Сейтенов Жансерик Жанузакович

Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектебі, мұғалім

 

КҮШТЕП ҰЖЫМДАСТЫРУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АПАТТЫҢ ЗАРДАПТАРЫ

 

  Отан тарихы еліміздің егемендігіне Республикамыздағы демографиялық ахуалдың астары өткен кезеңдермен тығыз байланыста жатқандығын көреміз. Тарихи демографияның өзекті проблемалары – Қазақстан Республикасының әр кезеңіне байланысты. Бұл мәселе көптен зерттелу үстінде. Демографияға байланысты зерттеулер 1960 жылы ғана қайта қолға алынып, 1970-1980 ж.ж. тарихи демография саласында арнайы еңбектер шықты.

Кеңес мемлекетінің аграрлық саясатында көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды жалпы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізінде отырықшыландыру көзделген еді. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығындағы аудандарында егіншілікпен айналысатын аудандарға қарағанда ұжымдық шаруашылық құруға қажетті материалдық – техникалық база болған жоқ. Көшпелі шаруаларды отырықшыландырмай ұжымдық шаруашылыққа біріктіру мүмкін емес еді.

1929 жылы Голощекин орталық өкіметтің тікелей көмегімен республика өкіметінің жанынан көші-қон басқармасын құрады. Оның жарлығында қоныс аударушыларға негізгі ұлт өкілдерін жерге орнықтыру арқылы, яғни көшпенділерді жаппай отырықшыландыру және ұжымдастыру арқылы құрылатын арнайы жер қоры бөлінетіндігі айтылған.

Қазақстандағы күштеп ұжымдастырудың және зорлап отырықшыландырудың ауыр зардаптары көрініс берді.

Халық басына төнген зорлық – зомбылыққа ашық қарсы шықты, кей жерлерде қару алды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1992 жылы, 7-ші желтоқсанындағы шешімінде былай делінген: Қазақстанда 1929-1931 ж.ж. 372 көтеріліс болған, оларға 80 мыңнан аса адам қатысқан.

1930-1931 ж.ж. орта шеніне дейін Қазақстан аумағынан 281230 шаруа отбасылары қоныс аудара көшкен. Олардың көпшілігі Қытай, Иран, Ауғанстан өтіп кеткен.

Ұжымдастыру жылдарында Қазақстанда қазақтан басқа ұлттардың құрамы да азайды. Оны мына кестеден байқауға болады:

      1. Қазақтар 2,2 млн 49 %

      2. Қырғыздар 300 мың 25%

      3. Мордва 400 мың 12 12 %

      4. Украиндар 100 мың 11 %

      5. Немістер 6 мың 11 %

      6. Беларустар 300 мың 10 %

      7. Дүнгендер 1 мың 10 %

      8. Татарлар 9 мың 10 %

      9. Өзбектер 20 мың 8 %

      10.Ұйғырлар 10 мың 8 %

      11.Орыстар 85 мың 6 %

Осы кестеде келтірілген деректер қазақ халқына бұл кезең өте ауыр соққы болғандығын көрсетеді.

Колхоздастырудың 1929 жылдың орта шенінен басталғаны белгілі. Оның кең тарауы Сталиннің сол жылғы 7 қарашадағы «Правда» газетінде «Ұлы бетбұрыс» деп аталатын мақаласының шығуымен тұспа – тұс келді. Мұның алдында кулактарға шабуыл жөніндегі нұсқаулар негізінде Қазақстанда байлардың шаруашылықтарын тәркілеу аяқталған болатын.

Бұл жағдай ауыл шаруашылығына қасіретті зардабын тигізді. Селодағы саясаттың ең басты шарты – әміршіл – әкімшіл террорға сүйенген экономикалық емес жарлықтар, шаруалар қауымын кооперациялау идеясының пайдалы жақтарын құртып жіберді. «Ұлы бетбұрыс» селолық құрылымдарды қатігез қаталдықпен аяусыз қиратып, қоғамның болашақта туатын проблемаларын көрсетті.

Ауылдарда мал саны өсіріліп көрсетіліп, алынатын еттің, жүннің көлемі есептен асып түсті. Салғыртты орындау үшін шаруалар қыс ішінде қой қырқуға мәжбүр болды. Ал бұл қойлардың қырылуына әкеп соқты. Салғыртты орындамаған қожалықтар сотқа тартылды. 1928-1929 жылдары осындай айыпқа ұшыраған 34 мың ауыл – село адамдары сотталды.

Колхоздастыру зорлық, күштеу әдістерімен жүргізілді. Көптеген шаруашылықтарды біріктірудің нәтижесінде фермаларға жиналған қисапсыз мал күтімнің кемдігінен, шөптің, жайылымның жетпеуінен қырылды. 1928-1932 жылдар аралығында республикада ірі қара 6 млн 509 мыңнан 965 мыңға, қой 18 млн 566 мыңнан 1 млн 386 мыңға, жылқы 3 млн 516 мыңнан 316 мыңға, түйе 1 млн 42 мыңнан 63 мыңға азайып кетті. Халықтың тұрмыс жағдайы нашарлап, халық бұқарасының наразылығын туғызды.

Голощекиннің тікелей басшылығымен 1929 жылы – 31, 1930 жылы -82, 1931 жылы – 80 жалған «контрреволюциялық ұйымдар» ашылып, бұл ұйымдардың мүшесі болды деген жаламен он мыңға тарта қазақтың бетке шығар азаматтары қамауға алынды. Қазақ халқы аса ауыр шығынға ұшырады. Ашаршылықтан және онымен байланысты туған эпидемиялардың салдарынан, сондай-ақ өлім – жітімнің көп болуы, халықтың басқа республикаларға ауа көшуі нәтижесінде Қазақстан бірнеше миллиондаған адамдарынан айырылды. Қазақстанда жіберілген орны толмас қателіктермен бұрмалаушылықтарды Мәскеудегі орталық аппарат жергілікті басқару органдары айыпты деп, барлық нәрсені соларға жапты. 1933 жылдың басында Ф.И.Голощекин орнынан алынып, Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Л.И. Мирзоян сайланады.

Сөйтіп, ұжымдастырудың әлеуметтік мазмұны мен зардаптары қайсібір идеологтар мен ұйымдастырушылар пайымдағандай жеңіл өте салған жоқ. Біз бұл кезеңнен көптеген әлеуметтік құбылыстардың бастауларын көреміз.

Ұжымдастырудың айқын тарихы – «тәжірибе жасау мен қателіктердің» аяусыз да ымырасыз идеологиялық айқастың, саяси, оның ішінде қарулы қақтығыстардың тарихы.

1929-31 ж.ж. ГПУ органдары жүргізген жазалау акциялары нәтижесінде толқулармен көтерілістерге қатысқаны үшін 5551 адам жауапқа тартылып, олардың 883-і атылды. Ал кедей комитеттері мен революциялық үштіктердің сойқандықтарынан қанша адам қырылды десеңіз ші? Сол жылдарғы зұлмат аштықтың салдарынан барша қазақ жұртының тең жартысына жуығы қырылды.

Кейінгі жылдары баспасөз бетінде жарияланған мәліметтерде көбінесе ересек тұрғындар мен мал басының шығындары сөз болады. Ал шындығында, 1932 – 1933 ж.ж. емшектегі сәбилердің үштен екісі, ал оқу жасындағылардың көбісі қырылған. Сөйтіп бұл аштық халқымыздың болашағына осылайша балта шапқан еді.

Қорыта айтатын болсақ, 1930 жылдар, өткен жылдардың зардаптары, оның қателіктері қанша ауыр болса да, ол алдымен бізге қазіргі өмірімізді зерделеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, өз тарихымызға жан – жақты талдау жасау қазіргі саясаттың дұрыс жүргізілуіне жол ашады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы. – Алматы: Қазақстан, 1995ж.

2. Қуандықов Е. Сұрқия саясат. – Алматы: Санат, 2002. Ж

3. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы.Алматы, 1997 ж.

4. Омарбеков Т.О. 20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы: Санат,1997ж.