестікке қабілеттілік индексінде Қазақстан «Мемлекеттік борыш» көрсеткіші бойынша 12 орында тұр.

Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін тағы бір көрсеткіш қысқа мерзімдік сыртқы қарыз көлемі. Бұл көрсетіш қалыпты жағдайда яғни 5,3%. Тағы бір маңызды көрсеткіш бұл елдің халықаралық резервтерінің өтеу мерзімі бойынша қысқа мерзімді сыртқы қарызға қатынасы 115,6. Бұл дегеніміз қысқа мерзімде төлемқаблеттіліктің жоғары екенін көрсетеді.

Экономикалық анализге назар аударсақ,  сыртқы қарызға қызмет көрсету ұлттық экономикаға қауіп төндірмейтіндігін көрсетеді. Елдің жиынтық сыртқы қарызының едәуір бөлігі мемлекет кепілдендірмеген, жекеменшік сектордың борышы, соның ішінде фирмааралық берешек алып отыр.

Борыштың бұл бөлігі несиелік капиталдың сыртқы рыноктарында экономикалық субъектілердің кредиттік өзара қатынастарының кеңеюімен байланысты. Фирамааралық берешек Қазақстанда жұмыс істеп тұрған еншілес кәсіпорындарға шетелдік бас компаниялар мен фирмалар тарапынан берілген кредиттер бойынша өзара қатынастарды білдіреді.

Қазақстан сияқты дамушы ел сырттан алған қарыз шарттары экономикалық қалпына сай және ұзақ мерзімде экономикалық тепе- теңдікті бұзатын жағдайларға әкелмеуін қадағалау керек. Сырттан алынған қарыз алдыңғы қарызды жабуға емес экономикалық өсуді қамтамасыз ететін жобаларға салынуын қадағалау керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1          Мемлекеттік бюджет: оқулық/ С.Өмірбаев, С.Ж.Ынтықбаева, А.А.Адамбаева, Р.С. Парманова- Алматы, Дәуір, 2012-640б

2          «Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу және борыш туралы»  Қазақстан Республикасының заңы

3          ҚР Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің ресми сайты- www.afn.kz

4          ҚР Қаржы министрлігінің ресми сайты- www.minfin.kz